
- Алматыда басқа қалалардан келген ондаған мың студент пәтер іздеп сабылып жүр. Қалада 170 мың студент оқиды, оның 86 мыңы елдің басқа өңірінен келген. Олардың 31 мыңына ғана жатақханадан орын тиген… Басқа өңірден оқуға келіп, жатақханадан орын тимеген студенттер пәтер іздеп, сандалып жүр.
Болашақ дәрігер Жанел Ізбасханова қыркүйек айында Алматыдағы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің 7‑курсына интернатураға оқуға қабылданған. Жанел бұған дейін алты жыл астанада білім алған.

– Астанада бір бөлмелі пәтер орташа есеппен алғанда [айына] 100–120 мың теңге тұрады. Бірақ мұндай ақшаға барлық жағдайы жасалған, жақсылап жөнделген, қонақ үйге ұқсайтын пәтер аласыз. Алматыда Совет Одағы тұсында салынған, жиһазы қап-қара, ескі, жуынатын бөлмесі лас пәтердің өзіне 150 мың теңге сұрайды. Ал жағдайы жақсы пәтер бағасы 200 мың теңгеден асады… Бірақ, шынымды айтсам, маған енді бәрібір. Қазір пәтерге 200 мың теңге төлеуге де дайынмын, яғни, мәжбүрмін. Бастысы, пәтер табылса екен. Бос пәтер жоқ, – дейді Жанел (суретте).
Алматыда басқа қалалардан келген ондаған мың студент пәтер іздеп сабылып жүр. Қалада 170 мың студент оқиды, оның 86 мыңы елдің басқа өңірінен келген. Олардың 31 мыңына ғана жатақханадан орын тиген. Жоғары оқу орындары бірінші кезекте оқуға жаңа түскен студентті жатақханамен қамтуға тырысады. Ал жоғары курс студенті баспана мәселесін өзі шешуі керек. Сұраныс жоғары болған соң, орын да тапшы.

Еуразия технология университетінің 3‑курс студенті Аружан Құсайын (суретте) жігіттерге пәтерін жалға бермейтін үй иелері де кездескенін айтады. Ол пәтер іздеуге тамыздың аяғында кіріскен. Студент қыз қыркүйектің ортасында жиырма жасқа толғанша пәтер тауып, жылы жерге қоныстанып үлгеремін деп үміттенген. Бірақ әлі ойындағы пәтерін таба алмаған.
«Бір бөлмелі, шағын, жайлы, барлық жағдайы бар [пәтер] көп дегенде 100–120 мың [теңге] болады деп ойлап едім. Бірақ орталықтан алыс, тарақан жайлаған, не кілемі жоқ, жалғыз диваны бар пәтерге 100 мың теңге сұрады. Көп іздеп, әзірге лайықты пәтер таппадым. Қала шетіндегі екі бөлмелі, тар, wi-fi жоқ, бір ғана кереует қойылған, линолеумі ескі пәтерге 250 мың теңге сұрап отыр», – дейді Аружан.
Ол өзін риелтор не пәтер иесімін деп таныстыратын адамдардың студенттерді жиі алдап-соғатынын айтады. «Бөтен пәтердің суретін қойып хабарландыру береді. Хабарласқан адамнан пәтер ақысының бір бөлігін алдын ала беруді сұрап, ақшаны алған бойда ізім-қайым жоғалады. Жұрт қалтасындағы соңғы тиынын алаяққа жем қылып, сан соғып қалады», – дейді Аружан.
Студенттердің айтуынша, өзін риелтормын деп таныстыратын алаяқтар интернетке әдемі пәтер суретін жариялап, арзан баға қояды. Хабарласқандарға «осы жаңа ғана басқа адам алып кетті, бірақ сізге басқа пәтер тауып береміз» деп алдап-сулап сендіреді. Бірақ әуелі пәтер іздеу туралы келісімшартқа отырып, 15 мың теңгеден басталатын қызмет ақысын алдын ала төлеуді сұрайды. Кейде «ертең не арғы күні пәтер көруге барамыз» деп сендіреді. Қазір пәтерге сұраныс көбін айтып, «ақша төлесеңіз, сізді бірінші апарамыз» деп уәде етеді. Айына 200 мың теңге тұратын пәтер табылса, риелтор өз қызметі үшін 40 мың теңге алады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2‑курс магистранты Айдана Үсентайпәтер іздеудің машақаты көп екенін айтады. «Алматыдан пәтер табылмаған соң, әлі Шымкентте жүрмін. Пәтер жалдап тұрғымыз келген, бірақ үй иесі бірден бағаны көтеріп жіберді. Бәрі өте қымбат. Ал пәтердің жағдайы бағасына сай емес. Көбіне пәтер иесі басында бір бағаны айтып, кейін сөзінен айнып шыға келеді. Мысалы, бір бөлмелі пәтерді 120 мың теңгеге жалға алуға келісіп қойғанбыз, бірақ үй иесімен кездескен кезде бағаны 180 мың теңгеге дейін көтеріп жіберді. Ол риелторлардан баға өсті дегенді естігенін алға тартты. Бұл жерге риелтордың қандай қатысы барын түсінбедім. Пәтер иесі жай ғана көбірек қарпығысы келген сияқты», – дейді студент.
Жоғары оқу орындарында ондаған жыл бұрын, ақылы оқыту жүйесі жоқ кезде салынған инфрақұрылым сақталған. Оның үстіне студенттер үйіндегі жатын орын да қысқарған, 1990-жылдардың аяғында біраз жатақхана жеке меншікке өтіп кеткен.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3‑курс студенті Саида Желубаева факультет жатақханасынан орын жетпеген соң, бірнеше қызбен бірге пәтерге көшкен. «Өз университетім туралы айтсам, жоғары курс студенттеріне шамамен 30 орын берді, нақтысын білмеймін. Бірақ студент көп, орын аз», – дейді Саида.
Қазақ ұлттық университетінде 26 мың студент (бакалавриаттар, магистранттар мен докторанттар) білім алады. Олардың 17 500‑і басқа өңірден келген. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 5 мың студент жатақханада тұруға рұқсат алған. Қазір ҚазҰУ-дағы 17 жатақханада бес жарым мың орын бар. Ал баспанаға мұқтаж студенттер саны бұдан екі есе көп.
Кейінгі жылдары демографиялық факторларға байланысты студент саны да арта түскен: қазір университеттер мен академияларда оқитын жастардың дені 2000-жылдары елде мұнайдан түскен табыстан (бұл кезде көмірсутек өнімдерінің бағасы жоғары болған) экономикалық ахуал жақсарып, тиісінше туу көрсеткіші де өскен кезде туған.
Графика дизайнері мамандығы бойынша білім алып жүрген Айдана Есқожинова(суретте)өзі оқитын университет жатақханасында карантин шарасына байланысты жатын орын қысқарғанын айтады. Ол университетке жақын жерден жалға алуға пәтер іздеп көргенімен, тым қымбат болған.

– Бізге «хостел береміз» деген, бірақ әлі берген жоқ. Ондай ақпарат таппадым. Жалға беретін пәтердің көбінің жағдайы нашар, ал бағасы аспандап тұр. 150 мың теңгеге пәтер іздедім, бірақ 200–300 мың теңгенің айналасында болды. Достарымның көбі басқа амалы қалмағандықтан, осындай бағаға пәтер жалдап тұрып жатыр, – дейді Айдана.
Бұрыннан келе жатқан оқу орындары тым құрығанда 1‑курс студенттеріне орын тауып беруге тырысса, кей жеке меншік жоғары оқу орны студентке мүлде жатақхана ұсынбайды. Сондықтан студенттер жалдамалы пәтер іздеп, ата-анасының қалтасына салмақ салуға мәжбүр.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (ХАТУ) 3‑курс студенті, астаналық Дина Хамзина «жатақхана тимесе де, жолым болды» деп есептейді.
– Пәтер іздеу машақаты басталады, соны ойласам көңілім құлазиды. Карантинге байланысты көп студенттің ата-анасы ақшадан қысылып отыр, – дейді Дина (суретте). Ол қыркүйек айында кешке дейін сабақта болып, пәтер іздеуге қолы тимей жүргенін айтады.
ХАТУ-дың өз жатақханасы жоқ, бірақ оқу орны басқа қаладан келген студенттерге жалға алынған ғимаратта тұруды ұсынған. «Біз бұл мәселені көтергенбіз. Жыл сайын «жатақхана салып береміз» деп уәде етеді. Бірақ ол уәденің орындалуы екіталай. 120 мың теңгеден аспайтын пәтер тапқым келеді. Бірақ бұл мүмкін емес сияқты», – дейді Дина.
Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің баспасөз қызметі «Азаттық» сұрағына пікір бермейтінін ескерткен. Бірақ редакцияға Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі жіберген хат келді. Жауапта университет студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін 190 орындық ғимаратты жалға алатыны айтылған. Ведомство алдағы уақытта 645 орындық жатақхана салу жоспары барын жеткізді.
Министрлік жоғары оқу орындарының бәрі бірдей студенттерге жатақхана ұсына алмайтынын мойындайды. Жатақханаға орналастыру кезінде денсаулығында кінәрат бар, жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған, ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек, мектепті «Алтын белгіге» немесе қызыл аттестатқа бітірген, республикалық және халықаралық байқау жеңімпазы болған студентке басымдық беріледі.
Сарапшылардың пікірінше, биыл жазда тұрғын үй нарығында бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер еткен. Бұл шаршы метр бағасының қымбаттауымен байланысты. Биыл билік азаматтарға зейнетақы қорындағы жинақ қаржысының бір бөлігін «тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін» пайдалануға рұқсат бергеннен кейін, пәтер ақысы да өсе бастаған (қыркүйектің басындағы дерекке сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 260 мың қазақстандық 1,4 триллион теңге немесе 3,2 миллиард доллар алған).
Қазақстандағы жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов жалға берілетін пәтер ақысының қымбат болуын биліктің студентті жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін назардан тыс қалдыруымен де байланыстырады.
– Қазір «студентке жалға беру» деген бағдарлама жүріп жатыр. Бірақ бұл бағдарлама жаңа басталып, карантинге тұспа-тұс келіп қалды. Студентті жатақханамен қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылған кезде ғана пәтер бағасында мұндай спекуляция болмайды. Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар мен студенттерді жалдамалы пәтермен немесе баспанамен қамтамасыз етуге арналған бағдарлама керек, – дейді Мүсірепов.
2018 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке «2022 жылдың аяғына дейін кемінде 25 мың орындық бірнеше жатақхана салуды» тапсырған болатын. Содан бері үш жыл өтті. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, осы кезеңде 85 жаңа жатақхана пайдалануға беріліп, 22 мың студент жатын орынмен қамтылған.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев биліктің студент жатақханасын салу бастамасы мерзімінен кеш жүзеге асып жатқанын, Алматыда жатақхана тапшылығы қатты сезіліп тұрғанын айтады. «Қазір Алматыда студентке 35 мың орын жетпейді. Президент берген тапсырмаға сәйкес, 2022 жылдың аяғына дейін қаладағы жоғары оқу орындарында 16 мың орындық 38 жатақхана дайын болуы керек. Кейінгі үш жылда 1600 орындық алты жатақхана салынған. Бұл көрсеткіш кей мемлекеттік органдардың жұмыс жүйесінде ақау барын көрсетеді», – дейді Бейсенбаев.
Депутат дерегінше, Қазақстанда миллионнан астам студент бар. Олардың 16 пайызы ғана жатақханада тұрып жатыр. Қазір жатақханадан орын тимеген 80 мың адам бар.
Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, жыл аяғына дейін тағы 37 жатақхана пайдалануға берілуі тиіс. 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалпы саны 1104 орындық алты жатақхана (Шымкент – 661, Қарағанды облысы – 182, Алматы – 157, ШҚО – 104) қабылданған. Министрлік «жатақханаға сұраныс жоғары Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында жеке инвесторларды қосымша ынталандыру мақсатында құрылысқа бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыру қарастырылып жатқанын» айтады.
Жоғары оқу орындары жатақхана тапшылығы мәселесін шешу үшін өз қаржысына тұрғын үй, қонақ үй, хостел жалға алады. Министрліктің 2021 жылғы 1 қыркүйегіндегі дерегіне сәйкес, осындай 5302 орын жалға алынған (Нұр-Сұлтан – 1035, Алматы – 3212, Ақтөбе облысы – 955, Қарағанды облысы – 100).
Министрлік жатақханадағы орын тапшылығын жыл сайын мемлекеттен бөлінетін гранттың және жоғары білімге қол жеткізген студент санының артуымен түсіндіреді. Басқа себептердің арасында урбанизация мен жастардың ауылдан қалаға қоныс аудару мәселесі де бар.
Бағдат АСЫЛБЕК, Azattyq.org