Суббота , 5 июля 2025

ҚАРҒАЛАР САЙЛАҒАН ПАДИШАХ

(Ерте­гі)

Әзиз Несин

Бұл оқиға­ның болға­нын, бол­маға­нын көр­ген адам жоқ. Естуі­міз­ше, ерте, ерте ‚ерте­де, бей­мәлім бір елде бір кедей адам өмір сүріп­ті. Бей­ша­ра­ның жүре­гі таза болған екен деседі тани­тын­дар. Бар бай­лы­ғы сол – «жұр­тқа жақ­сы­лық жаса­сам екен!» деген үлке-е-е-е‑н арма­ны болып­ты. Ол заман­да қазір­гі­дей емес, арман­да­уға шек­теу қой­ыл­май­тын бол­са керек, кім көрін­ген қалаған жерін­де тұра қалып, орын­дал­мас арман­дар­ды емін-еркін арман­дай береді екен.

– Шір­кін, жұр­нақтай ғана жағ­дай­ым бол­са, жұрт­ты жақ­сы­лы­қ­пен жары­лқап тастар едім! – деп, аһ ұра­ды екен ақ көңіл байғұс…

Бір күні ол биік таудың басы­на шығып, сыбыр­лап, жаратқан­мен оңа­ша сыр­ла­сып отыр екен. «О, мей­ірі­мі мол жара­ту­шы ием, жұр­тқа жақ­сы­лық жасай­тын тым бол­ма­са жар­ты күн мұр­ша бер­сең…» – деп, күбір­леп оты­рған­да, сақа­лы беліне түс­кен бір қарт жола­у­шы ту сыртынан:

– Өз-өзің­мен күбір­леп, ернің жыбыр­лап, жаратқан­нан не сұрап отыр­сың? – депті.

Әлгі қар­тқа арман­шыл бей­бақ көңіл­де­гісін көл­дей ағы­зып, жұр­тқа жасар жақ­сы­лы­ғы ішіне сый­май, тесіп шығар тесік тап­пай жатқа­нын жай­ып сала­ды. Қарт­тың дуа­лы аузы адам болар балаға айта­тын біраз ақыл айтыпты:

– «Жақ­сы­лық жасай­мын» деп жанын жеп жүр­ген­нің алда-арты жалғыз сен емес. Жақ­сы­лық жаса­удың жолы қан­дай қиын екенін әуелі біл­сең, сен бұлай жұлқын­бас едің. Зұлым­дық арзан, ал жақ­сы­лы­ққа баға жет­пей­ді. Жер бетіне жұмыр басты пен­де жара­ты­лға­лы бері жақ­сы­лық жасаған адам сау­сақ­пен санар­лы­қтай ғана.

Қарт­тың сөзі құлағы­нан өтсе де, миы­на жет­пе­ген болуы керек, әлгі бей­ша­ра арма­ны­нан алы­сқа қашпады:

– Мен өзге­лер­ге ұқса­май­мын. Тек көк­се­генім­ді көр­се­тетін көсем­дік­ке қол жет­кіз­сем бол­ды, жаман­ды­қты жер­ден қуам! Аш, жалаңаш адам бол­май­ды, ала­у­ы­здық, айғай-аттан жой­ы­ла­ды, халық той­ы­на­ды! Зұлым­ды­қты без­діре­мін, әлем­ге тек мей­ір­бан­дық кездіремін!

– Көкей­ің­де­гі арма­ның көп екен, көзін тап­саң болға­ны, – дей­ді көне­ден келе жатқан ақсақал­дың аузы. – Әй, бірақ қиын! Қина­ла­сың-ау, бала! Жақ­сы­лық жаса­удың ебін тап­пай, есең­гіреп жүр­ген жалғыз сен емес…

– Тәй­ірі, біре­уді бақыт­ты ету­ден оңай не бар?! – деп сып ете түседі арман­шыл езу.

– Олай бол­са, отыр­ма, – дей­ді қарт, – жолға шық. Күн­дер­дің күні болған­да, қия­лы­ң­ның қия­сы­на шыға­тын жер­дің шетіне жетесің!

Жақ­сы­лы­ққа жаны құмар жары­қтық дереу атта­на­ды. Ел кезіп, жер шар­лап, ұзақ жүреді. Жүр­ген жерін­де өзе­гін өрте­ген өтіні­шін айтып, адам­дар­ды бақы­тқа шомыл­ды­рып, шат­ты­ққа жүздіріп қой­ғы­сы келетінін паш етіп жүреді.

Күн­дер­дің күні болған­да, ай жүріп, күн жүріп, түн жүріп, таң алдын­да бір қалаға кез бола­ды. Қала түгел биік қамал­мен қор­шалған екен, кіретін қақ­па­сын зорға тауып, ішіне кіреді. Қала­ның орта­сын­дағы үлкен алаңға кел­ген­де, таң қалған­нан аузы ашы­лып қала­ды. Алаңға жиналған халы­қты көр­сең, сен таң қал­мақ түгілі, талып қалар едің! Қара құрым халы­ққа сан жет­пей­ді! Егер мен жүз мың десем, сен – үш жүз мың дер едің. Шеті, шегі жоқ, теңіз­дей толқы­ған халық.

Сол шулаған көп­ке бұл да кіреді. Бәрі бір­дей кеңір­дек керіп, аттан­дап жатыр. Басы­на біт­кен бар­лық мүшені құлақ жасап, тың­дап көр­се, бәрінің айта­ры бір-ақ әңгіме:

– Уа, халқым, өздеріңе жақ­сы­лы­қтан басқа тілерім жоқ! Қарға­лар­дың көзін жет­кізің­дер осы­ған, Пади­шах­тың тағы­на мені оты­рғыз­сын! Мен бәріңді бақы­тқа бөлей­мін. Өзен­нен шәр­бат ағы­за­мын, алтын­нан көпір салғы­за­мын, жаң­быр орны­на аспан­нан шырын жау­а­ды, бір қолы­ң­ды май­ға, бір қолы­ң­ды балға малып, аузы­ң­нан тәт­ті тоқаш кет­пей­тін бола­ды. Бей­біт өмір орнап, жай­ма­шу­ақ тыны­шты­қтан жалы­ға­тын бола­сы­ң­дар! Отан­дастар, ағай­ын­дар! Қарға­лар мені пади­шах етіп сайласын!

Мұны есті­ген арман­шыл бей­бақ жаны­на қара­са, баяғы өзіне жөн сіл­те­ген, ақ сақа­лы беліне түс­кен шал тұр.

– Уа, армысыз, дана­гөй­ім! – дейді.

– Бар бол, балам!

– Бұл қала­дағы­лар­дың мұра­ты біреу екен, бірақ неге сон­ша айғайлайды?

Ақсақал адам­ша жау­ап береді:

– Бұл пен­денің әрқай­сысы тек өзім ғана жақ­сы­лық жасай ала­мын дей­ді. Қалай жаса­удың ама­лын біл­мей­ді, сондықтан…

– Үне­мі осы­лай аттан сала ма?

– Жоқ. Тек сай­лау кезін­де ғана жан дауы­сы шыға­ды. Жылы­на бір рет сай­лау өтіп тұра­ды. Әркім өзінің сай­ланға­нын қалайды.

– Неге?

– Тек өзі­нен басқа жан жақ­сы­лық жасай алмай­ды деп ойлай­ды. Бәрінің ойы сол. Зұлым­дық жасай­мын деген арам ойлы адам мұн­да болмайды.

– Сон­да кім болып сай­ланғы­сы келеді?

– Пади­шах! Бұл елдің ерекшелі­гі сол, билік ата­дан балаға қалмайды.

– Жөн делік, бірақ «Қарға, қарға» – деп қылғы­нға­ны несі?

– Себебі пади­шах­ты бұл елде… қарға­лар сайлайды.

Осы кез­де аспан түнеріп кет­ті. Көк­те­гі қарға­ның көп­ті­гі­нен күн көзі көрін­бей қал­ды. Қарға­лар халы­қтың төбесі­нен айна­лып, «қарқ-қарқ» қаңқыл­дап ұша бастаған кез­де жер­де­гі жал­ба­ры­ну үдеп кетті:

– Бауы­рым, қарға! Қарға қарағым, құдай үшін, мені, мені таң­да, мені!

Қарқыл­даған көп қарға­ның іші­нен үлкен бір қарға бөлініп шығып, төмен­деп, баяғы біздің ақ көңіл, халы­қтың қамын ойлаған пақы­ры­мы­здың төбесін айна­лып ұша баста­ды. Айна­лып, айна­лып, «қарқ» етті де, әлгінің басы­на саңғы­тып жоға­ры ұша жөнелді.

Алаң­дағы мың­даған адам оған қарап шу ете түсті:

– Сен үштен біріне пади­шах болдың!

Бұл сөздің мағы­на­сы сана­сы­на сің­бе­ген ол әлгі қарт­тан сұрады:

– Бұла­ры несі? Не дегені?

– Бұл елдің заңы бой­ын­ша, қарға бір адам­ның басы­на үш рет саңғы­ту керек. Сон­да ғана оның басы­на бақыт орнап, пади­шах бол­да­ды. Сен қазір үштен біріне сай­лан­дың. Тағы екі рет басы­ң­ды қарға бүл­дір­сін десең, жаратқанға жалбарын.

Дәл осы сөзді күтіп тұрған­дай, қарға тағы да біздің бей­бақтың басы­на «былш» еткізді.

Алаң­дағы жұрт айғай салды:

– Сен үштің екісіне сайландың!

Бүкіл жұрт енді үшін­ші рет қарға­ның нәжісін оның басы­на қиғы­сы кел­меді ғой дей­мін, бар­лы­ғы бас киім­дерін сыпы­рып алып, қарға­ның құй­ры­ғын аңдыды.

– Қарға бауы­рым, маған! Қарын­да­сым, қарға, мені таң­да! Інім.…

Бірақ қарға халы­ққа құлақ аспа­ды. Үшін­ші рет­те де сол баяғы басқа «былш» еткізді!

Тағ­дыр­дың жазға­ны­на амал бар ма?! Қала халқы сол адам­ды тік көтеріп апа­рып таққа отырғызды…

Жаңа сай­ланған пади­шах­тың біз білетін мей­ірім­ді жүре­гі өзіне жасалған қарға­лар­дың қай­ы­рым­ды­лы­ғын ұмы­тқан жоқ. Таққа оты­ра сала жаңа пәр­мен беріп, жар­лық шығар­ды. Бау-бақ­ша­лар­дағы қарға­лар­дың есін шыға­рып, үркі­тетін қарақ­шы­ны жой­ғы­зып, тыныш жүр­ген қарға­ны үркіту­ге, аяқ асты қорқы­туға тый­ым сал­ды. Қарғаға тас атқан­дар­ды сотқа тар­тып, қатаң жаза­ла­ды. Әрбір шаңы­рақ күніне қарға үшін бір уыс дән себетін болды.

Ел есең­гіреп кет­ті. Қарға­ны қамқор­лы­ққа алған пади­шах­тың елге елең­дей­тін мұр­ша­сы бол­ма­ды. Сөй­тіп, бір жыл өтіп, тағы да сай­лау бол­ды. Алаңға жиы­лған жұрт тағы да қарғаға жал­ба­рын­ды. Тағы да елге жақ­сы­лық жасай­тын жан екен­дерін айғай­лап айтып, қарға­ның көзін жет­кіз­бек бол­ды. Сай­лау күні аспанға көтеріл­ген қарға бұры­нғы­дан көп бол­ды. Олар­дың қарқы­лы­нан аспан күр­кіреп, жер сіл­кін­ді. Бұрын пади­шах­ты бір ғана қарға сай­лай­тын бол­са, бұл жолы он қарға пади­шахқа риза­шы­лы­ғын сездір­гісі келіп, қол­да­ры­нан кел­ген бар жақ­сы­лы­ғын өз қамқор­шы­сы­нан аямай, аспан­нан «былш, былш» еткізіп, молы­нан саңғытты.

Пади­шах қай­та сай­ланған соң, қарғаға деген қамқор­лы­ғын үдет­ті. Әр үйде жиыр­ма қарға асы­рай­тын бол­ды. Оларға арнайы үйшік сал­дыр­ды. Мұн­дай мей­ірім­ге бөлен­ген қарға­лар үндік­тей болып семірді.

Көзі ашып-жұмған­ша бір жыл өтіп, тағы да сай­лау бол­ды. Халық қан­ша нара­зы бол­са да, басы­ңа қарға тышпаған соң не амал?! Бұл жолы жүз қарға бірақ саңғы­тып, басы саз бал­шы­ққа шылқы­ған ол тағы да пади­шах бол­ды! Тағы да жаңа жар­лық шықты: «Қарға­ның үстін­де бит бол­ма­сын! Битін бір тал­дап теріп, жой­ып, жүнін тарап, тыр­нағын бояп, құй­ры­ғын май­лап қою керек!».

Осын­дай жай­лы күтім көр­ген қарға бала­сы бір жыл­да қошқар­дай бол­ды. Келесі сай­ла­уды бес жүз «қошқар-қарға» әрқай­сысы үш рет­тен пади­шах­тың басы­на көк­тен сәлем жолдады.

Біздің мей­ірім­ді пади­шах о баста жақ­сы­лық жасау үшін жаралған жан екенін әсте естен шығарған жоқ. Қарға­лар­дың алдын­дағы боры­шын адал өте­ді. Қала­ның халқы қарға­ларға үйін тастап, өздері босып, тауға кет­ті. Бір жыл­да күті­мі келіс­кен, бағуы жақ­сы қарға­лар өгіз­дей болды.

Келесі сай­лау күнін­де аспан­дағы өгіз­дей қарға­ның дауы­сы­нан құлақ тұн­ды. Олар да өзіне осын­ша мей­ірім-шапаға­тын аямаған ада­мға адал­ды­қ­пен жау­ап бер­гісі кел­ді. Бұл жолы бүкіл қарға түгелі­мен пади­шахқа деген алғы­сын аспан­нан кесек-кесек жапа жауғы­зып білдірді…

Қай­та сай­ланған бақыт иесін көру­ге жұрт алаңға жинал­ды. Олар не көр­ді дей­сіз­дер ме? Тау болып үйіл­ген карға­ның нәжісіне көміліп, өліп жатқан пади­шах­ты көрді.

Жұрт қуанған­нан айғай салды:

– Қарға бауы­рым, мені таң­да, мені! Қарағым, қарын­да­сым, қарға мені, мені…

Аударған – Асқар НАЙМАНТАЕВ

Республиканский еженедельник онлайн