Четверг , 10 апреля 2025

ҚМЖ ҚАЖЕТ ЕМЕС!

  • Айман Сағидолланың есімі елдегі мектеп мұғалімдеріне етене таныс. Жуықта ол редакцияға хабарласып, ҚР оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің назарына арнап жазған шағын мақаласын газет бетінде жариялап беруді сұрады. Біз әділетшіл және жаңашыл ұстаздың өтінішін қабыл алып, Айман бикенің мақаласына орай «Фейсбукте» жазылған пікірлерді қоса жариялап отырмыз.

Құрметті Асхат Аймағамбетов мырза! 

ҚМЖ деген керек емес құжат! Бір ай бұрын «Фейсбукте» осы туралы мұғалімдерге сұрақ қойдым. ҚМЖ құжатының қажет еместігін мұғалімдердің 99,9 пайызы айтты. 

ҚМЖ деген не? Қысқа мерзімді жоспар. Бұйрықпен бекітілген жазылу үлгісі бар. Бір сабақтың ҚЖМ-сын жазу үшін, кемі 3 сағат уақыт керек. Бір күнде 4 сағат сабағыңыз болса, 12 сағат отырып, ҚМЖ жазуыңыз керек. 

ҚМЖ болмаса, сабаққа кіруге құқың жоқ. Таңертең мектеп оқу ісінің меңгерушісі қолына қамшысын алып, ҚМЖ тексеріп тұрады. Ал оны мұғалімдер оқушылар үшін емес, басшылық үшін жазады. Өйткені оны сабақта қолдана алмайды. 

Неге? 

Сабақта оқушының не айтатынын оқушының өзі ғана біледі. Бір күн бұрын мұғалім бал ашып білмейді ғой. Мұғалімнің айтатын сөзі де сабақ үстінде ауысып кетуі мүмкін. 

Диктатор басшылар ҚМЖ-ны сабаққа дайындық деп есептейді. Негізі бұл сабаққа дайындық емес. Сабаққа дайындық жасау үшін, таныстырылым (слайд) жасауың керек. Қима қағаздар мен берілетін тапсырмалар дайындаймыз. Балаға қызықты материалдар дайындалу керек. 

Соған жұмсалатын уақытты ҚМЖ жазуға жіберу – ақымақтық. 

Бірақ ҚМЖ міндетті. Тапсырма дайындамасаңыз да, ҚМЖ дайындауыңыз керек. ҚМ жоспары бар мұғалім ғана – жақсы мұғалім. Бұл тек қағаз жеудің жолы ғана. Мен солай ойлаймын. Бала үшін немесе мұғалім үшін жазылмайды, бастықтар үшін жазылады. 

Ешқандай заңда немесе бұйрықта ҚМ жоспарына директордың орынбасары қол қою қажеттігі туралы жазылмаған. Сонда да олар қол қойып, түртпектеп, мұғалімді езуге әуес. Ақылы оқу орталықтарында ҚМЖ мүлдем жоқ. Бұған Аятжан Ахметжанұлы куә. Тұрсынай Басқынбаева – сондай орталықта сабақ беретін мұғалім. Бұл екеуі менің сөзімді дәлелдей алады. 

Қазіргі таңда 11-сынып оқушылары мектепке емес, ақылы орталыққа жүгіруде. Оларда ҚМЖ жазбаса да, оқу сапасы бар. 

ҚМЖ жазған есіл уақытқа ешкім жалақы бермейді. ҚМЖ негізінен түнде жасалатын жұмыс түріне кіреді. Көбіне таңғы 4-те тұрып жазамыз. Оны жазбасаңыз, жұмыстан кетуіңіз де ғажап емес. Міндетті құжаттар қатарына жатады. 

Соңымызда жанып тұрған жас мұғалімдер келе жатыр. 

Оларды мектеп қажетсіз құжатпен езіп тастамасын!

Мектепті түзеу керек. Барлық жұмыс тек қана сапалы білім беруге бағытталуы керек. Сабақтың мақсаты жылдық жоспарда көрсетілген. Сол да жетеді. 

Қолдайсыздар ма, әріптестер? 

Дене шынықтыру мұғалімдері! ҚМ жоспарды қалай қолданасыздар? Балалармен бірге жүгіріп бара жатып, тоқтап ҚМЖ оқып алып, қайта жүгіресіздер ме? 

– Балалар, отыра тұрыңыздар, ҚМЖ оқып алайын, – деп отырсақ қана оны қолдана аламыз. Басқа жағдайда бұл мұғалімнің алтын уақытын жейтін, оқушы үшін ешбір қажеті жоқ құжат! 

ҚМ жоспарды алып тастаңыз, Асхат мырза!

Айман САҒИДОЛЛА

Comments:

  • Өте орынды мәселе. ҚМЖ – мұғалімнің алтын уақытын босқа өлтірудің құралы. 30 жылға жақын еңбек өтілім бар. ҚМЖ-ны қарап отырып, сабақ бермеймін. Сабақ беру – жоспарға бағынбайтын шынайы өнер. Министр мырза осы мәселені шешіп берсе деп үміттенемін!

Айнұр ҚАДЫРОВА

  • Бұған қоса, БЖБ мен ТЖБ да бос әурешілік екенін түсінетін кез келді. Міне, /мектеп жүйесіне енгізілгелі/ алты жыл болды. Оқушылардың білімінің ілгерілегенін көрмедім. Егер керемет болса, ендігі бір нәтижесін берер еді ғой.

Серік ЗИЯТОВ

  • Мұғалімнен басқа ешбір мамандық иесі ертеңгі жасайтын жұмысын минутқа бөліп, жоспар жазып, уақытын кетірмейді. Жай ғана қойын дәптеріне түртіп алуы мүмкін немесе ойша жоспарлап, жүйелеп алады.

Арайлым ГУМАРОВА

  • Мұғалімдер түнімен ҚМЖ жазып, үнемі ұйқысы қанбай, мектепте шаршап жүреді. Бір күнде 4-5 сабағың болса, түнде мүлде ұйықтамайсың. Оқушылар сабаққа жақсы көңіл-күймен баруы керек дейді. Ал мұғалім ше? Түнімен ұйықтамай, ҚМЖ жазып шаршаған мұғалімде қандай көңіл-күй болады деп ойлайсыздар? Білесіздер ме, қазіргі мұғалімдердің көбі мамандық таңдаудан қателескен екенмін деген ойда.

Байқайсыздар ма, оқытудың, бағалаудың, кері байланыстың әдіс-тәсілдерімен-ақ оқушыларды шаршатып жібердік. Сабақты зерттеуді айтсаңызшы, мүлде өтірік жүреді ғой, көзбояушылық.

Жанат САДВАКАСОВА

100% қолдаймын. Балаға білім беру жайына қалды. Мұғалім үйінде ҚМЖ-сын жазып болғанда, таң атады, тапсырмасын дайындауға уақыты жетпей қалады. Содан басы бар, аяғы жоқ дайындықпен мектепке барамыз. Жай ұйықтау – денсаулыққа өте зиян. Денсаулығым да кетіп барады. Шаршап барған күні нашар энергетикаңды балалар да сезіп қояды. Сабақ аз күні шаршамай, мектепке жақсы энергиямен барасың, ол күні балалар да жинақы отырып, сабақ діттеген мақсатына жетеді. Балаларға тек қажетті тапсырмаңды ғана дайындап баратын күн туа ма екен?!

Айжан САПАРҒАЛИЕВА

  • Мұғалімнің еңбегін сабағына кіріп бағаласын. Сонда қандай дәрежедегі ҰСТАЗ екенін өз көздерімен көріп, әрі бағаларын беріп кетеді. Қазіргі кезде жарнамашыл ұстаздар, авторлық бағдарлама, әдістемелік құралдар, ғылыми жоба жазып береміз дейтіндер көбейіп кетті. Бір-бірінен көшіріп жазу, интернетті ашып қалсаң – сол көрініс. Әділдік жоқ. Бұлай жаттанды дүниемен, көзбояушылықпен жүрсек, жас ұрпаққа қалай тәрбие мен білім береміз?

Гүлдана БАЙЫШЕВА

  • Өз пәнін дұрыс білетін, дұрыс сабақ бере алатын, тақырып бойынша оқушыға нені меңгерту керек екенін, сол тақырыпта берілетін білімді өзі түсініп тұрған мұғалімге ешқандай ҚМЖ-ның қажеті жоқ. 40 жыл мұғалім болдым, сол ҚМЖ-ны жаздым, бірақ оған ешқашан қарамаппын. ҚМЖ – мұғалімнің уақытын босқа кетіру.

Күлзипа САДУАҚАСОВА

  • Кеңес Одағы кезінде орыс мектептерінде әр пәннен, әр сыныпқа арналған, бағдарламаға сәйкес құрылған «Обучение» деген әдістемелік көмекші құрал, қалың кітап болатын. Ішінде әр пәнге сабақ жоспары түзілген, әдістің сан алуан түрлері бар еді. Мұғалімдер оны өз мүмкіндіктеріне сай икемдеп қолданып жүретін. Сондай бір әдістемелік құрал шығаруға болады деп ойлаймын. Әйтпесе қазіргі ҚМЖ-ны жазу керек болған соң ғана жазамыз, оны жүзеге асыратынымыз шамалы, жастар жағы тіпті бетіне де қарамайды.

Сәуле СЕЙДАЛИНА

  • Өте дұрыс, қосыламын! Егер А4 парақтан үй салуға болса ғой, шіркін! Онда ҚМЖ-ға кеткен қағаздан көп қабатты үй салатын едік. Қытайдың ақ парағының саудасы жүріп тұр: КТП, БЖБ, ТЖБ, ҚМЖ, т.б.

Гүлзада ДІЛДӘБЕКОВА

  • Жоспарсыз сабақ болмайды. ҚМЖ-ның кестесін қолайлы етіп, өзгеріс жасасақ – болады. Мүлдем жоспар керек емес деген сөз жоқ.

Күлмараш ЖАЙЫҚБАЕВА

  • ҚМЖ-ның бұйрығын жылда ауыстырады, әйтеуір бітпейтін өзгертулер. Ол кімге керек? Жазып келгенімен, оған қарамаймыз да. Одан да мектептерге интерактивті тақта берсін, дайындап келген тапсырмалар мен видеоларымызды көрсету үшін. Көрнекілікті қағазға шығарып алып келіп, тақтаға іліп көрсетіп жүрміз, қағаздың соры.

Гүлжан АБАНОВА

«ДАТҚА» ЖАЗЫЛ, АҒАЙЫН!

Алда келе жатқан 2023 жылдың газет-журналдарына жазылу басталды. Елдегі экономикалық дағдарыс діңкелеткен, қымбатшылық құрсауына қамалған «ДАТ» газеті бұл науқанда кемінде 20 мың оқырман жинай алмаса, келесі жылғы жағдай жаман болайын деп тұр. 25 жылдық мерейтойы (16.04.2023) қарсаңында газеттің жабылып қалу қаупі де жоқ емес. Сондықтан осы жағдай оқырманға жалбарынған күй кешуге мәжбүр етіп отырғанын жасырмаймыз.

Газет қағазының құны қымбаттаған соң (тоннасы 300 мың теңгеден асты), баспахана қызметі де қымбаттады. Газеттің бір данасын басу құны 35 теңгеге жетті. Апта сайын шығатын газетке жарты миллионға жуық (айына 2 млн) ақша жинау оңай болмай барады.

 «ДАТ»-та демеуші (спонсор) жоқ, соңғы 10 жылда болған да емес. Ал нарық тарықтырған Қазақстанның жағдайында демеушінің қолдауынсыз газетті аймақтарға жеткізу – қиямет-қайым машақатқа айналды.

  • СОНДЫҚТАН, АРДАҚТЫ АҒАЙЫН, «ДАТ» ГАЗЕТІНЕ ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!

Жазылу жергілікті жердегі «Қазпошта» бөлімшелері арқылы жүреді. Жазылу каталогында «ДАТ»-тың ресми мемлекеттік тіркеудегі атауы «Общественная позиция» газеті деп көрсетілгенін ескертеміз. Каталогта көрсетілген жазылу индексі – 64258.

Ал егер пошта бөлімшесіне баруға уақытыңыз тапшы болса, біз сізге газетке жазылудың редакция арқылы жүргізілетін жеңіл жолын ұсынамыз.

ОЛ ҮШІН:

1. Газет тарату бөлімінің атына тіркелген +7-700-300-47-70 Каспи-голд номеріне (Эрик Бапиев) тиісті жазылу бағасына сәйкес соманы аударасыз;

2. Бұдан соң осы уатсаб-номерге:

  • толық аты-жөніңізді
  • жергілікті поштаның индексі (міндетті түрде) мен тұрғылықты адресіңізді жазып жібересіз.

Тарату бөлімі сіздің атыңызға жазылуды рәсімдеген соң, ары кеткенде бір айдың ішінде жазылу түбіртегін сізге пошта арқылы немесе уатсаб-СМС хабарлама арқылы жолдайды.

Әлбетте, біз жақсы түсінеміз: сіздің бір жылға жазылған 5 мың теңгеңізге екі-үш күндік азық-түлік сатып алуға болады. Таңдау өзіңізде – екі-үш күннің тамағын аласыз ба, жоқ әлде бір жыл бойы үйіңізге газет жаздырып алу қажет пе?

«DAT» медиа-жобасының редакциясы

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн