- Биылғы жазғы құрғақшылық елді қыс айларында жұтқа тап қылуы мүмкін деген сөз тууда. Бұл әдеттегі қазақи қауесеттің сөзі емес, келешек қатерден хабары бар адамның сөзі.
Барлық пәле өткен 90-жылдардағы колхоз-совхоздарды жекешелендіріп, жылдар бойы қалыптасқан және де өзіндік жем-шөп дайындау тәсілі бар мал шаруашылығын ойрандаудан басталды (әрине, талан-тараждан да кенде болған жоқ). Сол нақұрыс науқан мал ұстап, қоңыр күнін көріп отырған ауыл халқының тұрмыс-тіршілігінің быт-шытын шығарды. Бір орталықтан ұйымдастырылған ауыл шаруашылық саясаты быт-шыт болған соң, агросаланың күйі кетті. Қалай болғанда да, сол өткен кезеңдерде үкімет ауыл тұрғындарының, олардың шаруашылықтарының мәселесіне ерекше мән беретін.
Жұт деген пәле айтып келетін, алдын ала болжап айтатындай құбылыс емес. Биылдағыдай қуаңшылық жағдай Маңғыстауда осыдан 7-8 жыл бұрын да орын алған (әрине бүгінгідей масштабта емес). Жұрт малдарын сатып, тіпті бір тайдың бағасы 20-25 мың теңгеге дейін түсіп кеткен кез болды. Осындай арзан малды басқа өңірден келгендер сатып алып, өз жеріндегі мол жем-шөптің арқасында семіртіп, қайтадан Маңғыстаудың халқына саудалаған. Аймағымыздың әкім-қаралары сол уақыттағы жағдайдан сабақ алмады. Биылғы жаздағы құрғашылықтың түрі жаман, алдағы қыста ауа-райы қандай болады, жығылғанға жұдырық дегендей арты жұтқа айналып кетпесе болар еді.
Жалпы, Маңғыстау аймағы еліміздегі құрғақшылықтан жапа шегетін бірден-бір қуаңшылық өлке. Кезінде дұрыс үкіметтің бар уақытында бұл өңірге ерекше мән беріліп, яғни аймақтық коэффициент ерекшелікері болған. Ауыл шаруашылығында да 30 пайыз аудандық коэффициент болса, өндірістегілерде – 70, ал «Маңғыстаумұнайгазбарлау» мекемесінің саласында 70+40 «полевой» 110 пайызға жетіп жатты. Бұндай жағдайларды ескерген одақтық үкімет тектен-тек бере салған жоқ шығар деп ойлаймын. Маңғыстаудың бар байлығы – мұнайын жылдар бойы сорып, жер қыртыстарын бүлдіріп, жерімізді тоздырып, бүгінгідей жағдайға соқтырып отыр (еліміздегі тәуелсізік жылдары өндірілген 2,5 млрд тоннаның үстіндегі мұнайдың 3/1 Маңғыстаудың еншісінде).
Маңғыстау жерінде «Үстірт» деген үлкен аумақ бар. Біздердің бала кезімізде осы жерлерді «ұлы қыр» деп айтатын. Көктем шыға совхоздарының малдары қырға, жаз – жайлауға шығатын еді. Бұл аумақтың бір шеті – Ақтөбе облысы, бір жағы – Өзбекстан, енді бір жағы Түрікменістанмен ұштасып жататын сайын дала. Осы үлкен аумақ көп жылдар бойы мал жайылымы ретінде пайдаланылған жоқ. Жеке шаруашылықтардың бірең-сараңы болмаса, қырға шыққан жоқ. Тек жағдай аздап түзелген соңғы жылдары ғана шыға бастады.
Осы ұлан-ғайыр аумақта жайылатын мал болмаған соң, өңірдегі жайқалған шөп жыл сайын қурап қалатын. Міне, уақытында мал азығы үшін таптырмайтын шөпті уақытылы шауып, теміржолдың торабы бойындағы Сай-өтес елді мекені маңында жинай бергенде, сауапты іс болар еді. Сөйтіп, малға шөп қорын жинай бергенде, бүгінгідей таршылыққа тап болмайтын едік.
Әрине, айтқыштар табылар: техника жоқ, жанар-жағармай қымбат, оны шалғайға жеткізу керек деп. Бұл елдік істі қолдауда үкіметтен көмек сұрап , алдын ала қамдану керек еді. Ал үкімет қаржы көзін тауып, аймақ басшыларына тапсырма беріп, оның орындалуын қадағалағанда, жағдай басқаша болар ма еді?
Ұлы қыр деп отырған үлкен аумақта қаншама шыңырау құдықтар болды, мыңғырған мал су ішсе де жетіп-артылатын еді. Бүгінде бұл құдықтар қараусыз қалды, суы тартылып, жарамсыз болып қалды. Осы құдықтарды қайтадан жаңартып, тереңнен су көздерін тауып қалпына келтіруге болмас па?
Жоғары сыныпта оқып жүргенімізде, Ақшұқыр шаруашылығына жоңышқа оруға көмекке барған едік. Осы «жоңышқа» деген шөпті Маңғыстауда өсіруге болмай ма? Су шығаратын скважиналар арқылы тереңнен су тартуға болар еді. Мол су табылып жатса, жоңышқа өсіретін алқап Маңғыстауда мол.
Бүгінде ауылшаруашылық министрлігінде істейтін кейбір бөлімдер мен департамент басшылары, сондай-ақ басқа да жауапты қызметкерлерінің ішінде кеше ғана жоғарғы оқу орнын бітірген қыз-қырқын (кей жылдары министрдің орынбасарлық қызметін әйелдердің атқарғаны бар), олар ауылдың, малдың жағдайын қайдан біледі? Көген, қи-тизек, шөп-шөңге дегеннің не екенін білмейтін тәжірибесіз мамандар бүгінде агросаланы басқарып отыр.
Тіпті ауыл шаруашылық министрлерінің кейбіреулері қалада туып, асфальтта өскен, шаруашылықтан бейхабар адамдар. Заңгер мамандығымен де ауылшаруашылық министрі болғандар бар көрінеді. Бұл деген барып тұрған нағыз бассыздық қой! Содан барып ауылшаруашылығы қайдан көркейеді? Бұдан кейін елге жұт келмегенде – қайтсін?!
Қамысбай БЕРСІНБЕРГЕНҰЛЫ,
Ақтау қаласы
Ақтөбенің даласы ӨРТКЕ ОРАНДЫ

- Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы төрт күнге созылған дала өртінен соң, шаруа қожалықтары жайылым мен шабындықсыз қалды. Ресми дерекке қарағанда, 15 000 гектар алқап жанып кеткен. «Ақтөбе фермерлік орталығы» қауымдастығы өртенген аумақ ресми деректен анағұрлым көп, 100 000 гектардан асып кетті деп санайды.
Әйтеке би ауданының Ақтасты ауылындағы «Шыңғыс» шаруа қожалығының иесі Орынбай Жолмұрат ала жаздай Маңғыстауға шөп жөнелтуге ат салысқан. «Енді өзіміз де Маңғыстаудың кебін киіп отырмыз. Ауыл маңындағы жайылым мен шабындық түгел өртеніп кетті. Өрттің қатты болғаны сонша, ауыл тұрғындарының 90 пайызы төрт күн, төрт түн жабылып өрт сөндірдік», – дейді Орынбай Жолмұрат.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, дала өртінен адамдар зардап шекпеген. Шаруалар жайылым мен шабындықтан айырылып, Әйтеке би ауданындағы «Қонысбай» қожалығының сегіз бас жылқысы күйіп қалған.
Құтқарушылар жер рельефінің ерекшелігіне қарай Қайрақты ауылындағы дала өртін сөндіру қиынға соққанын айтады. Өрт Аралтоғай, Әйке, Ақтасты, Ақкөл және тағы басқа жалпы саны алты округте шыққан.
«Бүгін (10 тамыз) таңғы үште Әйтеке бидегі дала өрті толық сөндірілді. Біздің есебімізше, 15 000 гектар алқап жанып кетті. Дала өртінің екі себебі болуы мүмкін. Оның ең бастысы – адами фактор. Яғни, өрт темекі тұқылынан тұтануы ықтимал. Тағы бір себебі, шөпке найзағай түскен болуы мүмкін», – дейді Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев.
«Ақтөбе фермерлік орталығы» қауымдастығының төрағасы Марлен Баймағамбетов Әйтеке би ауданындағы алты округте 100 000 гектардан астам алқап өртенгенін айтады.
«Ресми дерек 15 000 гектар алқап өртенді деп отыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Дала өртінен соң жүздеген шаруашылық жайылым мен шабындықсыз қалды» дейді фермерлер қауымдастығының төрағасы.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов дала өртінен зардап шеккен фермерлерге мемлекеттік резервтегі жерлерден жайылым мен шабындық берілетінін айтады. Иманқұловтың сөзінше, өртенген алқап пен шығын әлі де есептеліп жатыр.
Azattyq.org