Суббота , 19 апреля 2025

ҚАЗАҚ НЕГЕ КҮРТ ӨСПЕЙДІ? Бізде ұзақ мерзімді даму жоспары жоқ!

  • Өтіп бара жатқан 2022 жылды қосып есептегенде, кейінгі уақытта Қазақстанда демографиялық ахуал қалай өзгерді? Бала тууды көбейту және шетелден қандастарды көшіру арқылы халық санын ұлғайту қаншалықты тиімді болды? Шағын қалаларды дамыту неге маңызды? Алдағы жылдары Қазақстанда туу көрсеткіші өсе ме? Осы және қазақ халқының демографиялық өсіміне байланысты басқа да сұрақтар төңірегінде «Азаттық» демограф-ғалым, «Fылым Ордасы» ғылыми кадрлар дайындау орталығының жетекшісі Алтын Уәлтаевамен сұхбаттасқан екен. Халықтың өсім мәселесінің маңыздылығын ескеріп, осы сұхбатты ықшамдап жариялап отырмыз.

«DAT»

Биыл және соңғы бірнеше жылда Қазақстанда демография ахуалы қалай өзгерді?

Биыл Қазақстан үшін маңызды жыл болды. Өйткені халық дамуының жаңа кезеңі басталды. Соңғы бір-екі жылда халық санының өсуіне қатысты барлық бағытта (туу және өлім көрсеткіші, олардың айырмасынан шығатын халықтың табиғи өсімі, көші-қон) оң өзгерістер байқалады. Биылғы туу көрсеткіші кейінгі он жылдың статистикасынан жоғары болды. 1991–2003 жылдар аралығында бала туу күрт азайған еді. Әсіресе 1997-98 жылдары. Орташа есеппен алғанда, бір отбасында бір бала да дүниеге келмейтін.

Қазір жағдай түзелді. 2022 жылдың аяғына қарай бір отбасына бір жарым баладан келеді. Яғни, бір үйде бес бала болса, екіншісінде бір бала болуы мүмкін.

Аздап болса да, халық саны көбейіп жатыр. Қазір Қазақстанда 19,5 миллионнан астам адам тұрады (Ұлттық статистика бюросының қараша айындағы мәліметінде халық саны 19,7 млн деп көрсетілген – «Азаттық»). Мың адамға шаққандағы өсім қарқыны 13 пайыз (орташа есеппен алғанда, жалпы демографиялық өсім 1,3). Бұл бізде кері көрсеткіш жоғын білдіреді. Табиғи өсім бала туу есебінен қалыптасып отыр. Биыл 250 мың сәби дүниеге келіп, 13 мың нәресте шетінеген.

Мысалы, Ресей «демографиялық крест» (туудан өлімнің көп болуы) жағдайында отыр. Қазақстанда мұндай жайт 1990 жылдардың басында болған, бірақ жағдай ушыққан жоқ. Үнемі сәл ғана «плюста» жүретінбіз. Неге? Өйткені Қазақстан халқы бұрыннан көп бала табуға бейім. Отбасын құру, бала сүю деген біз үшін аксиома, менталитет, ұлттың коды. Өте маңызды дүние.

Пандемия халық санына әсер етті ме?

Пандемия жылдары қалада туу көрсеткіші сәл жоғарылады. Бірақ өлім көрсеткіші де өсті. Туу және өлім көрсеткішінің жоғары болуынан орташа коэффициент өзгерген жоқ. Некеге отырғандар азайды, ал ажырасу көбейді. Бірақ статистика сәл ғана өзгерді. Бәлендей үлкен өзгеріс болған жоқ.​

Орташа статистикалық қазақстандықты сипаттап берсеңіз?

Ол 29 жаста. Үйлі-баранды, бір баласы бар, екіншісін күтіп отыр. Жұмыс істейді. Қалада тұрады. Толық орта немесе екі курс жоғары білімі бар. Болмаса арнаулы орта білім орнын бітірген болуы мүмкін. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейді немесе шағын бизнеспен айналысады. Тегінде Қазақстан халқының 0,7 пайызы ғана ірі кәсіпкер… Саясатқа шорқақ. Аз да болса ақпараты бар-ау деген адамның өзі премьер-министр кім екенін, қандай заңдар қаралып жатқанын білмейді, басқа да маңызды мәселелерден хабарсыз. Халықтың негізгі бөлігінің саясатта шаруасы жоқ.

Биыл көші-қон көрсеткіші қалай өзгерді?

– «Қазақстанға қаншама ресейлік келді?» деп жүрміз ғой. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де осындай әлеуметтік процестер болған. Қазір ресейліктер жаппай Қазақстанға көшіп келіп жатыр деу – дұрыс емес. Иә, келгендер бар, бірақ кеткендер де көп.

Дегенмен, көп жылдан бері алғаш рет миграция өсімі тұрақты, жақсы деңгейде қалды. 2021 жылға дейін сыртқы миграция, яғни азаматтардың шетелге кетуі кері сальдо көрсететін. Азаматтарымыз шетелге көп кететін. 2022 жылғы қаңтардан бастап оң сальдо байқалды. Елге келгендер көп. Бұл жекелеген көрсеткіш қана, Қазақстан өмір сүруге тартымды мемлекет, жұрттың бәрі бізге ағылып жатыр деген сөз емес. Бұған әсер еткен фактор көп, соның бірі – Украинадағы соғыс.

Сырттан келгендер қай өңірге барады? Алматы мен Маңғыстауға. Шекараға жақын және мұнай өнеркәсібі сияқты жұмыс орындары болғандықтан, Алматыға қарағанда, Маңғыстауды көбірек таңдайды. Кей азаматтар бизнес ашады. Бір қызығы – Астанада тұрақтап қалатындар аз.

Желтоқсанның басында Қазақстан бойынша сыртқы миграция сальдосы +397 адам болды. Былтыр желтоқсанда –559, ал 2022 жылдың басында – 909 адам еді. Маңғыстауда +331 адам. Бұл – ұлттық статистика бюросының ресми дерегі.

1990 жылдардан бастап халықтың көбі шетелге көшіп кетті. Қазір оң сальдо деп отырмыз ғой, бірақ оның екі себебі бар: біріншісі – Украина мен Ресей арасындағы соғыс (Еңбек министрлігінің 13 желтоқсандағы дерегі бойынша, 2022 жылғы 21 қыркүйекте Ресейде «ішінара» мобилизация жарияланғалы бері Қазақстанға 837 мың ресейлік келген. Осы кезеңде 780 мың адам басқа елге кеткен – «Азаттық»). Екіншісі – көрші мемлекеттерге қарағанда, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты болуы.

Ішкі миграция туралы не айта аласыз?

Ішкі миграцияда кері көрсеткіш байқалады. Бұл ауылдағылар қалаға белсенді көшіп жатыр дегенді білдіреді. Олар көбіне Астана, Алматы, Түркістан, Маңғыстауға көшеді. Ауылдан қалаға қоныс аударғандар осы өңірлерде көбірек.

Мемлекеттік көші-қон бағдарламалары бар. Мысалы, оңтүстіктің халқын солтүстікке көшіру шарасы. Бірақ мұндай бағдарламалардың тиімділігі төмен. Оның себебі – шағын немесе моноқалаларды дамыту сияқты бағдарламалардың бәрі декларативті (жасанды) сипатта болғандықтан. Бағдарлама жазылады, бірақ нақты жүзеге асыру механизмі жоқ. Жеңілдіктер бар, бірақ олар да уақытша ғана.

Жаңа жерге көшіп келген адам оқиды, баспана алады. Бірақ ары қарай болашағы жоқ. Сосын үйіне қайтады. Оған өмір сүруге қолайлы жағдай жасамайды. Өмір сүру тек оқумен және баспанамен ғана шектелмейді ғой. Оның сол жақта тұрақтап қалғанын қаласақ, отбасын құрып, бала өсіруге жағдай жасауымыз керек: балабақша, мектеп қажет. Құжаттарда осының бәрі қамтылмаса, бағдарлама жұмыс істемейді.

Батыс Еуропа елдерінен айырмашылығымыз бар. Бізде қалада тұратындар ғана адам сияқты. Менталитет сондай. Шағын қалада тұрғаннан үлкен қалада тұрған жақсырақ сияқты. Негізінде халықтың көп бөлігі шағын және моноқалаларда шоғырлануы керек.

Моноқала деген не? Бұл – қаладағыдай инфрақұрылым, бірақ ауылдағыдай дәстүрлі өмір. Сонда ауылдан көшкен адамға бірден үлкен қалаға барып, саяжайда өмір сүріп, кедейлікте, аштықта жүріп, балаларын буллинг нысанына айналдырудың қажеті жоқ…

Әрине, бірден қаладан пәтер сатып алуға шамасы жететін ауыл тұрғындары да бар. Бірақ ондай адам аз. Ауылдан көшкен халықтың 50 пайызы үлкен қаланың тіршілігіне бейімделе алмайды…

Халық санын көбейту үшін қандастарды елге көшіру, туу көрсеткішін арттыру сияқты шаралар қолға алынды. Бұл шаралар тиімді болды ма?

Қазақстанда /өтемақылар/ өте аз төленеді. Бұл төлемдер адамдарды бала тууға ынталандыра алмайды. Бірақ президенттің Ұлытауда айтқан Ұлттық қор туралы сөзі жақсы стимул болар еді (2022 жылы қыркүйекте Тоқаев Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың жинақ шотына аударуды ұсынды. Шотқа жиналған ақшаны бала 18 жасқа толғанша алуға болмайды). Өйткені бала туған адам өзінің баласы 18 жасқа толғанда оның пәтер алатын, оқуға түсетін немесе бизнес ашатын ақшасы болатынын біледі. Бұл халыққа ұзақ мерзімді сақтандыру береді. Шынымен де әсері бар шара.

Ал қазір ата-ана бала күтімі үшін тиын-тебен ғана алады. Қазақстан бойынша, бір отбасына бір жарым баладан келеді. Төрт, алты, жеті баласы бар отбасылар аз, сондықтан көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы азын-аулақ топқа ғана тиеді. Көбіне бірінші немесе екінші бала үшін ғана ақша төленеді. Отбасылардың 30 пайызы – үшінші баласы үшін, 15 пайызы – төртінші баласы үшін жәрдемақы рәсімдейді. Сегізінші балаға мемлекеттік төлем алатындар – нөл пайыз. Сондықтан жәрдемақы көмектеспейді. Жастарға балалары кедейлікте өмір сүріп, қиналмайтынын көрсететін ұзақ мерзімді бағдарламалар керек.

«Кедейлікті көбейтіп қайтеміз?» деген сөз бар. Көңілге тиетін, ауыр сөз болғанымен, мәселенің мәнін осыдан-ақ түсінуге болады. Әрқайсымыз қара басымызды, баламызды қалай асыраймыз деп жүрген адамбыз. Сондықтан қазір мемлекет қолға алып отырған шара – балаға арналған капитал – жақсы механизм болуы мүмкін. Бірақ бұл шара 10–15 жылдан кейін ғана нәтиже береді.

Қандастарға келсек, 1990 жылдары шынымен Қазақстанға көшкісі келетіндер көп болды. Бірақ қазір оларды ұмытып кеттік. Әлі де көшіп келген немесе тарихи отанына қоныс аударғысы келетіндер бар, бірақ оларда ешкімнің шаруасы жоқ, өздері тірнектеп еңбек етіп, күн көріп жүр. Бұрын қандастар ауыл шаруашылығымен айналысып, мал өсіру үшін оңтүстіктегі ауылдарға көшетін. Қазір бәрі қалада тұрғысы келеді. Өйткені олар мемлекеттің қалаға ғана көңіл бөлетінін көріп отыр.

Халық санының өсуі маңызды ма?

Әрине. Өйткені халық саны көп болған сайын, реформалар тиімдірек жұмыс істеп, мемлекет, өнеркәсіп, сауда, құрылыс, медицина және білім саласы дамиды. Қазақстандағы халық тығыздығы – бір шаршы километрге жеті адамнан келеді. Бізге көбею керек. Жастар көп болуы тиіс. Экономикамыздың қазіргі ахуалына, даму деңгейімізге байланысты демографиялық өсімнің кері әсері болуы мүмкін. Бірақ онсыз болмайды. Ерте ме, кеш пе, көп халыққа үйреніп кетеміз. Оның үстіне Қазақстанның жері кең, мүмкіндігі бар…

Жыл сайын туу көрсеткіші неге 200 мыңның төңірегінен аспайды? Қандастар келіп жатыр, біздің де өміріміз жаман емес, бірақ 250 мың бала ғана туады. Неге 500 мың емес? Неге 13 мың нәресте шетінеп кетеді, неге бес мың емес? Медицина дамып жатыр ғой, аз ақша бөлініп отырған жоқ, маска киіп жүрміз, аттап бассаң, алдыңнан дәріхана шығады. Ендеше неге? Өйткені ұзақ мерзімді жоспар жоқ.

Сондықтан алдағы жылдары туу көрсеткішінде күрт өсім болмайды. Мүмкін, 2030 жылдары болатын шығар. Демографияға тез әрі бір реттік шаралар әсер етпейді. Жүйелі, жылдан-жылға артып отыратын капиталдық, әлеуметтік, саяси салымдар керек. Тұрақтылыққа жұмыс істейтін, ұзақ мерзімді шаралар қажет.

Мәншүк АСАУТАЙ,

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн