Технологиялық тұрғыда дамыған АҚШ-пен жағаласып отырған, Жапониямен иық тіресіп келе жатқан Қытай бізге дос па, қас па?
Кез келген елдің жан-жақты дамуын айқындайтын фактор – инновация екеніне ешкім шәк келтіре қоймас. Бұған Қазақстанмен қарым-қатынасын барынша нығайтып, біздің экономикамызға қомақты инвестиция құйып жатқан Қытай Халық Республикасында ерекше мән беріліп отыр. Өткен жылы бұл елде жалпы ғылыми-зерттеу (R&D) шығындары қарқынды өсті, оның ішінде базалық зерттеулерге бөлінетін қаражат 249,7 млрд юань болған.
Сол себепті 2024 жылдың соңында Қытайда жарамды (valid) қылу (invention) патенттерінің саны алғаш рет 4,76 миллионнан асқан. Оның ішінде «жоғары құнды» (high-value) патенттер саны 10 000 адамға шаққанда 14 патенттен тура келген. Сондай-ақ мыңдаған компания немесе 497 000 мекеме жарамды патенттерге ие болғаны хабарланды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 69 мыңға артық.
Ал жаңа технологиялық бизнес-модельдердің ІЖӨ-дегі үлесі 18,01%-ды құрады. Жалпы Қытайдың инновациялық ортасы жылдам дамып келеді. Өткен жылы оның «инновациялық индексі» 5,3%-ға өскен. Мұның бәрі Қытайдың тек өндірістік қуаты бар «маса-зауыт» емес, келешекте ғалымдар, инженерлер, зерттеу институттары, кәсіпорындар, технологиялық стартаптар және интеллектуалды меншік жүйесі арқылы инновациялық державаға айналуына мүмкіндік туғызып отыр. Оның технологиялық және ғылыми базасы – R&D‑ге бөлінетін қаражат, патенттік белсенділік.
Қытайдың инновациялық қуаты бүгінде ең дамыған ел саналатын Американың технологиялық көшбасшылығы үшін үлкен сын-қатерге айналды. Соңғы жылдары Қытай АҚШ-пен R&D шығындары бойынша теңесуге шақ қалды. Егер Құрама Штаттарда бұл көрсеткіш $823 млрд-ты құраса, Қытайда ол $781 млрд-қа жетті. Салыстыру үшін айта кетейік, 2007 жылы Қытай бұған сол кездегі Испания мен Италияның деңгейінде ғана – бар-жоғы 136 млрд доллар жұмсаған. Яғни, бұл ел 17 жыл ішінде Еуропа соғыстан кейінгі кезеңде қайталай алмаған серпіліс жасады.
Қытайда қазірдің өзінде 150 мыңнан астам корпоративтік зерттеу орталықтары, 5 миллион инженер бар, жыл сайын 50 мың STEM-докторы шығарылады. Бұл АҚШ-тағыдан да едәуір артық, әрі осы беталыс жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Мұның бәрі министрліктер, университеттер, өнеркәсіп және провинциялар бір үлкен станоктың бөлшектері ретінде жұмыс істейтіндей етіп, орасан зор техно-бюрократиялық экожүйеге енгізілген. Биомедицинадан бастап, өлшеу аспаптарына дейін, автомобиль өнеркәсібінен бастап, электроникаға дейін жоғары технологиялық өндіріске салынатын қаржы көлемі бірнеше есеге өсті. Мысалы, жоғары технологиялық өндірістерге бағытталатын инвестиция түсімнің 5%-ына жақындады, ал өнеркәсіптік роботтар шығару тұрақты өсуін жалғастыруда. Күн панельдерінің өндірісі 2021 жылғы 250 ГВт-тан 2024 жылы шамамен 600 ГВт-қа дейін, жаңа энергетикалық автомобильдерді шығару – үш жылда үш есеге жуық ұлғайды.
Дәл осы тұста АҚШ-та ғылымға бюджеттік қысым дәуірі басталды: Трамп әкімшілігінің жанындағы федералдық ғылыми бағдарламалардың қысқаруы жетекші зерттеу бағыттарына қауіп төндіретіні анық. Технологиялық көшбасшылық – бұл нарық күші ғана емес, ол – ұзақ мерзімді мемлекеттік инвестициялардың нәтижесі. Іргелі ғылымды дамытуға жеткілікті қаржы салмайтын елдер тұтас инновациялық экожүйені құратын басқа елдерден сөзсіз артта қалады. Осы тұрғыдан алғанда Вашингтон мен Пекин арасындағы бәсекелестік тек ақша төңірегінде ғана емес. Бұл дегеніңіз – мемлекеттің ұзақ жылдар бойы мығым тұруы және ағымдағы саясаттың қысымымен өз институттарын бұзып алмау қабілетін берік сақтауы деген сөз.
2024 жылы Қытайдың ғылыми‑зерттеу және тәжірибелік‑конструкторлық жұмыстарға (R&D) жұмсайтын жалпы шығыны 3,6 триллион юань болған, бұл 2020 жылмен салыстырғанда өсім 48 %-ға артқанын білдіреді. R&D қаржысы жалпы ішкі өнімнің шамамен 2,68 % деңгейіне жетіп, Еуропалық одақ елдерінің орташа деңгейінен жоғары көрсеткішке айналды. Ал «негізгі (fundamental) зерттеулерге» бөлінетін қаражат көлемі жалпы R&D бюджетінің шамамен 6,91%-ын құрады. Халықаралық деңгейдегі жоғары дәрежелі ғылыми мақалалар мен патенттер саны бойынша Қытай бес жыл қатарынан әлем көшбасшысы болып келеді. Қытайдың «жалпы инновациялық қабілеттілік» рейтингі бұдан бес жыл бұрын әлем елдері арасында 14‑орында болса, өткен жылы 10‑орынға көтерілді. Бұл деректер Қытайдың ғылым мен технологияға салған инвестициясы мен ғылыми белсенділіктің нақты өскенін айқын көрсетеді.
Сарапшылардың дерегіне сәйкес, Xiaomi секілді ірі компаниялар соңғы 5 жылда 105 млрд юань көлемінде R&D‑ге инвестиция салған. Олар алдағы уақытта да «ақырғы технологияларға» (мысалы, жоғары деңгейлі чиптер, жаңа материалдар) баса көңіл бөлуге ниетті.
Southern University of Science and Technology вице‑президенті Jin Li-дің айтуынша, Қытай «білім, ғылым және талант жүйесін түбегейлі реформалап», ғылыми кадрларды үйлестіре отырып, «жоғары сапалы даму үшін ғылыми‑технологиялық инновацияның қуатын толық ашуға» дайын.
Шынында да, соңғы жылдары Қытай «ғылым-өндіріс-инновация» интеграциясын өте жеделдетті: ғылыми зерттеулер мен өндірістік инновациялар бір платформада іске асырылып, жаңа технологиялар нақты тез арада өндіріс пен коммерцияға айналуда. Ғарыш саласы, биотехнология, материалтану, кванттық ғылымдар сияқты салаларда нақты ерекше зерттеулер мен жобалар іске асып жатыр. Бұл –Қытайды тек технологияларды көшіруші емес, жаңашыл «шығармашылық күшке» айналдыратыны ақиқат.
Мемлекеттік саясатта 2035 жылға дейін «ғылым мен технологияда жоғары деңгейге», «техникалық тәуелсіздікке» қол жеткізу – ресми мақсат ретінде белгіленген. Соңғы төрт жылда жоғары технологиялық өндіріс өнімі 42 %-ға өскен. «Үш жаңа» экономика – жаңа индустриялар, қызмет түрлері, бизнес‑форматтар – ІЖӨ‑нің дерлік бестен бір бөлігін құрап отыр. Компаниялар мен өндірістерге ЖИ мен робототехника белсенді түрде енгізілуде. Бұл инновацияның өндіріс, медицина, қызмет көрсету сияқты практикалық салаларда кеңінен қолданылып жатқанын көрсетеді. Ғарыш, биотехнология, квант, жаңа материалдарды зерттеу белсенділігі де артып отыр.
Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, осындай бағыттар – Қытайдың инновациялық болашағының негізі. Олардың айтуынша, қазір Қытай – толық өнеркәсіптік жүйесі бар жалғыз ірі держава, бұл жаңа технологияларды өндіріске жедел енгізуге толық мүмкіндік береді. Мемлекет + жеке сектор + ғылыми институттар – бірлігі үйлесімді мемлекеттік саясат инновациялық жүйені жүйелі түрде дамытуға жол ашады. Зерттеу қаржысының тұрақты өсуі, базалық ғылымға да көңіл бөлу – ұзақ мерзімді ғылыми әлеуетті нығайтады.
Кейбіреулер жоғары инвестиция мен патент саны – сапа емес, жан‑жақты ізденістің ғана көрсеткіші болуы мүмкін деп ескертеді. Сондай-ақ ірі және мемлекеттік бақылаумен жүзеге асатын жүйелерде бюрократия, тиімсіздік немесе инновациялық еркіндіктің шектелу мүмкіндігі барын айтады. Жедел даму – ноу‑хау мен нақты тәжірибенің үйлесімділігін, сондай-ақ әділ бәсекелестік пен авторлық құқықты қорғауды талап ететінін де ескертеді.
Әлемдік сарапшылардың ортақ пікірінше, қалай дегенде де, Қытай қазір тек өндіріс фабрикасы ғана емес, толыққанды «инновациялық державаға» айналу жолында. Инвестициялар, ғылыми зерттеулер, өндіріс пен технологиялардың интеграциясы – бұл бағыттағы нақты қадамдар. Егер бұл қарқын сақталса және сапа + шығармашылық + ашық нарық қағидаттары бірге жүрсе, Қытай алдағы 10–20 жылда жаһандық технологиялық көшбасшы деңгейіне көтерілуге лайықты мүмкіндіктерге ие.
Ал Қытай инновациясының Қазақстанға тигізер әсері мен мүмкіндіктері қандай? «Қара қытай қаптаса…» деп, онсыз да қара аспанға топан су қаптатып жүрген кейбір кертартпа бауырларымыз бұған қалай қарайды? Жалпы, «мемлекеттер арасында достық жоқ, тек мүдделер ғана жүреді» деген тұжырым тұрғысынан қарайтын болсақ, біздің елімізге қомақты инвестиция салып жатқан бұл елден жақсылық күтуге бола ма өзі?!
Бұл ретте айтарымыз, сарапшылардың пікірінше, Қытайдың технологиялық серпіні Қазақстан экономикасына бірнеше бағытта, атап айтқанда – экономика, инвестициялар және технология трансфері, білім және кадрлар даярлау, геосаяси және стратегиялық мәселелерде ұнамды ықпал етеді. Соның ішінде экономикада Қытайдың роботтандыру, өндіріске жасанды интеллект енгізу тәжірибесі Қазақстандағы өндіріс салаларын – тау-кен, мұнай-газ, металлургия, агроөнеркәсіпті цифрландыру арқылы өнеркәсіпті жаңғыртуға мүмкіндік береді. Ал «Жібек жолының цифрлық белдеуі» және жаңа логистикалық технологиялары Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етуі мүмкін. Alibaba, JD, Tencent секілді платформалардың өңірге енуі еліміздегі электронды сауда, мобильді төлемдер, финтех сервисін жедел дамытады.
Ал инвестициялар және технология трансфері арқылы жаңартылатын энергия (күн, жел), аккумуляторлар мен энергия сақтау жүйелері, «ақылды» ауыл шаруашылығы, цифрлық қауіпсіздік және бұлтты сервистер дамитын болады. Қазақстан үшін бұл – технология трансфері, яғни жаңа құралдар мен инженерлік білімнің келуі деген сөз.
Қытай тарапынан Қазақстандағы туризмді дамыту мүмкіндігі өз алдына бөлек тақырып. Қазақстанға турист алыс Еуропадан емес, іргедегі Қытайдан келеді. Бұл – аксиома!
Білім және кадрлар даярлау тұрғысынан Қытай ЖОО-ларының ғылымға бағытталған гранттары мен бірлескен зертханалары Қазақстан жастарына инженерия, қолданбалы математика, биотехнология, жасанды интеллект сияқты бағыттарда жаңа мүмкіндіктер береді.
Қытайдың инновациялық күшеюі аймақтағы экономикалық тепе-теңдікті өзгертеді. Қазақстан үшін бұл – теңгерімді саясатты сақтау, көпвекторлы технологиялық әріптестік, Қытай + ЕО + АҚШ технологияларын қатар пайдалану мүмкіндігі. Геосаяси және стратегиялық әсер дегеніміз осы.
Бұдан басқа Қытай инновациясының өндірісті автоматтандыру арқылы өнімділіктің өсуі, Астана, Алматы қалаларын Қытайдың смарт-қала жүйелеріне бейімдеу, суару технологиялары, жел/күн жобаларындағы технологияның жаңаруы, 5G/6G инфрақұрылымының, көлік-логистика және цифрлық кеденнің жедел дамуы арқылы тигізетін тікелей пайдасы да аз болмайды.
Әрине, «қай қазақ сүтті сиырын беруші еді» демекші, мұның бәрі өз-өзінен болмайды, Қытай тарапы да барынша пайда көруге тырысатыны анық. Ол үшін асқан дипломатиялық шеберлік, ұлттық мүдде тұрғысынан тиімді келіссөздер жүргізе алатын мемлекетшіл қасиет пен қарымды қабілет қажет. Заңдар негізінде жасалатын қауіпсіздік мәселесі де басты назарда болуы тиіс!
Жалпы, қазақ ұлты – ешкімді қас көрмейтін, Ұлы Абай айтқандай, адамзаттың бәрін бауырындай көретін бейбіт те бауырмал, мейірімді де меймандос, елгезек те қайырымды халық. Бірақ солай екен деп ешкімге есе жіберуге болмайды! Қай мәселеде де ұлттық мүдде ең жоғары орында тұруы тиіс!
Меніңше, кім-кімді де қас қылатын да, дос қылатын да – өзара қарым-қатынастағы озбырлық пен менмендік, әділдік пен шынайы сыйластық. Шенділеріміз осы қағидаттарды іс жүзінде ұстана білсе – нұр үстіне нұр!
Құтмағамбет ТАЛАПБАЙ, «D»