ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТЫ ЖАППАЙ БАҚЫЛАУҒА АЛДЫ

  • АҚШ-тың «Форин полиси» басылымы Қытайдың Орталық Азия мемлекеттерін заманауи «ақылды қала» технологиясы арқылы жаулап алып жатқанын жазады. «Ақылды қала» технологиясына бейнебақылау камераларын орнату мен заманауи ақпараттық жүйені енгізу шаралары жатады. Ал мұндай камералар Қытай үкіметі үшін Орта Азия халқы мен азаматтары жайлы ақпарат беріп отырмақ.

Басылымның жазуынша, ақылды (смарт) қала – Қытайдың 2015 жылы ойлап тапқан әрі 2025 жылға дейін оны әлемде бірден-бір жоғары технологиялық державаға айналдыруға мүмкіндік беретін стратегия. Бұл – Қытайдың «Ұлы Жібек жолын цифрландыру» арқылы Қытайдың технологиялық гигант компанияларын әлемдік деңгейге жеткізе отырып, Қытайды цифрлық инфрақұрылым мен мәліметтерді жинау, сақтау бойынша монополияға айналдыру бастамасы. Сол үшін Қытай адамның бет-әлпетін танитын технологияларын алдымен Орталық Азия мемлекеттерінен бастап таратуға көшті.

«Жақында ғана қырғыз билігі Бішкектен командалық полиция орталығын ашып, адам жүзін анықтайтын камераларды қала ішіне орнатып, жұмыс жасай бастады. Бұл технологияны Қытайдың ұлттық электроника корпорациясы тегін беріп отыр. Осы жылдың сәуір айында «Huawei» компаниясы 883 камера орнатып, traffic мониторинг жүйесін қосып беру бойынша Өзбекстанмен $1 миллиардқа келісімге келді. Ал ұйғырлардың бет-жүзін анықтап, үнемі бақылауда ұстап отыру үшін сандық байланыс жүйесін құрған «Hikvision» компаниясының камералары қазір Қазақстанның бүкіл қалаларына (оның ішінде Алматы мен Шымкент қалалары да бар) орнатып жатыр. «Huawei» мен «Hikvision» компанияларына АҚШ санкция салған болатын, – деп жазады басылым.

Мұндай сандық байланыс жүйесінің Қырғызстан, Тәжікстан сынды кедей мемлекеттер үшін пайдасы бар, алайда бұл жүйе елдегі авторитаризмді күшейтіп, қытай несиесіне біржола тәуелді етеді. Басылымның жазуынша, Қытай компаниялары Орталық Азиядағы байланыс бағаналары мен сандық инфрақұрылымдарды шетінен сатып ала бастады. Мәселен, «Huawei» компаниясы ойлап тапқан 5G желісі қазір Өзбекстанға енгізіле бастады. Мұны Қытай Өзбекстанға несие беру арқылы 5G Huawei технологиясын да қоса енгізуге рұқсат алып, өзбек операторларымен жұмыс істей бастады. Қазір Тәжікстандағы телекоммуникациялық инфрақұрылымдардың 90 пайызы «Huawei»-дің үлесіне өтіп кеткен.

«Соңғы уақыттары «Huawei» компания «Kcell», «Beeline» және «Tele2» сынды қазақстандық телекоммуникация компанияларымен бірігіп жұмыс жасай бастады. Қытай қазақстандық мамандарды оқыту арқылы техникалық бағдарламасын барынша кеңірек енгізуге тырысып жатыр. Сонымен қатар «Huawei» мемлекеттік саясаткерлер мен мекемелерге Қытайдан арзан несие алып беруге көмектеседі», – деп жазады басылым.

Сонымен қатар америкалық басылым қазір Қазақстанның барлық қаласына қойылып жатқан «Сергек» камераларының да «қытай үлгісімен құрастырылып» жасалғанын айтады. Яғни, «Сергек» камераларының өзі Қазақстанда құралып, қазақстандық консорциум жасағанымен, оның құрал-жабдықтарының барлығы Қытайдан әкелінеді. «Жабдықтарды Dahua Technology компаниясы дайындап береді. Бұл компанияға да АҚШ санкция салған», – делінген мақалада.

Басылым елордадағы қоғамдық автобустарға қойылып жатқан бет-әлпетті идентификациялау арқылы жолақысын төлеу жүйесін де қытайдың өнімі деп атайды. Бұл жағынан Қазақстан сандық технологиялардың өте күрделі түрлерін қолдануға амбиция танытып, зор қуатпен кірісіп жатыр.

«Мұндай жобалардың барлығы жаппай /тотальды/ бақылау орнату арқылы жергілікті автократ биліктің күшеюіне көмектеспек. Одан бөлек, Қытайға Орталық Азияда тұратын халықтар жайлы кең ақпарат беріп, трансшекаралық аймақты қадағалап отыруға мүмкіндік бермек. Қытай Орталық Азияны жаулағысы келеді. Енді, міне, сандық технология арқылы үлкен қаруға ие болып отыр, – деп түйіндейді басылым.

Politic.bugin.kz

Кімнің сөзіне сенеміз?

«САБЫЛЫП ЖҮРМІЗ»

  • Қытай қазақтары азаматтық алудың созылып кеткеніне қапалы. Биыл қаңтар мен қыркүйек айы аралығында 4500 этникалық қазақ Қытай азаматтығынан шыққан. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі «Азаттыққа» мәлімдеді.

«9400 қазақ Қазақстандағы туыстарымен кездесу үшін құжат алды» делінген министрліктің «Азаттыққа» жіберген жазбаша жауабында.

Министрліктің мәлімдеуінше, 2019 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның Қытайдағы елшілігінен 35 мың этникалық қазақ Қазақстанға виза алған.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, биыл қаңтар мен қыркүйек аралығында 10 790 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын қабылдаған, Министрлік дерегінше, өткен жылы 18 мыңнан астам этникалық қазақ азаматтық алған.

ҚР Сыртқы істер министрлігі осындай хабар тартып жатқан кезде Қытайдан қоныс аударған кей қазақтар жарты жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргенін айтады. Көші-қон полициясының өкілі мұның себебін «құжат рәсімдейтін қызметкерлердің аздығымен» түсіндіреді, деп хабарлайды «Азаттық». (Біз анықтаған деректерге қарағанда, бұл қиындықты «қызметкерлердің аздығымен» емес, Қазақстанның азаматтығын рәсімдейтін тиісті органдарда парақорлық пен бюрократизмнің өршіп кеткендігімен түсіндіруге болады. – «D»).

Жайна Дәлел Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде тұрады. Ол 2018 жылы сәуір айында Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. Тұрмыс құрған, бір ұл, бір қызы бар. Отбасымен бірге Қазақстан азаматтығына құжат тапсырғанына жарты жыл болған, бірақ әлі жауап жоқ.

«Осыдан алты ай бұрын [Қазақстанда] азаматтыққа құжат тапсырдым. Бірақ әлі ала алмай жүрмін. Көші-қон [полициясына] барсам, «міне, азаматтығың шығып тұр, бірақ анықтама келмей жатыр» деп қайтарады», – дейді ол.

Жайна Дәлелдің сөзінше, Күнесте әкесі мен бір ағасы қалған. Шешесінің дүниеден өткеніне де көп болмаған. «Азаматтық алмағанның кесірінен анама топырақ салуға да бара алмадым. Тіпті жетісіне үлгеремін бе деп едім, ол да болмады. [Көші-қон полициясы] «келесі аптада кел» дейді. Барсаң, «Алматыдан анықтама келген жоқ, екі аптадан соң тағы бір айналып соқ» дейді. Осылай сабылып жүрміз», – дейді ол күрсініп.

Шыңжаң қазағының анықтама деп отырғаны – «№7 форма» деп аталатын құжат. Алматы облыстық көші-қон басқармасының мәліметінше, «№7 форма» – Қазақстан азаматтығын алғанын растайтын анықтама. Азаматтық алғандар бұл анықтаманы Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырған соң ғана Қазақстан төлқұжатына өтініш бере алады.

Жайна Дәлел «Азаттық» тілшісіне телефонындағы бірнеше аудионы тыңдатты. Онда өзін «Күнес аудандық қауіпсіздік мекемесінің қызметкерімін» деп таныстырған азамат «Қазақстан азаматы екеніңді дәлелдейтін құжаттың суретін телефонмен жолдап жібер» деп қайта-қайта тапсырма беріп жатыр. Жайнаның түсіндіруінше, Қытайдағы жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері күн сайын хабарласып, олардың Қазақстан азаматтығын алған-алмағанын сұрайды, егер алмаса, Қытайға қайтуға кеңес береді.

Тағы бір Шыңжаң қазағы Жақып Кәдірбек (суретте) те алты айдан бері азаматтық күтіп жүр. Ол 2012 жылы Қытайдан келген. 2015 жылы әйелі мен бала-шағасын әкелген (олар қазір Қазақстан азаматы). Қазақстанға келгенде Алматы облысы Жамбыл ауданына тіркелген. Қазір Алматы облысы Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылында тұрады.

«Қытайда баламызға берілетін 200 мың теңге (шамамен 515 доллар) көлемінде жәрдемақы болды. Сол үшін біразға дейін Қытай азаматтығынан шықпай, Қазақстан азаматтығына құжат тапсырмай жүрдім. Азаматтыққа құжат тапсырғаныма жарты жылдан асты. Әлі азаматтық шыққан жоқ. Аптасына бір рет Талғар ауданынан Жамбыл ауданына барып қайтамын. «Аты-жөніңіз базада тұр, бірақ азаматтық әлі шыққан жоқ» дегенді естимін», – дейді ол.

Қытайдан келген қазақтардың құжатын реттеумен айналысып жүрген белсенді Баһаргүл Табыс (өзі де Шыңжаңнан қоныс аударған) та 2019 жылы Қазақстанда азаматтық алу тым баяулап кеткенін айтады. «Қазір Жамбыл аудандық көші-қон полициясына өз қолыммен апарып тапсырған 90 адамның құжаты жатыр. Бірде-біреуіне азаматтық шыққан жоқ. Үш айда берілуі тиіс құжаттар бір жылға созылып кетті», – дейді Баһаргүл Табыс.

 «Қазір Қытайдан көшіп келіп жатқан қазақтардың басым бөлігінің «Қытай азаматы» екенін дәлелдейтін төлқұжаттарының мерзімі бітуге таяп қалған. Ал Қазақстанға келгеннен кейін құжат жинап, ықтияр хат алғанша, жарты жыл өтіп кетеді. Осы уақыт аралығында төлқұжатының мерзімі бітеді де, еріксіз Қытайға қайта кетуге мәжбүр болады», – дейді ол.

Жамбыл аудандық көші-қон полициясының бастығы Мақсат Дүйсенбай да азаматтық рәсімдеу жұмыстарында кемшілік барын жасырмайды. 2019 жылдың басында құжат тапсырған адамдардың азаматтығы енді ғана шығып жатқанын айтқан аудандық көші-қон полициясының бастығы «құжат рәсімдейтін қызметкерлердің саны аз» дейді. Дүйсенбайдың айтуынша, осыдан бір жыл бұрын көші-қон полициясында қысқарту болған. Қазір әр басқармада бір-бір адам жұмыс істейді.

«Қабылданған құжаттарды мен Алматы қалалық көші-қон басқармасына өз көлігіммен, өз қаржыма бензин құйып апарамын. Өз қалтамнан ақша төлегенімді айтпаймын, құжатты өткізуге бір күн уақытым кетеді. Өткен жылы бұл жұмысты екі адам жасайтынбыз, қысқарту болмай тұрғанда, жағдай мұндай емес еді», – дейді Мақсат Дүйсенбай.

Алайда Алматы облыстық көші-қон полициясы басқармасының өкілі Ерлан Райымбеков бұл сөзді жоққа шығарады. Оның айтуынша, қызметкерлердің саны қысқарғанымен, демалыссыз жұмыс істеп жатыр. «Кей азаматтардың тапсырған құжаттарының дұрыс болмауына байланысты кешіккені болмаса, [азаматтық] заңда көрсетілген үш айдың ішінде беріледі», – дейді Райымбеков.

Қазақстанның «Азаматтық туралы заңына» сәйкес, қолында Қазақстанның ықтияр хаты бар этникалық қазақтар; шетелде туып, Қазақстандағы оқу орындарында оқитын қазақтар; Қазақстанда тұрақты тіркелген оралмандар; еркінен тыс азаматтығынан айырылғандар жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алады.

Заңның 16-бабы бойынша, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алуға өтініш құжат тапсырылғаннан бастап, үш айдың ішінде қаралады. Ал оралман мәртебесінің уақыты аяқталған этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығына жалпы тәртіп бойынша өтініш тапсырады. Жалпы тәртіппен азаматтыққа өтініш тапсыратындар бұрынғы азаматтығынан шыққаны я жоғалтқаны туралы құжат өткізуі тиіс.

Нұртай ЛАХАНҰЛЫ,

Azattyq.org

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн