Четверг , 10 апреля 2025

Үміткер туралы үзік сыр

АЛТЫН ҚАЛАМДЫ АДАМ

Сонау 80-жылдардан, КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, студент кезінен бері білетін Ермұрат Бапидың ҚР Парламентіне депутаттыққа сайлауға түсетіні туралы естігенімізде, таңқалған жоқпыз, қайта қуандық. Өйткені оның бүгінгі бейнесі Алаш жұрты үшін айрықша – алдаспандай жарқырап тұрған ақыл-ойы, саясатты жілікше шағатын білгірлігі, елінің мұң-мұқтажын, арман-тілегін жүрегімен сезініп, Қазақстанның бүгіні мен болашағын қырандай шолатыны; бүгінгі күні шешімін күткен мәселелерді шешудің нақты жолдарын айқын білетіні жұртшылықтың үмітін үкілетіп, сенімін арттырады.

Бір кездері қолынан «Правда», «КазПравда», «СоцҚазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттері түспейтін, ізденімпаз, айкөл көңіл, дархан мінезді Ермұрат бүгін сарабдал саясаткер, жүйрік журналистке айналды. Оның батыл күрескер екені, бабадан дарыған, сүйектен келе жатқан батырлығы, әрбір жазғаны мақаласынан, тыныс-тіршілігінен айқын көрінеді.

Әсіресе адамгершілігіне бір-ақ мысал: өзімен бірге 23 жыл үзбей қызмет істеген журналист Бақытгүл Мәкімбай өмірден қайтқанда, оның барлық еңбегін болмысына бедерлеп, бар жан-тәнімен ағылып-төгіліп жазып, қатты жаны ауырды… Бұл – биік адамгершіліктің шынайы сипаты.

Студент кезде оның достары өте көп болатын, курстас қыздарына болысып, өзге курстың қыздарына сәлемін үзбей, сыпайы қалып танытатын, біздің курстасымыз ақын Нұрлан Берғазиевпен де жақсы араласатын, екеуі бүтін нанды бөліп жеп, пікірлері тоғысып, бір үйдің баласындай жүретін…

Кейін Ермұраттың ерлеп, жүйрік журналист болғанына Қазақ елімен бірге куә болып келеміз. Шындықтың жүзіне, қылыш-тілге айналған «Дат» газетін шығарды. Алтын қаламымен ғұмыр бойы елінің еркіндігі, тәуелсіздігінің баянды болуы үшін, әділет, ғаділет үшін күресті. Елге белгілі саяси тұлғаға айналды.

Дер кезінде, қажет сәтінде Парламентке депутат болып баратын Азамат деп ойлаймын. Өйткені Ерекеңнің білімі мен білігі әбден толысқан, саяси белсенділігі артып, жемісі пісіп тұрған дер шағы! Оның бағдарламасының өзі ерекше батылдықты қажетсінетін – жемқорлардың қолымен шетке шығып кеткен сан жетпейтін қыруар қаржыларды қайтару, оны іске асырудың заңдылық жолдарына қадам жасау, осы жөнінде бұлтартпас заң шығару. Бұл – өте қиын жұмыс, Ерекең сол қиынға басын тікпек!

Қадамы құтты болып, сәтін салсын! Алматыдағы №3 округке қарайтын Алатау және Әуезов аудандары бойынша 37 кандидат сайлауға түседі екен, лайықтысы – алтын қаламды Ерекең деп ойлаймын. Сайлаушыларды Ермұрат Бапиге дауыс беруге шақырамын!

Баян БЕКЕТОВА, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

«ЕҢІРЕП ЖҮРГЕН ЕР ЕДІ»

Қазақ фольклорында жиі ұшырасатын, ел қорғанышы – БАТЫРДЫҢ бейнесі осылай сипатталады. Тіркестің мағынасы елдің қамын ойлап, жаны тыншымай, үнемі мазасызданып, бәріне айтып, барын салып жүретін НАҒЫЗ ЕР дегенді білдіреді. Ол қауіпті алдымен көреді, оның бетін қайтару шараларын іздестіреді, не істеу қажеттігін айтып, жаны жай таппайды. Кейде қайғы тартады, кейде мұңға батады. Еңірейді. Күйінеді. Жұлқынып, алға шығады. Әлдебір меңіреулермен шекісіп те қалады. 

Қазіргі заманның «еңіреп жүрген ерлерінің» бірі – ЕРМҰРАТ БАПИ. 

Ол – өмірін жерін қорғауға, халқының көсегесін көгертуге арнаған адам.

Ерекең ұлт мүддесін терең түсінеді. Оның жүзеге асырылу жолдарын біледі. Онда діттеген мақсатқа жеткізе алатын білім де, парасат та, күш пен жігер де, құлшыныс та… – бәрі де бар. 

ЕРМҰРАТТЫ ҚОЛДАЙЫҚ, ОТАНДАСТАР!

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, ғалым

ЕРДІҢ СОЙЫ – ЕРМҰРАТ

  • Депутат боламын деп, дүрілдеп жүргеннің денін осы жұрт біле ме екен? Дүйім көпке дүр болып танылғандар бар ма екен солардың арасында?

Бар шығар, әрине. Өз ортасына, айналасына, ағайын-туысына жақсы ісімен көрініп, жол бастап жүрген азаматтар қашан да болуы керек. Иә, біз білмейтін, біле де бермейтін кәсіби білігі жоғары, ұлтшыл, отаншыл, мемлекетшіл жігіттер әр салада жүріп жатыр. 

«Сегіз ұлым – бір төбе» демекші, мына біз үшін, электорат үшін олар бір төбе де, жалғыз Ермұрат – Ермұрат Бапи бір төбе. Егер үміттерін үкілеп жүрген кандидаттардың толық тізімін жасап, «осылардың арасынан кімдерді анық танисың?» деп, ел ішіне сұрау салсақ, Бапи бабаның бағылан ұрпағы – Ерекең танымал тұлғалардың көшін бастап шығар еді. 

Ердің сойы – Ер-Мұрат. Ендеше Ермұрат Бапиді Парламент мәжілісінің ендігі депутаты ретінде тани берсек болады. Бұл – қалың қазақтың қалауы, ел тілегі. 

Қазір ғой бәріміз ашылып сайрап, ашына сөйлеген болып жүрміз. Ал Ермұрат жазды. Басын қауіп-қатерге тіге отырып, оппозициялық газеттер шығарудан танған да, тайған да, тайсақтаған да жоқ. Болатын кезде бола қалып, ізінше оңа қалатын оппозициялық күштерге де ол «Дат» жобасы арқылы жарық көріп келе жатқан газеттерімен ықпал етіп бақты. 

Ол – қашан да ақиқаттың жағындағы адам. Авторитет оған авторитет емес. Бедел оған бедел емес. Ол ыңғайға ықтап өмір сүруді білмейтін еркек! Ол авториттетті емес, адамды сыйлайды. Ол газетін біреуден кек алып, есе қайтару үшін емес, қазағы үшін шығарады. Қоғам еркін тыныстап, ел ырысқа кенелсін, әділдік әлімжеттік көрмесін деп жазады. Сол үшін жазаланды, қиындық көрді, сотталды. Бірақ бәріне төзді.

Енді ол үлкен мінберде тұрып сөйлеуді жөн көріпті. Сондай мүмкіндіктің бүгінгі Қазақстанда шеті көрініп те тұрған сияқты. Бұл мүмкіндікті бәріміз түгел пайдаланып қалуымыз керек. Біз үшін ешкім ештеңесін бөліп бермейді, қолдан жұмақ та жасап бермейді. Жамандықты да, жақсылықты да өзімізге өзіміз жасаймыз. Жақсылық жасампаздыққа жетсін десек, заманының ащы-тұщысын көп көрген, кемел ойлап, кеңінен толғайтын Ермұраттай азаматтарымызға қолдау білдірейік, ағайын! 

  • PS: пост Ермұрат Бапидың сайлау қорынан төленбей-ақ, шын көңілден жазылды)))

Дәурен ҚУАТ, жазушы

АҚИҚАТ КҮРЕСКЕРІ

Армысыздар, әділдік аңсаған оқырман қауым!

Мен осы Ермұрат Бапи ағаның ақпарат саласындағы нағыз шындықпен күрескер ретіндегі шапағатын көрген адамның бірімін. 2015 жылы басыма іс түсіп, жазықсыз жаланың құрбаны болып, белуардан балшыққа батқан тұсымда, тар қапаста жатып жазған жанайқай хатыма құлақ асқан – жалғыз осы тәуелсіз «ДАТ» газетінің ұжымы болды. Ермұрат аға ерінбей жүріп, журналист ретінде әділетсіз сот үкімімен маған тағылған айыпты бүге-шігесіне дейін зерттеп, ҚР Жоғарғы сотына (ол кезде Қ.Мами мырза) дейін хат та, мақала да жазды. Бірақ амал қанша, сол кездегі назарбаевтық ескі жүйенің әділетсіз соттары менің ісімді әділетті қараудан бас тартты.

Алайда Ермұрат аға бұл әрекетпен тоқтаған емес. 2022 жылы әділдікке (әзірге) жартылай болса да Ермұрат ағаның және ол кісінің редакциялық ұжымының қолдауының арқасында жетіп, бостандық ауасын жұту – мен үшін үлкен қуаныш болғаны ақиқат. Өз басым бұндай әділетсіз жазалануды жауыма да тілемес едім. Сол үшін осындай Ермұрат ағамыздай ақиқатшыл, турашыл, қандай жағдай болмасын, өз ойын, ақиқатын тіліп тұрып айта алатын абзал ағаларымыз Парламент мінберінде ел үшін, жер үшін, біздей қараша халық үшін, ақиқат құрбан болмас үшін күресуге лайықты деп есептеймін.

Әрине, қазіргі үрдісте «Парламентке жастар барсын» деп жатыр, бізде жастар дегеніміз – әншілер немесе спортшылар, блогерлер немесе жас мамандар. Мен айтар едім, егер біз шын мәнінде дамыған мемлекет болсақ, ол дұрыс, жаңаша жас буынның көзқарасымен ойлағанымыз дұрыс дее едім.

Бірақ менің ойымша, дәл қазір біз «Жаңа Қазақстан» деп ұрандағанымызбен, әлі де болса «ескі Қазақстанның» қақпағын жаба алмай жатырмыз. Негізгі ақиқат жайындағы күрес әлі алда. Елімізге орасан зор өзгерістер алып келген кешегі қаралы Қаңтар қырғынына да баға берілген жоқ.

Өз басым сол кезде жанын құрбан еткен, қыршыннан қиылған Қаңтар құрбандары алып келген әділеттілікке бір табан болсын жақындай түскен саясаттың арқасында жеңілдік көрдім. Олардың рухына тағзым етемін, ел үшін төгілген қанның қайырымы қараша халықтың сауабы болсын деймін. Сол үшін де мен Ермұрат ағаны қолдаймын және де ақиқатты аңсаған барша қазақ елін Ер-ағаны қолдауға шақырамын.

Әділдік жолында тек жеңісті болыңыз, Ермұрат аға! Біз сізбен біргеміз, сіз нағыз қазақтың ақиқатшыл күрескерісіз! Дауыс – бізден, өзгеріс – сізден!

Әділет КЕҢЕСХАНҰЛЫ

ІРІЛЕРДІҢ ІЗБАСАРЫ

  • Бір қызу дода, сайлау науқаны басталып кетті. Шəкəрім атамыз айтпақшы, «бұл сайлау – басқа сайлаулардан өзгешерек». Қалай да болсын, демократияның дəмі шығып, иісі сезіледі.

Себебі партиялармен қатар бәсекелесіп, үміткер боп, өздерін-өздері ұсынып жатқан мықтылар өте көп. Солардың бірі де бірегейі – өзіміздің төл тумамыз, Маңырақтан шыққан, қазіргі уақытта Алматыда тұратын, өзін Парламент мəжілісіне депутаттыққа үміткер ретінде ұсынып жатқан жерлесіміз Ермұрат Бапи ағамыз.

Ер-ағамыз қасиетті де киелі Тарбағатай атты ауданымыздың қайтуына бір кісідей үлес қосып, атсалысып, мен жазған «Тоқаев Тарбағатай ауданын қайтара ма?», «Шығыстағы шатақ», «Ахметов берген уəдесін ұмытып қалды ма?» атты 3 мақаламды басқа БАҚ құралдары, өзге газеттер жариялай алмаса да, өзі басқарып отырған өте танымал «ДАТ» газетіне жариялаған еді. Өзі де тікелей шекаралық аймақтағы ауданымыздың мəселесін көп көтерген болатын.

Ширек ғасыр – 25 жыл бойы «ДАТ» газетін жабылып қалудан сақтап, бүгінгі күнге дейін жеткізгені – ол ұзақ айтатын бөлек əңгіме. Кезінде Парламентте «аузын айға білеген» марқұмдар – Шерхан, Серікболсын, Айталы ағаларымыз сияқты, солардың көзі, ізбасары болып, Парламент мінберінен халықтың мұң-зарын айтып, нақтылы талап-тілектерін, мəселелерін көтеріп, шын мəнінде іске асуына, сауатты əрі əділ заңдар қабылдануына бар білім-біліктілігі мен күш-жігерін аямай жұмсап, өзінің азаматтық абыройы мен перзенттік парызын ойдағыдай өтейді деп сенім артып, үміттенеміз! Бұл додада Ер-ағамызға сəттілік тілейміз! Жолы оң болсын! Бірауыздан қолдайық, ағайындар!

Сержан ШӨКЕЕВ,

Тарбағатай ауданы,

Абай облысы

ПАРЛАМЕНТ оппозицияға СУСАП ОТЫР

  • Қажыгелдиннің сенімді серігі мәжіліске барады: Жаңа Қазақстан Бапиге депутаттық мандатты дайындап қойды. 

Осылай деген Dalainside алдағы Парламент сайлауында мәжіліс «мәдилерден» арылып, олардың орнына Ермұрат Бапи секілді мінезді азаматтар келеді депті.

Dalainside-тың мұндай болжам жасауына бірнеше себеп бар. 

Президент сайлауына үміткерлердің тікелей эфирде өткен трэш-тогы кезінде Ермұрат Бапи Тоқаевтың өкіліне өткір сауал қойды. «Қазіргі басшы Назарбаевтың қателігін айна-қатесіз қайталап жүрмей ме?..» деген қаупін жеткізді.

Қошанов (мәжіліс спикері Ерлан Қошанов – Ред.) мұндай сауалдың қойыларын сезгендей, танымал журналиске (ДАТ-тың «Бас оқырманына») барынша ашық, толымды жауап қатты. 

Ақорданың анау-мынау емес, сайлауалды дебатта биліктің оппонентін сөйлетіп, оған сауал қоятын мүмкіндік беруі – Жаңа Қазақстанның Бапидың санатындағы тұлғалармен тіл табысқанын аңғартады. 

Ерекеңе мәжілістен бір орын бұйырып тұр. 

Бапидың есім-сойы Қазақстан билігі үшін 30 жылдан бері – «қара күйе». Ешбір шенеунік Бапиға жуымайтын. «ДАТ»-қа сұхбат бермейтін. «ДАТ»-ты тығылып қана оқитын. 

Жаңа да әділетті Қазақстан мәжілісті «мәдилерден» тазартуға мүдделі.

Қажыгелдиннің сенімді серігі журналистикада ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емес. Есесіне Парламент Ерекең секілді тұлғаларға сусап отыр.

Бұған дейін Dalainside «Қажыгелдин мен Ақорданың хат-хабар алмасқанын» жазған. «Әкежан Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі» деген батыл болжам жасаған едік. Қажыгелдиннің Қазақстандағы «көзі, құлағы һәм тілі» саналатын Бапидың мәжіліске баруы Тоқаевтың саяси реформасын толықтыра түседі. 

Бапи Парламентке барса, не өзгереді дейтіндер бар шығар? Ендеше таратып көрейік. 

Ермұрат Бапи 1998 жылдан бері билікке дүрдараз оппозициялық жолда. Назарбаев билігінің халықты қалай қанағанын, тонағанын, қазақты қалай теспей сорғанын жақсы біледі. 

30 жылдан бері әділетсіз жүйемен баспасөз арқылы арпалысқан азаматтың Шерағаның заманынан бері ойсырап тұрған орынға отыратын кезі келгендей.

  • Dalainside телеграм-арнасы

МӘЖІЛІС – ІБІЛІС болмасын десек…

  • Өзім Ақжайық топырағында бір ғана қазақ тілінде газет шығарып, орысқа құл болған Назарбаевтың тоқпақ-билігінен бәле мен кесепаттың бәрін көрдім…

Оралдың сепаратистерінің көзіне көк шыбын үймелеттім. Шыбынның ұрығы құртқа айналып, озбырдың өзегіне түсті: көбі еліне безіп кетті, бірақ итше күшіктейтін неменің сарқыншақтары саңғытып жүр. Намысы өлмеген жерлес жігіттерге: «Тамағын шошқа да тауып жейді, ертелі-кеш «бала-шаға» деп, салпаңдап-шапқылай бермей, сол жақсылық себепкері – қазақтың еркіндігі мен мүддесіне тілі мен көзін тигізгісі келгеннің аузын қызылға толтырыңдар», – деп аманаттап кеткенмін…

Ал орысқұл билікпен тұтас ел көлемінде алысып-жұлысу үшін, менің қауқарымнан жүз есе қуаттылық керек. Міне, қазағы үшін осындай орасан кемел-күшті Ермұрат БАПИ ғана көрсете алды. Басқасы «бас-басына би болған өңшең қиқымға» айналды.

«Жаптым – жала, жақтым – күйе; қорқытып-үркіту; боралап-бопсалау; қол қайырып, жертөлеге тығу; соттарға сүйреп, айыппұлмен түйреу; тіпті алдап-сулап, арбап-айлалап өзіне тарту сияқты т.б. толып жатқан зымыяндық сұмдықтар – Ермұрат Бапидың төл тағдырына айналып, өмір сүру қалпы болды.

Бірақ қанша қиянат көріп, қиыншылық кешсе де, ұстанымынан қайтпай, бағытын өзгертпеген ЖАЛҒЫЗ ОППОЗИЦИОНЕР де – жаңа, тәуелсіз қазақ тарихында тек Ермұрат БАПИ болып қала береді.

1. Ермұрат БАПИ дегеніміз – ҚАЗАҚТЫҢ АРМАН-МҰРАТЫ мен ТАЛАП-ТІЛЕГІ.

2. Ермұрат БАПИ дегеніміз – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАН ДАУЫСЫ мен ҮМІТТІҢ ҮНІ.

3. Ермұрат БАПИ дегеніміз – ҚАЗАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ мен БАҚЫТЫНЫҢ БІЛТЕ-ШЫРАҒЫ.

Ермұрат өтпеген мәжіліс – НАҒЫЗ ІБІЛІС!

Қажымұқан ҒАБДОЛЛА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн