Қазақстан Үкіметінің назарына!
Міне, он күннен асты, АҚШ пен Израильдің қарулы күштері Иранға тоқтаусыз шабыл жасап, қалалары мен ауылдарын талқандап жатыр. Осындайда Иранның Горган, Бәндәр Түрікмен, Гомбад және Қауыс қалалары мен олардың маңын қоныс еткен қандастарымыздың тағдыры қатты ойлантады. Нақты дәл саны беймәлім, шамамен 7 мыңдай қазақ тұрады делініп жүр. Бұлардың көбі – Маңғыстау өңірінен большевиктік билік сонау 1929–1932 жылдары жүргізілген тәркілеу мен ұжымдастыру салдарынан, аштық пен қуғын-сүргін салдарынан босып кеткен қазақтардың ұрпақтары. Жаңағы аты аталған үш қала Мазандараннан 1996 жылы бөлінген Гүлістан провинциясына қарайды. Кеңестік кезеңде генодцид салдарынан босқындыққа ұшыраған қазақтар Қазақстан тәуелсіздік алған соң ешқандай шартсыз елге қайтарылғаны әділдік болмай ма?! Соларды кезекті қырғынға ұшыратпай, неге тездетіп ата мекеніне алдыртпасқа?! Қазақстан шақырса, қазір үдере көшіп келуге бәрі дайын.
Бұдан 20–30 жыл бұрын Израиль – этникалық еврейлерді, Германия – этникалық немістерді, Қазақстан – этникалық қазақтарды қуанышпен қабылдайтын үш елдің бірі деп мақтанатынбыз. Қазір ол елдердегі жағдай қандай?
Немістер үшін тарихи отанына көшу аса қиын емес екен. Ол Германияда «кейінгі қоныстанушы» (Spätaussiedler) мәртебесін алу үшін Федеральдық әкімшілік басқармасының (Bundesverwaltungsamt) офисіне Antrag S форматында өтініш жолдайды. Неміс ұрпақтары өзінің неміс халқына жататынын өздері дәлелдейді.
Офистен мақұлдау келсе болды, елшілік немесе консулдық арқылы визаға өтініш береді. Келген бойда Германия азаматы мәртебесін алу Фридланд қалашығындағы бөлу-тарату лагеріндегі тіркеуден басталады. Тіркелдің бе – болды, анкета толтырасың, қабылдауға жазыласың, жатақханадан жеке бөлменің кілті қолыңа тиеді. Асханаға кіруге рұқсат беріледі. Түрлі қайырымдылық қорларынан киім-кешек, кітаптар, сөздіктер сыйға тартылады. Үш уақыт тамақ тегін, медициналық сақтандыру жасалады, жұмыссыздарға әлеуметтік төлем төленеді. Мигрантпен сұхбатты бір адам ғана жүргізеді. «Кейінгі қоныстанушы» мәртебесін алдың ба – азаматтыққа еш кедергі жоқ.
Израильдің әрбір еврейге құшағы ашық. Израильде тұрғысы келген еврей «Сохнут» еврей агенттігіне хабарласып, консулмен кездесуде өзінің еврей екендігін дәлелдесе болды, оған агенттік Израиль еліне дейін тегін авиабилет алып береді. Израильде жаңа репатрианттарға («олим хадашим») қолдау көрсететін, тезірек сіңісіп кетуіне жағдай жасайтын жан-жақты мемлекеттік бағдарламалар көп екен. Репатриацияға тек еврейлердің ғана, олардың балалары, немерелері, жұбайының ғана құқығы бар. Оларға ең алдымен жарты жылға қаржылық төлемдер көрсетіледі. Келген бойда жедел иврит тілін (ульпан) 18 ай бойы тегін үйренесің. Үш жылға дейін баспана жалдауға жеңілдік және салықтық жеңілдіктер беріледі. Жұмысқа тұруына, мамандығын жаңалауға жәрдемдер жасалады. Қолына репатриант куәлігі тисе болды – осы жеңілдіктің бәріне ие.
Ал Қазақстанда жағдай қандай?
Германия мен Израильде репатрианттарға қатысты саясат шынайы қолдау бағытында болса, бізде керісінше – кедергі жылдан-жылға көбейіп барады екен.
Тек биылдың өзінде, мәселен, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы № 41, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы № 60 және Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы № 47 бірлескен бұйрығы бойынша «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» жөнінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Осы пилоттық жоба бойынша Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға көшіп келушілер үшін тестілеу мен сауалнама жүргізу, тексерулерді жүзеге асыру және әңгімелесуден өткізу жұмысын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 23 қыркүйектегі № 458 бұйрығымен бекітілген «ҚазТест» қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша қағидаларына сәйкес «ҚазТест» цифрлық жүйесі арқылы онлайн форматта өткізілетін болыпты.
2026 жылдың қаңтар айынан бастап «Қандастардың азаматтық алу» тәртібіне жаңа талаптардың қосылуына байланысты қазіргі кезде елімізге шетелдерден көшіп келген қандастарымыз «Қандас» мәртебесін, Ықтиярхат және Қазақстан азаматтығын алуы қиямет қайымның қыл көпірінен өтуден де қиын болып кетті. Бірқатары амалсыз, келген еліне қайта көшуге мәжбүр болуда.
2026 жылдың қаңтар айынан бастап Отанымызға көшіп келген қандастар Қазақстан азаматтығын алу үшін, бұрын қарастырылмаған мынадай міндетті талаптарды орындауы керек:
1. Шетелден келген қандастар Қазақстан азаматтығын алу үшін Қазақ тілі, Қазақстан тарихы, Қазақстан Ата заңынан құралған 80 сұрақтан тұратын емтихан тапсыруы керек, бірақ бұл талап Ресей, Беларусь, Қырғызстан азаматтарына қойылмайды;
2. Өзі тұрған мемлекеттен «соттылығы» туралы анықтама әкелуі керек;
3. Өзі тұрған мемлекеттің тіркеуінен шығып келуі керек.
Бұл талаптар ТМД елдерінен келген қандастар үшін аса қиындық тудырмауы мүмкін, бірақ Еуропа, Түркия, Қытай Халық Республикасы, Иран, Ауғанстан, Пәкістан сияқты мемлекеттерден келетін қандастарымыз үшін мүлде мүмкін емес талаптар.
Бірінші талап бойынша, Еуропа, Түркия, Қытай Халық Республикасы, Иран, Ауғанстан, Пәкістаннан келетін қандастар Қазақ тілінен, Қазақстан тарихынан, Қазақстан Ата заңынан алынатын емтиханнан өте алмайды. Себебі Қытайда 2000 жылдан бері көптеген қазақ мектептері жабылып, мектептерде тек қытай тілінде оқытатын жүйеге көшкен. Соның салдарынан ондағы қандастарымыз, әсіресе қазақ жастары қазақ тілінде еркін сөйлей алмай қалды. Жазу-сызуы да мүлде бөлек. Ал Еуропа, Түркия, Ауғанстан, Иран, Пәкістан елдерінде қазақ мектептері мүлдем болған емес. Бірқатары тіпті қазақ тілінде сауатты сөйлей де алмайды. Тағы бір ерекшелік – Қытай қазақтары Ахмет Байтұрсынұлының төте жазу әліпбиін қолданады, ал Еуропа елдері мен Түркия – латын әліпбиін қолданса, Иран, Ауғанстан, Пәкістанда – парсы жазуын қолданады, сондықтан олар Қазақстанның кирилл жазуын мүлде оқи алмайды. Тағы бір қиындық – Еуропа, Түркия, Қытай Халық Республикасы, Иран, Ауғанстан, Пәкістан мектептерінде Қазақстан тарихы мен Қазақстан Ата заңы ешқашан оқытылған емес, оқытылмайды да. Сондықтан олардың Қазақстан тарихы мен Қазақстанның Ата заңынан емтихан тапсыру мүмкіншілігі жоқ.
Екінші талап бойынша айтар болсақ, Қытай Халық Республикасының заңнамасы бойынша «Соттылығы» туралы анықтама беру ресми іс-қағаздар тізімінде жоқ, ал қазіргі соғыс жағдайындағы Иран, Ауғанстан, Пәкістан мемлекеттерінде бұл анықтаманы алу іс жүзінде мүмкін емес.
Үшінші талапқа мына жағдай кедергі: Қытайдың азаматтық туралы заңында «Егер Қытай Халық Республикасының азаматтары басқа шетелге қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алған сәтте ол Қытай азаматтығы мен тіркеуінен автоматты түрде шығарылады» деп жазылған. Сондықтан олар Қазақстан азаматтығын алмай тұрып, Қытайдағы тіркеуінен шыға алмайды.
Қазақстан үкіметінің қандастарды қайтаруға байланысты ұстанымдарында ізгілікті ниет бар шығар. Алайда талап етілетін қаптаған құжат, шенеуніктік бюрократизм мұның бәрін қандастардың қайтуына қарсы, мүлде керісінше қадамдарға айналдырып отыр. Сондықтан шетелден келетін қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуы үшін бұл жаңа пилоттық жобаның мүлдем ақылға сыйымсыздығын атап өткім келеді.
Бұл пилоттық жобаны жүзеге асыру бірнеше ведомствоға, бақылау ҰҚК-не тапсырылуы – бұл мәселені тұралататын бюрократтық қадам. Мұндай қадам қандастарға жолды ашатын емес, жолды жабатын әрекет. Бір ведомство аясында құзіретті үш немесе бес адамнан тұратын комиссия жұмыс істесе, әлдеқайда оңай болмақ.
Жоғарыда келтірілген дәлелдерді ескере отырып, еліміз үшін маңызды мәселенің оңтайлы арнада шешілуін сұраймыз.
Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ (Тоқашбаев), жазушы-публицист