Пятница , 4 июля 2025

ҚОНАЕВ ҚАНША қазақ мектебін жапты?

Әлдекімдер ашық ақпарат кеңістігіне, «Фейсбукқа» да үнемі «Қонаев 700 қазақ мектептерін жапты» деген ақпарат салып отырады. Бірақ бұл цифрды қайдан алғанын, қандай құжаттарға сүйенгенін көрсетпейді. 

Осы ақпа­рат­ты сарап­тап көрейік.

Дін­мұ­ха­мед Қона­ев Қаза­қстан­дағы билік басы­на 1960 жылы келіп, Қаза­қстан Ком­пар­ти­я­сы Орта­лық Коми­тетінің Бірін­ші хат­шы­сы болып сай­лан­ды. Аз уақы­тқа қыз­меті­нен кетіп, қай­та орал­ды. Бұл қан­дай кезең еді?

Діме­кең билік­ке кел­ген­ге дей­ін СССР-де, Қаза­қстан­да 20–30 үйлік, бес өгіз, бір соқа­сы бар мой­ын­серік­тер­ді бір орта­лы­ққа көшіріп, ірі­лен­ді­ру, сол кез­де­гі озық тех­ни­ка­мен жаб­ды­қталған кол­хоз, сов­хоз­дарға бірік­ті­ру науқа­ны баста­лып кет­кен еді. Мыса­лы, мен өскен Екпін­ді ауы­лы­на орта­сын Шын­жы­лы өзені ғана бөліп тұрған Бір­ле­стік ауы­лы мен Қоян­көз, Қар­лы­ғаш, Фур­ма­нов, Бостан­дық, Киров, Шілік­ті мой­ын­серік­тері қосы­лып, «Қаза­қстан­ның 30 жыл­ды­ғы» кол­хо­зы құрыл­ды. Қоян­көз, Бостан­дық, Киров, Бір­ле­стік, Шілік­ті­де төрт жыл­дық қазақ мек­теп­тері болып­ты. Бұлар­да бар бол­са, түс­ке дей­ін 1 және 2‑кластың бірер бала­сы­на, түстен кей­ін 2 және 4‑кластың бірер бала­сы­на өзін­де де төрт кла­стық қана білім бар бір ғана мұғалім бір бөл­мелі тоқал­там­да сабақ беріп­ті. Осы ауыл­дар мен мек­теп­тер түгел жабы­лып, жұр­ты Екпін­ді­ге, Фур­ма­нов пен Бір­ле­стік­ке көшіріл­ді. Осы­лар­ды жабы­лған мек­теп деп атау қалай болар екен?

Сол тұста менің ауда­ным­да 8 ірі шару­а­шы­лық құры­лып­ты. Енді қан­ша мек­теп жабы­лға­нын есеп­тей беріңіз. 700 деген жай сөз. Әлдеқай­да көп.

Бірақ оқу­шы бала­ларға өте қолай­лы жағ­дай жасал­ды. Бір­де-бір бала оқу­сыз қал­ма­ды. Жабы­лған ауыл­дағы бала­лар бұрын 4‑кластан соң не оқу­ды бір­жо­ла ұмы­та­тын, не тума- туыс жаға­лап, интер­нат қуа­лап кететін. Енді көшіп барған ауыл­дағы 8 жыл­дық мек­теп­тер­де неме­се Екпін­ді­де­гі 10 жыл­дық орта мек­теп­тер­де ата-ана­сы­мен бір­ге тұрып оқи­тын бол­ды. Жоға­ры білім­ді маман ұста­здар­дан білім алды. Мұның несі жаман? Керісін­ше, өте дұрыс шешім қабылданған.

Қай­та­лап айта­мын: бұл науқан Димаш Қона­ев билік басы­на кел­ген­ше-ақ қарқын­ды жүр­гізіліп жатқан. Діме­кең не істе­се де, Мәс­ке­удің бұй­ры­ғын тоқта­та алмас еді, тоқта­тып та кере­гі жоқ екенін түсін­ген боларсыздар. 

Келесі мәсе­ле. Дін­мұ­ха­мед Қона­ев билік­ке кел­ген­нен кет­кеніне дей­ін осы жағ­дай қалай өзгер­ді деп ойланға­ны­ңыз бар ма? Тағы да өз ауда­ным­нан мысал іздей­ін. 1960 жылға дей­ін біздің аудан­да бір ғана Екпін­ді қазақ орта мек­тебі бол­ды. 1986 жылы Діме­кең билік­тен кет­кен­де, ауда­ным­да 9 қазақ орта мек­тебі сапа­лы білім беріп тұрды.

Осы кез­де Қаза­қстан­да 250-ден астам аудан бар-тын. Енді Діме­кеңе жалған жала жаба­тын­дар «Қона­ев қан­ша қазақ орта мек­тебін ашты?» деген­ге жау­ап іздеп көр­сін. 250-ді менің ауда­ным­да ғана ашы­лған 8‑ге көбей­тіңіз. 2000-дай екен. Жабы­лып қал­ды деп зар жылап жүр­ген төрт кла­стық сапа­сыз 700 мек­теп­ті 2000-дай орта мек­теп­пен салы­сты­руға келе ме?

Бар­лық жағ­дай зер­де­леу арқы­лы көрі­неді. Салы­сты­ры­ңыз. Дін­мұ­ха­мед Қона­евқа бей­са­у­ат жала жаппайық.

Енді бүгін­гі күн­ге келей­ік. Бар билік тіз­гіні өз қолы­мы­зда, қыды­ң­дап тұрған Мәс­кеу жоқ. Осы 30 жыл­да не істе­дік? Тағы да мысал­ды өз ауда­ным­нан іздей­ін. Тағы да мек­теп­ке келе­міз. Қона­ев­тың тұсын­да малын мың­дап өрістетіп, егінін жинап, өсіп-өніп жатқан ауыл­дар­дың бүгін­гі жай-күйі қалай? Жүрек ауы­ра­ды. Ауда­ным­дағы Сал­дыр­кө­пір, Жүн­жүрек, Май­лы­шат, Шын­жы­лы, Май­қан, Бибақан секіл­ді құдай табиғат­тың бар сұлулы­ғы мен нуын бер­ген ауыл­дар қаңы­рап қал­ды. Көк­жар жеке шару­а­шы­лық еді. Орны ғана бар. Төрт-бес үй бар ма, жоқ па? Осы ауыл­дар­дағы мек­теп­тер­ді іздеп те кере­гі жоқ.

Қона­ев­тан кінә іздей­тін топ­тағы­лар, жұрт­ты ақыл­сыз сана­маң­дар. Біз бәрін көріп, ой еле­гі­нен өткі­зе ала­мыз. Алды­мен Қона­ев­тың дең­гей­іне жетіп алыңдар.

Камал ӘБДІРАХМАН

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн