Халықаралық қатынастар саласындағы сарапшы, саясаттанушы Риззат Тасым «Datnews» порталына сұхбат берді. Саясаттанушы қазір Қазақстандық қоғамдық даму институтының Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығына жетекшілік етеді. Ол ресми қызметімен қатар қоғамдағы өзекті саяси-әлеуметтік мәселелерге пікір білдіріп жүрген сарабдал маман ретінде де танымал.
– Қош көрдік, Риззат мырза! Бірер күн бұрын премьер-министр көптен бері алғаш рет ашық брифинг өткізіп, үш сағаттан астам уақыт бойы әріптестерімнің сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар соңғы кезде ел ішіндегі саяси реформаларға қатысты пікір алмасу күшейіп келеді. Мысалы, Ермұрат Бапидың мақаласы мен Айдос Сарымның сұхбаты қоғамда қызу пікірталас тудырды. Осы процестер нені білдіреді? Бұл пікірлер мен брифингтің артында шынайы реформалар тұр ма, әлде олар тек идеологиялық реңкке ие саяси символизм бе?
– Қоғамның дамуы дискуссияны талап етеді. Әсіресе сарапшылар арасындағы дискуссияның орны ерекше. Себебі олар әдетте эмоцияға емес, салқынқанды анализ бен фактілерге жүгінеді.
Жалпы, өзім елдегі саяси реформаларға қатысты ой толғап, пікір білдіріп жүрген азаматтардың жазғаны мен айтқанына зер салып отырамын. Өйткені ел тағдырын айқындайтын өзгерістер жайлы әрбір баға, әрбір көзқарас – саналы азамат ретінде бізді бейжай қалдырмайтын, ішкі жауапкершілікті оятатын дүние. Жасы емес, заманы бір құрдас дейтін болсақ, бір дәуірде өмір сүріп жатқан замандастарымыз бұл үдерістерді қалай қабылдап жатыр, осыны түсіну әрқашан маңызды. Көп жағдайда біз айсбергтің су бетіндегі бөлігіне ғана үңіліп, оның астарында, тереңінде жүріп жатқан күрделі құбылыстарды байқай бермейміз. Қоғамда да солай, жұрт назарын жалқы оқиғалар мен жарқын көріністер аударады да, шын мәніндегі үдерістер, ішкі күйзелістер мен бетбұрыстар көлеңкеде қалып қояды.
Шын мәнінде, бүгінде қоғамдық қатынастар жедел трансформациядан өтіп жатыр. Қысқа мерзімде мемлекеттік басқару институттарына реформа жасалды. Азаматтардың шешім қабылдау мүмкіндігі кеңейіп, Конституцияда адамның құқы мен еркін қорғау қағидаттары нығайды. Анығырақ, Конституциялық реформа бойынша 2022 жылы тиісті заңдардың 39 бабына 70 түзету енгізілді. Олар 2019 жылғы билік транзитінен кейінгі қалыптасқан қос билікті жоюға бағытталды.
Халықаралық деңгейде де адам, қоғам және мемлекет арасындағы өзара әрекеттесу форматтары мен өмір сүру мәнінің түбегейлі өзгеруі әлеуметтік және идеологиялық негіздегі оқшаулану мен ыдыраушылыққа әкелді. Осыған сәйкес ішкі ортадағы қоғамдық қатынастарды жүзеге асыру және қайта құру үшін, ең алдымен идеологиялық жұмылу қажет.
– Сөзіңізге қарағанда, қоғамның беткі қабатын ғана емес, тереңіндегі үдерістерді де аңдау қажет дейсіз ғой. Ендеше Президент Қ. Тоқаевтың көздегені де дәл осы тереңдегі қозғалыстарды байқап, жүйелі өзгерістерге жол ашу ма?
– Мемлекеттік идеологияны қазақ қоғамын саяси жаңғырту міндеттеріне сай келетін жаңа мазмұнмен толықтыру қажеттігі Президент Қ.Тоқаевтың тұжырымдамалық жолдауларында, баяндамаларында және сөйлеген сөздерінде толық көрініс тапты. Оның осы тақырыптағы сөздері мен мәлімдемелері жаңа ұлттық бірегейлікті қалыптастыру идеясының практикалық және теориялық өзектілігін айтарлықтай арттырды.
Бүгінде демократиялық дискурс биліктің халықпен кеңесуін электоралды процедура арқылы сайлау науқаны мен референдум кезеңінде ғана емес, сонымен қатар азаматтардың басым бөлігінің немесе жергілікті халықтың өміріне қатысты саяси шешім қабылдау процесінде үздіксіз жүргізілуін талап етіп отыр. Осы ретте Президент Қ.Тоқаев Қазақстанда барлық мүдделі қоғамдық топтардың билікпен және өзара сапалы саяси коммуникация негізге алынған демократияның делиберативті яки кеңесуші демократия моделін құру курсын бекітті. Оның мәні – демократияның қоғамдық пікірге сүйенген, еркін мазмұнды пікірталас нәтижесінде алынған, рационалды негізделген, ең қолайлы үлгісін табу.
– Кез келген реформа мен бастаманың түпкі бағдары – әділет салтанат құрған мемлекет құру. Халықтың сенімі мен үміті де әділеттен басталады. Ең үздік үлгі де, ең үлкен мұрат та – дәл осы әділетті мемлекет болуға тиіс емес пе?
– Қазір «ескі» және «жаңа» деген межеге бөлетін бұлдыр, өтпелі кезең артта қалды. «Әділетті Қазақстан» ең өзекті идеологиялық концепт ретінде орнықты. «Әділетті Қазақстан» мемлекеттің игілігін тең бөлісуден бастап, әрбір азаматтың әл-ауқатына дейінгі мәселелерді қамтиды. Әрбір азаматтың құқығы мен бостандығы жоғары құндылық десек те, адам көпэтносты, көпконфессиялы, көпқырлы қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, «әртүрлі пікір – біртұтас ұлт», «заң мен тәртіп», «адал азамат» қағидаттарын абстрактілі ғана емес, қоғамды ұйыстырушы ұғымдар деп қабылдаған жөн. Бұл тұжырымдамалар азаматтарды мемлекетке бойұсындыру немесе міндеттеуді емес, ең алдымен ортақ ұстанымға шақыруды көздейді.
Елдегі саяси жаңғыру үрдісі үздіксіз жалғасып келеді. 2019 жылдан бері суперпрезидент өкілеттігі жойылып, конституциялық реформа жүзеге асты. Президент реформаны өзінен бастады. Мемлекеттік биліктің монополиясын шектейтін Президенттің бір реткі жеті жылдық мерзімі белгіленді. Одан бөлек, Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік саяси қызмет пен квазимемлекеттік сектор басшысы лауазымын атқаруға тыйым салынды. Мұндай қадам отыз жыл ішінде қалыптасқан кландық капитализм жүйесіне тосқауыл болды және биліктің «қолмен басқару» тәсілінен бас тартуына ықпал етті.
Билік тармақтары арасында теңгерім орнай бастады. Бұрын барлығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын Президент әкімшілігінің құзыреті азайған. Парламент, Үкімет отырыстары онлайн өткізіліп, жариялылық артып келеді. Сенат пен Мәжілістің соңғы жылдардағы тікелей эфирде өткен отырыстарын орташа есеппен бірнеше мың адам көріп шыққан. Қоғамда ерекше резонансқа ие болған «Бишімбаев ісінің» 24 отырысы 48 рет тікелей эфирде көрсетіліп, жалпы 119 сағатқа созылды, алыс-жақын шетелден 60 млн-нан астам адам көрген, ал «Шерзат оқиғасы» бойынша 36 тікелей эфир жалпы 80 сағатқа созылып, оны алыс-жақын 40 шақты елдің азаматтары көрген. Олар сот жүйесінің ашықтығы мен азаматтардың құқықтық сауатына едәуір әсер етті.
Сөзімізге тұздық ретінде 2024 жылғы қазан айында Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтанулық сауалнама нәтижелерін (1200 респондент) айта кетуге болады. Респонденттердің пікіріне сәйкес, ең алдымен әділеттілікті қазақстандықтардың көбі барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігімен байланыстырады екен (71,8%). Яғни, әділеттілік пен құқықтық тәртіп қағидаттарын саналы түрде ұстану – мемлекет стратегияның іргетасы.
Оған қоса, сайлау жүйесі, саяси партиялар, Парламент туралы заңдар өзгертілді. Конституциялық сот қайта құрылды. Осы парадигма жаңа қоғамдық келісімнің қалыптасуына ықпал етті. Мұндай үрдістер айналамыздағы елдердің ішінде тек біздің Қазақстанда ғана жүріп жатқанын ескеру қажет.
Мемлекеттік қазына байлығының олигархаттың қолында шоғырлануы, заңсыз-есепсіз шетке шығарылуы қараша халықтың мемлекеттік институтқа деген сенімінде дағдарыс тудырғаны рас. Сондықтан әлеуметтік әділдікті орнатудың бір бөлігі – шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару. Заңсыз активтер есебінен мемлекет кірісіне жыл басынан бері 900 млрд теңге аударылған. Сондай-ақ активтерді ерікті түрде қайтару туралы 40-тан астам келісім мақұлданды. Қайтарылған қаражат елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалып жатыр. Активтерді қайтару нәтижесінде жалпы сомасы 134 млрд теңгеге 82 мектептің құрылысы қаржыландырылды.
Бұдан бөлек, ірі кәсіпкерлердің арасында әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдау бастамасы көтеріліп, елімізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі күшейді. Нәтижесінде «Қазақстан халқына» қорына түскен қаражаттың басым бөлігін ірі кәсіпкерлердің салымы құрап отыр. Қазір қор шотындағы қаржы білім беру, денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларға жұмсалып жатыр. Осылайша халыққа тиесілі игіліктер қайтадан өзіне берілуде.
– Сіз өте ауқымды, түбірлі мәселелердің түйінін тарқаттыңыз. Жүйе әділетке бет бұрса да, сол әділетті арқалап жүретін адам болмаса, ниеттің дұрыстығына қарамастан нәтиже солғын болып қалмай ма?
– Әлбетте, «Әділетті Қазақстанға» адал кадрлар қажет. Алайда әділеттілік қоғамдық ұйысудың идеологемасы ретінде:
Біріншіден, әділеттіліктің орнығуы қоғамда сәйкесінше атмосфераны қалыптастыруды талап етеді (Жаңа қоғамдық этика);
Екіншіден, мемлекеттік аппарат өз бетінше әділеттілікті қамтамасыз ете алмайды, әсіресе өзіне қатысты, сондықтан қоғам күшін жұмылдыру қажет. Яғни, қоғам өзіндік «Әділеттік хартиясын» қалыптастыру керек. Сол себепті 1‑ші және 2‑тармақ тікелей қоғамда адал азаматтарды, мемлекеттік қызметте адал кадрларды талап етеді.
Осы тұрғыда саяси реформа барысында іске асқан маңызды бастама – Президенттік жастар кадрлық резерві. Бұл талантты жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт. Қазіргі таңда Президенттік кадрлық резервке 400 адам өтіп, олардың 75%-ы орталық және жергілікті атқарушы органда, квазимемлекеттік секторда, өндірісте қызмет атқаруда. Өткен жылы өңірлік кадрлық резервтер құрылды. Өңірлік кадрлық резерв осы жобаның барынша масштабты және инклюзивті екенін айғақтайды. Бұл процесс мемлекеттік аппаратқа жаңа мамандарды әкеліп қана қоймай, еліміздегі HR жүйесіне тың серпін берді.
Адами әлеуетті әлеуметтік капиталға айналдыратын уақыт келді. Қазір халық санының қарқынды өсімінің «демографиялық дивидендтерін» ұтымды пайдалану маңызды. Елдегі саяси тұрақтылық пен қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдай демографиялық өсімге де әсер етті. Соңғы жылдармен салыстырғанда Қазақстанға көшіп келушілердің саны көбейген. Бұл азаматтарымыздың басқа жақтан «жерұйық» іздемей, елдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге қанағаттануын, елдің болашағына деген сенімінің артқанын көрсетеді.
– Дұрыс-ақ. Дегенмен, бүгінгі қоғамда кадр мәселесін былай қойғанда, талқылаудың өзі тереңнен емес, көбіне эмоция мен алып-қашпа әңгімеден тамыр алып жүрген жоқ па? Мұндай мазмұнсыз айтыс-тартыс, бос даурықпа нағыз адал еңбек етіп жүрген жандардың ынта-ықыласын суытып, күш-жігерін қажетсіз арналарға бұрып жібермей ме?
– Иә, бұл ретте ғылыми негізге сүйенбей тұжырым жасау үстірттікке ұрындырады. Әрбір азамат, әрбір пікір иесі қоғамда іріткі туғызуы мүмкін мәселелерге абай болғаны жөн. Себебі сөз де – жауапкершілік. Оның үстіне елімізде саяси коммуникацияның орнықты тәжірибесі енді ғана қалыптасып келеді. Сондықтан сын мен пікірдің де мәдениеті, этикасы болуы қажет. Әйтпесе эмоция жетегіндегі талқы шынайы реформалар жолындағы сенімді шайқалтып жіберуі әбден мүмкін. Әсіресе саяси коммуникация аясында рационалдылық (прагматизм) және құндылықтарға (эмоция тудыру) жүгіну маңызды.
Осы орайда қоғамды ынталандырушы коммуникацияның құрылымы төрт өлшемге негізделуі тиіс:
Өзектілік. Неліктен бұл мәселе маңызды, неге ол жалпы контексте ерекшеленеді? Оның шешілмеуі қандай зиян тигізеді? Кім зардап шегеді? Неден айырылуымыз мүмкін?
Қажеттілік. Неліктен дәл осылай істеу керек? Неге басқа нәрсе жасауға болмайды?
Тиімділік. Ұсынылған ұсыным/жоспар неліктен тиімді болады?
Жүзеге асуы. Бұл жоспардың жүзеге асуы қаншалықты шынайы?
Қоғамда осы критерийлерге негізделген ортақ жария полемикаға түсу дағдыларын дамыту және сіңіру арқылы радикалды бағыттарды (Red Line) ысыруға болады.
– Сонда қазіргі күні ұтымды да салиқалы ой айтудан бөлек, қоғамды біріктіре алатын үндеудің маңызы артып отыр дегіңіз келе ме?
– Иә, ұлтты ұйыстырар үндеу – тек өткір сөз емес, ортақ мүддені тап басар парасатты ой болуы керек. Ондай үндеудің өзегі – әділет, сенім және болашаққа деген ортақ жауапкершілік. Бұған қазір орын алып отырған поляризацияның күшеюі мен сенім дағдарысын қосыңыз. Мұндай кезеңде ұтымды, біріктіруші ой – жікке бөлінген көңілдерді жақындастырып, елдік мүддені алға шығаратын ең басты құрал.
Эдельман сенім барометрінің 2023–2024 жылғы шығарылымдарына жүгінсек, қоғамдағы поляризацияға әсер етуші фактор ретінде сенімнің төмендігі, әлеуметтік инфрақұрылымның әлсіздігі және әділетсіздік көрсетілген. Поляризацияның артуына үкіметке деген сенімнің төмендігі, ортақ бірегейліктің (identity) жоқтығы және жүйелі түрдегі әділетсіздік көп әсер етеді. Респонденттер пікірінше, қоғамдағы келіспеушіліктер шешілмей, поляризацияның күшеюінен тууы ықтимал проблемалар көбейеді, олар: дискриминацияның өршуі, экономикалық өсімнің төмендеуі, көшедегі қылмыстың жиілеуі, әлеуметтік проблемаларды шеше алмау, қаржының жетіспеуі. Дәрменсіз саяси институттар мен жемқорлық та үлкен проблемаға айналып отыр. Азаматтардың пікірінше, осының барлығы саяси «жатсынуға» (alienation) әкеледі.
Сол себепті қоғамның бірлігі қазір бұрынғыдан да маңызды. Жасырын саясаттан бас тарту, жария саясатты дамыту және қоғамның саяси шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейту жолында қоғамның бірлігі мен тұтастығын одан әрі нығайту бойынша идеялар мен қадамдарды әзірлеу, кең ауқымды сапалы дискуссия ұйымдастыру және ұтымды ойларды іріктеу аса қажет.
– Шынайы әрі әсерлі әңгімеңіз үшін көп рақмет!
Сұхбаттасқан Айгүл ҚАЛКЕНҚЫЗЫ