Пятница , 18 апреля 2025

ҚАҢТАРДА АЗАП ШЕККЕНДЕР кінәлілерді жазаға тартуды талап етті

  • Қаңтар оқиғасынан кейін нақақ жаламен қамауға алынып, «СИЗО»-да азапталған бір топ азамат 14 наурыз күні баспасөз мәслихатын өткізіп, кінәлі полицайларды жазаға тартуды талап етті.

Қаңтар оқиғасынан кейін қызған үтікпен азапталған Азамат Батырбаевтың (суретте – оң жақтан екінші) ісі бойынша бір күдікті қамауға алынған еді. «Қаңтар оқиғасынан кейін мені азаптағандар бойынша қылмыстық іс қозғалғанына бір жылдан асып кетсе де, әлі күнге дейін істің анық-қанығына жетпедік», – деді баспасөз мәслихатында Азамат Батырбаев.

«Мені азаптады деп арыз жаздым. Бірақ прокуратура бір адамның арызы аз екенін айтып, күдіктіге қатысты үш адам арыз жазуы керек деді. Қарапайым халық бір адамды ұрса, сол күні жазасын алады. Ал бізге жеткіліксіз дейді. Азаптағандар жазасын алса екен», – дейді ол.

Еске салсақ, Азамат Батырбаев Талдықорғанда Қаңтар оқиғасынан кейін «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген күдікпен қамауға алынған болатын. Кейін ол өз «кінәсін мойындап», тергеумен келісімге келгені хабарланған еді, деп жазады «Азаттық». Осыдан соң Талдықорған қаласының соты оны 4,5 жыл шартты жазамен босатқан.

Батырбаевтың адвокаты Жалғас Сапарханованың айтуынша, азапталғандар ісі бойынша дәлел жеткілікті болса да, тергеу шектен тыс созылып кеткен. «Қылмыстық іс қозғалды, бірақ соңына дейін жетпеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен, Бас прокуратурадан қылмыстық істерді соңына дейін әділ, заңды қарауды, істі сотқа жіберуге ықпал етуді сұраймыз», – деді ол.

Жәбірленушілердің бірі Асхат Ақашев полиция департаментінде аяусыз азап көрсеткен қызметкер кім екенін әлі күнге дейін білмейді. Жәбірленуші өздерін ұрып-соққан басқа да полиция қызметкерлері жұмыстан кетсін деп талап етті.

«Мені тергеушінің кабинетінде белгісіз бір адам темір қалқанмен ұрып-соқты. Ол адамның аты-жөнін білмеймін. Қызметкерлер оны танығанымен, мойындамай тұр. Мені ұрған адам кім екенін айтса екен немесе оны танып беруге мүмкіндік берсе екен», – деді Ақашев.

Талдықорғандағы дүрбелең кезінде Жақсылық Советбековтің көлігі камераға түскен, кейін полиция оны тергеуге шақырған. Тергеуден кейін Советбековтің төс сүйегі мен тоғыз қабырғасы сынған. Аяусыз соққыға жығылған Жақсылықтың ісі бойынша құқық қорғау органының бір қызметкері қамауға алынған, ал біреуі бостандықта жүр. Ол «істі тоқтату үшін әлдекімдер көлік ұсынғанын» айтады, деп жазады «Азаттық».

«Біреулер арқылы ұсынылады, бірақ кім үшін екенін айтпайды. Мен «керек емес» дедім. Жұмысыма орналастырып, денсаулығымды түзеп берсін, басқа ештеңе керек емес. Төрт балам бар, қазір жұмыссызбын», – деді ол.

Биыл 10 ақпанда Талдықорған қалалық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптады деп күдікке ілінген бес адамға сот үкімі шығып, олар төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Бәрі Қылмыстық кодекстің «азаптау» бабы (146-баптың 2-бөлігі) бойынша айыпталған. Айыпталушылардың барлығы шенінен айырылып, оларға үш жыл құқық қорғау жүйесінде және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Сот ісіне 23 адам жәбірленуші ретінде қатысқан.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін «қамау орындарында азапталдым» деген жүздеген адам құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Бірақ мұндай істің көбі жабылып қалған еді. Баспасөз мәлихатына қатысушы спикерлер полицияның жазықсыз азаматтарды азаптауына қатысты істі қайтадан қарап, әділ жаза тағайындалуын талап етті.

ДАТ-информ

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн