ҚАҚПАҒЫ КЕТКЕН ҚАЗАН Немесе ҚАҚПАҚЫЛҒА ТҮСКЕН ҚАРИЯ

Бірден айтайық, бұл жердегі қақпағы кеткен қазанымыз – Жамбыл облысының бұрынғы Свердлов ауданының «Қазанның 40 жылдығы» атындағы колхозы, қақпақылға түскен қариямыз – кезінде сол шаруашылықтың мүшесі болған, қатардағы механизатордан кәсіподақ ұйымының төрағасына дейінгі жауапты қызметтер атқарып, шаруашылықтың экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосқан еңбек ардагері Кеңесбек Нуридинов.

– Шырағым, шындық іздеп жүрген адаммын, – деді Байзақ ауданы Мәдімар ауылынан «ат арытып», арнайы іздеп келген Кеңесбек қария. – Іздеп жүрген жоғым туралы облыс әкіміне, облыс прокурорына, аудан әкіміне, әйтеуір «шындықты табуыма, әділдіктің салтанат құруына ықпал жасап, көмектесер-ау» дегендердің бәріне жаздым. Ешқайсысынан қанағаттанарлықтай, көңіл көншітерліктей жауап болмады. Барлығы да бір-біріне сілтеу. Болмаған соң, облыстық газет редакциясына да шағымдандым. Одан да оңды нәтиже болмады. Білмеймін, жоғарыға жалтақтай ма, біреулерден сескене ме, газет тілшісінің жазғаны көңілімнен шыққан жоқ. Жазғандарыңды оқып жүрмін. Ендігі үмітім сенде. Сен – тәжірибелі журналистсің.

Пендеміз ғой, қолтығыма жастық тастап, астыма көпшік қоя сөйлегеніне «шындығында да мен сондаймын ба» деп көңілім көтеріліңкіреп қалған жайы бар. «Құлды «әп, бәрекелді» өлтіреді» деген, қарияның астыма көпшік тастағанына көзім қарауытып бара ма өзі?!» – деп өзімді-өзім сабырға шақырып, сабама түсіп:

– Ойбай-ау, қария-ау, мен де солардай журналистпін ғой. Тәжірибелі болайын, болмайын, бәрімізге заң ортақ. Заңнан ешкім аса алмайды, – дедім ол кісіге жөнін айтып.

– Сонда да болса көрші, қарағым. Буынсыз жерге пышақ ұрып отырсам, бетіме басып оны айт, – деді ол мені қашқақтап отырғанға санағандай.

Қарт көңілін қимай, арызымен таныстым. Тәуелсіздікке қол жетіп, еліміз жаңа қоғамдық жүйеге көшкен тұстағы өтпелі кезеңдегі өзгерістерге өкпелі қария жекешелендіру кезінде әртүрлі жолдармен, айла-амалдармен деген дұрыс шығар, ауыл тұрғындарының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен дүние-мүлкінің жоқтаушысы сияқты. Сонда ол кісі нені жоқтайды екен? Арыздың қысқа нұсқасымен танысып алайықшы.

Арыз иесі К.Нуридинов кеңестік кезеңдегі Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданы «Қазанның 40 жылдығы» атындағы колхозда өткен ғасырдың 70-жылдары (шамамен) пайдалануға берілген 1200 сауын сиырына арналған тауарлы-сүт фермасының, одан бөлек машина-трактор шеберханасының, қырманның, құрылыс цехының, тағы басқа нысандардың тоз-тозы шығып жарамсызданғанына, кейбірінің тамтығы да қалмағанына жаны ауырып, «солар адамдар игілігіне қызмет етсе ғой» деп армандайды.

Ниет – түзу, қарияның ойлағаны – елдің, ауылдастарының қамы. Ол өзі ұзақ жылдар қызмет атқарған, дамуына қал-қадерінше үлес қосқан шаруашылықтың өткеніне көз жүгірте отырып, бұрынғы колхоз меншігіндегі дүние-мүліктің, оның ішінде мал да, өндірістік нысандар да, бәрі-бәрі бар, көз алдында бардан жоққа айналғанына қиналыс білдіреді. Іргелі шаруашылықтың шаруасы шатқаяқтап, керегесі сөгіліп, уығы сынып, шаңырағы ортасына түскенін жанашырлықтың жоқтығы деп біледі. Өткенді көксейді.

Бір жағынан, қарияның жанайқайын түсінуге де болады. Бірақ К.Нуридинов заман өзгергенін, қоғам өзгергенін, жүйе социалистіктен капиталистікке айналғанын, шаруашылық жүргізудің әдісі кеңестік жоспарлы экономикадан нарықтыққа көшкенін, билік қолдан-қолға өткенін, қиын кезеңде дүниенің қиюы қашқанын ескергісі келмейтін сияқты. «Басқасын былай қойғанда, еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялап, дамудың басқа жолына түскеніне отыз жылдан асты ғой. Осыны неге ойламайды екен?» деген сұрақтардың астында қалған сияқтымыз.

– «Өнбейтін дауды өспейтін адам қуады» деген, сіз жоқтап жүрген дүние-мүлік баяғыда-ақ «әллу» болған. Енді ештеңе де қалпына келе қоюы қиын, – деп түсіндіріп те көргенбіз қарияға.

– Мен оны түсінбейтін бала емеспін. Бәле қуған бәле де емеспін, – деп шамырқанды Кеңесбек қария. – Менің көксегенім еліміздің егемендігін баянды, тәуелсіздігін тұғырлы етуге мүдделі болып, үлес қосуға тиіс азаматтардың туған жерге туын тігіп, ұлы көштің ауып бара жатқан жүгін түзетуге тырысудың орнына өтпелі кезеңдегі қиындықтарды өз қарақан бастарына пайдаланып, жемқорлықтың желкенін керіп, халық қазынасын, ел игілігін талан-таражға ұшыратқанына ішім ашиды. Нағыз «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері.

Білемін, барлық жерде дерлік қоғамға осындай зиянкестік, жаныашымастық, ашкөздік, дүниеқорлық, алып қалу, асап қалу сияқты психология қалыптасқан. Бұл – жұқпалы ауру, қоғамды дендеген дерт. Дегенмен, кездескен қиындықтардан жол тауып, жаңа нарықтық қатынастарға бейімделіп, шаруаның шашауын шығармай, ұтқыр ұйымдастырушылықпен ел бірлігін сақтап, тірлігін түзу жолға салғандар да бар ғой. Олар – нағыз отаншылдар.

Мен «өзім саналы өмірімді өткізген, өркендеуіне шама-шарқымша үлес қосқан шаруашылықты әр кездерде басқарған басшылар неге солар сияқты әрекеттенбеді екен?» деп өкпелеймін, налимын. Судың да сұрауы бар, мейлі қанша уақыт өтсе де, күндердің күнінде халық қазынасының бір жоқтаушысы шығатыны сөзсіз. Менің оған сенімім кәміл.

Міне, қазір баспасөзден оқып, теледидардан көріп жүрміз, халық қазынасын тонаған атжалмандардың ініне су құйылып, олар тұншығып, судың бетіне шығып, ішкен-жегендерін құсып масқара болып жатқанын. Жемқордың үлкен-кішісі болмайды, жемқорлықтың аты – жемқорлық.

Кеңестік кезеңде біреу жемқорлықпен немесе сыбайластықпен бірдеңені «қылғытып» қойса, «жесе, өкіметтікін жеп жатыр ғой» дейтінбіз немқұрайдылықпен. Ол заманда да «социалистік меншікті талан-таражға салумен күрес» деген орган болған. Ал қазір ше? Қазір жемқорлар халықтың меншігін, елдің ортақ қазынасын, адамдардың тиісті несібесін жеп жатыр. Онда менің де, сенің де, оның да үлесіміз бар. Ендеше біздің бәріміздің ортақ байлығымызды жеген жемқорларға ешқандай кешірім болмауы керек!

Мен ауылдастарымның байлығын жеген жергілікті жемқорлардың лайықты жазаланғандарын қалаймын. Жемқорлық, сыбайластық сынды қоғамға жат әрекеттердің тамырына балта шабылмай, тәуелсіздіктің тұғыры берік, ел болашағы жарқын болуы неғайбыл! – деп Кеңесбек қария арызқойлығының сырын ашып, ашына айтты.

Байқап қарасақ, шындығында да, «арызқой» Кеңесбек Нуридиновтің әлеуметтік жағдайы да, тұрмыс-тіршілігі де «Осыған не жетпейді екен?» дейтіндей емес. Зейнетақысы бар. Жекешелендіру кезінде шаруашылықтан өзіне тиесілі жер үлесін, техникасын алған. Бүгінде баласы Елбосын Нуридинов шаруа қожалығының жұмысын жүргізіп отыр. Құдайға шүкір, жағдайы – біреуден ілгері, біреуден кейін.

Демек, «К.Нуридиновтің шырылдап шындық, әрекеттеніп әділдік іздеп жүргені анық» деген ой туады. Ол кісі арызданған органдар неге бас ауыртқысы келмеді екен? Әлде Кеңесбек қарияның бұл әрекеті шындығында да өнбейтін дау, түк шықпайтын тірлік, бекер байбалам ба?

Қарияның меселін қайтармай, өз құзіретіміз шегінде біз бас ауыртып көрейікші. Ешкім шапанымызды шешіп алмас. Әрі журналистік парызымыз ғой.

Елімізде жаппай жекешелендіру белең алып, Назарбаевтың «хан талапайы» басталғанға дейін Свердлов ауданындағы «Қазанның 40 жылдығы» атындағы колхоздың мүшелері аштан өліп, көштен қалмай-ақ, өз қотырларын өздері қасып, ел қатарлы өмір сүріп отырған. Бірақ Тәуелсіздікпен бірге келген тапшылық, жұмыссыздық, мемлекет тарапынан қолдаудың там-тұм жетіспеушілігі, «өз күніңді өзің көр» деп тізгінді қолға ұстату қазанның қақпағын ұшырып түсірген. Сол кезде ғой кейбір қолында билігі барлардың барлығы «қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып», қазандағы қазынаға қол салғаны, бір салғанда мол салғаны, халықтың байлығын оңды-солды шашқаны.

Шашудың жолы көп, ең біріншісі – айырбас. Экономика тіліндегі атауы – бартер. Сол бартер әдісімен «шаруашылыққа қажетті техникаға, техникаға қажетті қосалқы бөлшектер мен жанар-жағар майға, басқа да қажеттіліктерге» деп қолда бар малды, егіншіліктен алынған өнімді, тіпті қойдың ішіндегі қозысын, сиырдың әлі туылмаған бұзауын, орылмаған астықтың дәнін, әйтеуір жарайтынның бәрін басшылар саудаға салып жатты. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ, бәрі де өз қолында. Бәрін бастық өзі біледі. Одан кейін білетіндер – бастықтың жандайшаптары.

Сондай да заман болған. Бұл – Қазақстандағы барлық агроқұрылымдардың басына түскен жағдай. Тіліміз жазықты, басым көпшілігі бартерлік әдіспен жұмыс жүргізуге барын салды. Арасында шаруашылықтың мүлкінен шашау шығармаған, шаруашылықты сол қалпында сақтап қалған басшылар да болды. Бірақ олар бірең-сараң ғана. Кеңесбек қария айтқандай, олар – нағыз отаншылдар.

Өгізге туған күн бұзауға да туып, өтпелі кезеңнің қиындықтарын «Қазанның 40 жылдығы» атындағы колхоз да бастан өткерді. Колхозда, әрине, ауданның нұсқауымен ғой, шаруашылықты жекешелендіру, агроқұрылымды қайта құру жиналысы өткен 1997 жылдың ақпанына дейін бұрынғы бастық Сайлау Жаманбаев қанша малды, дүние-мүлікті айырбасқа құрбан еткені бір Құдайға аян. Оны сіз де, біз де, ешкім де білмейді. Марқұм осы жиналыстан кейін өзіне жақтас, мүдделес 50 шақты отбасын барлық үлестерімен қоса бөліп алып, бөлек отау тігіп шыға келді. Кеңестік кезеңдегі «Қазанның 40 жылдығы» атындағы колхоз деген атауы тарих қойнауына кетіп, жаңадан құрылған «Ынтымақ» өндірістік кооперативі төрағасының орынтағына осы ауылдың тумасы, жергілікті кадр, білікті маман Өмірбек Жүсіпбеков отырды.

Өмірбек Жүсіпбеков кім? Ол – кезінде осы шаруашылықта бас инженер және партком хатшысы, ауданның басқа да шаруашылықтарында жауапты, лауазымды қызметтер атқарған азамат. Шаруашылық басшысы баламалы негізде сайланған жиналыста асығы алшысынан түсті. Жерлестері жаңа агроқұрылымның екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстатқаннан кейін жұмысқа білек сыбана кіріскен Өмірбек Жүсіпбеков бірақ алдындағы бастықтан асып кете алған жоқ. Ол да сол сүрлеуге түскен. Оның да Сайлау Жаманбаевтың кезінде қарқын алған бартер әдісін жалғастырудан басқа амалы қалмаған еді.

Ол кезде өндірістік кооператив иелігінде әлі де біраз шашуға жететіндей дүние-мүлік бар екен. Өмірбек өз қалауымен сол қолда барды бартерге жөнелтіп жатты. Қолын қаққан ешкім жоқ. Шығын қайда кеткені қағазда хаттаулы, есеп-қисабы шоттаулы. Содан ынтымақты тірлікпен «Ынтымақтың» көсегесін көгертуге көп тер төккен Өмірбек Жүсіпбеков өндірістік кооперативті 1997–2004 жылдар аралығында басқарып, тірлікті түзу жолға қоя алмады ма, әлде шаруашылықта «жейтін» түк қалмады ма, әлде шаршады ма, әлде орынтақтан үміттілер түртпектеп шаршатты ма, әйтеуір 2004 жылы шаруашылық тізгінін Мейірбек Ноғаевқа тапсырады.

Мейірбек те осы ауылдың тумасы. Жастайынан колхоздың ыстығына күйіп, суығына тоңып ысылған, бұзаушылықтан ферма меңгерушісіне дейінгі жолдан өткен пысық жігіт.

Өмірбек құр қол кеткен жоқ. Шаруашылыққа сіңірген елеулі еңбегі үшін өндірістік кооперативтен 9,2 гектар суармалы, 17,7 гектар тәлімі, 36 гектар шабындық жерді еншілеп, бір «УАЗ-469» автокөлігін тақымға басып кетті. «Автокөлікті бұрындау алғанмын, шаруашылықтың игілігіне міндім», – дейді Өмекең өндірістік кооперативке бірдеңесі өтіп кеткендей. Солай болған күннің өзінде де, бастық мінген көліктің жағдайы жаман болмайтыны айтпаса да түсінікті. «Жем-шөбі» шаруашылық есебінен. Бұзыла қалса, алдымен сол жөнделеді. Бастықтың көлігі тоқтаса, жұмыс қараң қалғаны. Өмірбекті «көлігін аяды» деп ешкім кінәлай алмаса керек. «Ынтымақты» ырысқа кенелтемін деп шапқылауы аз болған жоқ.

– Есепсіз дүние жоқ. Шаруашылықтың сіз қабылдап алған кездегі экономикалық жай-жағдайы қалай еді?

– Бірден айтайын, мен шаруашылықты қабылдап алғанға дейін де бартер басталып кетіп, айырбастың дәурені жүріп тұрған. Менің алдымдағы бастық Сайлау Жаманбаевтың бартерге не жұмсап, не қойғанында шаруам не, өзіме өткізгенін қабылдап алдым да, жұмысты жүргізуге кірісіп кеттім.

– Сіздер «Қазанның 40 жылдығы» атындағы колхоздың жаназасын шығарып, жаңа заманға лайық «Ынтымақ» өндірістік кооперативінің жұмысын бастап кеткенде, шаруашылықтың қанша дүние-мүлкі бар екен? Онда қанша адамның үлесі бар еді?

– «Ынтымақ» ӨК еншісінде 1300 гектардай суармалы, 3500 гектардай тәлімі жер, 350–370 бастай сиыр, шамалы техника қалған. Тауарлы-сүт фермасы, 1 сүт таситын машина, 1 автобус болды. Сол кездің өзінде-ақ жарамды заттардың біразы сатылып кеткен. Мысалы, сүт салқындататын құрылғы. Егіншілікте 1000 гектардай ақ егіс, 250 гектардай қант қызылшасы алқабы, 300 гектардай жоңышқа, 200 гектардай жүгері, 100 гектардай көкөніс болатын. Мал шаруашылығында 5 отар, яғни 2500 бастай қой, 30 шақты жылқы, 300 бастай (байқайсыз ба, Өмекең бір жерде 350–370, енді бір сөзінде 300 бастай дейді) сиыр бар екен.

– Мақұл делік, сіз біраз цифрларды айттыңыз. Бірақ барлығы да шамамен. Сонда шаруашылықты қабылдап алу-өткізу актісі жасалған жоқ па?

– Ондай құжаттардың біразы болған. Есепсіз дүние жоқ, шаруашылықтың шыққан шығыстары мен кірген кірістері – бәрі-бәрі сонда еді. Мен ол құжаттарды соңғы күндерге дейін сақтап келдім де, осыдан 10 күн бұрын «енді ешкімге керегі бола қоймас» деп өртеп жібердім.

– Мен сізге осы арыз бойынша осыдан біраз бұрын хабарласқанымда, мәселенің мәнісін, арыздың неге қатысты екенін ескертіп айтқан сияқты едім ғой. Осының бәрінен кейін «осы құжаттар журналистке керек болып қалар-ау» деп ойламағаныңыз ба? – деген сұрағымызға:

– Қайдан білейін, – деп иығын қиқаң еткізді Өмірбек Жүсіпбеков мырза. Оның қолда бар құжаттарын өртеп жібергенінің өзі-ақ күмән туғызғандай. «Құжаттар сөйлеп қоя берсе, құпиям ашылып қала ма?!» – деп сақтанғаны ма әлде? Әйтеуір Өмірбектің осы әрекетінде бір сыр бар. Өртегіш болса, журналист хабарласқанға дейін қайда қалған?

Ойда осындай күмәнді сұрақ көп. Өйткені Өмірбек қана емес, одан кейін бастық болған Мейірбек Ноғаев та, Мейірбек іскерлігімен көзге түсіп ауылдық округ әкімі қызметіне тағайындалып кеткеннен кейін шаруашылық тізгінін қолға алған Еркін Сандыбаев та басшылық ауысқан кезде түзілуге тиіс қабылдап алу-өткізу актісі туралы сұрағанымызда, ондай құжат туралы білмейтін болып шықты.

Айтпақшы, соңғы мұрагер Еркін Сандыбаевтан «Ондай құжат болса, болған шығар? Қазір қайда екенін білмеймін» деген екіұшты жауап алғанбыз. Іздеуге ерінетін сияқты ма, қалай өзі?

Ал Мейірбек Ноғаев болса, «мен сізге қолымдағы құжаттарды түгел апарып бергенмін. Неменеге қазбалап сұрай бересіз?! Жиырма жылдан кейін ойда не қалды дейсіз!» деген ренішін білдірген соң, қайта сұрауға батпай қалдық. Тіпті кірпияз әкімнен кешірім сұрадық осы әрекетімізге. Біз бұл жерде сұрақты Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына сүйеніп қойған едік. Осы заңның 20-бабында: «Журналистің ақпаратты іздестіруді жүзеге асыруға, сұрауға және таратуға құқығы бар» делінген.

Олар жалпы жиналыста бастық болып сайланып алған соң, биліктің бишігі қолға тигенін қанағат тұтып, жұмысты әрі қарай жалғастыра берген болып шығады ғой тиісті қабылдау-өткізу актісінің жоқтығына қарағанда. Әйтеуір біз ондай құжатқа қол жеткізе алмадық. Міне, нағыз сұраусыз дүние!

Жалғыз сұраушысы – ардагер Кеңесбек Нуридинов қана. Соншама індетіп іздейтіндей, барлық сатыдағы басшылыққа шағымданатындай кімнің жоғын жоқтап, кімнің жыртысын жыртып жүр екен арызданушы ақсақал! Әлде біреулермен, әсіресе М.Ноғаевпен жеке бас араздығы бар ма екен? Ақсақалдан оны да сұрадық.

– Айттым ғой, менің ешкімде алты аласым, бес бересім жоқ екенін. Тек ауылдық әкімдікте болған жиналыстарда сұраймын ғой іздеу-сұраусыз кеткен есіл дүниені. Кімдердің қайда, қандай мақсатта жұмсағанын, орнында не қалғанын білгім келетіні рас. Қалай дегенмен де, кеңестік кезеңдегідей «қазынаның дүниесі ғой» деп қоя салатындай емес, ол шаруашылықтың қалыптасуына үлес қосқан, сол ұжымда еңбек еткен, қазір колхоздың орнындағы мұрагер агроқұрылымның нәмінде тұратын үлескерлердің меншігі ғой. Менің осы қызығушылығым құпиясының кілтін ашып қоятындай сескенген соң ба, ауыл әкімі соңғы кездері сол сұрақтарға жауап бергісі келмей, шамырқана дөрекі сөйлеп, дауыс көтеретінді шығарды. Бұл – мемлекеттік қызметші әдебіне жат әрекет. М.Ноғаевтың маған дөрекі сөйлеп, доңайбат көрсеткеніне куәлар да бар. Баламдай адамның намысыма тие сөйлегеніне қорланып, қыстығып қалатыным да рас, – деп, қария шындықтың картасын алдымызға жайып салды. Болат ЖАППАРҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Республиканский еженедельник онлайн