Құн салығын өсірмей-ақ бюджетті толтыруға болады

Елімізде соңғы уақыттары қызу талқыланып жүрген мәселенің бірі – қосымша құн салығы. Күні кеше мемлекет басшысының өзі отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке бұл мәселені тағы да бір мәрте пысықтап алуды тапсырды.

Олардың қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары екенін айтқан Президент қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс екеніне назар аудартты. «Үкімет бұл мәселені депу­таттармен және сарапшылар­мен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни, бір жағынан, бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағ­дай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәр­тіпті күшейтіп, бюджет кірі­сін арттыратын тиімді жолды табуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өткен сәрсенбі күнгі жалпы отырыста Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­ция­сының мүшесі Берік Бей­сен­ғалиев осы мәселені көтеріп, премьер-министр­дің атына депутаттық сауал жолдаған болатын. 

«Салық кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде маған осы саланың са­р­ап­шыларынан, білікті эко­номистерден, ірі бизнес қау­ымдастықтардан және саяси партиялардан нақты әрі жүйелі ұсыныстар көптеп түсуде. Бү­гінде Үкіметтің салық саясаты­на байланысты қосымша құн салығын көтеру ұсынысы қо­ғам­да қызу талқыланып отыр. Оған себеп – Үкіметтің бюджет тапшылығын толтырудың жолы ретінде ҚҚС-ты бірден 20 пайызға дейін көтеруді ұсыну­ында. «Аталған межені кім ан­­ық­­тады, жүйелі есеп-қиса­бын кім жүргізді? Оны ресми түрде Мәжіліске қарауға қашан бере­сіздер?» деген сұрақтар ту­ын­дайды», – делінген депу­тат­тық сауалда. Біз де «темірді ыстық кезінде» соқпақ ниетпен аманаттық депутаттан сұхбат алған едік.

– Берік Тұрсынбекұлы, қазір ҚҚС-ты қолдаушылар да, қарсы пікір айтушылар да бар. Осы қос тараптың қай жағын көбірек қолдауға болады деп санайсыз? Өйткені инфляция қысқамер­зімді ғана шок береді, одан кейін жағдай қайта түзеледі деушілер бар. Ұсыныс жүзеге асса, бюд­жет­ке қосымша 7 триллион түс­е­ді екен-мыс.

– Әрине, өткен аптада Үкі­мет қосымша құн салығы мөл­шерін 20 пайызға дейін көтер­гісі келетіні туралы жоспарын жар­ия­лағаннан кейін, бұл мә­селе бойынша қоғамда әртүрлі пікір тарауда. Осы жерде айта кететіні – ол ұсыныстар Парла­мент Мәжілісіне әлі келіп түс­кен жоқ. Депутаттар ол ұсын­ыст­армен таныс емес. Бірақ біз де – Мәжі­ліс­тегі бірнеше партия­лар фрак­циясының депутат­тары өз пікір­імізді депутаттық сауал жариялау арқылы біл­дірдік. 

Үкіметтің бұл ұсынысы бөл­­­­шек саудамен айналысатын үй жанындағы дүкендер, кафе, шаштараз сияқты B2C формат­ында жұмыс істейтін кәсіпкер­­лер­ге әсер етпейді. Олар бұр­ын­ғыша жылдық жиынтық табысы 2,2 миллиард теңгеге дейінгі шекте бөлшек сауда режимінде жұмыс істей беретін болады. Яғни, 4 пайыздық сал­ық төлей береді. 

Бірақ, біздің ойымызша, ҚҚС мөлшерін бір мезетте күрт өсіру асығыс болады. Бұл сал­ық­тың жалақыға қатысы бол­маса да, жалпы әлеуметтік маңы­зы бар болғандықтан, халықтың төлем қабілеттілігіне кері әсерін тигізетіні анық. Өйт­кені тауар мен қызмет құны­ның артуы қарапайым халық­тың қалтасына тиетіні сөзсіз. Осы ретте қосым­ша немесе қосылған құн салығы дегеніміз не, оны қалай есеп­тейді, соған тоқталып кетсек. Бұл – әлемнің көптеген елдер­ін­де кездесетін салықтың түрі. Яғни, тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің сатылуынан ал­ын­атын салық. Қазақстанда 2004­ жылдан бастап салық төлеушілер ҚҚС-ты 12% мөл­шерінде төлеп келеді. Оған дейін бұл салық одан жоғары 20 пай­ызға жеткен кездері де бол­ған.

Ал бюджетке 7 триллион түс­еді дегенге келетін болсақ, тағы да қайталаймын, бізге әлі ешқандай ұсыныстар, соның ішінде Үкіметтің есептері келіп түскен жоқ. Бірақ солай бол­сын дедік. Әрине, бюджетімізді толықтырудың басты құралы – салықтан түсетін түсімдер ғой. Дегенмен біз сол салықты, атап айтқанда, қосымша құн салы­ғын күрт өсірмей де бюджетті толықтырудың жолдары бар деп санаймыз. Экономика секторлары бойынша ҚҚС-тың сараланған (дифференциа­цияланған) мөлшерлемесін қолдануды қарастыру керек. Мысалы, әлеуметтік маңызы бар салаларға төменірек болса, жоғары табысты салаларға жо­ғары мөлшерлеме қолдануды қарастыруды ұсынамыз.

– Салық кодексінің бас-аяғы айқындалды ма? Онда фискалды риторика қаншалықты сақталып қалуы мүмкін? Ынталандыру (мотивационный) риторикасына қатысты қандай тұстар, ұсын­ыс­тар бар? Қысқаша айта кетсеңіз.

– Қазіргі кезде, өткен жыл­дың қыркүйек айынан бері Пар­ламент Мәжілісінде мем­лекет басшысының тапсыр­масы бо­йын­ша Үкімет әзір­ле­ген жаңа Салық кодексінің жо­басы қара­лу­да. Оған сәйкес, жаңа жеңіл­дік­тер мен ынталан­дыруға қа­тысты нормалар көз­дел­ген. Атап айтсақ, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер санын кем дегенде 20%-ға қысқарту бо­йын­ша нормалар. Соның ішін­де айтар­лықтай фискалдық қайтарымы жоқ төлемдер ал­ынып тастала­ды, кейбіреу­лері біріктіріледі. 

Бізде тек 12 салық бар. Олар хал­ықаралық тәжірибеге сәй­кес келеді. Шаруалар мен фермер қожалықтарынан алынатын бірыңғай жер салығы ғана та­быс салығымен мәндес. Сон­дық­тан бірыңғай жер салығын (БЖС) жеке табыс салығына ауыстыру ұсынылған. Шаруа­лар мен фермерлер үшін жеңіл­дікті режимнің өзі сақталады. Сыртқы жарнаманы орна­лас­тырғаны үшін және жекеле­ген қызмет түрлерімен айна­лыс­қаны үшін, лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер алып тасталады.

Жерүсті көздерінің су ре­сурстарын пайдаланғаны үшін, орманды пайдаланғаны үшін және жануарлар дүниесін пай­даланғаны үшін төлемдер бір төлемге, яғни табиғи ресурс­тар­ды пайдалану үшін төленетін төлем болып біріктіріледі. Жалпы, жоба бойынша төлем мөлшер­лемелер саны 77-ге қысқарады. Сонымен қатар алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылып, олар бойынша мөлшер­леме­лердің 34 түрін алып тастау ұсын­ылып отыр.

Мемлекеттік баждардың да 5 түрін алып тастап, олар бо­йынша мөлшерлемелерді 51-ге қысқарту ұсынылып отыр. Бұл салықтар мен төлемдер санын 20%-дан астамға қысқарту мін­детін орындауға мүмкіндік береді.

Салық кодексінің жобасы бойынша жұмыс тобының құ­ра­мына депутаттардан басқа қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдері қосылды. Жоба бо­йын­ша көптеген ұсыныстар түсіп, олар жан-жақты талқы­лау­дан өтуде. Пікірлер әртүрлі, бірақ олардың бәрі жобаның тұстарын жақсартуға бағыттал­ғаны сөзсіз. Қаралатын тұстары әлі көп. Жұмыс тобының же­тек­шісі ретінде айтсам, алды­мыз­да әлі көп жұмыс бар.

– Өзіңіздің депутаттық сау­алыңыздағы 4 ұсынысыңыз­ды тарқатып айтып берсеңіз.

– Біздің ұсыныстарымыз­дың мәні біреу – ҚҚС мөлшер­лемесін күрт өсірмес бұрын, қо­л­да бар басқа да тетіктерді қарау. Яғни, бюджеттің шығыс және кіріс бөліктерінің тепе-теңдігін, балансын керек емес шығындарды қысқарту арқылы қамтамасыз ету қажет. Түрлі мәліметтер бойынша экономи­ка­мыздың үштен бірін құрай­тын көлеңкелі экономиканы жою үшін іс-шаралар қабылдау да қажет. Өз істерін жүргізіп отырған немесе жаңадан кәсіп ашам деген кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасау керек. Бұл – бір.

Екіншіден, қаралып отыр­ған Салық кодексінің жоба­сын­да арнаулы салық режим­дері оңтайландырылуы көз­­дел­ген. Яғни, салық жеңілдік­тері­нің көлемін кем дегенде 20%-ға қысқарту. Кодекс ж­о­басы бойынша 1,3 трлн теңге­ден астам сомаға 110 салық жеңіл­діктерін алып тастау ұсынылады. Одан бөлек, 400 млрд теңгеден астам сомаға 29 салық жеңілдіктері бойынша қолданылу мерзімін шектеу де қарастырылған. Біздің ойы­мыз­ша, Салық кодексінің жобасы осы тұстарды қайтадан қараған жөн. Әлі де салық жеңілдіктерін қысқартатын резерв бар деп есептейміз.

Үшіншіден, ҚҚС бойынша есепке қою шегін қазіргі 78 миллионнан 15 миллионға дейін төмендету де негізсіз деп санаймыз. Біз мұндай әрекет кәсіпкерлікті дамыту, қолдау көрсетудің орнына, керісінше, теріс ықпал етеді деп ойлаймыз. Өйткені соның салдарынан бизнестің көлеңкеге кетіп қалуы немесе жабылып қалуы мүмкін. Ол дегеніміз әлеуметтік қатерлерге, яғни жұмыс орын­дары­ның жабылып қалуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан оны да қайтадан жан-жақты талқылау қажет.

Төртіншіден, салық әкім­ші­лен­діру мәселесі бойынша жұмыстарды жандандыру қажет. Осы жерде бюджетті толықтыру бойынша тетіктер бар. Мысал ретінде темекі өнімдерінің акцизі бойынша айтайын. 2022 жылы өндіру­шілер мен импорттаушылар тарапынан 1,3 миллиард қорап темекі акциз­бен таңбаланса, 2024 жылы 1 миллиард қорапқа жуық темекі таңбаланған. Яғни, екі жыл ішін­де саны 300 миллионға азайған. Сонда елімізде темекі шегетіндер саны сонша азайып кетті ме? Заңды импорт неге азайып кет­кен? Оған жауап – темекі контрабандасының көбейген­інде. Заңсыз темекі өнімдері базарлар мен дүкендерде ашық түрде 350–400 теңгеден сатыла­ды. Бұл мысал тек темекі өн­імдеріне ғана қатысты. Ал бізде темекіден басқа да тауарлар, аяқ киім, дәрі-дәрмек сияқты заттар да импортталады ғой. Олардың қаншамасы елімізге заңсыз кіріп жатқаны белгісіз. Басқаларын қоспаған­да, темекінің өзінен 100 милли­ар­дқа жуық түсім бюджеттен тыс кетіп отыр. Сондықтан да сал­ықты әкімшілендіруге баса назар аудару қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ

Республиканский еженедельник онлайн