ҚАЗАҚ ЖЕРІ сатылмайтын БОЛДЫ МА?

  • Кеше – 7 сәуірде Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылап, шетелдіктерге жер сатуға және жалға беруге тыйым салатын нормаларды бірінші оқылымда бірауыздан мақұлдады (суретті қараңыз).

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, жер заңнамасынан шетелдіктер, шетел азаматтары немесе шетел компанияларымен бірлескен кәсіпорындарға, азаматтығы жоқ адамдарға, қандастарға жер беру құқығын реттейтін нормалар алынады, деп хабарлады «Азаттық».

«Заң жобасында сонымен бірге бұдан бұрын (2016 жылдың 1 шілдесіне дейін) шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдалану мерзімі ұзартылмайтындығы және олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны қарастырылған», – деді министр.

Оның айтуынша, шетелден Қазақстанға көшіп келген қандастар «жеке қосалқы шарушылығы, бау-бақша және саяжай құрылысы үшін жер учаскесін ала алады, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана ауыл шаруашылығы жерін жалға алу мүмкіндігі болады».

Министрдің сөзіне қарағанда, қазір 74,4 мың гектар жерді – жеті бірлескен кәсіпорын, 18,5 мың гектар жерді – шетелдік екі заңды тұлға жалға алып отыр. Аталған кәсіпорындар мен тұлғаларға жер мораторий енгізілгенге дейін жалға берілген. Жалға алу мерзімі 2022–2025 жылдары аяқталады, деген екен министр.

Ал елдегі жер қатынастарын реттейтін басты құжат – «Жер кодексі» аталған тыйым салу нормаларын қамти ма, жоқ бұл мәселе әлі де сөзбұйдаға созыла ма? Кімге болсын ауыл шаруашылық мақсаттағы жерді сату мәселесіне наразы жұртшылық осы талаптың «Жер кодексі» мен ел Конституциясында шегеленіп жазылғанына тәнті екенін еске саламыз.

«ДАТ-ақпарат»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн