Пятница , 23 мая 2025

ҚАЙТАЛАНБАЙТЫН ҚОЖЫҚОВ

«Қыз Жібек» филь­мі түсіріліп біт­кен­нен кей­ін Сұл­тан Қожы­қов дұшпа­ны­на да тіле­мес күй­зеліс күй­ін кешті. Небәрі 46 жастағы режис­сер­дің шашы бурыл тар­тып, он жасқа қар­тай­ып кет­ті. Фильм­ді мон­таж­дау кезін­де инфаркт алды. «Қай­та­лан­бай­тын Қожы­қов» атты эссем­де ұлы сурет­кер өмірінің көп­шілік­ке бей­мәлім қыры мен сыры (қай­шы­ға түс­кен кадр­лар, режис­сер­дің Мем­ле­кет­тік сый­лық тап­сы­ры­ла­тын сал­та­натқа киіп бара­тын костю­мі бол­мауы, Мәс­кеу қырқып тастаған кадр­лар­дың қыру­ар шығы­нын мой­ны­на жазуы, қырық сом жалақы алуы, …актер­ді арқа­лаған ака­де­мик, т.т.) баяндалады.

…1988 жыл­дың 10 науры­зын­да Сұл­те­кең 65 жасқа толып, ертеңіне өмір­ден озды.

Тіз­гінқағар: Алды­мен бас кейіпке­рімізді кей­іп­те­у­ге барар жол­дағы мына бір баянға назар аударған жөн-ау.

Қай­шы­ға түс­кен «Қыз Жібек»

Тоқы­рау тұсын­да қазақ ғылы­мы, өне­рі мен мәде­ни­еті қан­ша қыса­стық көр­се де, ұлт бол­мысы мен рухын бә­сең­детпеу жолын­да жасалған жаңа­лық (сен­сация) дей­тін­дей жағ­дай болып жат­ты. Тіп­ті бер­тін­де­гі соци­а­лизм әбден кемел­деніп бол­ды деген кезең­де­гі елді елең еткізіп қана қой­май, есін шыға­ра қуан­тқан үш уақиға­ны айт­пасқа бол­май­ды. Олар – «Қазақ совет энцик­ло­пе­ди­я­сы», «Қыз Жібек», «Дос-Мұқа­сан».

Энцик­ло­пе­ди­я­ны қолға алған­да, Мұ­хамеджан Қа­­ратаев Диме­­кеңе сыпайы ғана: «Энцик­ло­пе­дия көрін­ген­ді көңіл­жықпастыққа салып шыға­ра беретін құр­мет тақ­та­сы емес», – деп­ті. Қаза­қы қауіп­тің алдын алу үшін, Диме­кеңді кү­ніл­гері құлаққағыс етіп, қорған болуға біл­дірілген еме­урін ғой. Осын­дай талап «Қыз Жібек» пен «Дос-Мұқа­санға» кел­ген­де де қатаң сақтал­ды. Соның арқа­сын­да ұлт рухын биік сана дең­гей­іне алып шыққан туын­ды­лар өмір­ге кел­ді. «Дос-Мұқа­сан­ның» шет жұрт­тағы, ел ішін­де­гі кон­цер­ті аншлаг­пен өтті. Тіп­ті Жам­был­дағы кон­цер­тін­де билет жет­пей, сту­дент­тер «өнер халы­қтікі» деген пла­кат ұстап ере­уіл­ге шықты. Бұл тәр­тіп­сіздік Орта­лық Коми­тет­тің бюро­сын­да арнайы қара­лып, Қона­ев жастарға ара­ша түс­кен. «Дос-Мұқа­сан­ның» ізі­мен облы­стар­да вокал­ды-аспап­ты ансамбль­дер көбейе баста­ды. Тіп­ті өзбек­тер намыстан өле жаз­дап, «Ялла­ны» шығар­ды. «Қыз Жібек» неге бір­ден халық сүй­іспен­шілі­гіне бөлен­ді? Оның жұмысы­на сол тұстағы қаза­қтың қай­мақта­ры мен қас­пақта­ры бірі қал­май жұмыл­ды­рыл­ды, яғни ұлт­тық эли­та жабыл­ды. Есесіне талай бұлақтың көзі ашыл­ды, ұлт­тық киноға шабысы бөлек жаңа бір шоғыр келді.

Қазақ кино­сы күні бүгін­ге дей­ін сол «Қыз Жібек­тің» дең­гей­іне жет­кен жоқ деген пікір­дің әлі де жаны сірі. Бұл пікір шын­ды­ққа жана­са­ды. Ду­лат Иса­бе­ко­втің «Құдай сақтап «Қыз Жібек­тің» бұры­ны­рақ түсіріл­гені қан­дай дұрыс болған. Қазір түсіріл­се қай­тер едік?» – деген қау­пі де негіз­сіз емес. Осы­нау тең­десі жоқ ұлт­тық, халы­қтық шедевр­дің «кемел­ден­ген» қоғам­ның қай­шы­сы­на түсіп, қида­ланған нұсқа­сы­ның өзі де әбден руха­ни шөлір­ке­ген халы­қтың арман-аңса­рын қанағат­тан­ды­руға молы­нан жетіп жатыр еді. Алды­мен әңгі­ме­міз­ге тұз­дық бол­сын, Бекежан–Асанәлі Әші­мұлы­ның мына бір лепе­сіне ден қояйық:

«Сап­ты­а­яқтан қара­уыл қой­ған заман­да ұлт рухын аспан­да­та­тын фильм түсі­ру қай­дан оңай бол­сын, – дей­ді Асағаң. – Ол күн­дер­де бір шеге шыға­ру үшін де Мәс­ке­умен ақыл­да­са­тын еді ғой. Бақы­лау өте қатаң бол­ды. Әсі­ре­се өнер­ге кел­ген­де. Әу баста «Қыз Жі­бекке» рұқ­сат алу­дың өзі қан­дай аза­пқа түс­се, одан экранға шығар кез­де­гі аса қырағы кеңе­стік цензура­ның екі шоқып, бір қара­уы бүт­кіл түсірілім тобы­ның жан­ке­шті жұмысын жоққа шыға­ру­мен бір­дей еді. Әсіре­се баталь­дық (соғыс) көріністер­ге қат­ты шүй­лік­ті. Беке­жан бастаған қазақ қолы­ның қал­мақ Ко­рен жасағы­мен ала­пат айқа­сы аяу­сыз қида­лан­ды. Оның себебі қазақ жаса­ғының саны орыс фильм­дерін­де­гі, мәсе­лен, «Алек­сандр Нев­ский» жасағы­нан көп болып кет­кен. Осын­дай ұлы оры­стық шови­низ­мнің арқа­сын­да бір ай бой­ы­на Іле бой­ын­да түсіріл­ген қазақ-қал­мақ соғы­сы тұта­сы­мен алы­нып тас­та­лып, оның орны­на Беке­жан­ның бір­лі-жарым адам­мен алы­сқан әлсіз қимыл­да­ры ғана қал­ды­рыл­ды. Сөй­тіп, Мәс­ке­удің жер қай­ы­сар қалың қол­дан зәре-има­ны ұшты. Менің әу бастағы мақ­са­тым – Беке­жан­ды ұрда-жық, даң­ғой, тіп­ті қані­шер емес, сүйе де, күйе де білетін, елді айт­паған­да өз келе­ше­гі үшін күрес­кер, нағыз елжан­ды, терең ойлай­тын қаһар­ман ретін­де көр­сет­кім кел­ді. Солай жаса­дым да. Фильм шыққан­нан кей­ін «Беке­жан Төле­ген­ді біраз тық­сы­рып жіберіп­ті, Төле­ген аса шық­пай қалған» деген бір бөстекі пікір­лер де бол­ды. Бекер сөз. Қай­та бұл аға мен іні ара­сын­дағы түсіністік, сый­ла­сты­ққа құры­лып, өзін ақтаған көріністер еді. Айтқан­дай, мәс­ке­улік «мықты­лар» да осы пікір­ді негіз­ге алып, басбұ­зар Беке­жан әдеп­ті, иба­лы Төле­ген­ді басып кет­пеу керек деп, екі батыр­дың ара­сын­дағы тар­тым­ды сәт­тер­ді жұл­ма­ла­у­ға кіріс­пек­ші еді, әйте­уір әупірім­мен қал­ды. Сонан кей­ін фильм соңын­дағы Жай­ы­ққа ағып бара жатқан Жібек­тің желе­гін­де зор сим­вол­дық мағы­на бар еді. Ол «егер ауы­з­бір­шілік, ынты­мақ бол­ма­са, сырт­тан сұқтанған жау сенің еліңді, жеріңді мына желек­тей быт-шыт қылып жыр­та­ды» деген иша­ра бола­тын. Керісін­ше, ол идея көре­рмен­ге жет­пе­ді. Жай­ы­қтың бо­йында масай­рап тұрған Корен қал­мақты қал­дыр­ды. Бүгін­де сол қида­ланған кадр­лар­дың сақтал­мауы өзек өртей­ді. Қай­ран Сұл­те­кең қан мен терін бер­ген сол көріністер­ді сақтап қала­мын деп қан­ша жан­та­ласқа­ны­мен, тіп­ті өміріне қауіп төнетін болған соң, қой­ды ғой. Жал­пы, фильм­де­гі рөл­дер­ге актер таң­да­уда қате­ле­су, фальш болған жоқ. Бәрі өз рөлін аса жоға­ры кәсі­би дең­гей­де атқа­рып шықты. «Қыз Жібек» деген­де, әрине, көп­шілік Сұл­те­кеңді, Сұл­тан Қожы­қо­вты алды­мен ауы­зға ала­ды. Сұл­те­кең сұра­пыл еді ғой. Әу баста менің Беке­жанға түсуі­ме аса бей­іл­ді бол­ма­ды. Фильм бары­сын­да жақ­сы түсіністік. Кино­да режис­сер мен актер­дің бір-бірі­мен түсінісіп жұмыс істе­гені­нен артық бақыт жоқ. Бұл тұрғы­дан қараған­да жары­қтық Сұл­текеңнің еңбе­гі зор. Түсірілім кезін­де Әну­ар, Құман үше­умізді киіз үйде қасы­на жинап, көз­ден таса етпей, тәр­тібі­мізді қатаң бақы­ла­у­ға алды. Жас­пыз ғой, түн­де қыды­ры­стағы­мыз келеді. Сәл бұл­та­лақ­та­саң, «Жаты­ң­дар, ертең съем­ка» деп тырп еткіз­бей­тін. Бір­де оянып кет­сем, Сұл­те­кеңнің алдын­дағы ыдысы темекі­ге толған, қалың ойға батып отыр екен. Көп уақыт ояу жат­тым. Сұл­те­кең кір­пік ілмейді».

Асағаң­ның айтқа­нын­дай бар, оның ұлт рухы­ның күзет­шісін­дей болып көз ілме­ген түн­дері, жүре­гін қолы­на ұстап, жан­ке­шті жұмыспен өткен күн­дері бол­ма­са, «Қыз Жібек» туар ма еді? Ұлт руха­ни­я­ты­на өлше­усіз табыс әкеліп, қазақ атын аспан­датқан туын­ды жасаған ұлт сурет­керінің біз­ге мәлім, бей­мәлім деректер арқы­лы жет­кен кадр­дан тыс өмірі қалай өріліп еді?

Ол соғы­сқа 18 жасын­да аттан­ды. Бұл сол кез­де­гi бәрi­мiз­ге ортақ Отан үшiн күрес едi. Оны бiр­не­ше жыл өткен соң, бұ­дан да зор ұлт үшiн күрес күтiп тұр­ды. Бұл жөнiн­де сәл кей­iнiрек. Даңқты 8‑гвар­дияның Пан­фи­лов диви­зи­я­сы­ның құра­мында Мәс­ке­уден Бал­тық теңiзiне дейiн­гi ара­лы­қта май­дан жолы­нан өттi. Қа­тардағы сар­ба­з­дан гвар­дия капи­та­ны­на дей­iн өстi. Ол қазақ өнерінің бір дәуіріне айналған Қожы­қо­втар әулетiнiң сүт кен­же­сi едi. Жеңiс туы желбiре­ген­де жүре­гi атқақтап: «Аяу­лы апа! Бiз жеңдiк. Сене алар емес­пiз. Соғы­сқа нүк­те қой­ыл­ды. Ең басты­сы, бiздiң сенi­мi­мiз бiздi жеңiс­ке жет­кiздi. Бұй­ырт­са, тая­у­да елде бола­мын. Қат­ты қысып сүй­дiм», – деп елге сәлем хат жол­даға­ны да бар.

Актер­ді арқа­лаған академик

Ол ешқа­шан «Мен соғы­стым. Осын­ша мара­пат, атақ алдым» деп кеу­де қақ­па­ды. Тiп­тi соғы­стың болға­нын да ұмы­тып кететiн. Оның мiнезi тiк, бiр­бет­кей едi. Әдiлет­сiздiк ата­улы­ға жаны шыда­май­тын. Осы мiнезi тура­сын­да фильм­де режис­сер­дiң асси­стен­тi болған Болат Шәрiп бір естелі­гін­де: «Ники­та Михал­ков айтқан­дай, «Режис­су­ра ең алды­мен мiнез, шығар­ма­шы­лық жөнiн­де сосын айтуға бола­ды», – деп еді.

Қазақ руха­ни­я­ты тарихын­да «Қыз Жiбек» көр­кем филь­мiнiң ала­тын орны жөнiн­де айт­саңыз, әңгi­менiң ұшы-қиы­ры­на жет­пес едiңiз. Мұн­дай ғажай­ып ғасыр­да бiр туар, не тумас! «Қыз Жiбек» филь­мi түсiрiледi деген­нен ел елең­дескен. Алай­да халы­қтың сон­ша­лы­қты сүй­іспен­шілі­гіне бөлен­ген осы­нау ұлт­тық клас­си­ка­ны түсiрудiң қан­ша­лы­қты бей­нет­ке түс­кенiн де бiреу бiл­се, бiреу бiл­мес, әрине.

«Қыз Жiбек­тiң» дүние есi­гiн ашу тарихы қысқа­ша айтқан­да былай:

Сол кез­де­гi «Қаза­қ­фильм­нiң» дирек­то­ры, қазақ мәде­ни­етiнiң дамуы­на, оның iшiн­де кино­ның дамуы­на зор үлес қосқан Камал Смай­ы­лов Мәс­ке­у­ге үш сце­на­рий апарған. Оның бiре­уiн жарат­паған. Бұл жарат­па­удың соңы «Қаза­қ­фильм­нiң» бiр­жыл­дық бюд­жетiн жұта­тып кетiп едi. Бұл рет­те Ғабит Мүсiре­по­втiң кино сце­на­рийi «Гәк­ку» жөнiн­де әңгi­ме­ле­ген дұрыс.

Бұл сце­на­рий «Ленин­шіл жасқа» жари­я­ла­нып, халы­қтың талқы­ла­у­ы­на ұсы­ныл­ды. Кей­інірек Ғабең сту­ди­яға келіп, өз дау­сы­мен сце­на­рий­ді оқып береді. Қашан­да қалғу­ды біл­мей­тін қағілез Камал Смай­ы­лов тари­хи сәт­ті қалт жібер­мей, тас­паға көшір­тіп ала­ды. Өкініш­ке қарай, бұл тас­па да әлі күн­ге табы­лған жоқ.

«Қыз Жібек» – жыл­дар бойы бір руха­ни сер­пілуді күтіп жатқан халық­тық арман-аңсар­ды, ұлы мей­ірім-шап­қат­ты жаһанға жария еткен фильм. Фильм­нің қою­шы режис­сері, атақты Алек­сандр Дов­жен­ко­ның шәкір­ті Сұл­тан Қожы­қо­втың ел ішіне шығып жәді­гер­лер жинау кезін­де халық кере­мет бел­сен­ділік таныт­ты. Басқа­сын былай қой­ған­да, жиыр­маға жуық ер-тұр­ман жинал­ды. Соның ішін­де­гі күміс жүген­ді Құран­ды ер көз жауын алға­ны сон­дай, ол Төле­ген­нің аты­на лай­ық деп таныл­ды. Бұл ер Олжас Сүлей­ме­но­втің Алма­ты облы­сын­дағы ауыл­дар­дың бірі­нен арнайы сатып алған, өз кол­лек­ци­я­сын­да тұрған дүние болып шықты. Өмір қызық, тосын­сый­ға да толы ғой. Осы экс­пе­ди­ция Алма­ты облы­сы­ның Нары­нқол ауда­нын­да болған­да, Сұл­те­кеңе қол­ды-аяққа тұр­май қолға­быс жасап, ақсақал­дар­мен кез­де­стіру­ге дей­ін ұйы­тқы болған қара бала бүгін­де аса таны­мал жур­на­лист Жан­бо­лат Ауп­ба­ев еді. «Тыр­ли арық» қара­ның қабілетін сол кез­де тап басып танып, мате­ма­тик бол­мақ арма­нын осы жолға бұрған да ұлы режис­сер. Жәкең сол күн­дер­ді үне­мі елжіреп еске ала­ды. Ол жөнін­де «1001-мақа­ла» атты эссем­де жет­кілік­ті жаздым.

Енді мына бір ғажап деректі қалай ұмы­туға бола­ды? «Ел бір­лі­гі деген сөз ұялай­ды іші­ме» деп дүр сіл­кініп оты­ра­тын Сыр­лы­бай бей­несін сомдаған Кенен­бай Қожа­бе­ко­вті фильм біт­кен­ше арқа­лап жүр­ген бір бала бар. Ол күні кеше өмір­ден озған атақты ака­де­мик Өмір­зақ Айт­ба­ев бола­тын. Бұл – «Қыз Жібек­тің» халқы­мен тезірек табысуын жақын­да­тып, күн-түн қалғы­маған ел тіле­уінің, ұлы мей­ірі­мінің титім­дей көрінісінің бірі. Осы­лай­ша, Жібек пен Төле­ген махаб­ба­ты­ның тарихын фильм­ге түсі­ру әп деген­нен халық қол­да­уы­на ие болды.

Тағы да таса­да қал­мауға тиісті бір дерек былай сөй­лей­ді. Фильм­де ат үстiн­де қуа­ны­штан жүзi қан­кө­бе­лек ойнап келе жата­тын Жiбек қолын­дағы, мой­нын­дағы, бiле­гiн­де­гi сән­дi бұйым­дарын лақты­ра­ты­ны бар едi ғой. Бұл заттар жай жыл­ты­рақ (бута­фо­рия) емес, шын мәнiн­де­гi күмi­стен жасал­ған әше­кей­лер едi. Сон­дай-ақ көбі­міз бiле­тiн мына бiр оқиға да кере­мет емес пе? Зообақтан аққу­лар­ды алып кел­генде, олар­ды суға жiберiп, биле­ту қиы­нға түседi. Оның орнын қаз­бен ауыс­тыруды да ойлай­ды. Ақыр соңын­да Н.Тiлендиевтiң «Аққу» күйi орын­­далғанда, аққу­лар тара­нып, билей жөне­ліп, бiр­тiн­деп жағаға жақындайды.

Кино тобы­ның жұмысы таңғы сағат алты­да баста­лып, түн­нiң бiр уағы­на дей­iн созы­ла­ды. Ғажай­ып табиғат аясын­да кино­экс­пе­ди­ция мүше­лерi күнiне 30–40 шақы­рым жаяу жүрiп оты­рған. Лагерь­ге түн­гi он екi­де ора­лы­сы­мен, келесi күн­нiң сюжетi, түсiрiлi­мi тура­лы әңгi­ме қай­та баста­ла­ды. Қожы­қо­втың қатал­ды­ғы мен талап­шыл­ды­ғы тура­лы аңы­зға бер­гiсiз әңгi­менiң де тарай­ты­ны осы кез. Тiп­тi ең жүй­рiк, асау атқа Сұл­тан деген атау берiп­тi. Қысқа­сы, фильм түсiрiл­мей жатып, ол жөнiн­де­гi әңгi­ме аңы­здай тара­ды. Бiр сери­яға бөлi­нетін 850 мың рубль­дiң орны­на 650 мың рубль бөлiнiп, қысым көр­сетiл­дi. Ғабит Мүсiре­пов сце­на­рий­дi қысқар­ту­дан бас тарт­ты, ал Қожы­қов кадр­лар­ды ықшам­дап, басқа­ша импро­ви­за­ци­яға көштi.

Жиыр­ма сөгіс

Бұл әңгi­ме Қаза­қстан Ком­пар­ти­я­сы Орта­лық Коми­тетiнiң Бiрiн­шi хат­шы­сы Қона­евқа жетiсi­мен жедел тап­сыр­ма берiлiп, кино­сту­дия дирек­то­ры Камал Смай­ы­лов қуа­на-қуа­на тағы да қосым­ша 250 мың рубль бөл­дi. Дей тұрған­мен, үлкен фор­мат­ты екi сери­я­лы фильм­дi аяқтау үшiн бұл қара­жат та жет­кiлiксiз едi. Ақыр соңын­да плен­ка­ны үнем­де­у­ге тура кел­дi. Фильм­дi түсi­ру бары­сын­да Қожы­қо­вқа 20 рет сөгiс берiлiп­тi. «Қаза­қ­фильм­нiң» әр жиы­ны «Қыз Жiбек­пен» баста­лып, «Қыз Жiбек­пен» аяқтал­ды. Уақыт өтiп бара­ды, кешi­гу, плен­ка­лар шығы­ны шаше­тек­тен кетiп жатыр, т.б. Бүгiн­гi күн­нiң тiлi­мен айт­сақ, осы­ның бәрiн про­дю­сер­дiң ерлi­гiне балай­мыз. Ал ол тұста ұлт­тық дүние жасау иненiң үстiн­де оты­рған­мен бiр­дей едi. Алай­да сол кездiң өзiн­де Сұл­те­кең Төле­ген­нiң эпи­ка­лық кей­iп­кер екенiне қара­ма­стан, шашы­ның қысқа емес, қай­та ұзы­ны­рақ болуын қалаған. Өйт­кенi режис­сер сон­дай кес­кiн­де кей­iп­кер­дiң жас­тар ауди­то­ри­я­сы­на жақын­дай түсетiнiн ойлаған және ол ойы дұрыс шықты. «Қыз Жiбек» бюд­жет­ке екi есе пай­да түсiр­дi. Халық оны тiк тұрып қар­сы алды. Тіп­ті Алма­ты­дағы «Целин­ный» киноте­атрын­дағы алға­шқы көр­сетілі­міне жұрт есік-тере­зені талқан­дап кірді.

«Қыз Жiбек» түсiрiлiп бiт­кен­нен кей­iн, Қожы­қов дұшпа­ны­на да тіле­мес күй­зелiс күй­iн кештi. Небәрi 46 жастағы режис­сер­дiң шашы бурыл тар­тып, 10 жасқа қар­тай­ып кет­тi. Фильм­дi мон­таж­дау кезiн­де инфаркт алды.

Фильм­дi көр­кем­дiк кеңес қабыл­дар­да зал кiсi­ге лық тол­ды. Алға­шқы болып сце­на­рий авто­ры Ғабит Мүсiре­пов сөз алды. Бұған дей­iн режис­сер мен сце­на­рий­шi ара­сын­да қатаң әңгi­ме болған едi. Осы­ның бәрiн еске ала келе, клас­сик қалам­гер: «Естерiңiз­де болар, мен кезiн­де фильм­дi тәуiр деген­нiң өзiн­де қол­да­маң­дар деген­мiн. Ал ендi бүгiн Қожы­қо­втың ғажай­ып фильм түсiр­генiне көзiм жетiп отыр», – дедi. Фильм­де режис­сер­дiң асси­стен­тi болу­мен қатар, сте­но­гра­фист қыз­метiн атқарған Болат Шәрi­пов жазу­шы­ның осы сөзiн қат­тап жазып қойыпты.

«Қыз Жiбек­тiң» даңқы алы­сқа кет­тi. Оны көп­те­ген ел сатып алды. Жiбек­тiң ана­сын сомдап, фильм­нiң сурет­шiсi болған Гүл­фай­руз Ысмай­ы­ло­ва сол күн­дер­дi былай­ша еске алады:

– Бель­гия кино­ин­сти­ту­тын­да «Қыз Жiбек­тiң» көр­сетiлi­мi бол­ды. Кино­дан соң олар­дың түр-түсi бiр­түр­лi қашып кет­кен­дей көрiн­дi. Асанәлi еке­умiз қат­ты толқы­дық. Ол маған жал­тақтап қарай бер­дi. Мен «масқа­ра бол­дық-ау» деп ойлаға­ным­ша болған жоқ, сәл пау­за­дан соң барып зал толы көре­рмен­нiң қоше­метi зал­ды жарып жiбе­ре жаз­да­ды».

40 рубль жалақы алған

Елдi осын­дай зор қоше­мет­ке бөле­ген фильм режис­сер тағ­ды­рын басқа арнаға бұрып жiбе­редi деп кiм ойлаған? Ол бұдан кей­iн 15 жыл бой­ы­на мұн­дай фор­мат­тағы фильм түсiр­ген жоқ. Бiр­де дыбыс режис­серi Қады­р­жан Қосай­ға: «Менiң ай сай­ы­нғы табысым 40 рубль ғана», – деп мұң шағып­ты. «Оның үстiн­де бiр дұрыс костю­мi де болған жоқ. Мем­ле­кет­тiк сый­лы­қты тап­сы­ру кезiн­де ескiлеу костюм­мен кел­дi», – деген Қады­р­жан Қоса­ев­тың сөзі де еріксіз еске түсіп отыр. Осы­нау мәр­те­белi сый­лы­қты ол да, отба­сы да қажетiне жара­та алма­ды. Керiсiн­ше, фильм­ге кет­кен плен­ка­ның шығы­нын тол­ты­руға жұм­саған. Жұ­мыс­сыз жүр­ген күн­дерi жазған сце­на­рий­лер «Қаза­қ­фильм­нiң» тақы­рып­тық жос­пар­ла­ры­на енбе­ген. Бұл мәсе­ле­ге бiр­жақты жау­ап беру­ге де бол­май­ды. Бәл­кiм, «ой, оны қай­тесiң­дер, ол эпи­ка­лық фильм­нiң режис­серi ғой» деген жау­ап­тар да берiл­ген болуы мүм­кiн. Ал эпи­ка­лық фильм­дер­ге қазiр­гi­дей ол кез­де де аз ақша жұм­сал­май­тын. Сұл­те­кеңнің бір­бет­кей­лі­гі де көп ада­мға, әсiре­се бас­шы­ларға ұнай қоймайтын.

Сұл­тан Қожы­қо­втың соңғы жұмысы әйгiлi палу­ан­дар Қ.Мұңайтпасов пен И.Поддубный тура­лы едi. Әу баста сери­ал етiп жасал­мақ­шы болған бұл туын­ды­ның тағ­ды­ры да тығы­ры­ққа тiрелiп, жолы қиын бол­ды. Қажы­мұқан рөлiне алы­нған Ә.Бекболатов пен Д.Зо­лотухиндi (И.Поддубный) олимпиа­да мек­тебiне фран­цуз күресiн үйре­ну­ге жiбе­редi. Алай­да оны ақша­ны орын­сыз пай­да­ла­нып жатыр деген желе­умен тағы да «Қыз Жiбек­те­гi­дей» әңгi­ме өрбiт­кiсi кел­ген­дер бол­ды. Ақы­рын­да ол бұл фильм­де өзiнiң ойға алған мақ­са­тын жүзе­ге асы­ра алма­ды. Дұры­сы – жүзе­ге асырт­па­ды. Оның мақ­са­ты – Қажы­мұқан­ның әлем алдын­дағы ұмы­тыл­мас сом бей­несiн жасау едi. «Қыз Жiбек­тей» фильм түсiр­ген даңқты режис­сер­дiң аты­на бұл оңай соқ­па­ды. Ол сол биiк­тен түс­пе­удi ойла­ды. Бiрақ жүйе оның даңқын бүр­кей алма­са да, биi­гi­нен құла­та алма­са да, өз дең­гей­iн бiлетiн оған бұл фильм­де одан да жоға­ры биiк­ке шығу керек едi. Бiрақ оған жол берiл­медi. Әрине, жүрек­ке сал­мақ түстi.

1988 жыл­дың 10 науры­зын­да сұра­пыл сурет­кер Сұл­тан Қожы­қов 65 жасқа тол­ды. Ертесiне өмiр­ден озды.

Биыл ғасыр­лық мерей­тойы ата­лып өтіп жатқан бiр­ту­ар ре­жис­сердiң әп-сәт­те сылып тастай­тын соқы­рi­шек­тен өмiр­ден озға­нын еске алсақ, өзе­гiң өрте­недi. Оның үстiне «жедел жәр­дем» қыз­мет көр­се­ту­ден бас тарт­қан дей­дi. Кiм бiл­сiн? Ол да мүм­кiн ғой.

Тіз­гін­тар­тар: Қаза­қтың бар­ша шығар­ма­шы­лық эли­та­сын жұмыл­ды­рып, «Қыз Жiбек­тей» фильм түсiр­ген ада­мға да жер басып жүру оңай­ға соқ­паған болар. Дей тұрған­мен де, қол­да бар­да қадiрiн бiл­ме­генi­мiз де рас. Бiрақ бұның бәрi ада­ми өкiнiш болға­ны­мен, ұлт үшiн еш өкiн­бей­сiз. Өйт­кенi «Қыз Жiбек» қал­ды, қай­та­лан­бай­тын Қожы­қов қал­ды. Алтын­нан ескерт­кiш қоя­тын адам ғой. Ал қазiр­гi күнi бiз «Қыз Жiбек­тi» түсi­ре алар ма едiк. Мiне, мәсе­ле қай­да жатыр? Атыс-шабыс, қан­жо­са трил­лер, экшн көрiп отыр­ма­сы­мы­зға кiм кепiл?

Қали Сәр­сен­бай

Республиканский еженедельник онлайн