ҚР Премьер-министрінің орынбасары
Ермек Көшербаевқа!
Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары үшін жеке баспаналы болу – ең өзекті әрі күрделі әлеуметтік мәселе. Тұрғын үй – адамның басты конституциялық құқығы. Бұл – Ата заңда айқын жазылған талап. Алайда іс жүзінде бұл құқықты жүзеге асыру қиынға соғып отыр. Мәселен, шамамен 30 миллион теңге тұратын автокөлікті сатып алу әлдеқайда жеңіл:
• Жылдық мөлшерлеме – 6 %;
• Бастапқы жарна талап етілмейді;
• Құжат рәсімдеу онлайн, жылдам.
Ал дәл осы сомаға баспана алғысы келген азамат:
• Кемі 30 % бастапқы жарна төлеуге мәжбүр;
• 18–20 % көлеміндегі жоғары пайызбен келісуге тиіс;
• Күрделі құжат жинау процесінен өтіп, соңында ипотека бермей қалуы мүмкін. Мемлекеттік саясаттың тұтынушылықты (көлік алуды) қолдап, тұрақты өмір сүруге мүмкіндік беретін тұрғын үй мәселесін екінші кезекке ысырып қойғаны алаңдатады. Осыған байланысты келесі ұсыныстарды қарастыруды сұраймыз:
1. «Жалдаудан сатып алуға» (Rent-to-Buy) жүйесі.
Көп адам үй алғысы келеді, бірақ басты кедергі – бастапқы жарна. Пәтер жалдап жүрген азаматтардың жалдау ақысының бір бөлігі кейін сатып алатын үйінің алғашқы төлемі ретінде есептеледі. Мысалы, айына 200 мың теңге төлесе, соның 50 мың теңгесі алдағы уақытта үйді сатып алғанда алғашқы жарна ретінде саналады. Осылайша адам үш жыл ішінде үйге ақша жинап қана қоймай, төлем қабілетін де дәлелдеп үлгереді. Бұл жүйе біздегі жастарға, жалғызбасты аналарға, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға өте қолайлы болар еді. Бұл тәсілді енгізу – үй алуға дайын емес, бірақ ниеті бар азаматтар үшін үлкен мүмкіндік болар еді.
2. Цифрлық «жылдам ипотека» жүйесі.
Мемлекеттік органдар мен банктер арасында дерек алмасуды біріктіріп, онлайн рәсімдеу жүйесін енгізу. Қазіргі автонесиелеу жүйесіндегідей, тұрғын үйді де онлайн түрде, жедел әрі бюрократиясыз рәсімдеуге мүмкіндік беретін механизм қалыптастыру.
3. Тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру үшін қаржыландыру тетіктерін жаңғырту.
Тек «Отбасы банкпен» шектелмей, басқа банктерге де тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік беру қажет. Сондай-ақ ипотекалық несиелеуге зейнетақы қорын (ЕНПФ) тарту арқылы ұзақ мерзімді қаржыландыру нарығын қалыптастырып, пайыздық мөлшерлемені төмендету керек. Бұл – бәсекелі орта құруға, халықтың таңдауын кеңейтуге және несиенің қолжетімді болуына жол ашпақ.
4. Мемлекеттік қолдауды әділетті әрі тиімді бағыттау.
Мемлекеттік бағдарламалар шын мәнінде баспанасыз жүрген азаматтарға арналуы тиіс. Сондықтан субсидиялар тек алғашқы тұрғын үй алуға бағытталып, екінші нарықтағы немесе инвестициялық мақсаттағы сатып алулардан шеттетілуі қажет. Сонымен қатар тұрғын үй саясаты өңірлік даму бағдарламаларымен тығыз байланыста іске асуы тиіс – бұл миграциялық тепе-теңдікті реттеп, аймақтарды жан-жақты дамытуға ықпал етеді.
Бұл ұсыныстардың барлығы тікелей бюджет шығынынсыз, қолжетімді үй санын арттыруға жол ашады. Қазіргі «тек ипотека» моделінен альтернативті жолдар ұсынады.
Қорытындылай келе, жеке тұрғын үй – азаматтың тұрмыстық қауіпсіздігін, отбасылық тұрақтылығын және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін басты тірек.
Қазақ үшін тұрғын үй – жай баспана емес. Бұл – азаматтың ар-намысы, отбасылық тұрақтылығы, баласының болашағы. Халық өмірін баспана үшін күреске емес, сол баспанада баянды өмір сүруге арнауы керек. Сондықтан мемлекеттік саясат тұтынушылық емес, тұрақты өмір сапасына басымдық беруі қажет деп есептейміз.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі
Ерболат САТЫБАЛДИН