ҚАҺАРМАНДАР?!

- немесе Әлқиссасы Әкежан Қажыгелдиннің НӘН-диктатураға қарсы аты шулы баскөтеруінен басталып, ұзын сонары Ермұрат Бапидың 25 жылға ұласқан ДАТ-эпопеясына қатысқан күндерім жайлы әзіл-шыны аралас естелік-эссе.
Шындық үшін шырылдап (ойба-ай, шырылың не, ол жәй сөз ғой!), шыбын жанын (әлгі әулие ағаштың басына іліп қоятындай) бір жапырақ шүберекке түйіп, бір жаратқанның қолына табыстап, «аққа – құдай жақ» деп қойып, «ДИКТАТОР» атты тажалмен ашық шайқасқа (асылы, халықтық майданға) атып шыққан «ДАТ» басылымының алғашқы саны жарық көргеніне де ширек ғасыр болыпты-ау, пәлі!..
1. Менің «ДАТ»—ым
Бәрі де күні кешегідей бүге-шігесімен бірге есімде…
Күздің бір жылаңқы күні еді. Редакция табалдырығын имене аттасам да, өзімсініп, бас редактордың орынбасары Нұрдәулет Ақыштың (екеуміз Серікболсын Әбділдин ағамыз басқарған Жоғарғы Кеңестің «Халық кеңесі» атты басылымында иық түйістіре қызмет атқарған едік, өзімсінетінім содан ғой) бөлмесіне қарай бет алдым. Дәл осы сәтте бас редактордың бөлмесінен шығып келе жатқан басында қара телпек, үстінде ақ сулығы (плащ), қолында джентельмендік қара қолшатыры бар кісі көзіме оттай басылғаны. Ол да тоқтай қалып, үсті-басымды сүзе қарап (фойенің іші ала көлеңкелеутұғын): «Жанбысың?» – деп сұрады, көзін сығырайтып. Иә, дәл өзі – жазушы Марат Қабанбай. Ол «Ана тілі» газетінде бас редактордың орынбасары болып тұрғанда, аз ғана уақыт қарамағында жұмыс істегем-ді. Қол алысқаннан кейін: «Сіз мұнда?..» – деп бастаған сұрағымды қақ ортадан бөліп:
– Өзің осындасың ба? – деп сұрады.
– Жоқ әлі…
– Ендеше, іске сәт, інім! – деп, қолымды бір қысты да, кете барды. Мен Нұрдәулет Ақыштың бөлмесіне бас сұқтым.
– Ал, Нұраға, алдыңызға Жан келді, сіздің басылымға дәл келді, – деп әзілдеп едім, ол байсалды қалпын жоғалтпастан:
– «Сөзімізге сән берді, өзімізге мән берді» дегің келеді ғой баяғы, – деп іле жөнелді де, есік жаққа иегін қағып, орнынан тұрды. – Жүр, Шәріп ағаңа кіріп шығайық.
Шыны керек, газеттің бас редакторы Шәріп Құрақбаевтың атын естігенім болмаса, онымен жеке таныстығым жоқ еді. Өз басым оның жазуын ауыр артиллерияға балайтынмын, содан ба, өзінің мінезі де ауыр сияқты болып көрінді. Алғашқы таныстығымыз да жартылай ресми сипатта өтті.
– Жан, журналист өз жазғандарымен танылуы тиіс. Бір-екі мақала жазып, өзіңді көрсет. Сосын бір айлық шартты мерзіммен жұмысқа қабылдармыз, – деді ол, мұрын дөңесіндегі көзілдірігін сұқ саусағымен бір көтеріп қойып.
Осы сәтте орта бойлы, сымдай тартылған сымбатты, қияқ мұрты қараторы жүзіне жарасқан жігіт ағасы кіріп келіп, үнсіз бәрімізбен қол алысты. Нұрекең «осымен әңгіме тәмам» дегендей, маған мойын бұрып қарағасын, екеуміз бас изесіп, бөлмеден шықтық.
– Әлгі жігіт Арғынғазы Мадиянов деген директорымыз, бүкіл қаржы-материалдық жағдайымыз соның мойнында, – деді Нұрекең. – Мамандығы журналист, орыс бөлімінде оқыған, өзіміздің басылымымыздың кураторы Ермұрат Бапидың курстасы, – деді өзіне тән мінезбен байыптап түсіндіріп. «Е-е, мақұл…».
Обалы не керек, алғашқы жазбаларымды бас редактор да, басқа жігіттер де ұнатып, газетті күштеп жабар алдындағы бас-аяғы бір айдың ішінде көптен көріспеген ескі таныстардай арқа-жарқа араласып кеттік. Марқұм Шәкең (Шәріп Құрақбаев) маған хат бөлімін жүктеп қойды. «Әр хатта – халық қыжылы» деп қойған айдарды құп көрді. Тағы бірде хаттарға шолу жасап, тақырыбын «Назарбаев хан емес» деп қойып, оның жалғасын тақырыпша есепті «халық игілігі үшін қызмет етуге тиіс мемлекет басшысы. Ендеше ол Ата заңды аттамай, өз құзырындағы мәселелермен айналысып, өзінің талап-тілектерін орындасын деп жазады оқырмандар редакцияға жолдаған хаттарында» деп шұбырттым келіп. Сол сәтте мен жазудың қызығына енді ғана түскендей едім. «Король жалаңаш!» деген мақаламды «ХХІ век» атты оппозициялық газет жариялаған бәйгеге де ұсындым.
Сол күндері «ДАТ» газетінің басына қара бұлт үйіріле бастаған-ды. Ақыры, шындықты шырқырата жазатын шынайы тәуелсіз басылымға өшіккен билік оны жауып тынды. Биліктің погонды жандайшаптары басылымның 1998 жылдың 4 желтоқсанында соңғы рет шығып үлгерген санын жарым-жартылай тәркілеп алып, редакция отырған ғимаратты бейне бір қылмыс жасалған орындай алабажақ жіппен қоршап тастап, қақпасына дәу қара құлыпты іліп қойды.
Сол күннің ертесіне жұмыссыз қалған бірнешеуіміз (Құмарбек Қыбыраев, Сая Исса, Ғалымжан Мұқанов және мен) келісіп қойғандай, қақпа алдында жиналдық та, біріміздің «ішейік» деген ұсынысымен басымыз салбырап, базарға қарай тарттық…
Түннің бір уағында ұйқы қашқан мен күнделігімді қолға алып, кейін үзінділері «СолДАТ» газетінде жарияланған кезекті бір опусымның («ДАТ», Қажыгелдин, «мұджахед», халықтық майдан және басқалар) алғашқы жолдарына айналған екі сөйлемді баттита жаздым: «Қызарып күн батты. «ДАТ» өлді»!..»
Ертеңіне өзіме-өзім «жоқ!» дедім: «ДАТ» өлмейді! Оның өлуі де мүмкін емес. Өйткені ДАТ дегенді тарқата айтсақ –
Д – ДЕМОКРАТИЯ,
А – АЗАТТЫҚ,
Т – ТӘУЕЛСІЗДІК!»
2. Сол «ДАТ»—ым – махаббатым
Ежелгі грек аңыздарында Феникс атты құс бар. Оның бір ғажап қасиеті – от боп жанып, күлге айналады да, қайта түлеп, жан бітіп, тіріліп шыға келеді. «ДАТ» газеті атын «СолДАТ» деп өзгертіп, қайта шыға бастағанда, мен оны сол бір аңыз құсқа – Феникске ұқсаттым. «ДАТ» газетінің өзі де аты аңызға айналған айтулы басылым болды ғой, не айтары бар!
Тағы бір қуанғаным – басылым құрылтайшылары бас редакторлыққа жазушы Марат Қабанбайды лайық деп тауыпты. Бала күнімде жазушының «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана» атты қойған тақырыбының өзі-ақ елең еткізерлік хикаятын сүйсіне оқыған мен оның кейін «Ана тілі» газетінің беттерінде алдаспандай жарқылдаған публицистикасын да қызыға оқып, кейде еліктейтінмін де.
Бірде ол маған: «Әй, Жан, сен өзің «балталай» беретін «балташы» екенсің ғой. «Жони» да білу керек», – деп, ағалық ақылын айтқан-ды. Жазу стилімді меңзегені. Мен де қарап тұрмай: «Аға, «сиюге де стиль керек» емес пе?» – деп, оның өз сөзін өзіне қарата, қойып қалдым. Ол басын шайқай күлді де қойды. Расында да, сыртқы түрім қанша сыпайы көрінсе де, сол тұстағы жазу стилім соншалықты «сұмпайы»-тұғын («қара юморға» бергісіз, жорта қисық-қыңыр, қыршаңқы, тіпті анайы деуге келетіндей сөздерді араластырып жазатын жаман әдетім де бар еді).
Қош делік. Сөйтіп, бұрынғы «даттықтардың» бәрі болмаса да, біразы қайта бас қостық. Алты айдан астам уақыт бойы сергелдеңге түскеніміз бір күнгідей болмай өте шығып, ұмытылып, әрі-беріден соң талтаң басып шыға келдік емес пе?!.
Бір қызығы, аталмыш газеттің алғашқы саны тұп-тура шілденің 6-сы күні шықты. Кураторымыз Ермұрат Бапи көзі күлімдеп тұрып: «Бұл енді біздің Назарбаевқа жасаған өзіндік «арнайы сыйлығымыз» болсын», – деді. Сол күні ол 59 жасқа келіпті (қазір ойлап қарасам, өзім ендігі «кеткен шалдың» сол жасынан асып та кетіппін, тәйірі).
Әлбетте, астарына үңіле қараған адам аса алаңғасар болмаса, «СолДАТ» деп, бас әріптермен жазылып берілген атаудың соңғы буыны «ДАТ» дегенді білдіретінін анық аңғарар еді. Алайда Ақпарат министрлігінің баспасөзді тіркеуге жауапты бөлімі ондай қулықты аңғармапты. Бәлкім, тиісті адамдар сол аңғалдығы үшін жазасын алған да шығар, кім білсін? Әйтеуір, бір білерім – «ұялған тек тұрмас» дегендей, аузы аңқиып қалған Ақпарат министрлігі «Ана тілі» газетіне біздің басылымды бір түйреп өтуге тапсырма беріпті. Онысы да Қожанасырдың тірлігі сияқты солақай болып шықты. Бас редактор маған дәл сол жәйттің мән-жайын жіпке тізгендей түсіндіріп берді де: «Жан, сенің «балталайтын» өнерің бар еді ғой, осыдан бір қысқаша опус «жонып» берші», – деп өтінді. «Осы «опус» (шығарма) дегенің сенің сүйікті сөзің емес пе? Айтқандай, бұны кураторымыз Ермұрат Бапидың жеке тапсырмасы деп ұқ», – деп қосып, қолыма «Ана тілі» газетінің аталмыш санын ұстатты. Тапсырма тап-тұйнақтай түсінікті.
Алдыма газетті жайып қойып, жалы күдірейген арыстандай үстел бетіне төне түстім. Бір байқағаным – «Ана тілі» газеті сол тұста аяқ астынан амбицияға беріліп, өзін «Ұлт газеті» деп атайтын болыпты. «Е-е, мақұл» деп қойдым іштей. Содан шекесіне «Уақыт уыты» деп айдар тағып, «Тік тұр, «СолДАТ!» деп «бұйрық беріп», тас төбесінен ұрдым ғой:
«СолДАТ»-тың» журналистика сапына қосылғаны сол-ақ екен, жан-жақтан «ақылмандар» көбейді. Алдымен «Ана тілі» «ауыз салды». «Ұлт газеті» соңғы санында (№28, шілденің 15-і, қоян жылы, 1999 ж.) «Сөз жоқ, соның іздері» деген «детективті» хабар беріпті. Сондағы айтпағы: «СолДАТ» министрлікті (Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігін айтады) сан соқтырыпты, бұл басылым СОЛ баяғы ДАТ екен…». Қосар ақылы: «СолДАТ» жабылып қалса, басылымды «МанДАТ» деген атпен шығару керек… Е, түсінікті болды. Әріптестеріміз бізді баяғы «ДАТ»-пен байланыстырып қойыпты. Оған әрі ренжідік, әрі қуандық. Ренжігеніміз – «ДАТ»-тың «ескі» датын еске салып қайтеді? Қуанғанымыз – бізге тегін жарнама жасап отыр. «Ұлт генералының» «СолДатты» көзге ілгені үлкен ғанибет екен. Генерал болуды ойлайтын газетті жабылып қалады деп «сәуегейсуі» ғана күдіктендіреді.
Ал «ДАТ» есімін пайдаланып, газет шығарғысы келетіндерге оны сан құбылтуға болады: АҢДАТ, ШАҢДАТ, ЫМДАТ, ТЫҢДАТ, ШЫҢДАТ, БЫЛҚЫЛДАТ, ЫҢҚЫЛДАТ…».
Қызық-ай, ә, авторы көрсетілмеген осы опусым ойда-жоқта «хит» боп кеткені-ші. Әсіресе жұртты таң қылып, тамсандырғаны – соңғы «ЫҢҚЫЛДАТ» деген сөз. Қазіргі жастар тілімен айтсақ, «өтті» ғой әзілім. Сөз танитын жұрт оның иесін де табады емес пе? Сол бір мағынасы екіұштылау сөз біразға дейін қыр соңымнан қалмай, өзімді мезі қылғаны бар. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының кебін кидің, әне!» деп өзіме ұрсып қоямын.
Әйтсе де, «жаманның сандырағы келеді» дегендей-ақ, әлгі «ұлт газетінің» «СолДАТ»-ты жабылып қалады деп «сәуегейсуі» дәл келетінін, бір күні алдымыздан шығатынын уақыт өте келе өзіміз де қатты сезініп жүрдік. Мен бейбақ сол тұста ешкімге айтпай, алдын ала қамданып, «Алдабай» атты газет тіркеп алғаным бар.
Ол – ол ма, «пысық болдым, мінеки» дегендей, сол басылымның атынан бәйгеге түсіп, «Сорос» қорынан грант та ұтып алып, шекем бір майланып қалған (ой, пәлі-ай десейші). «Дәніккеннен құныққан жаман» деген бар емес пе, әлгіндей шетелдік гранттардан дәметіп, араға уақыт салып, «Айна плюс» атты басылым тіркетіп алдым. Ол пысықтығымның титімдей болса да пайдасы, айналып келгенде, «ДАТ» жобасына тиді. Өйткені «СолДАТ» газеті бірнеше қайтара заңсыз әрекеттермен жабылғанда, 2004–2005 жылдары ол «Жұма-таймс» (ақын, жорналшы Жұмаш Кенебайдың құрған кәсіпорнына қарасты басылым) деген атпен шығып тұрған-ды. Ал «Жұма-таймс» жабылған соң, мен өзім тіркеген «Айна плюсіммен» көмек қолын ұсына қойдым.
Жоғарыда айтылғандай, Ақпарат министрлігі басылымдарды тіркеу мәселесін қатаң бақылауға алған-ды. Әсіресе қоғамдық-саяси басылымдарды жіті назарда ұстайтын. Баспасөзді тіркеуге жауапты бөлімдегі адамдардың алдында «ойбай, оппозицияға еш қатысым жоқ» деп өтірік ант-су ішіп, талай алдадық қой. Бірақ биліктің «ұр, тоқпағы» менің де маңдайымнан оңдырмай соқты. Сөйтіп, бар-жоғы үш-ақ ай өмір сүрген «Айна плюс» те жабылып тынды. Оған бола «қыңқ» етіп мойыған жоқпын, рас. Қайта «өліп» бара жатып, «Сол «ДАТ»-ым – махаббатым» деп үн қатудың романтикасын сезінуді айтсаңшы.
Халықтық жобаға айналған «ДАТ»-қа жүрек әмірімен қатысқанның бірі марқұм Бақытгүл Көпбайқызы Мәкімбай еді. Бақытгүл өз атынан «Тасжарған – Цветок, пробивший камень» атты басылым тіркетіп алып, аталмыш газеттің әрі меншік иесі, әрі бас редакторы ретінде абыроймен қызмет атқарды. Сол тұста (нақтырақ айтқанда, 2003–2008 жылдар аралығында) жобаның бас үйлестірушісі Ермұрат Бапи соттың жасанды, аярлық шешімімен бес жылға дейін редакторлық қызметпен айналысу құқығынан айырылған еді. Сондықтан оған қазақ баспасөз тарихында Бейімбет Майлиннің бір басылымдарда «бас жазушы» болғаны туралы деректерге сүйене отырып, «газеттің бас оқырманы» деген ойдан шығарылған лауазым иесі болуға тура келді.
Қош делік. Әйтсе де, мен тарих («ДАТ» жобасының тарихын айтам) дөңгелегінің алдына шығып алдым білем.
Мұндағы айтағым – «ат қазығын айналып табар» дегендей, бұрынғы «даттықтар» өз шыққан шекпеніміздің иісін ұмытпай, демократиялық болмысты аңсаған нағыз халықтық жобаға ертелі-кеш оралып отырдық. Оның бір жарқын мысалы – «ДАТ» газетінің алғашқы редакторы болған марқұм Шәріп Құрақбай да өз бетінше талпынып бірнеше басылым шығарғаннан кейін, алғашқы жобаға қайта оралып, «СолДАТ» газетінің саяси шолушысы болып жұмыс істеді.
Айтқандай, «даттықтар» алты ай бойы сергелдеңде жүргенде, Шәріп Құрақбай өзі ашқан «Дат, тақсыр!» атты тағы бір оппозициялық басылым болды. Оған мен өз шығармашылық қоржынымда сары майдай сақтап жүрген «Бәлө-ө, демократия есегін қайда байлаймыз?» атты бір опусымды қиып бергем-ді. «Даттықтарға» ол әзіл әңгімемнің ұнағаны сондай, Сая Исса: «О-о, енді мен сендермен «Сәлем, демократия есектері!» деп амандасатын болам!» – деп мәз болды. «Есектің еті – арам, еңбегі – адал» деген сөз бар ғой қазақта, Сәке!» – деп күлдім мен сонда.
Десе-дағы, өз адал еңбегіңнің жемісін көргенге не жетсін! Оған да жеттік. «СолДАТ»-тың құрылтайшылары арнайы шығармашылық бәйге жариялап, марқұм Жұматай Сабыржанұлы екеуміз оның алғашқы лауреаттары атанып, ақшалай сыйлықпен марапатталдық. Сонда Астанада тұратын Жұмекең маған арнайы қоңырау шалып (ол тұста мобильді телефон бізге әлі жетпеген) хабарласып:
– Ал, Жан батыр, екеуміздің сыйлығымыз құтты болсын! – деп құттықтады, даусы жарқын-жарқын шығып.
– «СолДАТыма» һәм халқыма қызмет етемін! – деп, тақ ете түстім мен де. Кеудемізді керген қуаныш пен мақтаныштан көңілденіп, күлісіп жатырмыз.
Қазір ойлана қарасам, сол аз ғана болса да сыйлық ақшамыз «орамал тон емес, жол болар» демекші, басылымның демократиялық өзгерістерді қалаған мыңдаған оқырмандарының, азаттықты аңсаған алаш жұртының бізге берген бағасы екен ғой. Асылы, халықтың бұл бағасына, асыра айтсам, «ДАТ» қаһарманы деген құрметті атаққа тек Жұматай Сабыржанұлы екеуіміз ғана емес, «ДАТ» жобасына қатысқан ұзын саны жүзден асып жығылатын ұл-қыздардың әрбірі лайық деп әбден айтуға болады. Өкініштісі – олардың біршамасы бұл өмірден озып та үлгерді. Көз алдыма марқұм болып кеткен әйдік әріптестерімнің аяулы бейнелері келеді. Кино кадрларындай алмасып жатқан көріністерден олардың болмыс-бітімдерін, мінез-құлықтарын жазбай танығандай боламын.
Қашанда редакция қызметкерлерінің баршасына қамқор болып жүретін Бақытгүл Көпбайқызы маған күлімдей қарайды. Екеуміз құрдас болсақ та (тіпті мен одан әлдеқайда үлкендеумін), оның қасында өзімді біртүрлі кіші сезініп, ығыңқырап жүремін. Дон Кихот пен Санчо Пансадай жұбымыз жазылмайтын Кенже екеуміз кейде түске қарай жылтың етіп көшеге шығып келгенде, Бәкең бізге көзінің астымен сүзе қарап отыратын. «Бірдеңе бүлдіріп жүретін» тентектеу кіші бауырларының үнемі сыртынан қадағалап жүретін құдды үлкен апамыз. Біз де оның қас-қабағына қарап жүреміз. Бәкеңнің бір осал тұсы – тәттіге үйір. Әдемі орамадағы бір түйір шоколад әкеп берсең де, соған балаша қуанып қалатын еді, жарықтық.
Бақытгүл редакцияда хат бөлімін басқаратын. Бірде ол маған Оралдан хабар-ошар жолдап тұратын Қажымұқан Ғабдолов деген тұрақты автордың келіп отырғанын қуана хабарлады. Обалы не керек, Қажымұқанмен ескі танысымыздай тез-ақ шүйіркелесіп кеттік. Ол таныстығымызға бірден-бір дәнекер болған Бақытгүл еді. Әйтпесе менің кісіге аса жұғыстығым да жоқ, шынымды айтсам.

Бір күні қатарымызға Асхат Шәріпжанов келіп қосылды. Ол өзі орыс тілінде жазатын журналист. Газеттің орысша шығатын материалдарына жауапты болды. Ойының ұшқырлығына шек жоқ еді. Мамандығы – филолог (мен де орыс тілі мен әдебиетінің маманы болғасын, оны әріптес ретінде өзіме жақын тұттым). Білімдарлығы байқалып тұратын. Әлем классиктерінен жатқа айтып цитата келтіргенде, аузымыз ашылып қалатын.
– Е-е, мына кереқарыс маңдайыңа сыймаған ойларың одан да жоғары өрлей түсіп, тас төбеңдегі шашыңның біразын баудай қағып түсірген екен ғой, – деп, қазақы қалжыңға басамыз Кенже екеуміз.
– Әй, менің бауырымның басында не жұмыстарың бар-ей? Кенже екеуіңнің басыңды қосса да, бір Асхаттың басына жете ала ма екенсіңдер? – деп күледі Бақытгүл. Бәкең үшін Батыстың қазағы не, Шығыстың қазағы не – бәрі бауыр.
Асхаттың әкесі аты күллі қазаққа мәшһүр сатирик жазушы Тоқтар Шәріпжанов екенін білгенде, оған деген сыйластығым еселеп арта түсті. Бара-бара екеуміз сырлас дос болдық. Үйленбеген, бойдақ-тұғын. Өзінің жеке өмірінің ұңғыл-шұңғылдарын әңгімелеп, кейде кеңесіп тұратын.
2004 жылдың көктемінде Заманбек Нұрқаділов өзінің атышулы мәлімдемесін жасап, оппозициялық бағыттағы журналистерді айналасына топтастыра бастағанда, ара-тұра араласып тұратын Асхат екеуміз (ол «Навигатор» атты интернет-порталында жұмыс істейтін, ал мен «Азат» газетінде жауапты қызметте болдым) ардақты ағамыздың қасынан табыла кеткенбіз. Сол тұста елдің саяси өмірінде әлдебір ию-қию иірімдерге толы қозғалыстар басталды да, оқиғалар қоюлана түсті.
Назарбаевпен ашық кездесу белгіленген 1 мамыр күні Зәкеңнің шақыруымен басқалар сияқты Асхат екеуміз де алаңға барған едік. Назарбаевтың жандайшаптары Зәкеңе жұмыртқамен бірге тас лақтырғанына да куә болдық (жұдырықтай тас Зәкеңді кеудесімен қорғаштап жүрген ҚРХП мүшесі Әлихан Рамазановтың иығына келіп сарт етіп тигенін өз көзімізбен көрдік сонда).
Сол оқиғадан соң жұрт тарай бастағанда, Нұрқаділов Асхат екеумізге қарап: «Қайсың орысшаға жүйріксің?» – деп сұрады. Асхат: «Мен», – деді. Зәкең оны қолтықтап алып: «Жүр, үйге барып сөйлесейік», – деп, мәшинесіне қарай беттеді. Мен екеуін көзіммен ұзатып тұрып, екі арысты соңғы рет көріп тұрғанымды білгенім жоқ…
Асхаттың өлі денесін өз көзімен көрген куәгерлердің бірі оның көйлегінің төс қалтасынан «СолДАТ» газетінің бейдж-куәлігі шыққанын айтады (бір қызығы, дәл сондай бейджик менің де жан қалтамда жылдар бойы жүрген-ді).
«Как это символично, Асеке! – деген орысша ой басыма келді сол сәтте. – Сен «СолДАТ» газетінің ыстық табын өле-өлгенше жүрегіңде сақтапсың. Соңғы сәтте де жүрегің «СолДАТ» деп соққан ғой: «Сол «ДАТ», «Соул (жан, душа) «ДАТ»… Сен жарқ еткен жұлдыздай ДЕМОКРАТИЯ СОЛДАТЫ болып, жұртқа танылған едің, солайынша аққан жұлдыздай болып ағып өттің. «ДАТ» та сені мәңгі ұмытпайды. Өйткені «ДАТ» – мәңгі өшпес халық махаббаты».

Жан ТІЛЕУБАЙҰЛЫ