Суббота , 19 апреля 2025

ҮНДЕУМЕН ҮЙЛІ БОЛМАЙМЫЗ немесе Алдамшы бағдарлама кімді жарылқайды?

Адам атына сай, адамша өмір сүру үшін, ең әуелі оған тамақпен киім керек. Сол керектердің қатарындағы аса маңыздысы – баспана. Сондықтанда бәрінің бағасын білген бабаларымыз «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген мәңгілікмәнді сөзді ұлағат еткен.

Уақыт озады, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына орай ой да өзгереді, тіпті мазмұны тереңдей түседі. Кісі есігін сағалаумен шашы ағарып, одан кейінгі бүкіл ғұмырын жатақханада өткізген бір замандасым әбден таусылған-ау, шамасы: «Үйі түскеннің күйі түседі, күйі түскеннің миы түседі екен, бауырым», – деді ашынып. Қайтсін-ай, шіркін?! Ішкі зар күйін ашынып шығарған түрі ғой. Кеңес өкіметі құрдым болар кезде өзі жұмыс істейтін заводтың жатақханасынан қуықтай бір бөлмеге әзер қолы жетіп, қатты қуаныпты. «Өз үйім – өлең төсегім ғой» деп тойлаған. Сол «өлең төсегінде» екі ұл, бір қызы өскен, қызды ұзатып, ұлдарды үйлендірген. Құдаларына ақ дастарханын көрсетіп, дәм татыра алмаған. «Олармен жүздескен сайын жер боламын», – дейді.

Иә, оқырман, әлгі бауырымыздың «күйі түскеннің – миы түседі» деген күйінішті сөзінің себеп-сырын сіз де ұққан шығарсыз? Заводы жабылған, одан кейінгі кәсібі – көше сыпыру. Табысы талғажауына әзер жетеді. Әйтеуір бір ұлы баспаналы болыпты. Ол да қайын жұртының қарайласуы арқасында. Екінші ұлы үйсіз, пәтер жалдап, Алматының әр бұрышында көшіп-қонып жүр. Бұл қалалық боламыз деп келген қай қазақтың да басында болған үйреншікті жай? Әрине, ауыр…

Біздер қалай үйлі болдық

Баспана мәселесі әсіресе қазақ үшін қай заманда да қиын болды. Десек те, кешегі кеңестік кездің азды-көпті қызығын көрген социалистік жүйеде үй алудың үміті бар еді. Олай дейтінім, мәселен, университетті 1981 жылы бітірген курстастарымнан ішінде қызмет орнынан үй ала алмай, арманда қалған бірде-бірі жоқ. Бірінші болып, «Социалистік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген Жұмекең досымыз – Жұмабек Кенжалин Алматының жүрек тұсы «ЦУМ-ның» тура түбінен ойып тұрып үй алды.

Одан кейін бүкіліміз «Жәке» деп жүретін үлкеніміз – Жайлаубай Қазиев ағамыз баспаналы болды. Ол кісі «Жазушы» баспасында корректорлық қызметте, ал жеңгеміз Бақыткүл почтада жұмыс істейтін. Үш баласымен Көктөбе баурайындағы Маңғыстау көшесінде, Федор дейтін орыстың ауласындағы кішкентай құжырада тұратын. Бұл горбачевтік «қайта құру» саясатының ұраны жалаулай бастаған 1985 жылдың көктемі еді. Алда КПСС-тің кезекті XXVII съезі өтетін уақыт таяп қалған. Мәскеуден шығатын «Правда», «Известиядан» бастап, өзіміздің республикалық, облыстық, тіпті аудандық газеттерге дейін жарыса жарық көріп жатқан әр саны сайын арнайы бет, рубрика ашып, онда жер-жердегі еңбекшілер мен ақын-жазушы, ғалымдардың, партия, кеңес, соғыс ардагерлерінің ой-ұсыныс, тілектерін «Съезге хат» деген айдармен тоқтаусыз жариялаумен болды.

Қай газеттің де беделі зор. Тіпті сын материалдарды именбей басады. Ел сот пен прокуратура, жергілікті билікке өткізе алмай, көрген жәбір-жапа, қиянатын газеттерге жазған хатымен жеткізеді. Мен де жағдайымды бір газетке баяндайын деп жүрген ниетін Жәкең өзімен бір баспада аға редактор болып қызмет істейтін сатирик-ақын Шона Смаханұлына айтып қалса, ойы ұшқыр ағамыз: «Әй, Жәке, сен өйтпе. Бәрін қой да, съезд ашылатын күні тура КПСС Орталық Комитетінің бас секретары Горбачевтің өз атына жеделхат жолда, – дейді. – Екінші топтағы мүгедектігіңді, үш баламен пәтерде қаңғып жүргеніңді, әкесіз жетім өскеніңді де қалдырмай, қысқасы, бар ойыңды жарты бетке сыйғызып жазу керек».

Содан Шона ағамыз Жайлаубай інісінің жазған жеделхат мәтінін орыс редакциясындағы бір әріптесіне аудартып, мұнтаздай етіп қолына ұстатады. Келесі күні таңертең Жәкең келіншегі жұмыс істейтін почта бөлімшесіне барып, оны сол жерден «Мәскеуге, Съездер сарайы, М.С.Горбачевқа» деп жөнелтіп жібереді.

«Содан соң не болды?» дейсіз-ау, ә?

– 21-автобусқа мініп, пәтеріме келгенше бір-бір жарым сағаттай болған шығар, – дейді Ж.Қазиев сәбидей таза күлкісіне салып. – Таяғыма сүйеніп, сүйретіліп келіп, қақпаны ашсам, үй иесінің жанында әдемі киінген бейтаныс екі жігіт тұр. Мені көре салып Федор: «Вот он сам появился!» деді. Әлгі мен танымайтын екеудің назары маған ауып, түріме тесіле қарады, бір жағына қарай қисая бүгілген аяғыма, қолымдағы таяғыма қарады. Біреуі қазақ екен, сонысы: «Сіз Жайлаубай Қазиевсіз бе?» деп сұрады. «Иә, соның дәл өзімін». «Съезге жеделхат жібердіңіз бе?» «Жібердім». «Неге өйтесіз?» «Неге өйтпеймін? Енді соның нақты себебін білгілерің келсе, бала-шағаммен тығылысып тұрып жатқан құжырамды көріңдер», – деп, қожайынның зәулім үйіне жапсарлатып, ақша табу үшін ғана салған қорасына алып бардым.

Олар бір төсек пен үстел әрең сыйып, ішінде бірі жылап, бірі нан жеп, үшіншісі анасының төсіне басын тыға емініп жатқан пәтеріме кірді де, ләм-мим деп ауыз ашпай, кетті де қалды. Екеуі «КГБ» мен Алматы қалалық атқару комитетінің арнайы жіберген жауапты адамдары екен. Не көргендерін бастықтарына жеткізіп барған шығар, сол жолдаған жеделхатымның пайдасы – партияның съезі бітпей жатып, Айманов пен Жандосов көшелерінің қиылысындағы почташылардың үйінен екі бөлмелі пәтерге ие болдық», – деген еді Жайлаубай ағамыз.
Ол заманда Алматы қазақтар үшін жабық қала еді. Бұл ашық айтылмайтын, алайда мәскеулік биліктің ұстанған саясатының сипаты дәл солай. Оқуға түскен жастар уақытша ғана тіркеледі, оқу мерзімі біткен соң, тіркеуден шығарып тастайды.

Жолдамамен Алматыда қалғандар болса, төлқұжаттарын қайта тіркете алмай итәуреге түседі. Өз бетінше жұмыс тауып, орналасқандарға үй кезегіне тұру да бір азап. Өйткені қалада бес жыл тұрады деген анықтама қағаз талап етіледі. Соның өзінде менің алматылық атанған он бес шақты курстастарым 1989 жылға дейін кезек бойынша түгелдей мемлекеттен үй алды. Бұл бүгінгі тәуелсіз елміз деп көкігенде көкірегіміз көк тірейтін Нұр-заманның жағдайымен салыстырғанда, ғажап қой, ғажап, ертегінің нақ өзі!

Бес бастаманың бір кілтипаны

Биылғы жылдың наурыз айының ортасында мемлекет есебінен күн көретін газеттеріміздің бәрі «Біз бүгін әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайынбыз» деген тақырыппен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Назарбаевтың үндеуін жариялады. Халыққа арналған үндеудің беташар сөзінде елбасымыз: «Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін, – дей келіп: «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген идея жаңа мағынамен толыға түсуге тиіс… Бірден айтайын: бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар оптимистік жоба», – дейді.

Парламент пен үкіметтің бірлескен отырысында жарияланған, президенттің әлеуметтік жаңғыру жолындағы жаңа, ауқымды қадам деп әспеттеген жобасының әуелгі және ең негізгі бөлігі әрбір отбасына баспана алуға мүмкіндік беру жайына арналған. Естігенге де керемет әсері мол, өте жағымды сөз-ау! Сайрауық білгіштер «бұрын-соңды болмаған бастама» деп іліп әкетті.

Сондағы «7-20-25» бағдарламасының ерекшелігі: «Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады; Қазіргі банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 пайызына дейін, кейде тіпті 50 пайызын салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспауға тиіс; Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін, оның мерзімі 10–15 емес, 25 жылға дейін болады».

Бұл басқа емес, елбасымыздың аузынан шыққан өз сөзі! Құдай-ау, баспана зарын тартқан жұртқа бұдан артық не керек, қандай жақсылық пен жарылқау қажет?! Кісі есігін сағалаған сансыз қазақ алақайлап үн қатып, биліктің баспаналы болу үшін жол ашқан теңдессіз, тосын көмегін тез арада пайдаланып қалуға жаныға, жанталаса ұмтылуы тиіс еді…

Жоқ, олай болмады. Үндеуі теледидар мен радиодан берілген күннің кешінде-ақ есепке жүйрік, ненің не екенін әп-сәтте айыратын азаматтардың арасынан Айболат Бөкенов деген замандасымыз «Фейсбуктағы» парақшасында: «Елбасының айтқан ипотекасы осы ма? – деп кейіне жазды. – Ипотека есебі: 7-20-25. Құны шамамен 15 миллиондық пәтерді ипотекаға алсаңыз, ставкасы 7 процент, төлейтін бастапқы жарнаңыз – 3 000 000 теңге. Қалатыны – 12 000 000 теңге. Оның қайтару мерзімі 25 жыл. Бұл 300 ай деген сөз. Содан ай сайынғы орта есеппен төлеміңіз 84 814 теңге болады. Түптеп келгенде, үй үшін төлейтін бүкіл шығыныңыз 28 444 051 теңге…»

Кейін, араға біршама уақыт салып, бағдарлама бойынша үй алуға берілетін несие мөлшері нақтыланды. Бастапқы төлем мөлшері азайтылды. Банктер Астана, Алматы, Атырау секілді халқының табысы жоғары делінетін қалаларда 25 миллионға дейін ақша бере алады. Жоғарыда басқа қалалардағы 15 миллиондық несие картасын Айболаттың есебі арқылы аштық қой, енді осы өзгеріс бойынша 25 миллионға тоқталайық.

Әуелгі төлейтініңіз – 2 миллион 400 мың десеңіз, одан қалған 22 миллион 600 мың теңгені 7%-дық төлемде есептеп көріңіз. Ай сайынғы қайтаратын ақшаңыз – 159 667 теңге. Осыны 300 айға көбейтсеңіз, 47 миллион 900 мың болып шыға келеді. Банктен санап алғаныңыз әлгіндей қаржы, ал үстемесі – 25 300 700 теңге. Яғни, банкке қайтаратыныңыз 100 пайыз!

Сонда бұл кім үшін жасалған бағдарлама? Кімдерге арналып жасалған жақсылық? Кімге пайда, кімге зиян? Мемлекетіміздің үйсіз-күйсіз қаңғыған халыққа көрсеткен әкелік қамқорлығы, бұған дейін болып көрмеген керемет жобалы жақсылығы осы ма?

Қарап отырсақ, ғажап түгі жоқ! Биліктің момын, аңғал қазақты тағы да қарызбен қарғылауды тереңнен ойластырған кезекті бір шарасы. Алайда осындай «әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» мақсатындағы бағдарламаны түзгендер оның қитұрқы қулық екенін алдын ала білді, әйткенмен баспана мұңына батып, көзі қарауытқан ел ештеңені аңғармай, оп-оңай алдана қалады деп ойлады.

Бірақ халық алдана-алдана жетер жеріне жеткен екен. Оның үстіне бәрі бірдей тұрмысты ма? Екі қолына бір күрек таба алмай, сенделіп жүргендері қаншама?!.. Шүкір, жұмыссыз емеспін деп, көше сыпырып, қақпа күзетіп, асханаларда ыдыс-аяқ жуып, тіпті оны айтасыз, мектепте бала оқытып, ауруханаларда медицина маманы, кітапханаларда күні бойы елге қызмет көрсететін сала қызметкерлерінің алатын мардымсыз жалақысымен ипотекалық несиеге пәтер алу ниеттері көздері жұмылып, көрге кіргенге дейін орындалмайтын асыл арман болып қала береді.

Дегенмен, мән-жайдың солай екенін біле тұра, халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін іліп әкетіп, оны «таңғажайып дүние», пәтерсіз қаңғып жүрген жастарды «нұрлы өмірге жеткізетін жақсы жоба» деп, ауыздарының суы ағып тамсанғандармен танысқыңыз келсе, «Егемен» мен «Айқын» бастаған билік басылымдарын ақтарып, «Хабар» телеарнасына қараңыз.

Бүгінгі жастарды алдай алмайсың

Ал қоғамда болып жатқан әрбір оқиға, құбылысқа өзіндік ой-пікір айтып, сыни тұрғыда сөз етуге бейім «Жас Алашта» (8 наурыз, 2018 жыл) үндеуге байланысты белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның «Халықты мәңгілік алдау мүмкін емес немесе Бес бастамаға төрт ауыз сөз» деген талдау мақаласы басылды.

«Әлеуметтік бес бастаманың басым көпшілігі, негізгі векторы жастарға арналғаны айқын көрініп отыр, – деп бастайды бір уәжін автор. – Оның себебі – бүгінгі биліктің болашағы жастардың, дәлірек айтсақ, қазақ жастарының қолында… Бүгінгі билік, режим, президент Н.Назарбаев, сөзсіз, тарихта жақсы атпен қалғысы келеді… Ал президенттің тарихтағы орнын айқындайтын ақсақалдар тобы емес: олардың сөзін естіп, тыңдап жатқан жастар бүгін шамалы… Н.Назарбаев құрған саяси режимнің тарихтағы рөлі мен орнын, атқарған жұмысының қанша пайызы дұрыс, қанша пайызы бұрыс екенін анықтап-айқындайтындар – тәуелсіздік түлектері. Жасы жиырма бестен төмен ұрпақ…».

Міне, сол жастар не көрді? Қалай өсті, қазір қандай күйде?.. Лайықты білім ала алды ма? Өмірдегі орындарын тапты ма? Өмір сүріп отырған қоғамы өздерін қажетсіне ме? Оларды нендей мәселелер қатты мазалайды?

Бұл сұрақтар ең әуелі жастарды емес, билікті ойландыратын басты мәселе десек, әсте қателесе қоймаспыз. Ақиқатына жүгінсек, біздің бүгінгі билік бишігін темір уыста ұстағандар мұны мүлде ұмытты. Солай болғандықтан да саясаткер А.Сарым біз тілге тиек еткен талдау мақаласында: «…қазақ жастарының басты проблемасы – баспана, – дейді. – Үйі жоқтың мүлкі жоқ, капиталы жоқтың Отаны да болмайды. Отаны болса да, оған деген құрметі де болмайды. Жастар неге елден безуге құмар? Жастар неге отау құра сала ажырасады? Жастар неге қор жинай алмайды? Жастар неге несие алғыш? Елді неге жалғызбасты аналар, әке көрмеген балалар жайлады? Жастар неге ішімдікке, есірткіге салынады? Жастар неге жат діни ағымдарға кетіп жатыр? Өз Отанын тастап, бөтен Сирияда утопиялық мемлекетті неге қорғап жүр? Осы сияқты көптеген өзекті мәселеге жауаптың басы осы – баспана мәселесінен туындайды…

«Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» демекші, Қазақия әлемдегі ауқымы тоғызыншы территория бола тұра, онда өз бұрышың, өз панаң болмаса, ұлан-ғайыр жердің не керегі бар?..».
Рас-ау, ә?.. Айдостың әбден екшеп, зерделеген ойына қарсы айтар уәж жоқ! Оның осыдан алты ай шамасы бұрын «Жас Алаш» арқылы жалпақ жұртқа жеткізген осы пікір-пайымы биліктің де бүйірін бір түртіпті. Содан өздерінше әрекет бастап, келесі жылды – «Жастар жылы» деп жариялады. Ол да жайдан-жай жариялана салынған жоқ. Президенттің 2019 жылға арналып, халыққа жолдаған Жолдауында мәлімделді. Экономикаға, әлеуметтік жағдайға қатысты көп нәрсе ауызға алынды.

Елбасымыз «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының өзі күткендей нәтиже бермегенін мойындады және үй алушылар санының аздығына көңілі толмай, қынжылыс білдірді. Арасында бастапқы жарнаның өзін төлеуге кез келгеннің шамасы келе бермейтінін де жасырмады. Бұл ретте Астана әкімшілігінің осы бағдарламамен үй алушыларға жасаған жеңілдігін құптап, жаппай қолдануды ұсынды. Бұның бәрі жастар проблемасы біздің назарымызда деген ойын аңғартатын сөздері шығар, бірақ бүгінгідей абыржыған қоғамдағы қаусаған, күйсіз елдің көңілін демдей ала ма?.. Әй, қайдам дейді менің ішкі ойым. Сондықтан, амал жоқ, тағы да саясаткер А.Сарымның сол мақаласына еріксіз жүгінуге мәжбүрмін.

«…Жастардың, қазақ жастарының тынысы мен көкжиегін ашу үшін, бірнеше ауадай керек қажеттіліктер бар. Олар: денсаулық, баспана, білім, жұмыс, жақсы жалақы. Осы бес мәселесі шешілсе, осы бес бағыты туралы пайымы, жоспары түзелсе, жастар Отанын тастамайды, ертеңге сеніммен қарайды, адал еңбек етеді, отбасын құрады, бала өсіреді. Олай болса, бес әлеуметтік бастама дегеніміз – жолдың аяғы, нақты нәтижесі ғана емес, басы ғана. Бұл бастамалардың саны бес емес, елу бес болу керек шығар… Кемел, кешенді бетбұрыс, содан туындайтын саясат керек қазақ жастарына… Мәселе – әділ ойын ережелерінің қалыптасуында, ол ережелердің баршаға ортақ болуында, бұлжымай орындалуында…».

Айтыңызшы, бар ойын осылайша бүкпесіз, анық та шынайы жанашырлықпен сарқып айтқан саясаткер Айдос Сарымның бұл ұстанымына құптай қосылудан басқа жол бар ма? Бар болса, кәне, көрсетіңізші! Көзге түртіп көрсете алмайсыз. Өйткені келешегі кемел болса екен деп армандап, үлкен үмітпен қарайтын егеменді еліміздің бүгінгі жағдайы биліктегі бір кісі мен командасынан тыс бар қазаққа, айдай әлемге айқын ғой…

Республиканский еженедельник онлайн