Пятница , 18 апреля 2025

Қазіргі қазақ саясатындағы ЕҢ ҮЛКЕН СҰРАҚ ҚАНДАЙ?

Қанағат ЖҮКЕШ

  • Қазақ қауымы толығымен әлеуметтік-психологиялық апатияға бой ұрды. Қарапайым бұқараның басым бөлігінің саясат, құқық, сайлау… деген инструменттермен ісі жоқ. Әлеуметтік белсенділіктен жұрдай, өзінің құқықтарын қорғай алмайтын іріген массаға айналды. Қазір халықтың дені қоғамдық прогресс үшін күресті былай қойғанда, өзінің жеке өміріне, ұрпағына қажетті бұқаралық сипаттағы әрекеттерге жоламайтын болды. Бас біріктіріп, саяси-құқықтық сауатты ұйым құрып, салихалы іс тындыра алмайтын күйге түсіп отыр.

Партия құрамыз деп жарияладық. Ұран тасталды. БАҚ таратты. Сұхбат берілді. Митингіге шақыру болды. «Экономиканы күрт көтереміз»; «Сыбайлас жемқорлықты жоқ қыламыз»; «Жұмыс орнын жасаймыз»; «Халықты қарық қыламыз» деген уәделер бағдарламаға жазылды. Нәтиже қайда?

Мұндай таптаурын тіркестердің халықтың құлағына жағудан қалғаны қашан? Қазір керісінше, субъектті тітіркендірушіге, оның жүйкесін тоздырушыға айналған. Қандай көпке танымал, салихалы қайраткер болса да, митингке шақырып, айналасына 20 мың адам топтастыра алмайды.

Құрылып жатқан саяси партиялар, олардың арасындағы тіркелуге тырысып жүргендері, заңды әрекет етуге қол жеткізгендері, парламентке бірен-саран депутат өткізгендері, әрқайсысы жекелей немесе бірігіп ештеңе тындыра алмады. Қоғамда өзгеріс жасауға үлес қоса алмады. Әрекеттерінің бәрі өрге тас домалатпақ болған Сизифтің тыраштанғанындай, нәтижесіз болып қалып отыр.

Халық еркіндік үшін саяси ұйымдасқан күрестің қажеттігін, оның перспективалығын түсінбейді. Өркениеттің тарихи даму үдерісінен жырақтап қалып отыр. Мимесисін* де жоғалтқан, бағалық бағдарларынан да адасып қалған. Түрлі қоздырғыштарға реакциясы жойылған. Елді дүрліктіретін сенсацияның өзіне қатардағы оқиғадай немқұрайлы қарайды. Ешқандай қиямет-қайым оны таңдандырмайды. Оған «Йеллоустоун атқылай бастапты» немесе «астероид «Апофис» жерге соғылуға таяп келе жатыр екен» десең де, ештеңе естімегендей, кереңдікпен, хатымханаға қарай аяңдап бара жатады.

Қоғамдық бірлестіктердің жұмысына қатыспау – бұқараның қоғамды басқару үдерісіне қатысы болмағанын айғақтайды. Мемлекеттік билікке келу-кету – жоғары жақта жүрген біреулердің кәсібі сияқты. Бұқара тек салдарды күтеді, өзі араласпайды. Саясат халықтың қатысуынсыз атқарылуға тиіс жұмыс сияқты. Өйткені, расында да, Цицерон сипаттағандай деңгейдегі қазақ деген халық жоқ.

Қазақстан қоғамы Негізгі заңда белгіленген мәртебесіне сай бола алмай отыр. Халықтың «демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет» құрай алатынына күмән туып тұр. Соңғы отыз жылға жуық уақытта ашық, азаматтық қоғамның отауын көтере алмадық. Өркениетті дүниеден, оларда болып жатқан келелі үдерістерден ажырап қалып отырмыз.

Себеп неде? Қазіргі қазақ саяси көкжиегіндегі ең үлкен сұрақ осы.

Құбылыстың сырын түсіну үшін, авторитарлық билікті төңкеріп тастап, демократиялық ұстанымдарды орнатқан елдердің тарихи тәжірибесіне үңілу керек. Прогресшіл оппозицияның құрамында әрқашан да елге танымал, көркемөнер және ғылым қайраткерлері жүреді. Ал шоғырды студент және жұмысшы жастар құрайды.

Біздегі саяси оппозицияның қатарын қараңыз: ол жұмыссыздар мен жалпы сауаты төмен маргинал топтардан тұрады. Партия митингке шақырады. Оған екі жүздей адам қатысады. Олары полицияның автозактарын да толтырмайды.

Саяси оппозиция қоғамның даму үдерісінде шешуші рөл атқаратын зиялы өкілдерімен тіл табыса алмады. Халық арасында кең танымал, көпшілікті аузына қарата алатын, беделді адамдардың кейбіреулерімен қайтып жүздеспейтіндей бет жыртысты.

Негізінде қоғамның тағдыры саяси оппозицияның қолында емес. Әдетте ол саясат аспаны астында әрекет ететін екі референттік күштің – халық бұқарасы мен билік иелерінің қолында болады. Түбінде билікті кім ұстап тұратынын халық бұқарасы айқындайды. Дәлірегі – бұқараның саяси-құқықтық сауат деңгейі жоғары болса, билік бұқара өкілдерінің қолында қалады; төмен болса – адал емес жолдармен билікке келген авторитарлық топтың қолына өтеді. Қазіргі Қазақстан саяси кеңістігінде қалыптасқан ахуал бұқараның саяси сауатсыздығынан, әлеуметтік белсенділігінің төмендігінен, биліктің бір шөкім авторитарлық саясаткерлердің қолына өтіп кетуінен көрініс тауып отыр.

Жүйелі саяси оппозицияның дүниеге келіп, пәрменді әрекет ете алмауы жекелеген саяси қайраткерлердің әлсіздігінен, ұйымдастыру қабілетінің жетіспеушілігінен емес. Олардың біліміне, іскерлігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне де тәуелді болып түрған жоқ. Бәрі бұқараның азаматтық идентификация деңгейіне тіреліп тұр. Былайша айтқанда, халық бұқарасының әлеуметтік белсенділігі азаматтық-құқықтық қоғамның талаптарына сай болмай тұр. Саясатта ғана емес, жалпы рухани әлемде болып жатқан құбылыстардың бәрі осы фактормен айқындалады. Бұл фактордың толық аты – формациялық артта қалу.

Қазақтар менталдық сипаттамасы тұрғысынан қарағанда, әлі аграрлы қоғамда қалып тұр. 80-жылдардың соңында қайта құру дүрбелеңіне ілесіп, бұқара әрекет қабілетімен көріне алатын жағдайға таяп қалып еді. Нөлінші жылдарға таман бұрынғы билік жүргізген ғылыми сауатты шаралардың салдарынан белсенділігінен айырылып қалды. Бір кезде митингке шығатын бұқара қазір шықпайды. Азаматтық қоғамның табалдырығын аттайын деп, көтерген аяғын қайта тартып алып, бір адым кері басты. Қазір боранда ұйлыққан отар сияқты, алдына серке салсаң да ілеспейтін, нағыз кертартпаға айналған. Саяси оппозициядағы қайраткерлердің өздері өзара бақай есепке құрылған ойларымен бастары бірікпей, шулап жүруші топ деңгейіне түскен.

Қазіргі саяси қайраткерлер бұқарамен жұмыс жасау дегенді өздерінің саяси мақсаттарын халыққа түсіндіру, баспасөзде мақалалар бастыру, әлемжеліде посттар жазу, сұхбат беру, түрлі ұйымдастыру жиындарын өткізу… деп түсінеді. Жөн-ақ!

Бірақ бұл шаралар халық бұқарасының тым аз мөлшерін қамтиды және тиімділігі төмен. Көтерген идеялары потенциалды белсенділік көрсететін топтардың – жастардың санасына жетпейді. Соның салдарынан 30 жылға созылған саяси күрестен нәтиже шықпады. Халық ойдан шығарылған бір минотаврды желкеге мінгізіп алып, оның «ықы» дегенде адым басып, «дыр-р» дегенде тоқтайтын мәстегіне айналып, кредитке сатып алған екі сиырының сүтінен салық төлеп, өлмес күнін көруді жалғастырып келеді. Оның үстіне «бұдан да жаман күнімде тойға барғанмын» деп, жалын күдірейтпек болады.

Қазіргі билікті қалай сыбасаң – солай сыба. Ол «тыңдайды да, жей береді» (И.Крылов). «Митингіден де, әлемжеліден де қорықпайды» (А.Сарым). Егер бұқараны диваннан тұрғыза алмасаң – осы күйің мәңгі жалғаса бермек.

Не істеу керек?

  • Прогреске қол созу үшін, қоғамды формациялық жоғары басқышқа көтеру керек. Қазақстан қоғамындағы ерекше құбылыс осы. Ел тағдыры осыған байланысты. Қазақ бәрін биліктен талап етуден гөрі рухани аяларда түбегейлі бетбұрыстарды жасауды өз мойнына алуға көшуі керек.

Оппозициядағы қайраткерлер білім мен мәдениет тұтқаларын әрекетке қоса отырып, халықтың саяси-құқықтық сауатын көтерумен айналыспаса – тіркелмейтін партияның мәңгілік жетекшісіне айналып, түскі асын үйінен, кешкі асын «СИЗО»-дан ішіп, екі ортаны із қылып жүргеннен басқа ештеңе таппайды.

Білім беру, ғылым мен мәдениетті ұйымдастыру – биліктің қолында ғой дерсіз. Қате тұрғы. Биліктің қолында күштік құрылымдар – сот, прокуратура, ҰҚК, әскер, полиция, абақты… бар. Биліктің қасиетті миссиясы – елдің аумақтық тұтастығын, халықтың амандығын… қорғау. Өзгенің бәрін азаматтық қоғам өз қолына алуы керек.

Қалай алуы керек? Мінеки, Қазақстандағы азаматтық қоғамның трагедиясы осыны білмеуде болып отыр. Осы сұрақтың жауабын таппай, бізде келешек болмайды.

***

Қазіргі қалыптасқан саяси ахуалдың мәнін түсіну қарапайым халыққа қиын тиіп отыр. Көпшілік саяси кеңістіктегі бағдарынан айырылып қалды. Түрлі саяси топтардың, солардың ішінде әрекеттегі президенттің қызметіне қатысты түрлі бағалаулар орын алуда.

Әлемжелі Қ.-Ж. Тоқаевтың шаужайынан алып, сықпыртып жатыр. Оны шешуші фактор ретінде қаперіне алып жатқан ешкім болмаса да, ФБ-дан «үрушілер» өздерінің шыққан тегін әшкерелеумен айналысуын тоқтатар емес.

Саясаткерлердің өздері қалыптасқан ахуалды нағызына сай түсіндіре алмай жүр. Оппозицияда көптен бері көрініп жүрген, әжептәуір тәжірибелі Мұхтар Тайжанның қалыптасқан ахуалды түсіндіруі нағыздыққа сай бола алмапты. «Тоқаевқа бүгінгі таңда экономикалық, саяси реформаны жүзеге асыруға ештеңе кедергі емес, – дейді ол. – Еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту үшін, бізге нағыз экономикалық реформа керек еді. Ал оны біз уәде етілген соңғы 9 айдың ішінде көрмедік» («ДАТ», № 35, 06.10.2022).

Алайда Мұхтар Тайжан Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағып отырған кінәсінің себептерін өзі ашып береді. Сөйтсек, былай екен: «Бұрынғы және бүгінгі жүйе – барлығы бір жүйе. Назарбаевқа адал, жанталасып, бар күшін салып жұмыс істеген шенеуніктер ешқайда кеткен жоқ. Олар бүгін де сол биліктің басында отыр. Үкімет, әкімдер, парламент, сот – бәрі сол бұрынғылар. Ешқандай жаңа адамдарды мен көріп тұрған жоқпын».

Мінеки, Тоқаевты айқын және батыл адымдарға жібермей отырған күштің сипаты. Осындай жағдайда президентті реформа жасай алмады деп кінәлауға бола ма? Сайлаудың кезектен тыс өткізіліп отыруының себебі де осымен түсіндірілмей ме?

Қасым-Жомарт Тоқаевқа риза болмай жүрген қатардағы адамдардың көбі Ақорданың дәліздерінде орын алып отырған ауыр психологиялық атмосфераны көз алдына келтіре алмайды. Саяси астармен ұсталғандардың босатылуын күйіттеп жүрген азаматтарымыз да ахуалды түсіністікпен қабылдағаны жөн болар еді. Жанболат Мамайды да ұстап отырған президент емес, жергілікті күштік құрылымдардың департаменттеріндегі «ананың» адамдары деп жорамалдауға негіз бар. Қасым-Жомарт Тоқаев сайланып алғаннан кейін, саяси себептермен қамалғандар бостандыққа шыға бастайды деген жорамал сенім ұялатады.

Қаңтар антиномиясы былайша алға тартылып отыр. «Егер түбегейлі өзгерістер болмаса, адамдар әділдік пен заңдылықты көре алмаса, онда қаңтар қайталануы мүмкін» деп жорамалдаған екен Арман Шораев («ДАТ». 13.10.2022). Сонда «Қаңтар оқиғасы» әділдік пен заңдылықты орнату үшін жасалған халықтың қолы болып шыға ма? Кері тұжырым былай дейді: «Егер түбегейлі өзгерістер жасалып, адамдар әділдік пен заңдылықты көре бастаса, қаңтар қайталануы мүмкін». Өйткені «қаңтарды» ұйымдаструшылар бұрынғы билік өсіріп шығарған, реформаларға қарсы күштер – «олигархтар мен аса байып алған шенеуніктер». Қоғамда заңдылық пен әділеттіліктің орнауы оларға зауал әкеледі. Сондықтан реваншты көксеп отырған солар екенін түсіну қиынға соқпаса керек еді.

Әділетсіз сайлаумен демократия орнататын адамның билікке келуі мүмкін бе?

Ол да мүмкін. Бірде бұрынғы АҚШ президенті Рональд Рейган қажетіне қарай демократияны күшпен орнатуды жүзеге асыруға болатынын айтқан еді. Тарихта әділетсіз жолмен билікке келіп, халқын қан қақсатқан отбасының өзінен шыққан адамның қоғамды дамыту жолына түсіріп жіберген мысалдары да болған. Бізде де соған ұқсас жағдай болуы мүмкін еді. Белгілі бір шарттылықтардың жетіспеуінен екінші нұсқа жүзеге аспай қалды. Тексіз де ессіз отбасы мүшелері өздері араларындағы потенциалды салауатты саясатшының көзін жойды. Енді бірінші нұсқаны – әділетсіз сайлаумен демократия орнататын адамның билікке келуін күтудеміз.

Осы сараптаулардан кейін оқырман «Егер Қ.-Ж. Тоқаев шын демократия орнатқысы келетін адам болса, осы сайлауды неге әділетті өткізуге күш салмайды?» деген сұрақ қоюы мүмкін. Бұл сұрақтың жауабы: қазір әділетті сайлау жүргізу мүмкін емес. Өйткені халық бұқарасының өзі әділетті сайлауға дайын емес. Кез келген ұлы қайраткердің артынан итше абалайтын жағдайларды еске түсіріңіз.

Оппозицияның сайлауға түсетін ортақ бір кандидат шығара алмауы нені көрсетеді? Бұл құбылыс саяси кеңістікте көрініп жүрген, сауатты деген адамдардың өздерінің ұлттық мүдде тұрғысынан бір татымды әрекет жасауға бара алмай отырғанын көрсетеді. Қазіргі әділетті сайлау кез келген ұлы саясаткерді домалатып жіберетіні айдан анық.

Әділетті сайлау жүргізу үшін, біріншіден, халықта саяси-құқықтық сауат пен мәдениет болуы керек. Ондай салиқалылықтан біздің халық айырылып қалған. Екіншіден, әділетті сайлау қазір жүргізілсе, кімнің билікке келетіні тағы белгісіз. Гитлердің де әділетті сайлаумен билікке келгенін еске түсіріңіз. Осындай қалыптасқан ахуалда қазіргі президент қоғамды да, саясат субъекттерін де әділетті сайлау жүргізуге болатындай кондицияға жеткізіп алуды көздеп отыр деп жорамалдауға негіз бар. Қазақстанда дәл қазіргі орныққан саяси ахуалда саяси оппозиция халық бұқарасы қолдайтын, танымал, ірі тұлға ұсына алмай отырғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікте қалуы – қоғамның келешегі үшін бірден-бір тиімді жол екені көрініп тұр.

***

Әлеуметтік психология ғылымымен айналысатын, соның ішінде менталитет тақырыбын көтеріп жүрген бірден-бір зерттеуші ретінде көпшілікке айтарым:

Оппозициядағы қайраткерлер!

Бірінші кезекте баршаның саяси-құқықтық сауатын, жалпы мәдениетін көтерумен айналысу керек.

Жүйелі саяси оппозиция:

а) көркемөнер және ғылым зиялысы;

ә) студент және жұмысшы жастар бұқаралық саяси істерге араласқанда ғана пайда болады.

Оппозициядағы қайраткерлер аталған сегменттегі топтарды соңынан ерте алмаса, ешқандай саяси партия құрылмайды, құрылса да – ештеңе тындыра алмайды.

Оппозициядағы қайраткерлер мынаны меңгеруі керек: саяси партия құрумен, тіркетумен, сайлауға қатысумен айналысқаннан бұрын, саясатты жасаушы субъектімен – халық бұқарасымен, нақтылай айтқанда, жоғарыда аталған сегментті құраушылармен жұмыс істеуі керек. Дүниежүзілік тарих тәжірибесі қоғамдық прогрестің қозғаушы күші – көркемөнер және ғылым зиялысы, студент және жұмысшы жастар екенін талай көрсеткен. Соңғы ғасырларда елді алға ұмтылдырған күштер – осылар болды және бұдан кейін де солай бола береді.

Бұл сегментті құраушылардың әлеуметтік белсенділігін көтерудің жолдары көп, іске асыру мүмкіндігі де жеткілікті. Сайлау өткеннен кейін олар туралы қопара сөз қозғайтын боламыз.

  • *Мимесис – грек сөзі, еліктеу, қайталау, ежелгі замандағы суретшілердің негізгі шығармашылық әдісі.
  • Редакциядан: Қадірлі оқырман, құрметті оппозиция қайраткерлері! Әлеуметтік психология саласының ғалымы Қанағат Жүкеш мырза қозғап отырған бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырып төңірегінде сөз қозғарлық, дискуссия тудырарлық ой-жоралғыңыз болса, жазған-сызған пікіріңізді редакцияға жолдаңыз! Ұсынылып отырған мақаланың мазмұнына сәйкес оң-теріс пікіріңізді қаз-қалпында жариялауға толық кепілдік береміз! Тек мақала авторының және қоғамдық-саяси алаңда жүрген, сіздің жазбаңызға арқау болуы мүмкін әлдебір кейіпкердің жеке басына қатысты жәйттер тақырып аясынан тыс екенін ескертеміз.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн