Қазақстандағы киноиндустрияның жағдайы қандай? Сол баяғы жоғарыға жағымпазданушылықтың асқынған формасы – ләпбай тақсырлық. Ең сұмдығы – күннен-күнге тамыр жайып, қаулап өрши түскен бұл дауасыз дерт жап-жас шенеуніктердің тіршілік ету салтына айналып барады.
Мәселен, қазіргі «Қазақфильм» басшылығына келіп-кетіп жатқан біліксіз басшылардың қолынан бар келетіні – кино саласынан түк хабары жоқ, қазақ киносының келешек тағдыры үшін бас қатырып еш алаңдамайтын, қайта қызмет бабы мен лауазым тетіктерін асыра пайдалану арқылы сүйегіне біткен жемқорлықпен айналысудан басқа мақсат-мұраты жоқ, Астана мен Алматының алақол шенеуніктері тарапынан қандай да бір тапсырма берілсе, тіпті ол «Қазақфильм» мен қазақ киносының түбіне жетуді көздейтін заңсыз пәрмен болса да, еш қарсы келмей, сөзсіз бас шұлғып орындай беру. Одан қалса – әкімшілік құрылымдардың заңнамалық және қаржылық секторларында істеп, қаржы жымқыру мен оның құжаттарын «заңды» рәсімдеу «өнерін» асқан шеберлікпен меңгерген әбжіл шенеуніктерден «грабительная компания» құрып алып («Қазақфильмді» бақылайтын бір антикор өкілінің студия басшысына берген бағасы), тонауды жалғастыру, коллективке қырғидай тию, ұжым ішінен «бұл қалай, оның не?» деген баскөтерерлердің соңынан шам алып түсу, бәрінен де сорақысы – онсыз да тұралап тұрған «Қазақфильмнің» штатын қысқарту.
Өткенде сондай бір бастықсымақтан әзер құтылдық. Аузымды жиып үлгергенім жоқ – осы жолдарды жазып отырғанымда, «Қазақфильмнің» Рысқұлов көшесі, 101 мекенжайында орналасқан «Кинопрокат» ғимараты мен оған тиесілі жерін Алматы қалалық әкімшілігі алып қоюға жұмыстанып жатқандығы туралы суық әрі суыт хабар келіп жетті. Маған түскен нақты ақпаратқа сүйенсем, Алматы қалалық әкімшілігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі арасында «Қазақфильмнің» Рысқұлов көшесі бойындағы жері мен ғимаратын қала әкімшілігінің балансына өткізіп беру туралы афералық келісімдер жүріп жатқанға ұқсайды. Мұны афералық демеске амалымыз жоқ, себебі сонау 90-жылдардағы жаппай тонаушылық талан-таражынан ғайыптан тайып аман қалған, тіпті күні кеше ғана қазақтың өнері мен киносының басына тарқамастай қара бұлт үйіріп кеткен А.Мұхамедиұлының өзі сатып жіберуге қанша әрекеттенсе де, тісі батпаған, дәлірек айтқанда, ебін таба алмаған, сөйтіп әупірімдеп аман қалғандығының арқасында қазіргі көк тиынсыз қалған қиын-қыстау шақта «Қазақфильмге» ай сайын тұрақты кіріс кіргізіп тұрғандығы себепті киностудия үшін бірден-бір табыс көзі болып отырған осынау нысандарды қалалық әкімшілікке аяқ астынан алып беруді амалдап жатқан қала әкімі Е. Досаевты не түлен түртті екен? Біреуді түлен түртеді, ал қазақтың ынсапсыз шенеунігін қашан да өзіндей бір жемқор – түген түртпек. Мұның артында әлі күнге шейін тасбауыр жетім қозы секілді – отыз жыл бойы түртініп еміп жүріп, қазақтың дәулетін сүліктей сорған 162 олигархтың пәлен-түгендерінің бірі, яки бір тобы тұрғандығы анық.
Тарқатып айтар болсақ, мәселе мынада: Рысқұлов көшесіндегі ғимараттар, олардың іші мен сырты қазіргі күнде «Қазақфильм» тарапынан жалға беріліп, одан ай сайын түсетін бірнеше миллион қаржымен киностудия өз еңбеккерлерінің жалақысын толық болмаса да, ішінара өтеп отыр. Себебі мемлекеттік қаржыландырудан 2019 жылдан бастап толық «ажыратылған» Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында соңғы жылдары кино өндірісі мүлде дерлік тоқтағандықтан, әзірге бос тұрған ғимараттарын жалға беру арқылы күнін көруде. Тоқ етерін айтқанда, осы Рысқұлов көшесіндегі киностудия жерінде орналасқан бұл ғимараттар – ай сайын бірнеше миллион теңге табыс тауып, «Қазақфильмді» толық банкрот болудан сақтап тұрған жалғыз күнкөріс көзі болып табылады. Ал «Қазақфильмнің» Әл-Фараби – Гагарин көшелерінің қилысындағы нарықтық бағамен құны бірнеше жүз миллион доллар тұратын 17 гектар жеріне көз алартып жүрген жемқор топтың көздеп отырғаны – осы «миллиардер жерді» өңештерінен өткізіп алу. Алайда Рысқұлов көшесіндегі табыскер ғимараттары тұрғанда, «Қазақфильмді» жайдан-жай банкрот қылу оңайға түспек емес. Осыны білген «ескі қазақстандық» клан өкілдері Рысқұлов көшесіндегі ғимараттарды Алматы қалалық әкімшілігінің балансына өткізіп алып, ары қарай ебін тауып жекешелендіріп алу арқылы түпкі мақсаттарына жетпекші. Бұл афераны біліп қалған Киногерлер одағы өзіміздің министрлікке осы мәселеге түсінік берулерін талап етіп, хат жазған еді. Неге екені белгісіз, жауап келмей, кешеуілдеп жатыр. Дегенмен, киногерлер министрліктің берер көз алдау жауабын күн ілгері сезіп отыр. Меніңше, келетін жауаптың нобайы былай болмақ: «Рысқұлов көшесіндегі «Қазақфильм» ғимараттары қатты тозғандықтан, апатты жағдайда тұр. Апатты жағдайда тұрған ғимараттарды жөндеуге және оны ұстап тұруға не «Қазақфильмде», не министрлікте қаржы жоқ, сондықтан бұл ғимараттарды Алматы қалалық әкімшілігінің қарамағына өткізуге мәжбүрміз». Өз басым тура осындай мазмұндағы хаттың келетініне бек сенемін.
Содан кейінгі сценарий қалай өрбімек дейсіздер ғой? Мұнан соң Алматы қалалық әкімшілігі аталған ғимараттардың жарамдылығын тексеру үшін, «Қондыгердің ауыр қолындай» арнайы комиссия аттандырады. Әлгі комиссия, әрине, ғимараттардың апатты жағдайда тұрғандығы туралы жалған қорытынды шығарады, содан кейін бұл ғимараттар, дәлірек айтқанда, құны жүздеген миллион доллар тұратын жер телімдері жекешелендіруге жіберіліп, осы алаяқтық жобаның басы-қасында жүргендерге сатылады. Осылайша «Қазақфильмнен» алаяқтық жолмен алынған жердің орнына жаңа зәулім үйлер, бәлкім, сауда нысандары бой көтермек. Бір гектардай жерге қандай тәуір үйлер салуға болатынын көз алдарыңызға елестете беріңіздер.
Ал соңғы табыс көзінен айырылған «Қазақфильмнің» жағдайы күрт мүшкілденбек, яғни банкрот болуға жақындай түспек. Осылайша тынымсыз титықтату арқылы «ескі Қазақстан» кландары «Қазақфильмді» банкрот қылып, 17 гектар жерін қолдарына түсіріп алмақ. Жалпы айтқанда, шамамен осы бағыттағы сценарий әзірленуде. Мұның осылай болмағы бесенеден белгілі. Өйткені осындай қитұрқы схемалармен соңғы отыз жыл ішінде стратегиялық маңызы бар қаншама мемлекеттік объектілер қолдан жасалған банкротқа ұшырап, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.
Әрине, киногерлер қауымы болып жатқан осынау бассыздықтарға бей-жай қарап, үнсіз төзіп отыра алмақ емес. «Қазақфильмнің» қарыс сүйем жерін жемқорларға «жегізбеу» үшін қарсылықтың қандай түріне де баруға әзір. Өйткені Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Әмен Қайдаров, Ораз Әбішев сынды ұлы режиссерлердің, Елубай Өмірзақов, Нұрмұқан Жантөрин, Әнуар Молдабеков, Қасым Жәкібаев, Әмина Өмірзақова тәрізді ұлт киносы саңлақтарының қолының табы, табанының ізі қалған киелі шаңырақ – «Қазақфильмді» арсыздықпен талан-таражға салуды осы есімдері аталған ұлылардың аруақтарын қорлау деп білеміз.
«Қазақфильмге» жыл сайын осылай қара бұлт төніп, басынан дау кетпеуі – ардагер киногерлерімізге де оңай тимей отыр. Мәселен, аға буын классиктеріміз – Асанәлі Әшімов, Нұржұман Ықтымбаев, Меруерт Өтекешова сынды корифейлеріміз бен басқа да қазақ киносының саңлақтары ғұмырының мәніне балаған сүйікті киностудиясының жоғарыда отырған жемқорлар тарапынан көздерінше талауға ұшырағанына, өздерінің балаларынан кіші, немерелерімен жасты жемқор жас буынға көзі тірісінде мазақ болғанына күйінеді.
Осылайша күллі қазақ қоғамының көз алдында ұлт киносының өткенін жойып, келешегіне балта шабу саясаты жүргізіліп жатыр. Сондықтан тарихта қарабет болып қалғыларыңыз келмесе, бұл афераны «жүзеге асырамын» деушілер, аяқтарыңызды осы жерден тартыңыздар! Өйткені найзаның ұшынан қаламның ұшы – мәңгілік. Найзамен бір шенеунікті жазалауға болса, қаламның ұшымен кез келген шенеуніктің өзі түгілі 7 ұрпағын тарих алдында қарабет қылуға болады. Сондықтан қара тақтаға мәңгілікке жазылып қалмаңыздар, ұлт киносы мен «Қазақфильмнің» жеріне көз алартушы шенеуніктер!
Апырай дейсің осындайда шарасыздықтан күйініп – бізден басқа жұрттар ұлттық киносына мемлекеттік маңыз беріп, төл киносын әлемге таныту үшін жанталасып жатқанда, біздің шенділер қазақ киносын қолдан тұншықтырып өлтіру әрекеттерін жайлап жүзеге асыруда. Рысқұлов көшесі, 101 мекенжайындағы «Қазақфильм» жерінде орын алып жатқан шетін жағдайлар – осының бір көрінісі.
Вьетнамдықтардың ән-күйі шалқыған осынау дүбірлі патиін тамашалап тұрып, шамамен осындай ойлар кештім. Расында, мені «Еуразия» фестивалінің қазіргі бейшара күйі, оған соңғы рет 2022 жылы бөлінген 441 миллион теңге қаржының ұлттық киноға қатысы жоқ қайдағы бір алаяқтардың қолында кеткені еріксіз қынжылтты. Егер әлемдік кино өнерінің ірі тұлғалары мен жарық жұлдыздары шақырылған ауқымды фестиваль өткізілер болса, әрине, бұл қаржы ауыз шаюға да келмейді, дегенмен өзбек, қырғыз, әзірбайжанды, жалпы түркі мемлекеттерінің киногерлерін шақырып, шағын, бірақ мазмұнды фестиваль өткізуге болатын еді. Бусан да басында өз жолын шағындап өткізуден бастаған ғой. Қазір Бусан қайда, «Еуразия» қайда?! «Ех»… деп, ішіңнен тынасың да қоясың. Қазіргі күнде Бусанның жалпы бюджеті бірнеше миллион долларды құрайтын көрінеді. Осыған дейін Бусанды Оңтүстік Корея үкіметі мен оның әлемге танымал алпауыт компаниялары қаржыландырып келсе, биыл француздың әйгілі «Шанель» компаниясы бас демеуші болуға қуана келіскен деседі. Бұдан басқа ірілі-ұсақты жүздеген компания биылғы Бусанның биік дің 278 киносын жыл бойына жиып алып, еркін бусанып жатыр.
Ал бізде ше, сол бөлінген шамалы қаржының өзін талан-таражға салып, қолды қылады да, келесіге дейін аузын қу шөппен сүртіп отырады. Киноны былай қойғанда, мені қазақтың бір ісінде перспектива жоқтығы қайран қалдырады әрі шошындырады. Қазақтың ісінің үнемі: «Басы таудай, аяғы қылдай болып» бітетіні несі екен? Жарықтық Мұқағали қалай айтқан: «Бір ісім бар басталған, бастала салып тасталған». «Еуразия» осылай болып жатқанда, көрші өзбектің Ташкент фестивалін де құдай ұрғанға ұқсайды. Бусанда жүріп естідік, қысқаша айтқанда, мәселе былай болыпты: Ташкент халықаралық фестивалінің ашылуына екі күн қалғанда өзбек билігі келе жатқан қонақтарға: «Келмей-ақ қойыңдар!» деген, ал Ташкентке келіп алғандарға «Қайтыңдар!» деп әмір берген. Өстіп жолдан қайтқандардың айтуынша, мұндай құлақ естіп, көз көрмеген қорлық әлемдік кино тарихында осы уақытқа шейін болмаған. Болған сұмдыққа әлемдік киноқауымдастық наразылық білдіруде, бірақ саяси мәдениеттен жұрдай өзбек билігі бұл бассыздығы үшін кешірім де сұрамаған. Сөйтіп өзбек билігінен көңілі қалған әлем киногерлері бұл елге аттап баспастай болыпты.
Әгәрәки, биыл «Еуразияның» әзірлігіне екі ай ғана уақыт берілгенін естісе, Қазақстан да әлемдік киноқауымдастық алдында масқара болмақ және осыдан соң «Еуразия» да Ташкент фестивалінің кебін құшпақ. «Кебін құшуды» мен бекер айтып отырған жоқпын, қаласақ та, қаламасақ та, біздің «Еуразияның» күні батуға таяу. Меніңше, қазақтың «Еуразиясының» түбіне орыстың «Евразиясы» жетеді. Иә, иә, дәл солай! Өйткені биыл Мәскеу қаласында I халықаралық «Евразия» фестивалі өткен. Ал оның төрағасы кім дейсіздер ғой? Естеріңізде ме, жеңіс парадын өткізуден бас тартқаны үшін қатыны Симоньян екеуі қазақ билігіне доқ көрсеткен Тигран Кеосаян деген итаршы бар еді ғой. Ресей билігі осы Кеосаянды биыл алғаш өткен «Евразия» фестивалінің директоры қылып тағайындаған. Мақсат айқын – қазаққа деген жаулық пиғылдағы Кеосаянды айдап салу арқылы Қазақстандағы «Еуразияның» түбіне жету. Осыдан кейін кинофестивальді, жалпы киноны саясат демей көр. Қазақстанды сырт көзге де-юре болмаса да, де-факто билеп-төстеп отырғандай әсер қалдыратын Ресей еліміздің идеологиялық кеңістігін, оның ішінде кино мәселесін де бақылауда ұстағысы келеді. Ресей үшін Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа жарнамалайтын төл кино фестивалі болмауы керек. Осы себепті Ресей Қазақстанның «Еуразия» фестивалін көзімізді бақырайтып қойып, тапа-тал түсте тартып алып отыр. Бұған біздікілер үндемейді. Үндемей қоя салса жақсы ғой, біздің киноның өкілдері «құтты болсынға» барып қайтқан ғой. Барып қайтқаны – беріп қайтқаны ғой. «Еуразияны» айтам. Ұят-ай! Өйткені «Бір тойда екі жар болмайды» демекші, Ресей үшін екі «Евразия» фестивалі болуы мүмкін емес. Сондықтан біздікілер «Еуразияны» Ресей иелігіне өз еркімен беретін сияқты ғой. Соңғы ақпарат көздері осылай дейді. Олай болса – қош, «Еуразия»!
Айтып айтпай не керек, түптеп келгенде, Қазақстан мен Өзбекстан халықаралық кинофестивальдер өткізе алмайтын елдердің санатына кіруде. Сөз жоқ, бұл ел имиджіне нұқсан келтіретін кемшілік. Жалпы Орталық Азия мемлекеттері әлі күнге дейін бірде-бір кинофестивалін халықаралық деңгейге көтере алмай келеді. Тәп-тәуір басталған «Еуразия» халықаралық фестивалі бұл күндері «галочка» үшін өткізілетін жағдайсыз, жұпыны киножиын болып қалды. Ташкент фестивалінің түрі анау – жер-жаһанға масқара болып отыр. Соңғы жылдары қырғыздар тырысып көруде. Бірақ Қырғызстан сияқты кедей мемлекетке жоғары деңгейде халықаралық фестиваль өткізу қол емес. Қаржы қолбайлау болып, ертең-ақ тығырыққа тірелмек. Тәжік пен түркіменді тіпті сөз қылуға келмейді. Бағы ашылмаған бұл екі елді жылы жауып қойғаннан басқа амал жоқ.
Осылайша біз 2010–2013 жылдары өз заманының менеджері Ермек Аманшаевтың басқаруымен және сол кездегі мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің қолдауымен бағы жанып келе жатқан «Еуразия» халықаралық фестивалінің түбіне жеттік. Одан кейін мәдениет билігіне менеджерсымақ Арыстанбек Мұхамедиұлы келді. Осыдан соң-ақ ішінде ұлттық кино да бар – әбден тұралаған мәдениетіміздің кетеуі кетіп сала берді. Содан бері кетеуі күрт кетіп, бірден күйреп түскен ұлт мәдениеті мен өнерінің қазіргі хал-жайы реанимация төсегіне таңылған үмітсіз науқастың хәлі тәрізді. Оған жан беруге талап қылған Үкімет көрінер емес. Мәдениетсіз тобырға ие болу мәдениетті халықты басқарудан әлдеқайда оңай екенін олар Назарбаевтан артық біліп алғанға ұқсай ма, қалай? Әйтпесе «Еуразия» фестивалін қаржылық, басқа да ресурстармен жеткілікті қамтамасыз етіп, мейлінше көркейтіп, гүлдендіргенде, ол бүгінгі әлем киноиндустриясының үздік фестивальдерінің бірі, өзінің құрдасы Бусаннан әсте кем болмас па еді. Тілекті Құдай бермеді деген осы да.
Қазір Үкімет азын-аулақ қаржы бөліп, «Еуразия» фестивалін тірілткісі келетін ниеті бар сияқты. Бірақ бұл еш болмайтын шаруа. Қалыптасқан жүйесі жоқ, қаржысы кемшін кедей фестивальге ешкім келмейді. Киноиндустрияның бір қағидасы – осы. Мәселен, Германияның Берлиннен кейін екінші саналатын халықаралық Мюнхен кинофестивалінің басқа шығындарын былай қойғанда, жүлде қорының өзі 150 мың евро екен! Киногер жұрт мұндай бәйгеге қалай таласпасын?! Ал даңқы дүние жүзіне жайылған атақты Канн фестивалін бір дүркін өткізу бюджеті бұл күнде 20 миллион еуродан асқан. Франция үкіметі бюджет қаржысын ханнан аяса да, Каннан аямайды.
Енді мына қызықты қараңыз, осынша көл-көсір ақша төккен 2017 жылғы өткен Канн фестивалінен қала бюджетіне 197 миллион еуро түскен, яғни кеткен шығынды он есе жапқан! Сол сияқты Канн – әлемде елінің президенті қатысатын санаулы фестивальдердің бірі. Мәселен, биылғы Канн төрінде Францияның президенті Макронның өзі отырды. Жыл сайын солай. Ал Бусанда қала мэрі, бейнелеп айтқанда, фестиваль қонақтарының қолына су құйып жүреді. Шіркін-ай дейсің осындайда, біздің Досаев сияқты әкімдер осылай Бусан сынды халықаралық фестиваль өткізіп, ішінде мұрнына су жетпей өзі жүрсе, қандай жарасымды және кім қой демек? Алайда біздің әкім-қаралардың ондай ауқымды дүниелерді ойлауға әрі жүзеге асыруға масштабы жетпейді, біздің шенеуніктердікі тек жеп қалу, асап қалу. Әйтпесе Досаевтың әкімшілігі Рысқұлов көшесіндегі «Қазақфильм» ғимаратын алып қою «жобасына» білек сыбана кірісер ме еді?!
Еліңді аудансыздар билесе, қиын екен ғой. Не өзіңнің, не өнеріңнің, жалпы мәдениетің мен ғылымыңның көк тиындық құны болмайды. Шіркін-ай дейсің, тағы да «Еуразия» деп сиықсыз аталса да («Алатау» немесе «Хан Тәңірі» халықаралық фестивалі деп аталса, қандай жақсы), қазақ үкіметі осы фестивальді халықаралық деңгейге көтеруі керек еді. Оған қазақ билігінің қарымы еркін жететін еді. Егер «Еуразия» фестивалі «А» класы дәрежесін иеленіп, халықаралық деңгейдегі беделді кинофестивальге айналғанда, стратегиялық жағынан өте қолайлы – Еуропа мен Азияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан үшін бұл киноиндустриялық бағытта өте ұтымды жүзеге асқан халықаралық жоба болар еді. Мұны енді қолға алатын Үкімет жоқ, өйткені қазіргі билікте мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыра алатын мемлекетшіл тұлғалар – білікті кадрлар қалған жоқ. Жалпы, біздің елде киноға деген қызығушылық бәсеңсіп, тіпті жойылу үстінде. Мысалы, Бусаннан келгелі аптадан асты, алайда фестиваль жөнінде сауал қойып, бір журналист хабарласқан жоқ.
Содан, ешкімге керегі болмаса да, киноның айналасында жүргендерге бір қажеті болар, бәлкім, жоғарыда жүрген азаматтардың бірін ойландырар, енді бірін толғандырар деген оймен Бусандағы көрген-білген, түйгендерімді ФБ парақшама жазып отырмын. Әйтпесе мұндай фестивальге барып келгендер «аш құлақтан – тиыш құлақ» дей ме – жұмған ауыздарын ашпайды ғой. Дұрыс емес негізі. Көрген-білгенін жазбаса, ортаға ой тастамаса, қоғамдық пікір қалай қалыптаспақ? Қоғамға қарай ашық пікір айтылмаған соң, ел ішіне қайдан сәуле түспек? Мен осы ұстаным тұрғысынан жазамын. Жаратпағандар мен жақтырмағандарға – «Өз сөзім – өзімдікі» (Абай).
Енді түйіндейін. Осылайша Бусанда ең алдыңғы үштікке ілігіп, 278 жүйріктің ішінен мәреге еркін келген «Әбіл» сол жерде-ақ жан-жақтан жиылған халықаралық кино өкілдерінің «талапайына» түсті. Мәселен, тап осы жерден «Әбіл» Германияның Мюнхен халықаралық фестиваліне, одан кейін Швецияның бас фестивалі – Гетеборг халықаралық кинофестиваліне, тағы басқа бірнеше фестивальге шақырту алды. Сөйтіп бір фестивальге қатысамыз деп, бірнеше кино бәйгеге шақырту алып, олжалы қайттық.
Ал «Әбіл» үшін бәйге жаңа басталды және мұның жеңісті һәм жемісті болары сөзсіз. Соның алғашқы нышанындай, «Әбіл» фильмі дәл осы күндері Hong Kong Asian Film Festival-іне қатысуда. Гонконгта өтіп жатқан осынау фестивальдің «New Talant Award» конкурстық бағдарламасында бақ сынайтын ол қараша айының 8, 9, 16 күндері дәл Бусандағыдай тура үш дүркін көрсетілмек. Қазір үйде отырып, жердің түбіндегіні білетін заман – билеттердің үш көрсетілімге де қарқынды сатылып жатқанын онлайн бақылау арқылы көруге болады. Міне, осылай ұлы мұхит жағасындағы Бусан шаһарынан шығып, бір шеті мен бір шеті алты айшылық – Тынық мұхитын көктей өтіп, Үнді мұхитының Гонконг аралына келіп жеткен біздің «Әбіл» осында өтіп жатқан бәйгеге түсуге бел байлапты. Одан кейін Атлант мұхиты жағалауы елдеріне қарай желкен кермек.
Жолың болсын, «Әбіл»! Жолдасың Қыдыр болғай!
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы,
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Қазақанимация» ШБ редакторы,