Қаңтар оқиғасынан бері бір ай өтсе де, ел-жұрт нақты жауабын таппаған мынадай сұрақтар бар: Бұл қырғынды кім ұйымдастырды? Бейбіт халыққа оқ атуға кім бұйрық берді? Алматыдағы әкімшілік ғимараттарды өрттеуге, супермаркеттер мен дүкендерді тонауға, телеарналарды қиратуға кім ұйтқы болды?Қала шетіндегі оңаша тұрған әуежайды кімдер басып алды? Елу емес, 500 де емес, бақандай 20 000 террор қайдан пайда бола кетті? Олар қаңтар қырғынан кейін қайда ғайып болып кетті?
Егер де осының бәрін шеруге шыққандар жасаған болса, бір айдың ішінде бұл сұрақтардың біразы анықталатын еді ғой. Ресми органдар тарапынан адам иланатындай бірде-бір нанымды жауап жоқ. Билік тарапынан айтылып жатқан уәждің барлығы – сандырақ! Атыста өлген серіктерін терроршылардың өздері мәйітханадан алып кетті дегенге қандай есті адам сенеді? Лаңкестер үшін өлікті сүйреп қашу қажет пе еді?
Яғни, биліктің өзі осы сұрақтардың шешуін табуға мүдделі емес. Лаңкестер аспаннан түсті ме, әлде жерден шықты ма – белгісіз! Егер олар сырттан келсе, Қазақстанның мемлекеттік қауіпсіздігін күзететін шекарашылар бар емес пе? Ішкі әскери бөлімдер қайда? Қазақстанда 125 мың полиция қызметкерлері бар емес пе еді. Осындай ел басына қауіп төнген сәтте олар қайда қалды? Қаңтар оқиғасындағы жағдайдан кейін өз кеңсесін тастап қашқан Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қалай сенуге болады?
Шамасы, осыдан кейін қазақ елі мен жерінің тұтастығын қорғайтын бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік органдарын қайтадан жасақтайтын, толық тазартып, реформалайтын уақыт жеткен шығар. Егер олар елдегі тәртіпті қадағалап, арандатушыларға қарсы тұрса, қарапайым халықтың өздері көмектесер еді ғой. Өкінішке қарай, органдар түгілі, сол қырғын кезінде елді сабырға шақыратындай, халыққа араша түсетіндей депутаттардың да қарасы көрінбеді. «Халық қалаулысы» деген аты, миллионға тақау алатын ақысы бар, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы түгенделген парламент депутаттары үнсіз қалды.
Соңынан бұл билік оқиғаны насырға шаптырып алып, ҰҚШҰ-ның әскерін кіргізді. Анығын айтқанда, сырттан арнайы әскер шақырудың не керегі бар еді? Әрбір жеке тәуелсіз ел өздерінің ішкі ісіне өзгелерді араластырмай-ақ, өзінің қауіпсіздік проблемасын өзі шешпеуші ме еді?
Төлеухан БІДІРӘЛІ, Алматы қаласы