- Асыл қарындасым Бақытгүл Мәкімбайдың рухына!
Бос өтпей қолдан бір күнің,
Қайғының уын ішкен кім?
Еркіндігі үшін ұлтының,
От пенен суға түскен кім?
Шындықты ауыр тыңдаған
Қолынан түспей от қалам.
Ұлтының мұңын мұңдаған,
Ұлтының жоғын жоқтаған,
Бақытгүл сынды қазақтың
Ержүрек қызы көп пе екен?
Не түрін жеңер ғажаптың,
Лаулаған Шындық – от па екен?
Машайық қашар бәледен,
Тірнектеп дерек жинаушы ек.
Ермұрат, Кенже және мен
Бақанды қатты сыйлаушы ек…
Сағындық өзін, үнін де,
Ол жүрді оттың өтінде…
Бақытгүлсіз де бүгінде
Зымырап уақыт өтуде…
Жүрмейді өкпең күндерге,
Бәрі де бәрі бекер ғой…
Сол Бақан аман жүргенде,
60-қа толады екен ғой…
Соншама қатал болар ма?
Маңдайға біткен уақыт бұл!
Өзіңсіз орның толар ма,
Қайран да қайран Бақытгүл!
- Жұмаш Кенебай-Көкбөрі, ақын, «ДАТ» – «Жұма-таймс» газетінің құрылтайшысы әрі бас редакторы.

АПАЙ
Ерағам (Ермұрат Бапиды айтып отырмын) кездескен сайын: «Бақыт апайың туралы бір жақсы естелік жазып берсеңші, бала!» деп қолқалайды. Қолыма қалам алайын, жазайын десем де, ойым жинақталмай, екіұдай күйде жүрдім. Міне, жанкешті журналист Бақытгүл Мәкімбайдың өмірден озғанына да жыл аунап кетіпті. Оның бер жағында – қазанның 15-і күні Бақыт апайым 60 жасқа толар еді… Келер жылы сәуір айында өтетін өзі аңсаған «ДАТ»-тың 25 жылдық тойына жете алмады… Өзі аңсаған әділетті Қазақстанды көре алмады.
Біздің де «ДАТ»-тан кеткенімізге бір мүшелдей өмір өтіп кетіпті. Көп естеліктер ұмыт болған. Көбі санамызда әлі жаңғырып тұр.
Бақытгүл Мәкімбай дегенде, кімнің көз алдына қандай адам елестейтінін білмеймін?! Өз басым Бақыт апай туралы ойласам, Мұқағали Мақатаевтың бір шумақ өлеңі тіліме түсе береді:
«Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы».
Бақыт апайдың да ер-тұрманы бүтінделмей кетті. Соншалық таршылық көрді, тұрмысы жұпыны болды, жоқшылықтан қиналды деуден аулақпыз. Құдайға шүкір, жұрт қатарлы табыс тапты, ел қатарлы өмір кешті. Бірақ апай (ДАТ-та жұмыс жасағандардың бәрі оны «апай» дейтін) өз ұстанымынан қайтпады, демі таусылғанға дейін өзінің сүйікті газетінің отымен кіріп, суымен шығып жүрді. Жарты ғұмыры билік үшін қызылкөз атанған тәуелсіз басылымның босағасында жанып кетті.
«ДАТ» – мемлекеттің ақшасына шығатын басылым емес. Өз жанын өзі баққан, демократиялық қоғам құруды мақсат еткен санаулы тәуелсіз газеттің бірі. Мұндай басылымда жұмыс жасайтын журналистерге ешқандай «гарантия» берілмейді. Өміріңе де, табысыңа да, тұрмысыңа да кепілдік жоқ. Бұл басылымда жүргендер жан қалауымен, азаматтық принциптермен ғана өмір сүреді. Басқа «нұрлы болашақ» оларда жоқ.
Бақыт апай «ДАТ»-қа келген жастардың бәрін «Маңқа» дейтін. Сол «маңқалардың» алды қазір елуді еңсерген жігіт ағалары. Соңғы «маңқалар» да бір-бір үйдің иесі болған.
Бізді «ДАТ»-тың дәмі 2008 жылдың ерте көктемінде тартыпты. ҚазҰУ-дың студентіміз. Жалаң аяқ, жалаң бас, жанып тұрған уақыт. Бірер басылымға өлеңдеріміз шығып, не ақын, не жазушы бола алмай, жер-көкке сыймай жүрген кезіміз. Журфактағы ағайларымыз оппозициялық газеттерді қойнына тығып оқып, сыбырлап сұхбат құрып жүретін мезгіл. Біздің арамыздан еркін ойлай алатын, пікірі оқшау студенттерді оңашалап сөйлесіп, аракідік «Тасжарғанның» дәмін таттырып қоятын. Аңшылықта «шырға тарту» деген болады. Бізді де сөйтіп «шырғаға тартып» жүріп, әлгі ұстаздарымыз «Тасжарғаннан» бір-ақ шығарды . Шыны керек, ол кездегі «Тасжарған» бас жаратын. Тиражы да бүгінгі смартфон шұқылаған адамның түсіне кірмейтұғын.
Алғаш рет «ДАТ»-қа келгенімде, әдеттегідей газет қатталып-беттелетін күн екен. Редакция – Жібек жолы мен Бәрібаев көшелерінің қиылысындағы төрт бөлмелі пәтерде. Дәл іргесінде қалалық «финполдың» ғимараты тұрғанын көріп, бұлар бір жүрекжұтқан адамдар болды-ау деп, бірге оқитын үш студент редакцияның есігін имене аштық. Қазіргі «Қала мен Дала» газетінің бас редакторы Думан Бықай, «Қазақстан» ұлттық арнасында жұмыс жасайтын Еркебұлан Нұрекеш үшеуіміз. Түскі астың кезі. Асхана жақтан буы бұрқыраған жылқының сүр етінің иісі танауды қытықтайды. Апай шықты алдымыздан. Думан бізден бұрын бір-екі рет келіп кетіпті. Жақсы таниды екен. «Маңқаларды» алып келдің бе?» деп қарсы алды. «Маңқасы несі?» дегендей Нұрекешов – маған, мен – Думанға қараймын. Ол жымыяды. Дәліздің сол жағында асхана. Төрде екі бөлме. Ортада үлкен зал. Бірнеше адам жұмыс істеп отыр. Апай бізді бірден асханаға бастады. Үшеуімізге үш орындық берді. Үстелді айналып, қаздың балапанындай қонақтай қалдық. Қарнымыз аш. Көзіміз қазан жақта.
Сөйткенше болған жоқ, түйе жүн кеудеше киген Ермұрат Бапи кірді. Газеттегі фотосуретінен танимыз ғой. Жамырап сәлем бердік. Үшеуімізге кезек-кезек қарап: «Бақалөк, мына «маңқаларыңның» қарнын тойғыз. Содан кейін сөйлесейік!» – деді де, шығып кетті. Мінезі шарт-шұрт көрінді. «Бақалөгі» апай екенін түсініп отырмыз. Бақыт апай түскі асқа деп асып отырған етті түсірді. Үшеуіміз үш жерде үрпиіп-үрпиіп қарап отырмыз. Апай майлы белдемені суырып алды да, табаққа салып, қамыр мен картөшке қосып, алдымызға тарта қойды. Қол-аяғы ылдым-жылдым. Аштықтан келгендейміз. Соғып жатырмыз. Жұмыс туралы сөйлесу ойымызға кіріп шықпайды…
Апаймен таныстығымыз солай басталған. Ерекең де бір мақаламызды оқып, бірден жұмысқа алды. Еркебұлан мен Думан басқа жақтан жұмыс іздеп кетті де, мен сонда қалдым. Содан бастап апайдың басыбайлы «маңқасына» айналдым да шықтым. Жан-дүниемізде жақындық болды ма, әлде біз сияқты жалаң аяң жастардың бәріне қамқоршы болатын әдеті бар ма – жанжылуын шашып тұратын. Үйінде ет асса – бір кесегін, асқа, тойға барса – ала келген жылы-жұмсағын әкеліп аузыма тығатын. Құдды екінші анам сияқты болды. Не үшін маған соншалық іші жылып тұратынын ол кезде түсінбеппін.
Апай біздің қатемізді талай жерде кешірді. Жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырды. Білмегенімізді үйретті. «Тасжарған» – журналистикадағы алғашқы мектебіміз болса, Бақыт апай бізге әділдіктің, шынайылықтың эталонындай көрінуші еді. Өмірге сыни көзбен қарайтын, сыни ойлайтын, терең талдау жасайтын қасиеттерді осы редакциядан алғанымызды мақтан етеміз!
Ал алғашқы мектебі «Хабар» мен «Егеменде» болған курстастарымыздың қарым-қабілетінің қаншалық «өскенін» осы күні көріп жүрміз ғой. Іргетасы қалай қаланса, соңы солай қалады екен. Бұл жағынан біздің бағымызға Бақытгүл Мәкімбай мен Ермұрат Бапи жолығыпты.
Апайдың кейде Алматының аспанындай құбылып, қырып-жойып жіберетін де мінезі болды. Мінезсіз адам «ДАТ»-та жұмыс жасай ма? Сол мінезі өзіне сондай жарасып тұрушы еді. «Маңқаларының» шаңып қағып алғаннан кейін, жарты сағат өтер-өтпей бетімізден сүйетін. «Маған ренжіп отырсың ба, ей, маңқа?!» деп келіп құшақтайтын. Кейде қатты ашуланып отырса, Сансызбай Нұрбаба иығына массаж жасап беріп, көңілін көтеріп қоюшы еді. «Менің алтындарым апайларының жайын жасауды жақсы біледі» деп, ондайда жайылып қалатын.
Кенжеге қатты алаңдаушы еді. «Қыздарың өсіп келе жатыр, «ащысудан» абайла!» деп отыратын. Динар Камиловаға туған апайындай қамқор болды. Шығып бара жатқан газеттің қатесін тапқанда, тіміскі төбетті жайына қалдыратын корректорымыз Сәуле апайдың сіңлісіндей емес, құрбысындай жақын болды.
Мен «ДАТ»-тың журналисі болып жүргенімде, бүркеншік атым «Жұқамыр Шөке» еді. Ермұрат ағаның ақылы: «Әй, бала, кім біледі, бізден кейінгі журналистік жолың қай газеттен бұйырары, өзіңе пәле болып жабысып жүрмесін, сенің жазғандарыңды бір тұрақты бүркеншік атпен жариялайық, оны өзің ойластыр!» – деген.
Ол бүркеншік атты Бақыт апайым екеуіміз ойластырдық. «Жұқамыр Шөке» десем қалай болады?» деймін Бақыт апайыма.
«Жұқамыр емес, қалыңдау Шөке болсаңшы»…
«Арғы аталарымның аты ғой, апай»…
«Е-е, ендеше жөн, аруақтар да бір аунап жатсын, бола ғой Жұқамыр!» – деді. Апайым осы сөзді ерекше бір бауырмалдық ілтипатпен айтқаны әлі күнге көз алдымда…
Содан мен «Жұқамыр Шөке» атанып кеттім. Редакцияға келгендердің арасында «Жұқамыр деген жігітпен жолығайық деп едік…» дейтін іздеушілерім болғанына марқайып қалатын едім. Кейіннен атақты жазушымыз Қабдеш аға Жұмаділов мені сол күйі «Жұқамыр» атап кетті. Бертінде басқа басылымда жұмыс істеп жүрген кезімде де, ол ағам мені кезіктіргенде «Қалайсың, Жұқамыр?» дейтін.
«Аға, менің шын атым Жарас қой…».
«Жоқ, маған сенің Жұқамырың жақсы» деп, «ДАТ»-та жүріп жазған-сызғанымды аузына алып отыратын.
Бұл редакцияда бұрыннан қалыптасқан дәстүр болды – түскі асты редакцияда ішеміз. Ерекең қазан-ошағын арқалап, Қарлығаш апайдың етін көтеріп кіріп келеді. Бақыт апай әлгі етті бабымен асып, бәрімізді дастарханға шақырады. Сол көріністер әлі күнге дейін көз алдымда суреттей сырғиды. Бір үйдің баласындай болдық: папамыз – Ермұрат Бапи, мамамыз – Бақытгүл Мәкімбай еді. Аядай редакцияда отырып, Қазақстанның болашағын талқылаймыз. Сол үшін жанталасып, газет жасаймыз. Айлығымыз да, шайлығымыз да шамалы. Бірақ ол кезде бәрімізде рух, сенім, күш бар еді. Қазір білмеймін?!
Бақыт апай өмірден қайтқанда, редакцияда марқұмның жетісін бердік. Бүгінде «Общественная позиция» деп аталатын «ДАТ»-тың аядай бөлмесінен Бақыт апайымның жан жылуын іздедім. Таба алмадым. Жоқ. Бәрі қаңырап қалғандай. Апайдың әр затын қолына алып, жылап жүрген Ермұрат ағаға да не деп жұбату айтарымды білмедім. Әттең, Апай біздің ғана емес, «ДАТ»-тың да Бақыты еді…
Жұқамыр ШӨКЕ
(Жарас КЕМЕЛЖАН)