Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне ерекше мән берген, әр кезеңге сәйкес салт-дәстүрлерді орындау арқылы ұрпақ бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп отырған. Солардың бірі – тұсаукесер салты. Бұл – баланың алғашқы қадамына жасалатын киелі рәсім, әрі терең философиялық мәні бар дәстүр. Халықта «тұсауы кесілмеген бала сүрінеді» деген сөз бекер айтылмаған. Тұсаукесер — баланың өмір жолының сәтті басталуына бағытталған ырым.
Тұсаукесер рәсімі бала еңбектеуден жүріп кетуге бет бұрғанда орындалады. Баланың аяғына ала жіп (ақ пен қараның аралас түсі) байлап, оны сыйлы, елге үлгі боларлық, жолы ашық, жүрісі түзулі, ақ ниетті, тілектес адамға қидыру — бұл салттың негізгі шарты. Ала жіп – адалдық пен әділеттіліктің белгісі. Кейде тұсауды көк шөппен немесе қойдың тоқ ішегімен кесу де кездеседі. Бұл – баланың өмірі көктей көгеріп, малы мен дәулеті тоқ болсын деген ырыммен байланысты.
Рәсім кезінде үлкендер: «Күрмеуің шешілсін, жолың ашылсын, сүрінбей өт өмірден!» – деп бата береді. Баланы жетелеп, алғашқы қадамдарын жасауға көмектесу – үлкен жауапкершілік. Бұл салт арқылы балаға тек физикалық емес, рухани демеу де беріледі. Осылайша тұсаукесер тек қадам бастыру емес, өмір есігінен бірге кіргізу, болашағына тілек айту, сәттілік тілеп жол ашу болып есептеледі.
Қазіргі кезде де бұл дәстүр ұмыт қалған жоқ. Тек ауылдық жерде емес, қалада да ата-аналар баласының тұсауын үлкен тойға айналдырып өткізеді. Бұл — салттың жаңғырып, қайта жанданғанының дәлелі. Сонымен қатар, баланың тұсауын кесетін адамды мұқият таңдау, оған үлкен құрметпен қарау – салттың маңызын көрсетеді.
Тұсаукесер – ұлттың ұрпағына деген сенімі мен үмітінің көрінісі. Бұл дәстүр арқылы ата-бабаларымыз әр баланың өмірі адал, жолы ашық, тағдыры берекелі болсын деп тілеген. Осындай терең мағыналы дәстүрлерді сақтау — қазақ халқының рухани тірегін бекіту болып табылады.
Сабыржанқызы Нұрбибі