Пятница , 23 мая 2025

ҚАЗАҚТЫҢ ЗАҢЫСАЛТ-ДӘСТҮР

Бүгін­де қаза­қтың ұлт­тық сана­сы ула­нып, өз дәстүріне үрке қарап, түрік, үнді, ара­б­тар­дың ұлт­тық дәстүр­лерін бой­ы­на сіңіру­де. Ата-ана­сы­ның мерей­той­ын­да аяқта­ры­на жығы­лып, аяғын құшақтай­тын әдет пай­да бол­ды. Бұл үнді елі үшін үлкен­ді сый­ла­удың биік адам­дық қаси­еті бол­са, қазақ үшін қорлық.

Ерте­де қаза­қта кісі өлтір­ген­дер, ауыр қыл­мыс жасаған­дар құны­кер­дің аяғы­на жығы­лып, кешірім сұраған. Бұны «Аяққа жығы­лу» деп атаған («аяққа жығы­лу» деген қазақ үшін қор­лық болып сана­ла­ды, бірақ адам қанын төк­кені үшін, өлім жаза­сы­нан құты­лу үшін осы­лай аяққа жығы­луға мәж­бүр болған).

«Кешірім жасап» аяққа жығы­лу үшін ауыл­дың ақсақал­да­рын ертіп, сәлем беріп, үлкен­дер нақыл сөз­дер­мен бастап: «Алды­ңа кел­се, атаң­ның құны бол­са да кеш» деген, алды­ңы­зға кешірім сұрап келіп отыр­мыз», – деп сөз бастап, ал кінәлі адам: «Кінә мен­де, басым­ды кес­сеңіз де еркіңіз», – деп аяғы­на жығы­лып, ат-шапан айы­бын апа­рып, кешірім сұраған. Сөй­тіп, «Үйіңе кел­ген­де, үйдей дауы­ң­ды айт­па», – деп алда­ры­на кел­се, кешірім жасаған.

Қаза­қтар «қызды алып қашып» келін қылып түсір­ген­де, «аяққа жығы­лып келіп­ті» деп айтады.

Қаза­қтың салт-дәстүрі бой­ын­ша «аяққа жығы­лу» деген сөз – адам­ның өзін кінәлі сезініп, басқа­ның алдын­да тізер­леп келіп, басын иіп, кешірім сұрауы…

Қазақ үшін иіліп сәлем салу – әдеп­тілік, ал аяққа жығы­лу –қор­лық.

«Сөз қалып­ты Пай­ғам­бар­дай асыл­дан, жұмақты Ана таба­ны­на жасы­рған» деген­ді есті­ген­дей, мына жігіт ана­сы­ның аяғы­нан жұмақтың кіл­тін іздеп жатқандай…

Қаза­қтың батыр­ла­ры мен сар­ба­з­да­ры үлкен­дер­ге, ер- аза­мат­тарға құр­мет көр­сет­се, басын иіп, оң қолын жүре­гінің тұсы­на қой­ған. Ал ақ жаулы­қты ана­сы­на риза болған­да, кең құшағы­на кіріп, сүті аңқы­ған шеше­сін құшақтап, алғы­сын айта­ды. Сол кез­де алпыс екі тамы­ры жібі­ген ана мей­ірі­мін төгіп, ұлы­ның маң­дай­ы­нан иіс­кей­ді емес пе?!

Қазақ ешкім­нің қолы­нан сүй­іп, маң­дай­ын тигіз­бе­ген. Бұл –түрік­тер­дің сал­ты. Ал қазақ жігіті қыздар­дың алдын­да тізе бүгіп, жар болуын сұраған емес. Міне, қаза­қтың тек­тілі­гі осында.

Қазір қазақ жігіт­тері жүре­лей оты­рып, неке жүзі­гін қолы­на ұстап қалыңдығына:

– Маған тұр­мысқа шық! – дей­тін болыпты.

Ал тізе бүгіп, қолын­дағы неке жүзі­гін тізер­леп оты­рып беретін, қалы­ң­ды­ғы­ның қолы­на сала­тын – евро­па­лы­қтар мен орыстар…

Ерте­де жау шапқан­да ғана жаман­ды­қты жет­кіз­гені үшін өзін кінәлі санап, батыр­лар тізесін бүгіп, кеудесіне қолын апа­рып: «Алди­яр, тақ­сыр! Жаман хабар әкел­дім, жау шап­ты!» – деп суық хабар жеткізген.

«Тізе бүгіп тірі жүр­ген­ше, тік тұрып өлген артық» дей­тін елдің ұрпағы­мыз ғой біз. Қазақ жауы­ның алдын­да да ешқа­шан тізе бүкпеген…

Басқа елдер­ге күл­кі бол­дық, ұлт­тық қаси­ет қал­ма­ды. (Орыс болғың кел­се, қазақ бол деп, көр­шілес мұсыл­ман елдері күл­кі етуде)…

Біз ана­ны қаси­ет тұтқан халы­қ­пыз. Әлем­де анаға, қызға құр­мет­пен қарай­тын ел – тек қазақ! Себебі қазақ қызын «қонақ» деп еркін өсір­ген. Ана­ның аты­мен ата­ла­тын рулар да бар. Ерте­де қазақ әйел­ге қол тигізіп ұрмаған, қызды зор­ла­маған. Ата дәстүрін сақтаған, анаң­ды жақ­сы көр­сең, ауру бол­са – аяғын жу, жүре алма­са – арқа­лап той­ға апар, дені сау бол­са – Мек­ке­ге апар деген. Бір­ге тұр­саң, таң аты­сы­мен аман­да­сып, жағ­дай­ын сұра, құшақтап жақ­сы көретініңді айт­саң, артық бол­май­ды. Ал ана­сы­ның аяғы­на жығы­лып, әле­умет­тік желі­ге салып, елге мына­дай мазақ болу­дың қажеті жоқ…

Енді аяққа еңке­юді қой­ып, аяқ уқа­лай­тын жағ­дай­ға ауы­стық. Мешіт­те оты­рып, «ата-анаға құр­мет көр­се­ту, сый­ла­уды үйре­ту» деген желе­умен аяғын уқалатады.

Қазақ «орыс ойы­на кел­генін істей­ді» неме­се «ерік­кен сарт бір жерін уқа­лай­ды» деп бекер айт­паған. Әулие баба­ла­ры­мы­здың айтқа­ны­ның бәрі келіп жатыр.

Қаза­қтың салт-дәстүрі – баба­ла­ры­мы­здың өмір сүруінің, әдеп­тілік пен ұрпақ тәр­би­есінің негізі болған. Қазақ – хан бол­сын, пат­ша бол­сын, ешқа­шан халы­ққа қарап, тал­тай­ып отыр­маған. Қазақ көп­шілік жер­де денесін басқаға қасыт­паған, сипатпаған. Қазақ кісі­ге қарап керіл­ме­ген. Қазақ неме­ресіне аяғын сипа­тып оты­рып, ерте­гі айт­паған. Қазақ шалқай­ып жат­паған. Қазақ мал­дас құрып отырған.

Қоңыр салқын үйде сұлу тоқа­лы­на тек басын уқа­латқан, бірақ сырт­тан адам кір­се, сүй­ік­ті жары орны­нан басын иіп жылы­стаған. Ал тал­тай­ып оты­ра­тын пен­де – суық жүрісті, сумаң қылы­қты иман­сыз нағыз кәпір!

Жара­ту­шы­ның үйі деп өздері айтқан­дай, мешіт­те Ора­за айын­да тақта оты­рып, жас бала­ларға аяғын сипа­тып, сақа­лы сал­бы­рап оты­рған имам­ның мына әре­кеті – әдеп­сіздік! «Сасқан үйрек арты­мен жүзеді» деген­дей, өзінің «30 неме­рем бар, жас күнім­нен әкем­нің аяғын уқа­ла­дым, сол әдет­ке айнал­ды», – деп сақал­ды басы­мен ақта­луы – тіп­ті ұят­сыздық, масқа­ра­лық. Бұл – ар-ұят­тан айы­ры­лған имансыздық!

Қазақ «Иман дегені­міз – ар-ұят» дей­ді. Яғни, иман­сыздар­дың көбе­юі дін­ді қадір-қаси­еті­нен айыр­ды. Ал облы­стық оқу бөлі­мінің «аяғын уқа­лаған өз неме­ре­лері» деп қорға­уы да – нағыз қыл­мыс. Олар заң­мен жаза­ла­нуы керек (ерік­кен сарт үйін­де қай жерін уқа­лат­са да өзі біледі).

Дін басқар­ма­сы бұл тура­лы не дейді?

Салт-дәстүр – қаза­қтың заңы, мораль­дық кодексі! Қазақ қуа­ны­шта шашу шаша­ды. Осы шашу­дың аста­рын­да көп мән бар. Үлкен-кіші, мей­лі пат­ша бол­сын, еңкей­іп жер­ден шашу­ды жинай­ды. Осын­дай қуа­ны­шта қазақ басын иеді.

Үй иесінің кел­ген қонаққа шашу шашқан­дағы мақ­са­ты – «қуа­ны­шы­ма ортақ бол, менің табал­ды­ры­ғым­нан атта­дың, шаңы­рағым­ды сый­ла, басы­ң­ды иіп, шашу­ды алып, құр­метім­ді қабыл ал» дегені.

Райхан МАТАЕВА

Республиканский еженедельник онлайн