Қадірлі Әлия Жанәбілқызы!
Жаратқанның жарлығымен тіршіліктегі дәм-тұзы таусылып, иманы саламат болғыр Жанәбіл әкейдің өмірден озуына байланысты қайғыңа ортақтасып, дос көңілімді айтамын. Сонымен бірге қайғыра білдірген бұл көңілім Атамекеніне боталап келген қандас ағайындарға да бағытталады.
Енді біз Жанәбіл аға турасында өткен шақта сөйлеуге мәжбүрміз. Жәкем ағатай бұрылыс-бұралаңы көп ұзақ өмір жолында тұрпат-тұлғасын тік ұстап өткен, адами абырой-беделімен еліне қызмет қылған азамат болды. Шекарасы сызықпен шектелсе де, рухы шексіз Қазақ деген жалпақ елдің бір пұшпағына тіреу болып, мұңы мен шаттығы итжығыс түскен халқына қамқор болуға бар ғұмыры мен азаматтық күш-жігерін арнады.
Аумалы-төкпелі замандарда қысқа шылбыр уақыт пен қайысы қысқан саясаттың тар қамытына мойынсұна жүріп, «арғы бетке» өгей халқын өзеуреген өзгеден қорғай білген бес қазақ болса, соның бірегейі Жанәбіл марқұм еді. Елі үшін қылған қажыр-қайраты мен шапағатын көрген қазақ аз емес деп естігем. Ендігісін тарихтың таразысы салмақтап, ел аузындағы естеліктер екшейді.
Енді, міне, қара шаңырақтың шығыс бүйірін тіреген самырсыннан жонған қара уықтай болған ағамыз мәңгілік мекеніне аттанып, артында қалған жалпақ жұртына елдіктің есіл мұрасын тапсырып кетті. Ол – ұрпақтар сабақтастығы жолындағы ұлы істер алдында ұлтымыздың ұйысу мұрасы деп білемін!
Қайғыңа ортақпын, қазақ!
Қайғыңды бөлісем, Әлияш!
Сен арқылы барлық ағайын-бауырларыңа көңіл айтам: Жаратқан құдірет Жанәбіл ағаның алдынан жарылқап, мәңгілік мекенін пейіштен бұйыртсын!
Құрметпен, Ермұрат Бапи – Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты