Алакөлге келген күні:
– Мерекемізге дейін қайтарсың. Көзден кетсе, көңілден кетеді. Бәріміз бас қосып, атап өтейік, естеліктерімізді айтып, сағынады екенсің, – деген еңбек демалысындағы әріптестердің шақыруы жетті. – Келмесең, шашылып жатқан марапаттан құр қаласың, – депті уатсапқа.
Бұрындары ауылда бір әпекеміз қызыл топылайын киіп, көрсетуге келсе, апам айтады екен: «Ойбууй, бұл бізден қалған, баяғыда киіп тастағанбыз» деп.
Сол апам айтқандай, бізден қалған марапат десейші. Шашылса, жүйеленіп, бір ретке келер, – деп жаздым. Күлкі белгісі келді.
Марапат демекші, ол кездегі марапаттың жайы күлетіндей, қуанатындай емес еді…
2008 жылы қыркүйек айында Павлодар облысына Бақытжан Сағынтаев әкім болып келді. Мен ол кезде «Егеменнің» облыстағы меншікті тілшісі едім. Бір жақсысы – келген күні ертесіне деуге болар, өңірдегі зиялы қауым өкілдерін, ақын-жазушыларды, журналистерді қабылдауына шақырды. Бардық, ойларымызды айттық, қайттық.
Айтқан ойларымыз бен бірбеткей, тік мінезді түріміз де әкімге аса ұнамағанын білдік.
Содан облысты аралап, танысуы басталды. Бір күні, 2009 жылы жаз айы, облыс әкімі Жүсіпбек Аймауытов атындағы Музыкалық драма театрына келді.Театр алдына ескерткішін орнату жайлы да жазып жүрген едік. Алғашқы кездесуден соң, көзіне түспей-ақ қояйын деп шеткері тұрдым.
Театрдағы күрделі жөндеу жұмысының барысын көріп болған соң, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бірі Аймауытовқа ескерткіш орнату жайлы сұрап қалып еді: «Бізде бір қалыптасқан әдет бар, театрдың аты қалай аталса, сол адамның ескерткішін қою керек деген. Ал ертең театр басқа адамның атымен аталса, сонда тағы да басқа ескерткіш орнатамыз ба?» – деген мағынада біртүрлі жауап естідік. Бұл сөзі диктофондарға жазылып, теледидар жазбасына түсіп қалды.
Біздің «Егеменде» сол кездері «Қайнайды қаның», «Бір ауыз сөз», «Дат», «Айтайын дегенім» сияқты әр салаға арналған 200-ге жуық айдарлар бар еді.
Сөйтіп, «Аймақ басшысы Аймауытовтың кім екенін білмей ме?» деген шағын ғана мақала «Айтайын дегенім» айдарымен «Егеменнің» бірінші бетіне 17 шілде күні шықты да кетті.
Мақала шыға салысымен-ақ, әкімінің сол кездегі баспасөз хатшысы Перизат Ертаева хабарласты, қатты ренішті екен. Әкім Астанада, сол жақтан естіп, көріп, біліпті.
Хабарласпаған адам жоқ шығар, әркім әртүрлі оймен мазамды ала берген соң, мүлде телефонды алмайтын болдым. «Егемен» де үнсіз. Әзірге ешкім ештеңе деген жоқ. Мақаланы мен жаздым, «Егемен» шығарды. Газет журналистеріне түсінікті жай.
Бір күні өңірдегі тілшіміз, өзге ұлт өкілі хабарласты. Біз Астанада жүрміз, арамызда сен жоқсың, айтайын дегенім – ол «Егеменге» кетіпті, – деді. Уайымдама, бәрі жақсы болсын деп, екіұдай бірдеңе айтты.
Әкімнің «Егеменге» барған-бармағанын нақты білмеймін, бірақ бір бәленің келе жатқанын іштей сездім, тіпті түсімде де көрдім. Қызметтен кет, әкім туралы неге жазасың деп ашық түрде ештеңе болған жоқ. Бірақ шағын мақаланың салқыны, суық ызғары сезіле бастады. Әкім жайлы жазған соң, қызметтен қуыпты деген сөз еш газетке де, басшының өзіне де, әкімге де абырой бермесі анық. Бұл – журналистке жасалған қысым. Күнделікті газет жұмысы, бітпейтін бір тапсырмалар, жоспардағы мақалаларды жазып, аудандарға жолсапарлар жалғасып, уақыт та өтіп жатты.
2009 жылы желтоқсан айында «Егеменнің» 90 жылдық мерекесін атап өтуге Астанаға келдік. Меншікті тілшілер жан-жақтан келген, бір-бірімізді көріп, мәз болып қалдық. Ертесіне бәрі де марапаттан-марапат алып жатты. Менің атым аталмады. Газетіміздің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Өмір Есқали екеуіміздің марапаттау залынан шыққан бетіміз сол еді, бір жігіт келіп, «Апай, сіздер Мәдениет министрлігіне баруларыңыз керек, шұғыл!» – деді.
Ойымда әлгі мақала. «Бұлар маған не демек? Әкім туралы неге бұлай жаздыңыз десе ше?» Сан түрлі ойлармен министрлікке жеттік-ау!
Кіре берістен бізді сол кездегі комитет төрағасы Бауыржан Омаров қарсы алды.
– Мұхтар Абрарұлы жұмыс барысымен қазір ғана Алматыға ұшып кетті. Сіздерді өзіміз құттықтайтын болдық. Марапаттарыңыз құтты болсын! – дегені.
Гүлдерін ұсынып, жан-жақтан құттықтап жатыр. Қолымдағы құжатқа қарасам № 1933 нөмері бар, «ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған» деген жазу тұр. Атауы басқа болғанымен, заты жақсы белгі екен. Журналистерге де берілетін болған ба деп таңғалдым.
Көзге жас келді.
– Неге жылайсыз? Қайта қуанбайсыз ба? «Қайраткер» деген атаққа ие болдыңыз! – деп жатыр бәрі.
Ал 1933 жыл – әкем марқұмның туған жылы еді, көктен маған қорған, қолдау болып жүр ме екенсің деп, көзге жас алғаным сол еді.
Өмір екеуіміз мерекелік шара өтіп жатқан жерге қайтып келдік. Біз «қайраткер атандық» деп ешкімге ештеңе дей алмадық та. Бұл жайында тіпті «Егеменге» де жарияланған жоқ. Не қуанарыңды, не жыларыңды білмейтін сәт.
Зайсандағы анама хабарласып үлгердім,
– Акам-ау, көктен түскендей марапат болды ғой. Алланың қалауымен, әр істің бір қайыры бар деген, қызым! – деді.
Содан әрқайсымыз өз өңірлерімізге қайтар уақытта басшылық меншікті тілшілерді жинап, әдеттегідей жиналыс өткізді. Жиын соңына қарай вице-президенттердің жылдам шығып кеткенінен бірден секем алдым. Сол-ақ екен, газет басшысы: «Бұл жолы біз Павлодар облысындағы меншікті тілші Фарида Бықаймен қоштасамыз» дегенде, барлығы да тастүйін біртүрлі болып қалды. Аң-таң. Мерекелік қуанышты көңілдері су сепкендей басылды. Жалтақтап бәрі маған қарай берді.
Мен кетіп қалған соң, барлық меншікті тілшілер жиналып, маған қолдау көрсетіп, газет редакторы Жанболат Аупбаевқа барған екен. Мұны да кейін естідім.
Сендер барыңдар, сөйтіңдер, бүйтіңдер дейтіндей адам емеспін. Ал әкімге «тіл тигізгеннің» соңы жақсы емес екенін онсыз да біліп, сезіп жүрдім. Бірақ дәл осылай 90 жылдық мерекелік басқосуда «қоштасарын» білмедім.
Тегі, әкімге «Фарида Бықай қызметтен кетеді, 2010 жылы басқа тілшімен жұмыс жасайсыз» деп уәде берілді ме екен? Бұл жағы маған белгісіз. Газет аппаратында қандай әңгіме болғаны да маған осы күнге дейін беймәлім.
Қазір ойласам – қызық, қолымда «Қазақстанның мәдениет қайраткері» деген құжат пен әдемі төсбелгі бар, бірақ «қызметпен қош айтысып», пойызбен Павлодарға қайттым.
Қол сөмкеме салған марапат та «Қолыңа алып, қарап, бір қуанбадың ғой!» деп ренжіп, «қысым көретіндей не жазығым бар?» дейтіндей.
Бұл марапаттың да көрмегені жоқ.
– Сіз қалай алдыңыз бұл атақты? Дереу тапсырыңыз! Облыста «мәдениет қайраткері» болу үшін қанша адам кезекте тұрғанын білесіз бе өзі?! – деп басқарма айғайға басты.
Марапат алу үшін де кезек болатынын білмеппін. Бірақ апарып тапсырмадым. Әдемі өрнекті белгіні қимадым.
Павлодарға жеткенім сол еді:
– Ауызша айтылды ғой, жазбаша бұйрық шыққан жоқ, уайымдама! Мүмкін, әкімге барып кешірім сұрарсың, райыңнан қайт! –деп әріптестер де жан-жақтан хабарласа берді.
Негізі, мен бұндай «хабарға» ерте дайындалған едім. Заңгер, адвокаттармен сөйлесіп, кеңес алдым. Қай жақтан қысым барын сезгендей, олар да «жағдай түсінікті, артық сөзге бармаңыз, соңын күтелік» десті. Құжаттарды қарап шықты.
Өз еркіммен қызметтен кетемін деп арыз жазбадым. Ешкім маған оны жаздыра да алмады. Айналамда сан сұрақтар. Меншікті тілші қызметінен кететіндей қандай себептер бар? Не үшін кетуім керек? Жазатын қанша мәселе қалып барады деп уайымдаумен болдым. Қызметсіз де қалмас едім, өзім жұмыс жасаған «Новое время» газетіне қазір барсам да, есік ашық екенін білдім. Бірақ бәріне бөгет болатын адамның туа біткен қайсарлығы мен күрескерлік болмысынан екен ғой. Алдыңды кес-кестеп, ағысқа қарсы тұрғызып, шыңдайды. Бір жағынан ішкі дауысың да жағаласып, бой бермейді. Дауыл алдындағы тыныштық дей ме?!
Қаңтардан басталған 6 ай аралығында «Егемен» мен әкімдік арасында қандай әңгіме, қандай мәміле болды – мүлде білмеймін. Ол ол ма, 2010 жылы 10 ақпанда әкімдердің кездесуінен мақала жазып: «Оңтүстіктен келген әкім баянадамасын түгелдей орыс тілінде жасады, тым болмаса бір-екі ауыз қазақ тілінде сөйлеуге болмайтын ба еді?» деп, тағы да бір «шағып» алыппын. О, тоба, өзім орға құлайын деп тұрсам да, ауыз жабар түрім жоқ.
Сөйтіп, арадағы беймәлім тыныштықты әкімдіктің өздері бұзды.
Бір күні Сағынтаевтың баспасөз хатшысы Перизат Ертаева хабарласып:
– «Егеменге» әкіммен сұхбатыңызды бергіміз келеді. Тез арада сұрақтарыңызды жіберсеңіз, – деді.
Өңірдің тыныс-тіршілігі меншікті тілшінің көз алдында ғой. Алматыдан оқу бітіріп, жолдамамен келгелі, Павлодар облысында 40 жыл газетте қызмет етсем, оның 20 жылы «Егеменде» өтті. Бәрі көз алдымызда. Сұрақтар осы мақсатқа сай дайындалды, айтқан уақытында қолдарына тиді. Ол кезде еліміздің бір даму кезеңдері сияқты күнде бір зауыт ашылып, телекөпірлердің жиі өтетін уақыты. Өндірісті өңірдің аты– өндірісті өңір. Сағынтаев келіп, экономикалық аймақ та ашылайын деп жатқан сәт.
Бірер күннен соң, әкімнің баспасөз хатшысы қайта хабарласты:
– Ертең сағат 11-де әкім сізді күтеді, – деді.
Келсем, әкімнің қабылдау бөлмесінің алдында фототілші В. Бугаев тұр екен, екеуіміз сәлемдесіп, ол «сәттілік» деп, қолымды қысты. Әкім екеумізді суретке түсіруге шақырылған екен.
Әкіммен бетпе-бет келу деген осы. Аман-сәлемнен соң, байқасам, бәрібір де салқындау қарсы алды. Реніші көңілде тұрғанын байқадым. Содан әңгіме барысында ғана ақырындап-ақырындап арамызда жылылық орнай бастады. Екеуара сұхбатымызда біраз мәселе айтылды, сұрақ-жауап арқылы ойларымыз да бір арнаға тоғысты.
Әбден сұхбат біткен соң барып, Аймауытов жайлы жазған мақалаға оралдық.
– Сіз жазғандай, расында да, білмеген едім, – деді де, маған қарсы сұрақ қойды:
– Ал сіз Бекет атаны білесіз бе? – деді. Бекет атаны білмей, не көрінді маған? Тіпті студент кезімде Маңғыстауда газетте практикадан өткенімді айттым.
Бақытжан Әбдірұлы Бекет ата басына барғандарын, көзіне бүркіт көрінгенін – бәрін де айтып берді.
– Сіздің мақалаңыздан соң, уақыт тауып, 4 ай бойы Баянауылдан шыққан бүкіл ғұламалар туралы оқып шықтым, – деді.
«Ұлық болсаң – кішік бол» деген. Біртіндеп арадағы өкпе-реніш бұлты сейілгендей болды. Қалай болғанда да, осы кездесуден көңілімде жылы естелік қалды. Бір КазГУ-дің түлектері екеніміз тағы бар. Зиялы қауым өкілдерімен болған келесі кездесуіміз де сәтті, ашық-жарқын форматта өтті.
Сөйтіп, сол күнгі сұхбат бір бет болып, суретімізбен бірге 2010 жылы 17 шілдеде «Егеменге» жарияланды. Сол күні «алаңсыз жұмыс жасай беріңіз» деп, маған арнайы кабинет бергізді.
Бұл күндері Аймауытов ескерткіші көңілден шықпаса да, театр алдынан орын алды. Рухымен қорғап жүреді екен. Қиын сәтте мүлде күтпеген, ойламаған мәртебелі марапат алдымнан шықты. Осы күні бұл марапаттың бар-жоғын білмеймін, есесіне «Құрмет» орденді әріптестеріміз көбейді. Кейбір сәттерде әдемі өрнекті белгіні қолыма алып қараймын. Қиын күндерді бірге жеңген «қайраткерлік» белгісі! Үнемі жазу үстелімнің үстінде тұрады.
Фарида БЫҚАЙ Мәдениет қайраткері