Понедельник , 12 мая 2025

«ҚОҢЫЗ»

(Роман­нан үзінді)

Арса-арса қу сүй­ек тақ етіп, Мұрат­тың алды­на келіп түсті де, бір-екі ыршып барып тоқта­ды. Беті был­шиған жас жігіт аш итке сүй­ек лақты­рған­дай, маза­ғы­на мәз болып, ыржа­лақтай күл­ді. Өзіне жамы­рай қараған қалың көп­тен еш қым­сын­бай, сүй­ек салып әкел­ген цел­ло­фа­нын жұмар­лай ұстаған күйі ол гүж ете қалды.

– Киіз үйде­гілер беріп жібер­ді сендерге!

Алаң­да тұрған нөпір жұрт толқып кет­ті. Әр жер-әр жер­ден ашы­нған айқай көтерілді.

– Бал­шы­ққа батқыр тексіз ит!

– Құдай­ын ұмы­тқан қорқаулар!

– Бүлік керек бұларға!

– Кеше кеудесін ұрған әкім қай­да жүр? Әкет­сін мына күшігін!

– Әнәс‑с… Қай­дан кел­ген неме был­шиып, біләт?! Лақты­рған сүй­е­гін бір жеріне тығай­ын, ұсташы!

– Тоқта, мал! Құлағы­ң­ды ит жегір!

Жұрт­тың қаһа­ры­нан қай­мы­ққан семіз жігіт қор­баң­дап, киіз үйлер­ге қарай қаша жөнел­ді. Ешкім соңы­нан қума­ды. Бірін-бірі сабы­рға шақы­рған дауы­стар бәсей­іп барып тынды…

***

  • Әкім келе жатыр! – деді әлдекім.

Көмек­шілерін ертіп, екі қолын жанқал­та­сы­на салып, алаң­ның орта­сы­на келіп қалған әкім­ге мұнай­шы­лар лап қой­ды. Әкім­нің құн­дыз бөрі­гінің күнқаға­ры көзіл­дірі­гіне тақа­ла түсіп­ті. Қара жыл­тыр күр­тесінің жаға­сын көтеріп, сыр­ма­сы­ның кеңір­дек тұсын ғана ашық қал­ды­рып­ты. Қара суы­қтан жүзі қызғы­лт­та­нып, тап-таза қыры­лған сақал-мұр­ты­ның орны көгеріп көрі­неді. Алы­стан айқай­лап жет­кен нара­зы топ­ты күліп қар­сы алды.

– Не дүр­мек, не той мына­уың?! Киіз үй тігіп, жәр­мең­ке өткі­зетін­дей не тын­дыр­дың, Көке­ев мыр­за! – деді мұнай­шы­ның бірі.

– Жігіт­тер, мына­дай тап-таза, әде­мі жер­ге киіз үй тігіп, сахна құрып, мере­кені дүріл­детіп атап өтей­ік те! – деп қолын сер­мей сөй­леді әкім.

– Осын­да тұрға­ны­мы­зға жар­ты жыл­дан асты. Той жасай­тын жер ме бұл? Бұрын-соң­ды қашан қыс ішін­де тастың үстіне киіз үй тігіп едің­дер! – деді екін­ші дауыс.

– Тік­пе­сек, тіге­міз. Бұл – атап өтпе­се бол­май­тын мерей­лі күн, – деп әкім мой­нын соза жан-жағы­на жалтақтады.

– Халы­қтың көңіл-күйі жоқ, не той жаса­мақ­шы­сың мұн­да?! – деді төр­тін­ші дауыс…

– Әкім бала, атың кім еді сенің, әдірам қалғыр?! «Жаман айт­пай жақ­сы жоқ», ертең анау-мынау боп, киіз үйі­міз­ге бір нәр­се бол­са қай­те­міз? Жібе­ретін түр­лерің жоқ, бол­ма­са соны біліп алай­ық, – деді егде әйел.

– Атым Бал­та Көке­ев. Ертең ештеңе де бол­май­ды. Тәу­ел­сіздік мере­кесін бір­ге той­лай­мыз. Бір­деңе­леріңіз бүлін­се, төлей­міз. Үйлеріңіздің бір жібі қиыл­са, тастап кетіңіз­дер. Киіз үйдің құны қанша?

Әйел­дер күбір-сыбыр бол­ды да қал­ды. Әкім көмек­шілері­мен сөй­лесіп, ара­сын­да алаң­ның әр тұсын қолы­мен нұсқап, нұсқау беріп тұр. Мұнай­шы­ның киі­мін киген орта жастағы семіз әйел әкім­ге таяп кеп екі сау­сағын шошайтты.

– Екі миллион!

– Нені айтасың?

– Киіз үйдің құны.

Өзге­лері де ол әйел­дің сөзін құп­тап, баста­рын изек­те­ді. Әкім­нің жүзіне болым­сыз күл­кі үйіріл­ді. Семіз әйел әкім жүзін­де­гі мысқыл күл­кіні қалт жібер­мей, аңдап қалды.

– Бол­ды. Алда-жал­да қазақ үйлеріңе бір­деңе бол­са, төлей­міз. Тек тезірек тігіңіз­дер­ші! Жігіт­тер де көмектеседі…

***

  • Мына жастар қай­те­ді-ей, өзі! – Анда-сан­да айқай­лап, еле­уреп тұрған бір топ жас жігіт­ке қарап, Мұрат кейи сөйледі.

– Үйге қай­тіп кет­се­ші, біре­улер аран­да­тып, бүлік шыға­рып жүр­месін, – деп Дина жан-жағы­на үрей­лене қарады.

Темекілерінің түтіні будақтап, әлде­нені айты­сып, дау­ры­ққан жастар мәз-мей­рам, мәре-сәре. Темекісінің тұқы­лын таба­ны­на тастап, тап­тай салған ұзын бой­лы біре­уі қақы­ры­нып-түкірініп алды да, сел­кіл­деп билей баста­ды. Сахна­да айты­лып жатқан әнге еріп айқай­лап, құты­ры­на жер тепкіледі.

– Ондай бола қой­мас. Кеше әкім «ештеңе бол­май­ды, мере­ке той­лай­мыз» деп қол­хат та жазып бер­ді. Мына қап­тап жүр­ген поли­цей­лер не бітіреді, ел-жұрт­тың тыны­шты­ғын күзет­пе­ген­де?! Сағат қан­ша бол­ды екен өзі? Түсте бар­сам, барып қай­та­тын шығар­мын үйге. Сен қашан қай­та­сың? – деп Мұрат қал­та­сы­нан теле­фо­нын шығар­ды. – Иә, он бір боп қап­ты. Оннан елу минут кетіпті…

***

– Қой өрі­стен қайт­паған ба? – деді Сала­мат қолын­да пласт­масс құты­сы бар, бүге­жек­теп қоңыз теріп жүр­ген балаға.

– Жоқ, әлі кел­меді, – деді қара бала мұр­нын қорс-қорс тартып.

Үстін­де­гі шолақ жеңді ала-құла фут­бол­ка­сы оңып, өңі кетіп­ті. Басын­дағы кір­ле­ген мат­рос-шап­ка­сын шекесіне қисай­та киген оған Саламат:

– Асы­ғып жүріп, құты ала шық­пап­пын, – деді.

– Ана жер­де біре­уі бар, – деп қара бала жүгіріп барып, әулие маза­ры­на қалан­бай қалған кесек-кесек ақ тастар­дың ара­сы­нан бос пласт­масс құты алып келді.

Сала­мат та бүге­жек­теп, қоңыз іздеді. Ол қурай бастаған ала­бо­та­ның түбін­де құм­да­уыт топы­раққа жар­ты­лай көміліп, қара қоңыр жоны жал­ты­рап жатқан зауза қоңы­зды сау­сақта­ры­мен қысып ұстап, орны­нан тұр­ды. Қоңы­рқай жирен түсті жарғақ қана­ты­нан қысып ұстаған ол жән­дік­ті шалқай­тып, кеудесін­де жыбыр­лаған үш жұп аяғы­на қызы­қтай қара­ды. Түбін­де аздаған топы­рағы бар құты­ның ішіне қоңы­зды тастай салған ол:

Ей, көп қоңыз, көп қоңыз,

Кебе­не­гі көк қоңыз,

Жел­ге мініп кел­дің бе?

Ей, сары қоңыз, сары қоңыз,

Кебін киген нар қоңыз,

Менен қашып көр­дің бе? – деп өлең­детіп, еңкей­іп келесісін ізде­у­ге кірісті…

***

Қыз жымиып күл­ді де қой­ды. Ойға шомып, үнсіз қалған оған:

– Не ойлап кет­тің? – деді Саламат.

– Сон­да біздің далаға аға­штың көп өспей­тіні, жер­дің тақыр, құм басып жата­ты­ны сол қоңы­здар­дың кесірі­нен бе? Теле­ди­дар­дан жасыл желек жамы­лған дала­лар­ды, қала­лар­ды, тау­лар­ды көр­ген­де қат­ты қызы­ғам. Біздің жер қу дала құсап көрі­неді кей­де маған, – деп ақса­ры қыз Сала­матқа мұңая қарады.

Кеш­кі шапаққа малы­нып, қызыл күрең тар­тқан дала­ны енді көр­ген­дей Сала­мат жан-жағын шолды.

– Таза тақыр емес қой біздің дала да. Қара, жусан мен күй­ре­уік жай­қа­лып тұр, – деді Сала­мат қолын сер­меп. – Құм­ды жер­лер де көп. Әрине, зауза қоңы­здар көбейе бер­се, бұлар­ды да құр­та­тын шығар. Баяғы­да әжем марқұм тірі кезін­де осы қоңы­здар тура­лы көп айтатын.

– Не деп?

– Ертек-аңыз ба? Сон­дай бірдеңелер.

– Айт­саң­шы, – деді ақса­ры қыз қиылып.

– Ұмы­тып қал­дым ба, біл­мей­мін. Айтып көрей­ін, – деп Сала­мат бұтын­дағы көк түсті жолақ-жолақ три­ко­сы­ның белін көтеріп қой­ды. – Ерте­де пай­ғам­бар ма, әулие ме, бір кісі болған екен. Не тіле­се де, Құдай тіле­гін қабыл қылып­ты. Күн­дер­дің күні оның алды­на кел­ген бір адам: «Құдай сенің тіле­гіңді қабыл ете­ді екен, маған да бір дұға қыл­шы. Жар­лы-жақы­бай адам едім, мен де бір өсіп-өней­ін», – дей­ді. Жалы­нып-жал­пай­ып бол­маған оған Құдай­дың досы: «Жарай­ды, мен тілек тілеп, дұға қыл­сам, екі түр­лі ада­мға айна­ла­сың. Бірі – ілім-білі­мі мол ғұла­ма ғалым бола­сың. Екін­шісі – мал-мүл­кіңнің есебі жоқ, лық­сы­ған бай­ға айна­ла­сың. Қай­сысын таң­дай­сың?» – дей­ді. Жар­лы кісі жоқ­шы­лы­қты көп көр­генін айтып, бай болу­ды қалай­ды. «Бай бол­саң, кедей­ді ұмыт­па. Олар­ды құл қып жұм­сап, табан ет, маң­дай терін жеме. Садақа беруді ұмыт­па. Бұл айтқа­ным­ды орын­да­ма­саң, қарғы­сқа ұшы­рай­сың», – дей­ді Құдай­дың досы. Еке­уі серттеседі.

Тілек қабыл бола­ды, жар­лы бай­ға айна­ла­ды. Бірақ дүни­е­ге қызы­ғып, көзін шел басқан сор­лы серт­тен тая­ды. Малын бағып, жерін еккен жұмыс­шы­лар­дың жалақы­сын дұрыс төле­мей, еңбе­гін жей­ді. Садақа беруді ұмы­та­ды. Бер­ген уәде­лерін орын­да­май­ды. Оны іздеп келіп, тәу­бе­ге келуін ескерт­кен Құдай­дың досын келе­ке ете­ді. Сол сәт­те-ақ ол қоңы­зға айна­лып­ты. Жер­де жатқан сиыр­дың жас тезе­гін дома­ла­тып, басы ауған жаққа лағып­ты. Содан бастап, ол қай­да бара жатқа­нын өзі де біл­мей­ді, ұзақ күні боқ дома­ла­ту­мен өте­ді екен. Дома­латқан боғы үлкей­іп, дәу болған­да, «қар­ным ашқан­да жей­мін» деп жер­ге көмеді. Бірақ арты­нан сол боғын қан­ша ізде­се де тап­пай­ды екен. Елдің табан ет, маң­дай терін жегені үшін өзінің жиған боғы өзіне бұй­ыр­май­тын жән­дік­ке айна­лып­ты. Әжем көп айта­тын осыны.

– Қызық екен. Бірақ жаңағы­лар зауза қоңы­здар ғой, – деді ақса­ры қыз.

– Зауза ма, боқ дома­ла­ты­ны ма, бәрібір – қоңыз…

(Жалға­сы бар)

Ыры­с­бек ДӘБЕЙ

«Қоңыз» рома­ны саудаға түсті. Сатып алам деушілер мына бай­ла­ныс теле­фон­да­ры­на хабар­ла­са алады:

Аста­на 8778 348 30 10, 8708 968 42 71

Алма­ты 8707 276 30 30

Аты­рау 8701 184 58 84

Ақтау 8707 884 35 08

Бей­неу 8702 645 84 18

Орал 8747 537 74 50, 8747 501 19 01

Ақтө­бе 8701 255 76 39

Қызы­лор­да 8778 232 01 11

Шым­кент 8747 696 50 95.

«Qazyna» кітап дүкені кітап­ты кез кел­ген облыс-аймаққа жөнел­тіп береді. Бай­ла­ныс теле­фо­ны: 8707 276 30 30.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн