Қазақ халқы – бай тарихы мен салт-дәстүрлері арқылы дараланған, табиғатпен етене өмір сүрген, рухани терең ұлт. Оның бірегейлігі тек мәдениетінде ғана емес, өмір сүру салтында, дүниетанымында, табиғатпен үйлесімінде, философиялық көзқарасында көрініс табады. Әрбір халық өзінше ерекше, алайда қазақтың өмірге деген көзқарасы, адам мен әлем арасындағы байланысқа құрметі – оны өзгелерден ерекшелендіріп тұрады.
Қазақ халқы ежелден табиғатпен тікелей байланыста өмір сүрген. Кең дала, биік таулар, шексіз жазира — барлығы да қазақтың ойлау жүйесіне, мінезіне әсер еткен. Табиғатты жаратылыстың бір бөлігі ретінде ғана емес, тіршілік иесі, құдірет иесі деп түсінген. Жер-ананы қадірлеу, суды таза ұстау, малға мейіріммен қарау – осының айғағы. «Су – тіршілік көзі», «Құдық көрсең, көзін аш» деген ұғымдар қазақтың табиғатпен үйлесімді өмір сүргенін дәлелдейді.
Қазақ философиясы – терең ой мен даналықтың көзі. Мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, жыраулар поэзиясы – халықтың өмірлік ұстанымын, ұлттық мінез-құлқын айқындайды. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Ата көрген оқ жонар» деген сөздер ғасырлар бойы ұрпақ тәрбиесінің алтын қазығына айналған.
Қазақ халқының тағы бір ерекше қасиеті – қонақжайлылығы. «Қонақ келсе – құт» деп, танымайтын адамды да төрге шығарған, дәм-тұзбен қарсы алып, ризашылықпен аттандырған. Қонақ күту – ұлттық тәрбие мен мәдениеттің биік көрінісі. Тіпті киіз үйдің ішкі құрылымының өзі де осы мәдениетті көрсетеді: төр – ең сыйлы орын, ошақ – берекенің символы.
Сонымен қатар, ұлттық тағамдар, ұлттық киім, домбыра, киіз үй, тіл мен өнер – барлығы қазақ халқының рухани бірегейлігінің айғағы. Бұл ерекшеліктер ұлттың болмысын айқындайды, ұрпағына кім екенін ұғындырады.
Қазақ — кең пейілді, дархан мінезді, рухани бай халық. Оның бірегейлігі – ұлт ретінде өзін жоғалтпай, жаңғыра білгенінде. Осы бірегейлік – еліміздің мәңгілігінің кепілі.
Сабыржанқызы Нұрбибі