Воскресенье , 20 апреля 2025

Қазақстан Республикасындағы  темір жол құрылысының қазіргі жағдайы

Темір жол көлігі — Қазақстан экономикасын дамытуда басты рөл ойнап, жолаушылар мен жүктерді тасымалдаудың негізгі бөлігін атқару арқылы мемлекеттің көлік жүйесінің негізі болып табылады.

Қазақстан темір жол торабының инфрақұрылымы республиканың барлық аймақтарын өзара байланыстырып, басқа көрші мемлекеттердің темір жол тораптарымен 15 байланыс нүктесіне ие, оның ішінде он бірі Ресей Федерациясымен. Қазақстан Республикасының территориясының үлкендігі және көптеген ірі кәсіпорындардың шикізатты экспорттауға бағытталуы негізінде мемлекетіміздің темір жолдарының ролі барлық отандық экономика үшін стратегиялық тұрғыда маңызды. Жүктердің көптеген түрлері үшін темір жол көлігі бәсекелестігі жоқ көлік болып табылады.

Республикамыздағы ең ірі компаниялардың бірі бола отырып, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 85 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуде. Халық шаруашылығының барлық салаларын біріңғай жүйеге біріктіретін теміржол көлігінің тұрақты жұмыс істеуі, Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуінің қажетті шарты болып табылады. Осыған орай, оның тұрақты қызмет етуі үшін қажетті шарттармен қамтамасыз ету белгілі бір ресурстарды қажет етеді. Бірақ та, объективті себептерге байланысты соңғы 10 жыл ішінде қозғалмалы құраммен инфрақұрылымға инвестициялар бағытталмаған десе де болады. Нәтижесінде белгілі бір уақыт ішінде негізгі құралдардың тозуы бет алды.  Сонымен қатар, кезкелген шаруашылық субъектінің қызметінің өмірге қабілеттілігі мен тиімділігі, ең алдымен оның айналадағы орта мен ішкі қажеттіліктерінің тұрақты өзгеруі кезінде даму қабілеттілігімен сипатталады. Бұл тезис өте дұрыс, әсіресе темір жол саласы сияқты өте ірі жүйе үшін. Шаруашылықтың дамуына негізгі шығындардың бірі – бұл қызмет істеп тұрған негізгі өндіріске капиталды салымдар. Теміржол көлігінің спецификалық ерекшеліктеріне орай оның активтерінің 80% ұзақ мерзімді активтер құрайды. Сондықтан да саланың техникалық қарулануы көліктің негізгі қызметінің – жолаушылар мен жүктерді тасымалдау тиімділігін арттыру үшін анықтаушы ролге ие.  

Мемлекеттің экономикалық өсуі жағдайында теміржол көлігінің тиімді қызмет етуі үшін негізгі талаптары болып, өзіндік шығындарды азайту, тасымалдаудың үлкен көлемдерін жүзеге асыру, сұраныстың өзгеруіне икемді әрекет ету,тасымалдау қауіпсіздігін сақтау болып табылады. Басқару мен құрылымын жетілдіруге бағытталған теміржол саласын реструктуризациялау нәтижесінде, компанияның тік интеграциялық бағытталған қызметіне негіз қаланды. Бірақ әлемдік тәжірибе көрсеткендей бұл әлі де болса жеткіліксіз. Теміржол саласын реформалау процесі, мемлекеттің жалпы және инвестициялық саясатын, сонымен қатар басқару процесін де өзгертуі керек. Жалпы айтқанда, Қазақстанның теміржол көлігінің тиімді қызмет етуіне жету үшін бірталай күрделі жұмыстар жасау керек. Бұл мәселелер іштей өте қызықтырды.Бұл зерттеуде Қазақстан теміржолдарының жалпы жағдайы, мәселелері және оны шешу жолдарына назар аударылған. Көлік — экономика инфрақұрылымын қалыптастыратын салалардың бірі болып табылады.  Қазақстан көлік жүйесі,  яғни теміржол, автомобиль, әуе, ішкі су және құбыр жол көлігі белгілі бір деңгейде дамыған деп айтса да болады. Қазақстан көлігінің  дамуы республиканың халық шаруашылық кешені (агроөнеркәсіптік, отынэнергетикалық, тау-металлургиялық, құрылыс және т.б.) салалардың қалыптасуымен, өндіріс пен экономика салаларын ғана емес, сонымен қатар территориялық кешендерді де өзара байланыспен қамтамасыз етумен сипатталады. Республикамызда әртүрлі көліктердің дамуы 70-80 жылдар аралығында  болған. 1990 жылдарда басталған ТМД елдеріндегі экономикалық құлдырау, көліктің барлық түрлері үшін жалпы тасымалдау көлемінің төмендеуіне алып келді. Тасымалдау көлемдерінің тұрақтылығы мен өсуі 1999 жылдар аяғынан басталды. Қазақстан экономикасының шикізатты бағытына байланысты, теміржол көлігі қазақстан Республикасының көлік-коммуникациялық кешенінде маңызды рөл ойнайды.

Қазақстан Республикасының статистика бойынша агенттігінің мәліметтеріне сәйкес 2000 жылы барлық көлік түрінің жүк айналымында оның ішінде (теміржол көлігінің ) үлесі 63% құрады. Тасымалдауға берілетін негізгі тауарлы өнім, бұл автомобиль көлігімен тасымалдау тиімді емес болатын көмір, бидай, мұнай, руда, минералды тыңайтқыштар және т.б. сияқты массалы құйылмалы және төгілетін (насыпные) жүктер болып табылады.  Қазақстанның  географиялық жағдайлары (теңізге тікелей шығу жолының, кеме жүзетін өзендердің жоқ болуы), территорияның үлкендігі, өндіруші күштерді орналастыру мен өндірістің шикізатты құрылымы, автожол инфрақұрылымының дамымауы теміржол көлігінің мемлекет экономикасындағы ролін өте жоғары орынға апарады. Оның маңызы болашақта да өзгермейді. 

Оған қоса, Евразия орталығында орналасқандықтан, Қазақстан 5 халықаралық теміржол көлігінің дәліздерімен өз инфрақұрылымы арқылы транзит көлемін көбейту мүмкіншілігіне ие. Олардың негізгісі болашақта Оңтүстік Шығыс Азия-Батыс Еуропа теңіз қатынасына бәсекелес бола алатын Трансазиялық бағыт. Тынық мұхит жағалауларынан басталып, Батыс Еуропа шекараларына дейін трансазиялық бағыттың жалпы үзындығы 11000 км. құрайды, оның 4000 км. Қытай жеріне, ал 1800 км. Қазақстанға келеді.  Трансазиялық бағыт бойынша жүк тасымалдау 23-26 күн құрайды, ал қашықтығы Транссібір бағытына қарағанда 2000-3000 км. қысқа.  Қазақстан Республикасының территориясы 2,7 млн. шаршы км. құрап, ұзындығы 14000 км-ге жуық теміржол торабына ие. Бұл темір жолдар қазіргі кезде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының иелігінде болып, мемлекетіміздің басты көлік артериясы болып табылады. Оның экономикасының негізін металлургиялық, отын, минералды тыңайтқыштар, мұнай, ауыл шаруашылық салалары құрайды.

Қазақстан Республикасының темір жолдары арқылы халықаралық тасымалдаулар Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы байланысты сәтті жүргізуге мүмкіндік береді. Оңтүстік Шығыс Азия теңіз кемежайларынан Батыс Еуропа мемлекеттері және олардың теңіз кемежайларына дейін созылған Еуро-Азиялық магистраль, сонымен қатар Азия мемлекеттерін өзара және Еуропа елдерімен байланыстыратын Трансазиялық магистраль «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының темір жолдарын пайдалану негізінде қалыптаса, жоғары кӛліктік транзиттік әлуетке қол жеткізуге мүмкіндік береді.  Қазақстан темір жолдарының халықаралық қызметінің мақсаты – жолаушылар мен жүктерді тиімді тасымалдауды қамтамасыз етуде әртүрлі мемлекеттердің теміржол әкімшіліктерінің ынтымақтастығына жан-жақты көмек ету.

Тәуелсіздігін алғалы Қазақстан темір жолдары өздерін екі жақты негізде және көптеген мемлекет аралық ұйымдар мен құрылымдар құрамында өзара пайдалы ынтымақтастықты көздейтін тең және егеменді серіктес ретінде дүниеде жариялады.  «Қазақстан темір жолдары» ұлттық компаниясы қызметінің негізгі мақсаттарының бірі—ол Қазақстанның транзиттік әлуетін өткізу, көтеру. Республикамыздың материк орталығында орналасуы, оған транзиттік дәліздердің көпжақтылығын қамтамасыз ете, құрлықтың әртүрлі бөліктері арасында байланыстырушы буын ролін тиімді атқаруға жағдай жасайды.  Қазақстан, оның территориясы арқылы өтетін барлық 6 халықаралық теміржол дәліздерін дамытуға талпынуда. БҰҰ ЭСКАТО сыныптамасы бойынша – бұл Трансазиялық теміржол магистралінің солтүстік дәлізі. Қазақстан ішінде оны Дружба-Петропавл учаскесі құрайды. Бұл жердегі ерекшелік, ол учаскенің техникалық жабдықтандырылуы және республикамыздың экономикалық дамыған облыстары арқылы өтуі. Бұл жағдай оны халықаралық контейнерлік поездарды өткізу бойынша БҰҰ ЭСКАТО жобасының ішінде басымды етеді. Солтүстік дәліз бойынша жеткізу қашықтығы ұқсас дәліздерден 1700 км-ге аз, ал теңіз жолдарымен салыстырғанда бірнеше мың километрге аз болып табылады. Контейнерлік поездар Қазақстанның солтүстік дәліз учаскесі арқылы тәулігіне 1000 км. жылдамдықпен өтуі мүмкін. Нәтижесінде теңіз жолымен салыстырғанда уақыт ұтысы екі есе.  Трансазиялық теміржол магистралінің Орталық дәлізі. Қазақстан ішінде оны Дружба-Шенгелді учаскесі құрайды. Бұл дәліз Азия-Тынық мұхит аймағы мемлекеттерінің Орталық Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерінің экономикалық байланыстары үшін маңызды болып табылады. Бұл дәліз бойынша транзиттік тасымалдаулар жақын болашақта өседі. ОртаАзиялық дәліз-өзенки-Илецк-Шенгелді учаскесі. Батыс дәлізі – Ақсарай-Бейнеу-Ақтау кемежайы учаскесі. Солтүстік-Оңтүстік дәлізі – Қазақстан территориясы бойынша Өзенки-Қандыағаш-Мақат-Бейнеу-Маңғышлақ-Өзен-Қазанжық учаскелері арқылы өтеді.  ТРАСЕКА (Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі). ТАСИС мемлекетаралық бағдарлама ішінде жүзеге асырылып, Каспий теңізі мен Кавказ мемлекеттерінің территориялары арқылы Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттерінің теміржол тораптарын біріктіруге бағытталған. Қазақстанда Дружба-Ақтау кемежайы және Дружба-Шенгелді учаскелері арқылы өтеді. Бұл дәліз Ақтау кемежайының мүмкіншіліктерін пайдалануды көздейді. Қазақстан көлік инфрақұрылымының басты элементі бола, теміржол саласы КСРО ыдырағаннан соң Қазақстан экономикасындағы дағдарысты аттап кете алмады. Соңғы жылдарға дейін тасымалдау көлемі төмендеп, 1999 жылы 1991 жыл деңгейіне 26% құрады, ал 1999-2000 жылдардың аяғынан бастап өсу байқалды.  Қазіргі кезде Қазақстанның тасымалдау мұқтажының ұзындығы 14530 км. Солтүстік, Оңтүстік және Батыс теміржолдар аймағы өтеп отыр. Теміржолдың солтүстік аймағы республиканың Орталық және Солтүстік аудандарын қамтиды. Бұған Қарағанды-Теміртау, Павлодар-Екібастұз және Қостанай аумақтық-өндірістік кешені кіреді. Бұларда қара және түсті металлургия, көмір өндіру және энергетикалық, құрылыс материалдары, машина және трактор жасау салалары бар. Дәнді дақылдар мен ауыл шаруашылық өнімдерін тасымалдауда бұл күре жолдың маңызы өте зор. Бұл жол бірнеше өзен көлігімен шектеседі, оның ішіндегі экономикалық маңыздысының бірі – Павлодар кемежайы.  Теміржолдың Оңтүстік аймағы Шымкент, Жамбыл, Талдықорған, Семей және Шығыс Қазақстан облыстарын қамтиды. Бұларда өндіріс және ауыл шаруашылығы, металлургия, химия, машина жасау, құрылыс материалдарын және халық тұтынатын тауарлар шығару салалары орналасқан. Ет, сүт және басқа өнімдерді тасымалдауға қажетті бұл жол су көлігімен шектеседі, оған Семей, Өскемен, Қапшағай кемежайлары кіреді. Теміржолдың Батыс аймағы Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының жерін басып өтеді. Бұл жолмен негізінен мұнай өнімдері, темір кені, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылық өнімдері тасылады. Су көлігімен шектесетін жерлері – Атырау және Ақтау кемежайлары. 

Қорытынды, жалпы айтқанда, аталған темір жол бағыттары еліміз үшін өте аз. Үлкен территорияны алып жатқан Қазақстан үшін барлық аудандарды қосатын екі жақты теміржол тораптары қажет. Қазірдің өзінде 2000 жылдан бастап жүк айналымының өсуіне байланысты қолданылып жатқан теміржолдар жалпы жүк айналамының көлемін тасымалдауға қанағатсыз жағдайда.

Қазақстан теміржолдарының көбісі бір жақты болғандықтан, тасымалдау кезінде уақыт жағынан ұтылады. Жоғарыда айтылған теміржол бағыттарының кемежайларымен байланысы және өнеркәсіптік жерлермен өтуі экономикалық тұрғыдан пайдалы. Дегенмен, дамушы мемлекетіміз үшін бұл қанағаттанарлықсыз, сондықтан да біз 2030 бағдарламасын толығымен орындауымыз үшін, еліміздің көлік және коммуникация саласына да көңілімізді аударуымыз тиіс!    Сырым Дат

Республиканский еженедельник онлайн