Қазыбек БЕЙСЕБАЕВ: ЕКІ ҚОЖАЙЫНҒА БІР ҚЫЗМЕТШІ – Назарбаев өзі құрған жүйенің нұсқасы

Қазақстанның бүгінгі екі басты билігі талайдың талқысына айналды. Осындай басқару жүйесінің артық-кемшілігі мен болашағы, жоғарғы билік лауазымдарындағы соңғы ауыс-түйіс жайлы «ДАТ» айдарында дипломат, саяси сарапшы Қазыбек Бейсебаевтан алған сұхбатымыздан оқи аласыздар.

Қазыбек мырза, ең алдымен биліктегі соңғы тағайындаулар турасында не айтар едіңіз? Назарбаевтың сенімді серіктері Қалмұханбет Қасымовтың – мемлекеттік күзет мекемесін басқаруға, Әсет Исекешовтің – Қауіпсіздік кеңесіне жетекшілікке келуі президент Тоқаевтың өз еркімен туған шешімі деп ойлайсыз ба?

– Біріншіден, мемлекеттік күзет қызметінің басты міндеті – еліміздің тұңғыш президенті, елбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін ұмытпайық. Бұл жөнінде осы мекеменің сайтында анық жазылған. Сондықтан Қалмұханбет Қасымовтың тағайындалуына қатысты таңқаларлық дүние көріп тұрғаным жоқ.

Ал Әсет Исекешовтің президенттің көмекшісі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалуына қатысты айтар болсақ, ХІХ ғасырда жазылған итальяндық драматург Карло Гольдонидің «Екі қожайынға бір қызметші» атты спектаклі еске түседі. Сол қойылымда екі қожайынға қызмет жасаған басты кейіпкер – Труффальдино есімді жалшы. Бізде де тура Гольдони жазғандай болып тұр: енді Әсет Исекешовте екі бастық болады.

Ал Тоқаевтың креатурасы – Қанат Бозымбаевтың «Самұрық-Қазына» ұлттық қорына директорлар кеңесінің мүшесі болуы қандай саясаттың сиқын білдіреді?

– Қарапайым тілмен айтар болсақ, «Самұрық-Қазына» дегеніміз – ол ақша. Ал ақшаға жауап беретін лауазым иесі – президент. Сондықтан ол жерде президенттің сенімді, тексерілген өзінің адамы болуы тиіс. Бұған қоса еш жерде жазылмаған тағы бір маңызды фактор бар. Ол туралы ешкім ашық айтпаса да, жоғарғы лауазымдарға тағайындау кезінде шенеуніктің шыққан тегі ескеріледі. Ұзын құлақтың хабарлауынша, Бозымбаев пен президент рулас болып келеді.

– Соңғы тоғыз айдан бері президент Тоқаев ҚР премьер-министрі Асқар Маминмен бірде-бір рет кездеспеуі нені білдіреді? Тоқаев уәде еткен елдегі барлық әлеуметтік бағдарламалар (әсіресе көп балалы аналарға жәрдем жасау) үкімет арқылы жүзеге асуы тиіс болса, Мамин президенттің ықпалынан неге тыс қалды?

– Сіздің ақпарыңыз анық емес – олар кездескен. Бірақ, ашық мәліметтерге сүйенсек, ел президенті премьер-министрді шынымен де өте сирек қабылдайды. Десек те, президент те, премьер де, әрқайсымыз сияқты, өз мәселелерін телефонмен де ақылдаса алады. Мәселе басқада – премьер-министрдің бірінші президент Назарбаевпен кездесіп, оған елдегі жағдайға қатысты есеп беруінде. Бұл жерде де жоғарыда айтып өткен Гольдони факторының кебі келіп тұр.

– Олай болса, соңғы он айда «КНБ» төрағасы Кәрім Мәсімов президенттің есігін ашпаған екен. Неге?

– Шынымен де, президенттің ҰҚК төрағасын қабылдағаны жөнінде ресми және ашық ақпарат жоқ. ҰҚК төрағасы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі екені бәрімізге белгілі. Олай болса, төраға елдің ішкі және сыртқы жағдайы бойынша Қауіпсіздік кеңесінің басшысына /Назарбаевқа/ тікелей баяндайтын болуы керек.

Осы тұрғыда мынаны айтқым келіп тұр. Біздің елде суперпрезиденттік жүйе орныққан. Ондай жүйеде биліктің барлық тетіктері тек қана президенттің қолында болады. Бұл жүйені елбасы өз қолымен, өзі үшін құрған. Осылайша жаңа айтып өткен Гольдони факторының өзі елді басқару жүйесіне қарама-қайшы келіп тұр. Бұдан мынандай қорытынды жасауға болады: иә, барлық билік тек бір қолда ғана болу керек, не болмаса билік тетіктерімен бөлісіп, басқару жүйесін қайта құрып шығу қажет. Мүмкін, алда өтетін парламенттік сайлау осы сұрағымызға жауап берер…

Сіз саяси және дипломатиялық қызметтен тәжірибеңіз бар қоғамдағы санаулы тәуелсіз азаматтардың бірісіз: сондықтан билік басындағы қитұрқы саясаттың ым-жымын іштен көрген маман ретінде әңгімеге тартып отырмыз. Енді мына мәселе төңірегіндегі ой-пікіріңізді білейік: бүгінгі тоқаевтық Ақорда мен назарбаевтық «кітапхананың» арасында бірлескен іс-қимылдың ымырасы бар деген қоғамдағы сөзге қатысты не айта аласыз? Әлде бұл екі ғимараттың арасында расында да текетірес жүріп жатыр ма?

Сізді сәл түзеп, нақтылап кетейін. Мен қанша дегенмен қатардағы дипломат болғам. Сондықтан жоғарғы жақтағы ойындарға араласқан жоқпын. Дегенмен, ішкі жағдайларға қатысты біраз хабардармын. Жаңа айтып өткенімдей, біздегі басқару жүйесі тек бір қолда болу керек немесе билікпен бөлісу қажет. Басқа амал жоқ.

Тоқаевтың кандидатурасын елбасы өзі таңдап алды, онымен өзара ымырасы, келісімі бар екені сөзсіз. Бұл қалыпты жағдай, еш таңқаларлық нәрсе емес. Бұл кез келген елде бар. Орнынан кетіп жатқан әр мемлекет басшысы солай жасайды. Алысқа бармай-ақ, Ельцин мен Ресейдің бүгінгі президенті Владимир Путинді алайық. Сондықтан «кітапхана» мен Ақорда арасында жасырын келісімнің бар екеніне күмәнім жоқ.

Қалай болса да, елде тез арада шешімін табуы тиіс мәселелер бастан асады. Жай сөзбен айтқанда, ел астанасындағы миллиард АҚШ долларынан асатын жеңіл рельсті көлік құрылысын жалғастырамыз ба, әлде сол қаржыны көп балалы аналардың мәселелерін шешуге жұмсаймыз ба деген таңдауға тіреліп тұрмыз.

Бұдан бөлек кадрлық өзгерістерге де бет бұру қажет. Біздегі әкімдер халықтың ақшасын жымқыруды тоқтатар емес. Ұры әкімдер мен министрлерді сабасына түсірудің амалын қарастырмасақ болмайды. Ал ол үшін бүгінгі президентіміз Тоқаев тұңғыш президент Назарбаевпен алдын ала жасасқан келісім-ымырасын бұзуға мәжбүр болады. Осы қарама-қайшылықты қалыптасқан жүйенің өзі тудырып отыр. Оның үстіне бүгінгі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елде реформалар жүргізуге ниетті екенін қадап айтты. Одан бөлек, президентіміз демократияға бет бұратынын білдіріп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, өзге де қадамдарға баруға дайын екенін көрсетті.

Осыған байланысты тек бір ғана сұрақ туындап тұр – айтылған уәделер мен олардың қаншалықты жүзеге асырылуы? Президенттің берге уәделерін орындау үшін, бірінші кезекте заңдарымызға өзгерістер енгізу қажет. Ал ол парламенттің құзырында және уақыт жағынан бірнеше айды қажет ететін процесс. Егер парламенттік сайлау биыл өтетін болса, реформалар жүргізуге депутаттарымыздың қолдары тимейді. Бұл дегеніміз – кемінде әлі бір жыл күтуге тура келеді деген сөз.

Ал Ақорда мен «кітапхана» арасындағы тартыста Дариға Назарбаеваның рөлі қандай деп ойлайсыз?

– Естеріңізде болса, 2018 жылдың қаңтар айында Дариға Назарбаева елбасының АҚШ-қа барған сапарында жанында ілесіп жүрді. Ол кезде Дариға Назарбаева қатардағы сенатор еді. Жай сенатор АҚШ президентімен болған кездесуде жайдан-жай жүрмейді. Менің ойымша, Дариға Назарбаева сол уақытта транзиттік үміткерлердің қатарында болған. Алайда бізге белгісіз себептермен бұл ой жүзеге аспады.

Сонымен қатар 2017 жылғы Конституцияға енгізілген өзгертулер парламенттің өкілеттілігін күшейтуге бағытталады деп жаряланып еді, ал іс жүзінде барлық өзгерістер президенттік билікті күшейтуді көздеп кетті. Түзетулер кімнің ыңғайына қарай жасалғаны айтпаса да түсінікті шығар.

Жаңа айтқанымдай, Қазақстанның бүгінгі мемлекет басқару жүйесінде билік тек қана бір адамның қолында болуы тиіс, болмаса оны бөліп беру керек. Менің ойымша, «кітапханада» билікті президентке, парламент пен премьер-министрге бөліп беретін нұсқа бар болуы мүмкін. Дәл осындай жүйе Германияда жұмыс жасап жатыр. Арменияда да солай болды. Президентке тек өкілеттік функциялар қалдырылып, барлық басқару тетіктері премьер-министрдің қолына өтті. Не десек те, әзірше бұл тек болжам ғана. Алдағы парламент сайлауы көптеген сұрақтарымызға жауап беріп, мемлекетіміздің алдағы уақыттағы саяси болашағын айқындап береді деп ойлаймын.

Иә, жекелеген сарапшылар сайлаудан кейінгі қоғамдағы толқуларға байланысты Дариға ханымның мұрагерлік үмітін жоққа шығарып жүр. Сіз мұндай вариантты қолдайсыз ба?

Бұл сұрағыңызға былай жауап берейін: тұңғыш президент пен оның командасының қалаулары қандай болса да, олардың дәурені өтіп барады. Мәселе тіпті саяси тұрғыда емес. Біздегі саяси элита мемлекет экономикасының өркендеуіне көп күш жұмсамай, үлкен қаржыларға ие болып кетті. Енді бұрынғыдай ағылып келіп жатқан табыс көзі жоқ, ал шешімін таппаған мәселелер бар және олар көбейіп кетті. Туындаған қиындықтарды әдеттегідей ақшамен шеше салу деген болмайды. Жаңа уақыт, жаңа сын тегеуріндер саяси сахнаға жаңа адамдардың шығуын талап етеді.

Жалпы, президенттік биліктің транзиті Тоқаевпен бітті деп тұжырым жасаудың жөні бар ма?

– Менің ойымша, біз Тоқаевпен бірге бір кезеңді аяқтап, екінші кезеңге өтіп жатырмыз. Ал бұл кезеңнің қалай өтетініне және қаншалықты созылатынына әзірше жауап жоқ.

Ал Иманғали Тасмағамбетовтің «үміткерлік дәуірі» бітті ме, жоқ әлде оның әлі де біратары бар ма?

– Иманғали Тасмағамбетовтың «01»-ші үміткер ретіндегі уақыты өтіп кетті деген ойдамын. Ол саясаттың астары мен қыр-сырын жақсы меңгерген, көптеген ақпарат пен құпияларды білетін тәжірибелі саясаткер бола тұра, осыдан шамамен екі жыл бұрын мемлекеттік қызметтен кетіп, қоғамдық кеңістікте қалғанында, бүгінгі күні пікірін еркін айтып, өзінің айналасына азаматтық қоғамның бір бөлігін топтастыра алатын еді. Бірақ Тасмағамбетов олай жасаған жоқ. Оның үстіне Тасмағамбетов өзін «мен –Назарбаевтың өнімімін» деп айтқанын ұмытпаған жөн, өйткені «өнім» қашан да өндірушіге тәуелді болады. Өкінішке орай, бұл шындық.

Ал халықаралық маңызды шараларда Қазақстанның мүддесін ҚР президентінің орнына бірінші президент Назарбаевтың атқарып жүргенін қалай бағалайсыз? Санкт-Петербург саммитінде, Бакудегі түркі елдері жиынында қабылданған құжаттарға Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қол қойғаны халықаралық нормаға сай келе ме?

Оның бағасын салыстыруға мүмкіндік туғанда, уақыт бере жатар. Назарбаев бүгінгі басқару жүйесін тек өзі үшін ғана ыңғайлап құрған. Бүгінгі жүйе басқаша жұмыс жасай алмайды және бұл Назарбаевтың басты жетістігі деп бағалауға болады.

Елбасының Баку мен Санкт-Петербургке жасаған іссапарлары туралы айтар болсақ, сол саммиттердің бүгінгі қатысушылары да өз креслоларында мәңгі отырмайтындарын жақсы біледі. Сондықтан біздің елбасымызды шақыра отырып, болашақта өздерін де құрметті қонақ ретінде осындай шараларға шақырып қалар деген ойлары бар шығар.

Орталық Азия мен Қазақстанға ықпал жасаудың Қытай – Ресей – Батыс елдері арасындағы баланс перспективасын қалай бағалайсыз?

– Батыстың өз шаруалары бастарынан асады. АҚШ Дональд Трамппен алысып жатыр, Еуропа мигранттармен басы қатуда: Францияда шерулер, ал Ұлыбритания Еуропамен «ажырасып» жүр. Нақтысын айтсақ, олар бізге бір ерекше көңіл бөлетіндей жағдайда емес. Тіпті АҚШ-тың ықпалы болып жатқанның өзінде, бұл тек Қытай мен Ресейге қарсы тұру саясаты шеңберінде ғана болады. Тарихи тұрғыдан көршілес Ресей мен Қытайдың ықпалында болу маңдайымызға жазылған шығар. Оны көріп те отырмыз. Ең бастысы, осындай жағдай бола тұра, өзіміздің ұлттық мүдделерімізді ұмытпауға міндеттіміз және оны қорғай білуіміз керек.

Жасыратын түгі жоқ, отырып алып кезіндегі көшпендінің ұрпағымыз, ата-бабамыз пәленше жерге билік еткен… – деп, даңғаза мақтану етек жайып барады. Олай болса, бүгінгі Ұлы дала иесі болып отырған қазақ – «біз мынандай іс бітірдік» деп, неге ауыз толтырып айта алмай отырмыз?

– Кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыров отырықшыл өмір салтына көшуді меңзеді. Осы мәселеге қатысты қазақ құрылтайын өткізбекші де болған екен. Бәрімізге белгілі, өткен ғасырдың басында басымызға түскен ғаламат қиындықтардан кейін, сол отырықшылдыққа бірте-бірте көштік. Бұл біз үшін үлкен қадам болды.

Отызыншы жылдардағы миллиондаған қазақты қырып кеткен аштық пен қайғы-қасірет ру-руға бөлмей, бәрімізді бір қазақ қылды. Біртұтас ұлт болып қалыптаса білдік. Құны қымбат болса да, қазақ үшін бұл да үлкен қадам болды.

Кеңес дәуірінде біз білім мен ғылымның маңыздылығын түсініп, ұлтымыздың сапасын арттырдық. Ол да маңызды қадам.

Енді ұлт ретінде біздің алдымыздағы басты міндетіміз – билік халық алдында есеп беретін, ашық, ауыспалы, саяси бәсекелестікті көздейтін демократиялық бағыттағы мемлекетті басқару жүйесін орнату болып отыр. Егер осы маңызды қадамды бүгін жасай алмасақ, адамзат көшінен мәңгіге қалып, оны қуып жетуіміз екіталай болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн