Серікболсын… Адалдықтан жаралған Адам болды, Ақиқатты ту еткен Азамат болды. Ар-намысы, күш-қуаты, қайрат-жігері, білімі еліне, халқына таза қызмет етуге жұмсалды. Жалған сөзге, сайқал күлкіге жаны қас еді. Арам әрекетті, харам малжиғыштықты мейілінше жек көрді, жиренді. Халқының мақсат-мүддесін мақтансүрей, мансапшыл бетпақ масылдардан қорғап бақты. Алдап-арбау, жемқорлық, парақорлық, пәлеқорлық, суайттық, жағымпаздық оған ертегідегі «жеті басты жалмауыз» боп көрінетін. Солармен айтысты, тартысты, күресті. Халқына, қоғамға жасалған қылдай қиянат оған қарашұбар жыландұзақтай көрінетін, оның талайын үзді, лақтырып тастады. Аянбады, қолынан келгенді жүзеге асырды.
Алайда арамшөп қаулағыш, – тез қурай қоймайды; лай су саулағыш, – тез сарқыла қоймайды. Серікболсын солардың қоюкөлеңкелі, батпақ-шалшықты пәлекеттігін ашық, батыл айтып өтті. Шарболаттан жасалып, шындықпен суарылған қанжардай қаламымен жеріне жеткізе жазып өтті…
Бақұл бол, қайран інім – Серікболсыным!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.
(01.01.2020 ж.)
Жазушының естелігінен
«Өлім де – сын» депті қазекем. Бағана М. Әуезов атындағы драма театрының табалдырығын аттай бере, есіме осы сөз түсті де, Қазақстанның, Қазақтың Қадырын соңғы сапарына шығарып салуға кімдер келетінін ойлап, ығы-жығы көпті көзсүзгімнен өткізе бастадым. Берісі – Алматының әкімі Ахметжан Есімов, арысы – республиканың бас министрі Кәрім Мәсімов келеді деп ойладым. Жоқ, олар көрінбеді. Мәдениет министріміз Мұхтар Құл-Мұхаммед елдің алдымен жетуге тиіс еді, ол да жоқ! Исі қазақ төбесіне көтерген, алақанына салған Қадырдың – Қазақстан комсомолы және Мемлекеттік сыйлықтарының, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, мемлекет және қоғам қайраткері, республика Ел әні (гимні) авторларының бірі, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің – адамгершілік, қаламгерлік қасиетін Алматы мен Астанаға сыймай шіреніп жүрген шенеунік атаулы тани алмаған екен ғой?! Ай, рухани сорлылық-ай!
… Өткен жылдың аяқ шенінде Алматыда В. Ни деген кәріс қайтыс болыпты да, «Егемен Қазақстан» бастаған гәзеттерден оқып, радиодан естіп, телеарналардан көргенімдей, оны жерлеуге Астанадан парламент сенатының төрағасы Қ. Тоқаев бастаған делегация ұшып келіпті. Марқұмның аруағы кешірсін, мемлекеттік-үкіметтік деңгейде соншалық құрмет көрсететіндей, В. Ни кім болып еді? Кеңес өкіметінің соңғы жылдарында, одан кейін де республика Министрлер Кеңесінің Шаруашылық басқармасына еге болған. Жоғарғы басшылықтағы шенеуніктердің қарын қамын, яғни ішіп-жемін ойластырумен шұғылданды, үй-жайын жыл сайын жасартты, жиһазын жаңартты, тойын түгендеп, меймандарының көңілін көншітті. Ол, В. Ни, бертінде президент Назарбаевтың кадр-қаржы жөніндегі бейресми кеңесшісі болған деседі. «Қалауын тауып, қарды жандырған» ғой. Қадырды Тау десем, нилер оның етегінде шашылып жатқан қара тастар еді, бірақ олар ымдас-жымдас құлқынбайлары үшін «асыл тастар» екен ғой!..
24. 01. 2011 жыл.
(Ғаббас Қабышұлының «Көңіл көгінде» кітабынан).
Әділеттік үшін КҮРЕСТІҢ тарланы болды
Қазақтың бүгінгі қоғамда белгілі азаматтардың ішінде ар-намысын сатпаған, елдің мұң-мұқтажын жоқтап жүрген кімдер десек, бірінші Серікболсын Әбділдәұлын айтар едім. Сексенінші жылдардан бері таныспыз, Тоқсаныншы жылдары бірге парламентте жұмыс істедік. 1999–2004 жылдары парламентте тағы да бірге қызмет еттік. Сер-ағамның ақыл-кеңесі менің билікке оппозицияға шығуыма себепкер болды. Жақсы жасадым ба, жаман жасадым ба – ел бағасын бере жатар.
Осыдан біраз күн бұрын, өзінің ауырып жатқанына қарамастан, телефон шалып, туған күніммен құттықтап, денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеген еді. Секең өмірінің жартысындай уақытын тек әділеттік үшін күреске арнап, қандай қиыншылық болса да, елінің, халқының мұң-мұқтажын жоқтап, шындықты шырылдата жеткізіп, елдегі жағдайдың қиын екенін соңғы демі таусылғанша тайсалмай айтып өтті. Бірақ бүгінгі билік ол сөзді тыңдады ма? Елде өзгеріс оң болды ма – біреуі де жоқ. «Ертеңіміз қандай болады?» деген алаңдаушылық басым, тіпті елді кім басқарып отыр – оның өзін толық білмейміз. Осындай жағдайда Секеңдей елдің арысы өмірден кеткені аянышты.
Баяғыда ел басқарып жүрген кісі /Назарбаев – ред./ өзінен он-бес жас кішілерге «алаңдамаңдар, пенсияға бірге шығамыз» дейтін. Бес емес, он емес, жиырма жыл кейін туған азаматтар пенсияға кетті. Баяғы жартас – сол жартас. Елде өзгеріс жоқ.
Әрине, бүгінгі елім, халқым дейтін азаматтардың қабырғасы қайысып, Секеңдей азаматтың өмірден кеткеніне қатты қынжыламыз. Жаңа, жас буын келе жатыр, солардан үміт күтеміз. Лайым, солар Секеңнің айтқан өсиеттерінің, сөзінің шындығын жалау етіп, ісін жалғастырады деп сенеміз.
Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, менің Сер-ағам!
Жармахан ТҰЯҚБАЙ
Еліміздің БІРТУАР азаматы еді
Серікболсын ағам – туған ағамнан артық болған адам. Күрес жолында табыстық, сыйластық. Екеуміз аралас-құралас болдық, бірге күрестік, сондықтан ол кісі маған айырықша қадірлі адам.
Адамның халық алдында құрметке бөленуі – оның өзіне-өзі «елбасы» атын беріп немесе өзіне-өзі ескерткіштер қойып, өзіне-өзі көше, қала аттарын беріп, универсиет пен аэропортқа атын беріп, сөйтіп саясат жүргізумен емес; бейбіт те қорғансыз халықты полициясын жіберіп, қырғын салып, қанға бояумен емес; шаңырақты ортасына түсіріп, құлату арқылы емес; Серікболсын ағамыз сияқты бүкіл өмірін халықтың шын мәніндегі тәуелсіздігі, шын мәніндегі азаттығы мен бостандығы үшін сарп еткен еңбегімен құрметке бөлейді.
Серікболсын ағамыз халыққа әркез өзінің шынайы ақиқат, кесімді сөзін айтып, елдің көкірек көзін ашып, жол көрсетіп келе жатқан адам еді. Ол кісімен араласқан, бірге болған кездерімді мақтаныш тұтамын, өйткені ол тегін адам емес. Ол кісі – қазақтың біртуар азаматы, кімге болса да үлгі болатын зор тұлға еді.
Ағаның өлімі туралы хабар келгенде, шынын айтуым керек, есеңгіреп қалдым. Бәріміз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой, бір күні кетерміз о дүниеге. Бірақ ағаны қимадым мен, қимадым! Жүзге келсе екен, жүзден асса екен деп жүр едім. Өйткені ол кісі жетімсіреп күй кешкен халқына өнегелі еді! Сол себептен де мен сенемін: ертең мына заман өзгереді, мына билік кетеді, сол кезде Серікболсын ағамыз – Қазақстанның, қазақ халқының нөмірі бірінші азаматы ретінде өз орнына тұрады, тарихтан дәл соған лайықты орнын алады. Сол кезде ешкімді ренжітпеген адам, әр кезде ақиқат пен шындыққа жүгінген Серікболсын ағамыздың есімі асқақтап, аспанға көтеріледі. Оған күмән жоқ, мына режимнен құтылған азат Қазақстанда, тәуелсіз Қазақстанда Серікболсын ағамызға ескерткіш те тұрғызылады, көшелерге аты да беріледі, есімі ірі нысандарға беріледі.
Бүгін мына билік тым болмағанда мемлекеттік комиссия құруға жарамады. Егер ақиққатқа жүгінсек, осы жерге президенттен бастап, барлығы келуі керек еді. Ол кісінің аруағына бас иіп, құрмет етуге тиіс еді. Оның бірі де жоқ.
Бірақ көрдік, арда ағамызды құрметтейтін халқы бар: халық – құдайдың бір аты, халықтан үлкен ешкім жоқ, міне, сол халық Серікболсын ағаның алдында басын иді.
Жасарал ҚУАНЫШАЛИН
«ЖАҢА ҚАЗАҚ» ӨМІРДЕН ӨТТІ
- Серікболсын Әбділдин қазақ тарихында ірі мемлекет қайраткері, басшы ретінде мәңгілік қалды!
Мен Жоғарғы Кеңестің 12-шақырылымының депутаты, Комитет төрағасы, Президумының мүшесі ретінде сол кездегі Жоғарғы Кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдинмен бірге 4 жыл бойы қызметтес болдым. Жоғарғы кеңесте «Егеменділік декларациясын» қабылдағанда, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманына жеттік қой деп, көбіміздің көзімізге жас келді… Өте қиын кезең еді: елде жұмыссыздық, күнкөріс күрт төмендеп кеткен, бірде-бір заң әлі жазылмаған, күні-түні Жоғарғы Кеңестеміз – заң жазу, қабылдау істері, т.б. Сол өте жауапты кезеңде Серікболсын Әбділдиннің тұғыры мықты болды, Қазақ туын тік ұстады, Ресейге жалтақтамады.
Тәуелсіздік декларация қабылдар алдында біз – академик- депутаттар С.Зиманов, С.Әбділдин, А.Абдулин, Ө.Жолдасбеков, М.Қозыбаев, С.Сартаев, Ш.Есенов, Ғ.Калиев, М.Үркімбаев, Ж.Әбділдин, т.б. өзге ұлт өкілдерімен, депутаттармен сөйлесіп, «қолдаңыздар, дауыс беріңіздер», – деп атсалысқан уақыттар да болды. Себебі сол уақытта Жоғарғы Кеңесте қазақ депутаттарының саны 47-ақ пайыз болатын.
Тарихқа көз жүгіртсек, Тоныкөк – Шығыс Түркі қағанатының негізін қаласа, Тұрар Рысқұлов – Ташкентте Түркі Республикасын құрды (Ленин екі айдан соң алып тастады), ал Серікболсын Әбділдин не істеді? Ол Қазақстан Тәуелсіздігінің негізін қалаушыларының бірі болды және ол Жоғарғы Кеңес төрағасы ретінде егемен ел болып қалыптасуымыз үшін тер төкті.
Жасы үлкен болса да, мен бүгін өмірден «жаңа қазақ» өтті дер едім. Себебі ол Қазақстанның прогрессшіл азаматтарымен бірге «Жаңа Қазақстан» жасағысы келді, демократиялық Қазақстан үшін күресті. Әрине, мұндай жанқиярлық күресте күйіп кетуге де болатын еді! Інілері Алтынбек Сәрсенбаев, Заманбек Нұрқаділов, т.б. бірге демократияға жол ашуға тырысты, басын бастап та берді. Ендігісі жастардың қолында…
Уақыт өтер, коррупциясыз «Жаңа Демократиялық Қазақстан» болар. Сол кездерде Қазақстанда демократия үшін күрескен қайраткерлерді Серікболсын Әбділдин есімі бастап тұратыны сөзсіз! Монументтер ашылар…
Жаның жәннәтта, жатқан жеріңнің нұры халқыңа түсіп тұрғай, қадірлі Серікболсын әріптесім, ағам!
Оразалы СӘБДЕН,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты