Өзекті тіліп өткен өткір хабар, жүрек мұздатқан суық сөз…
Әдебиет әлеміне жан-тәнімен берілген жазушымыздың бірегейі еді. Алдымыздағы асқар таудай ағалар кеткен сайын, іргеміз опырылғандай күй кешетініміз рас. Жайдары мінезді, әр сөзі мен әзілінің өзінен үлкен ақылдың сәулесі ұшқындап тұратын, кеңінен ойлайтын, кенен көңілдің адамы, дүниені өзінше көріп, өзгеше суреттейтін жөні бөлек жазушы болатын.
Бүгін суық хабарды сіңіре алмай отырғанда, басымыздан өткен сыйлас, сапарлас, қызметтес болған кездерім есіме түсіп, жарқын естеліктерді қайғы еңсеріп кетіп жатыр…
Менің әзіл-шыны аралас «Күйеу бала» дегенім ол кісіге ұнайтын, «О, қайнаға» деп, жорта қалбалақтай қалғаны өзіне үйлесетін. Менен жиырма бір жас үлкен болса да, жолыға қалсақ әзіліміз жарасатын. Арамызда көп жылдардан келе жатқан жарасым, сызат түспеген сыйластық бар еді.
Бала кезімде Әкім ағаның «Құйрықты жұлдыз» романын оқып, Кірпішбай деген совет заманының шеңберіне сыймайтын ерекше кейіпкері өмір-бақи есімде қалып қойды. Мұндай ағысқа қарсы жүзетін кейіпкер Таразидің әр шығармасынан табылатын.
Содан кейін жылдар өте «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», т.б. романдарын оқып, білімдар, шыншыл, аңғарымпаз, юморы жүрегіңді жылытатын қайталанбас жазушының ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасын тайға таңба басқандай танитын болғам. Ол кісі әдеби ортаға әйгілі «4 тапалдың» үлкені еді. Барлығы да жойқын таланттар. Жақын достары Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтарлар оны «Әкім аға» дейтін. Бұл топқа Қабдеш Жұмәділ ағамыз қосыла қалса, олар «5 тапал» болып шыға келетін.
Ал Шерхан Мұртаза ағаның Әкім қатарласымен әзілі тіпті бөлек еді. Қара сөздің қас шебері, қаһарлы Шерағаң Әкім аға дегенде ақындық шабыты ұстап, әзіл өлеңдер бұрқырататын, кейде өзі дүдамал болған ұйқасын маған көрсетіп алатын.
Бұл әдебиет алыптарының өзара сыйластығы әлі көз алдымда. Әкім аға енді сол достарының соңынан бүгінгі күннің сәлемін алып бара жатқандай.
90 жасқа толған мерейтойы қарсаңында мен Әкім Таразидің еңбегін тізіп жазып, өтініш білдіргенімде, ТҮРКСОЙ-дың Алтын медалін Бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы Раев Қазақстанға жолдап, табыс етуді өзіме ұсынған еді. Мәртебелі марапат ұшақпен жеткен кезде Әкім Тарази ағаның төсіне өз қолыммен тақсам деп Астанаға алып-ұшқаным, алайда ол кісі тымауратып қалып, дәрігерлер ешкімді қабылдатпай, Алтын медальді Астана жазушыларының сол кездегі басшысы Дәулеткерей Кәпұлы бауырымызға аманаттап кеткенім есіме түседі.
Әкім Тарази ағамыз проза, драматургия, киносценарий жанрларының қай-қайсысында да өшпес із қалдырып, өнер саласында соңынан қыруар талантты шәкірт ерткен биік Ұстазға айналғалы қашан?! Оқырманының, халқының, мемлекеттің лайықты құрметіне бөлене білді. Ұлағатты адамға ұзақ ғұмыр жарасатынын байқатты және ұлтқа қажет адамға қанша жас жасаса да аздық ететінін көрсетті.
Әкім ағаның өмірден озуы – халқымыз үшін, әдебиетіміз үшін орны толмас орасан қаза. Қалың оқырман қауымға, Әдебиеттегі күллі қаламдас інілеріне, марқұмның әулетіне, Роза Мұқанова қарындасым мен отбасына,туған-туыстарына ауыр қайғыға ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын!
Әкім ағаның жаны жәннатта болып, нұры пейіште шалқысын!
Алаш баласына ағамыздың жасын берсін!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ