Суббота , 19 апреля 2025

Құс шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Сарқан қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Бауыржан Сербаев 3000 бас шетелдік «Ломан уайт» тұқымды тауықтарын асырап, жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағада жұмыртқа саудалап отыр. Кәсіпкер бұл істі биыл өзінің жеке қаражатына бастаған.

Бұған дейін де «Сербаев» ЖК иесі ауыл шаруашылығымен айналысып, кәсіптен қол үзген жоқ. Бір кезде тауық өсіріп те көрген. Бірақ биыл жұмыртқа бағасының тиімділігін ескеріп, шетелдік тауық өсірумен айналысуға бел буған. Қазір 250 шаршы метр орында тауық фермасы жұмыс істеп тұр.

– Алматыға арнайы барып, 3 мың бас шетелдік тауық сатып әкелдім. Оған қоса тауық фермасына қажетті құрал-жабдықтар әкеліп орнаттым. Тауықтың бұл тұқымы – негізінен жұмыртқа беретін түрі. Қазір күніне орта есеппен 2 мың жұмыртқа алып отырмын. Оны Сарқан ауданы көлеміндегі 20 шақты дүкенге өткіземін. Өзімнің жеке дүкенім бар, онда да саудаға шығарамын. Іріктелген ірі жұмыртқаның 1 данасы 50 теңгеден сатылады, одан кішілерінің бағасы тиісінше төмен, – дейді Бауыржан Сербаев.

Кәсіпкердің айтуынша, тауыққа қажетті бидай, арпа, сол секілді шемішке мен сояның жомы сияқты жем-шөпті негізінен жергілікті шаруалардан алады. Тек кейбір витаминдер ғана басқа қалалардан әкелінеді. Қазір фермада тауық күтімімен өзінен басқа тағы 3 адам айналысады. Олардың бәрі – өз ауылдастары.

Осылайша нарықта бәсекелестік тудыру арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына жататын тауар бағасының төмендеуіне, ауылдастарын жұмыспен қамтуға және халыққа экологиялық таза өнім ұсынуға Бауыржан сияқты жергілікті кәсіпкерлер өз үлесін қосып келеді.

 Сондай-ақ ескелділік кәсіпкер Сымбат Серқожаевтың да ауылдастарын тұрақты жұмыспен қамту бастамасы біртіндеп үлкен ферма құру ісіне ұласты. Қазір оның 120 мың бөдене өсіріп отырған ірі фермасы – еліміздегі ең іргелі шаруашылықтардың бірі. Өзі тұратын 1100 тұрғыны бар Ешкіөлмес ауылының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ферма елеулі ықпал етіп отыр. Шаруашылық ауылдың осында жұмыс істейтін елу шақты азаматының отбасын тұрақты табыспен қамтуда. Ферманы іске қосудың арқасында өңір экономикасына 500 млн теңге шамасында инвестиция тартылды. Жұмысшылардың орташа жалақысы 150 мың теңге шамасында. Бөдене фермасының пайдалы өнімі тек жергілікті нарыққа ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа да ірі қалаларында саудаланып, Қырғызстанға экспортталады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын туған ауылымда тұрғындарға тұрақты табыс әкелетін кәсіпорын неге жоқ деп ойландым. Туыстарыма, достарыма жұмыс тауып берсем деген ой келді, жерлестерімді бір ортақ іске біріктірсем деген ниет туындады. Бірнеше нұсқаны қарастырып, соның ішінде бөдене фермасын ашу туралы ой көңілге қонымды деген шешімге келдік. Оның басты себептерінің бірі – шағын аумақта құс басын өсіруге барлық мүмкіндікті жасауға болады. Оның етінен де, жұмыртқасынан да пайда таба аламыз. Сонымен өз қаражатымды салып, осы идеяны жүзеге асыра бастадым. Бауырларыммен, достарыммен бірге бизнес-жоспар әзірледік. Алғашқыда бөдененің 200 балапанынан бастадық, кейін 2 мыңға жеткіздік, одан әрі 15 мыңға, сөйтіп құс басы біртіндеп 100–150 мыңға жетті. Табысқа жету үшін, алдымен құсқа сапалы жем керек, мұнан соң, әрине, қолға алған іске деген сүйіспеншілік қажет. Туған жерім мен ауылдастарыма пайда әкелуге деген ұмтылыстың да ықпалы болды. Біздің бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі де – жұмыла жұмыс істей білгеніміздің айқын көрінісі, – дейді «Сәлем Құс» ЖШС бас директоры әрі инвесторы Сымбат Серқожаев.

Оның айтуынша, жергілікті фермада қолданылатын бөдене жемінің нәрі мол, оның ішінде жүгері, соя, бидай, балық сүйегінің ұны, күнбағыс жомы және т.б. жиырма шақты құнарлы заттар бар. Бұлардың барлығы да – елімізде өсіріліп, өндірілетін азықтар. Фермада құсты азықтандыру ісіне аса талғаммен, мұқият қараудың арқасында жоғары сапалы өнімге қол жеткізіліп отыр. Бөдене фермасында «ясли» деп аталатын топ бар, онда жаңа шыққан балапандар орналастырылады, олар әдеттегі балапандардан екі есе кіші, бірақ екі есе жылдам әрі тынымсыз. «Кішкентай бола тұра, мұндай шапшаң жетілу ең алдымен сапалы жем беру мен барлық талаптарды сақтай отырып күтіп-баптаудың арқасы», – дейді бас директор.

Көрсетілген мемлекеттік қолдау мәселесіне келетін болсақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында фермаға электр желілері тартылып, жеке трансформатор орнатылған. Фермерлер табиғи газды асыға күтуде. Көгілдір отынға қосылу арқылы шығындарын азайтамыз деп жоспарлап отыр. Бөдене өсіру үшін, тұрақты температура режимін сақтаудың маңызы зор. Осы орайда электр энергиясымен, көмірмен емес, газбен жылыту әлдеқайда жеңіл әрі үнемді болмақ.

Республиканский еженедельник онлайн