Қазақ қоғамы ҚОС АЛЫППЕН Қоштасты

Қазақ руханияты орны толмас жоғалтуға ұшырады. 85 жасқа толар шағында танымал тарихшы, аса көрнекті жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтар Мағауин қайтыс болды. 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген ол 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітіріп, еңбек жолын осы жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі болып бастаған еді. Әр жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Алғашқы шығармалары баспасөз бетінде 1959 жылы көріне бастаған қаламгер 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылып, кейінірек көркем прозаға көбірек ден қойды.

Оның қаламынан туған «Қобыз сарыны», «Көк мұнар», «Көк кептер», «Аласапыран», «Ғасырлар бедері», «Шақан Шері», «Мен» «Ұлтсыздану ұраны», Жармақ» сияқты кітаптары мен мақалалары – қазақ тарихы мен әдебиетіне, руханиятына қосылған аса құнды шығарма, әрқайсысы терең ізденіс, жазушылық қарым–қабілет, тыңғылықты тәжірибенің арқасында дүниеге келген сүбелі еңбек. Ол – 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасын қатты сынаған қоғам қайраткері. Соңғы жылдары қазақ халқы мен мемлекетінің тарихына арналған «Алтын Орда» кітабын жазып бітірді. 9 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд қаласында ақтық демі таусылып, дүниеден өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қазаға байланысты марқұмның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Мұхтар Мұқанұлы ғибратты ғұмырын киелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміз бен тарихымыздың көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан заңғар тұлға еді. Халық жазушысының қуатты қаламынан туған шығармалары, тарихи еңбектері, естелік-эсселері қалың оқырманның жүрегінен орын тапты. Соңына бай әдеби мұра қалдырып, өнегелі өмір сүрген Мұхтар Мұқанұлының қайталанбас есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын» – делінген Президент жеделхатында.

Көрнекті жазушының қазасына орай еліміздің танымал тұлғалары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, қарапайым азаматтар да марқұмның отбасына, жақын-жуықтарына көңіл айтып жатыр.

Әсіресе Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков ағамыздың: «Мұхтар Мағауин қайтыс болды деген хабарды естігенде өзім отырып қалдым. Кеше ғана сау адам сияқты айтысып отырған едік, бұл не болғаны? Адам өлмейтіндей жүреді екенбіз тіршілікте. Кейде ойлайтынмын, менен кейін қайтыс болатын шығар деп. Ай, айналайын Мұқа, сәл-сәл артық айтып қойсам әруағың кешірсін. Артық айтқандай-ақ ештеңе жоқ сияқты деп ойлаймын. Егер де біреу артық деп ойласа кешірім сұраймын. Қазақ халқы үшін үлкен олжа тастап кетті. Сол енді артыңда мәңгілік шығармаларың қалды», – деп кешірім сұрауы, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов ағамыздың: «Қазақ әдебиетінің үлкен бәйтерегі құлады. Мұхтар Мағауин – өмір бойы ұлттың тарихына еңбек еткен адам. Осыған орай бүкіл қазақ халқына көңіл айтамын», – деуі өте орынды болды. Бұл – өмірде айтысып, тартысып жүрсе де қай-қазақтың да бірін-бірі өкпеге қиса да өлімге қимайтынын ауыр қаза үстінде тағы бір көрсетті.

***

Араға екі күн салып, 11 қаңтар күні тағы бір қаралы хабар тарады, 95 жасқа қараған шағында әйгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы өмірден өтті. Ұлт руханиятының абызы абайтану, бауыржантану, мұхтартану, яссауитану және Абайдың поэзиясына қатысты құнды еңбектер жазған ол осы ұлы тұлғалардың мұрасын жинап, келер ұрпаққа талдап, жүйелеп, қағазға түсіріп, тұтас ұлтқа баға жетпес рухани мирас қалдырып кетті. Марқұмның ғылымға деген құштарлығы мен табандылығы оны қазақ әдебиеті мен мәдениетінің терең зерттеуге жетеледі. Ғалым өмір бойы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына ден қойып, «Толық адам» іліміне терең талдау жасады. Атамыздың өмір жолы да өте күрделі. Оның өмірбаянына үңілсек, 30-шы жылдардағы аштық кезінде, екеуі де жүрегін жарып шыққан өз перзенті болса да, қызын құрбандыққа шалып, ұлын құтқарып қалған асыл ана жүрегі осы ұл – әулеттің ғана емес, тұтас ұлттың ұлы мұратын ту етіп көтеретін болашақ тағдырын айна қатесіз болжағандай. Мекемтас атамыз туған анасының осы болжамын, түн ұйқысын төрт бөліп емізген ақ сүтін, туған елінің алдындағы перзенттік парызы мен үкілі үмітін анық ақтады.

Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев абыз ақсақалдың қайтыс болуына оның да отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады. «Мекемтас Мырзахметұлы бар салиқалы ғұмырын Абай мұрасын зерделеуге, отандық әдебиеттану ғылымының керегесін кеңейтуге арнаған зиялы тұлға еді. Ұлт руханиятының ілгері басуына сүбелі үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ұзақ жылғы қажырлы ізденістерінен туған құнды еңбектері лайықты бағаға ие болды. Ғибратты ғұмыр кешіп, соңына өнегелі із қалдырған Мекемтас Мырзахметұлының аяулы есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген бұл жеделхатта.

Абыз атамыздың қазасына байланысты мыңдаған шәкірттері отбасына, туған-туыстарына көңіл айтып жатыр.

М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов: «Тарихтағы орнын өзінің көзі тірісінде беріп кеткен адам. Сондықтан қазақ әдебиетінің тарихында, қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында, жалпы қазақ руханиятының тарихында Мекемтас Мырзахметовтың бейнесі, жоғарыдан жарқырайтынына біз сенеміз. 

Ғалым сондай-ақ патшалық Ресейдің отарлық саясатына қатысты еңбектер жазып, қазақ халқының тарихи және мәдени болмысына терең үңілді. Оның «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты еңбегі қоғамдық ой-санаға әсер еткен маңызды зерттеулердің бірі болды», – дейді.

Ал филология ғылымдарының докторы Серік Негимов: «Өмірінің 60-70 жылын абайтану мен әуезовтануға арнады. Асылы Мекемтас ағамыздың ғылыми, әдеби шығармашылығының бел омыртқасы абайтану мен әуезовтану. Мекемтас Мырзахметұлы ұзақ уақыт бойы Ғылым академиясында, еліміздің жоғары оқу орындарында қызмет етті. 30-дан аса монография, зерттеу жобаларын жариялап, әдебиет тарихын зерттеушілердің бірнеше буынын даярлады. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған тұлға өмірінің соңғы сәттерінде де тыным таппай, жаңадан кітап бастайтынын айтқан болатын», – деген пікір айтты.

Қалай айтсақ та қос алыптың өмірден өтуі қалың қазақ жұртшылығы үшін ауыр қаза болды. Еліміз екі бірдей алыбынан айырылды. Алланың бұйрығына адамның шарасы бар ма! Жаратқан тек ұлттың ұлы мұраттары жолында тынымсыз да тоқтаусыз тер төккен, іркінішсіз күрескен, жат пікірдегілермен ымырасыз тірескен алып ағаларымыздың алдынан жарылқағай! Қаза қайырлы, жақсылығы жақын болғай, ағайын!

«D»

Республиканский еженедельник онлайн