Вторник , 26 августа 2025

«Ү Ш С О Қ Ы Р»

немесе Саяси байыптар

  • Сай­лау өтті, салқы­ны қандай?

Енді аса ірі сая­си оқиғаға баға беру қал­ды. Ел ауқы­мын­да өткізіл­ген әр сая­си шараға объ­ек­тив­ті баға беріл­ме­се, пай­да­лы қоры­тын­ды жасал­ма­са, келесі шара­лар да қой­мал­жың бат­пақ дең­гей­ін­де өте­ді, алға жыл­жу болмайды.

Айта­рым­ды үш соқыр тура­лы үнді аңы­зы­нан бастай­ын. Олар­дың біре­уі піл­дің қабы­рға­сын сипа­лап тұрып, «піл деген қабы­рғаға ілін­ген кілем сияқты» деген екен. Екін­шісі жану­ар­дың аяғын құшақтап тұрып, «піл жер­ге қағы­лған дің­гек» сияқты деп­ті, үшін­ші соқыр хобо­тын ұстап тұрып, «піл жуан жылан» екен деген сипатта­ма бер­ген екен.

Біздің сай­ла­у­ға бер­ген сипатта­ма­мыз осы сияқты. Біре­улер заң­ды­лық толық сақталған учас­ке­де­гі сай­лау үдерісін көріп, «сай­лау заңға сәй­кес, өте әділ өтті» деп жатыр. Екін­ші біре­улер түр­лі құбы­л­ту­лар­дың орын алға­ны­на куә болған­ды­қтан, «сай­лау үдерісін­де кем­шілік­тер бол­ды» деген баға беру­де. Үшін­ші біре­улер шара заң­ды­лы­ғы өрес­кел бұзы­лған учас­ке­лер­де­гі көр­генін айтып, «бұл сай­лау емес, бұры­нғы­ша, басы­нған фор­ма­да өткен спек­такль, ешқан­дай әділ­дік болған жоқ» деген­ді айтып, өзе­уреп жүр.

Кім­дікі дұрыс? Бұл сұраққа екі жау­ап бар: 

Бірін­шісі: бәрінікі дұрыс; 

Екін­ші жау­ап: ешкім­дікі де дұрыс емес. 

Сон­да қалай? 

Сонда былай?

Бәрінікі дұрыс бола­ты­ны – сай­лау шынай­ы­лы­ғын­да да солай өтті. Учас­ке­лер­дің бел­гілі бір бөлі­гін­де сай­ла­уды жоға­ры­дан түс­кен талап­тарға сай, толық заң­ды­лы­қта, ере­же бұз­бай өткізді. Бірін­ші топ­тағы «соқыр­лар» осы­ны айман­дай ашып, көр­сетіп отыр. 

Екін­ші топ­тағы «соқыр­лар» да көр­генін айтып отыр. Кей­бір учас­ке­лер­де құбы­л­ту­лар­дың болға­ны рас.

Үшін­ші топ­тағы «зағип­тар­дың» да көр­гені айна қатесіз. Көп­те­ген учас­ке­лер­де өрес­кел заң бұзу­шы­лы­қтар­дың, дөрекі әре­кет­тер­дің орын алға­ны да рас. 

Екін­ші тұр­пат­тағы жау­а­пқа қаты­сты бәрінікі қате екенін де дәлел­деу қиын емес. Әркім өзі болған учас­ке­лер­де­гіні, өз көзі­мен көр­ген­дерін бүкіл елде­гі сая­си үдерістер­ге таңып, бәрі солай бол­ды деген­дері дұрыс бол­ма­ды. Бұқа­раға әр бақы­ла­у­шы­ның өз көр­гені­нен ғана сипатта­ма беруі тұта­стай объ­ек­тив­ті баға бола алмайды.

Енді бөг­де пікір­ді тың­даңыз. Сай­лау Пре­зи­дент Қ.-Ж.Тоқаев күт­кен­дей, ойдағы­дай өтті. Пре­зи­дент сай­ла­уды заң­ды­лы­ққа сай, әділ өткізу­ге нұсқау бер­ді. Тоқа­ев­тың коман­да­сын бұл­жыт­пай орын­дай­тын құры­лым­дар өздері болған учас­ке­лер­де осы­лай өткізді. Бұл – бірін­ші топ­тағы «соқыр­лар­дың» көргені.

Ал екін­ші және үшін­ші топ­тағы «соқыр­лар­дың» көр­гені – ол учас­ке­лер­де Тоқа­ев­тың жағы­на толық шық­паған, «елба­сы­нан» алған «ризы­ғын» ұмыт­паған, ескі Қаза­қстан­нан «жаңа Қаза­қстанға» толық өтіп бол­маған, диф­фу­зи­я­лық алап­тағы­лар өткіз­ген гибрид сай­лау болды. 

Үшін­ші топ­тағы бақы­ла­у­шы­лар­дың сипатта­у­ла­ры да рас, олар «елба­сы­ның» сүме­лек­тері ұйым­да­сты­рған «мас­ка­рад­тың масқа­ра­сын» да көр­ген­дерін айтып жүр.

Бұдан шығар қоры­тын­ды: сая­си рефор­ма­лар бастал­ды. Заң­ды негіз жасал­ды. Жаңа Қаза­қстан­ның билі­гі қамаудың қақ­па­сын ашты. Ал осы­дан кей­ін қоғам­ның про­гресс жолы­мен, май жаққан тақтай­дағы­дай, жыл­дам сырғып кет­пей­тіні және бел­гілі. Неге? 

Оның сыр­ла­ры әле­умет­тік пси­хо­ло­гия тео­ри­я­ла­ры­мен түсін­діріледі. Аталған ғылым сала­сын­да тәжіри­бесі бар зерт­те­уші ретін­де сай­лау үдерісін­де­гі құбы­л­ту­лар­дың орын алуы­на мына­дай түсін­ді­ру ұсынамын.

Қ.-Ж.Тоқаев билік­ке кел­ді деген күн­нің ертеңін­де қауым жап­пай оның нұсқа­у­ла­рын орын­да­уға дай­ын болған жоқ. Шынай­ы­лы­ғы­на кел­ген­де, ол үш жыл пре­зи­дент­тік қыз­метін толық атқа­ра алма­ды. Енді біре­улер «қаңтар­дан» кей­ін Қ.-Ж. Тоқа­ев толы­ққан­ды, заң­ды күшіне енді деген­ді айтып жүр. Бұл да толық ақиқат­ты бола алмайды. 

Ал енді бір рефе­рен­дум, бір­не­ше сай­лау өткізіп, коман­да­сын маңы­зды мөл­шер­де жаңар­тып алған­нан кей­ін, Пре­зи­дент­тің мін­беріне мығым оты­руы­на толық қолы жет­кен шығар? Енді ұйқы­мыз тыныш бола­тын шығар?

Асық­паңыз!

Үш жүз жылғы отар­лық тәу­ел­ділік­тің іздері тәу­ел­сіздік ала салып, жоға­лып кет­кен жоқ. Соңғы 30 жыл­да ұлт­тың қанын ұйы­қтат­пай сорған, «елба­сы­ның» сұға­нақта­ры­ның бұқа­ра­лық сана­да қал­ды­рған пси­хо­ло­ги­я­лық зардаб­ы­ның өзін ұмы­туға тағы 40 жыл керек. Әле­умет­тік пси­хо­ло­ги­я­ның қағи­да­ла­ры бой­ын­ша, сен­си­тив­тік жасын­да пай­да болған әдет­тері­нен адам өмір бойы ары­ла алмай­ды. Бұған қосым­ша, Отба­сы­ның мүше­лері мен одан қомақты нәпақа алған­дар­дың үйрен­шік­ті әре­кет­тері жалға­са беретінін тағы ұмы­туға болмайды. 

Қаза­қстан­да 98 мың шене­унік бар. Олар­дың 8000‑ы Тоқа­ев жағы­на толық өтті деген­нің өзін­де әлі 90 000 «елба­сы­шы­лар» орны­нан тап­жы­лған жоқ. Олар­дың бәрін бірер жыл­да ауы­сты­рып тастау мүм­кін емес. Ауы­сты­рып тастаған­ның өзін­де олар­дың мен­та­ли­теті өзгеріп кет­пей­ді. Жаңа Қаза­қстан­нан нан­та­бар алып оты­рып, ескі Қаза­қстан­дағы әдетін жымысқы амал­дар­мен жалға­сты­ра береді.

Деген­мен, бәрі тұман­ды емес, әрине. Тоқа­ев қалған 6 жыл ішін­де мем­ле­кет­те­гі ең басты, кілт­тік лау­а­зым­дарға аса сала­у­ат­ты, адал да іскер, жоға­ры мәде­ни­ет­ті, ұлт­тың ұлы бола ала­тын адам­дар­ды орна­лы­сты­рып кет­се, 2069 жылға дей­ін елді өрке­ни­ет­тің алды­ңғы легі­нен көрі­нетін­дей дең­гей­ге жет­кізу­ге әбден болады.

  • Адам­ды емес, мәсе­лені талқылайық 

Серік Зия­тов («Фейс­бук» қол­да­ну­шы – Ред.)! «Тоқа­ев кезін­де Назар­ба­ев­тың орнын басар­да, НӘН-нің сая­са­тын жалға­сты­ра­мын деп ашып айтқан» деп­сіз. Қар­сы сөзім жоқ, ол рас. Бірақ бұл сөздің конъ­юнк­ту­ра­ның қыспағы жағ­дай­ын­дағы адам­ның сол мезет­тік аху­ал­дан шығу үшін айты­лға­нын неге ескер­ме­ген­сіз? Бұл – Тоқа­ев­тың шын ниет­ті, өмір­лік бағ­дар­ла­ма­сы емес қой.

Сая­сат­та номен­кла­ту­ра шең­берін­де жүр­ген адам­дар­дың ойын­дағы­сын үне­мі жай­ып сала алмай­ты­ны, кей­ін жағ­дай өзгер­ген­де басқа­ша сөй­леп, әре­кет етуі мүм­кін екен­ді­гі – жиі ұшы­рас­а­тын құбы­лыс. Осын­дай бола­ты­ны­ның нақты мыса­лын өзіңіз «Фейс­бук­тағы» посты­ңы­зда Хру­щев­тің сөзі­мен кел­тіріп отырсыз. 

«Екін­ші посты­ңы­зда 10 100 учас­кенің бар­лы­ғын­да заң бұзы­луы мүм­кін еді» дей­сіз. Бұл пай­ы­мы­ңы­зды да толы­ғы­мен қостай­мын. Назар­ба­ев­тың тұсын­да дәл солай бола­тын. Қазір жап­пай заңбұ­зу­шы­лы­ққа жол бер­мей, бәрін­де бол­ма­са да, учас­ке­лер­дің басым көп­шілі­гін­де «сай­лау дұрыс өтсе,.. сол учас­ке­лер­де тәу­ел­сіз бақы­ла­у­шы­лар мен өзін-өзі ұсы­нған кан­ди­дат­тар­дың сенім­ді өкіл­дері болған­ды­ғы­нан» екенін де дөп басып айтып отырсыз. 

Секе, Сіздің көп нәр­сені дұрыс аңға­ра­ты­ны­ңы­зға тән­ті болып отыр­мын. Сай­лау дұрыс өткен «учас­ке­лер­де тәу­ел­сіз бақы­ла­у­шы­лар мен кан­ди­дат­тар­дың сенім­ді өкіл­дері» болған­ды­қтан, бәрі дұрыс болға­нын мен де қуат­тай­мын. Бұл жер­де де ақиқат­тан алшық кет­кен жоқсыз. 

Енді мынаған жау­ап беріңіз­ші: тәу­ел­сіз бақы­ла­у­шы­лар мен кан­ди­дат­тар­дың сенім­ді өкіл­деріне сай­лау үдерісін қадаға­ла­у­ға, оның дұрыс өтуіне себеп­ші болуға МҮМКІНДІК БЕРГЕН КІМ? Назар­ба­ев­тың сай­ла­у­ла­рын­да бақы­ла­у­шы­лар мен сенім­ді өкіл­дер­ге сай­лау үдерісін қадаға­ла­у­ға, оның дұрыс өтуіне ықпал ете ала­тын МҮМКІНДІК БЕРІЛУШІ МЕ ЕДІ? Сай­ла­уды ұйым­да­сты­ру­дың осы буы­нын­дағы өзге­шелік­ке тереңірек назар салып қараңызшы. 

Қай­рат Әлім­хан деген аза­мат сын пікірін­де автор­дың жеке басы­на шүй­лі­гіп бағып­ты. «Сыни көзқа­рас деген­ді біл­мей­ді», «Ескі, баяғы­да шіріп біт­кен өтірік әңгі­ме», «Оқыр­ман­да­рын тура мына үкі­мет сықыл­ды махау деп жүр», «ғалым адам деп жүр­сем, қате­ле­с­кен екен­мін» дей келіп, өкіні­ш­тен кеудесі­нен зар шыға­рып­ты. Бұған қоса, сай­ла­у­ға қаты­сты «Пре­зи­дент «заңбұ­зу­шы­лы­қтар­ды тыюға тал­пы­ныс та жаса­май­ды», «заң бұзу­шы­лы­қты көр­мей жүр», «бір­де-бір қыл­мыстық іс қозғал­ма­ды», «соған да пре­зи­дент­тің күші жет­пей ме» деген уәж­дерін айтыпты. 

Мұх­тар Шаха­но­втың Оты­рар­дың күй­ре­уі тура­лы бал­ла­да­сын­да Қай­ыр ханды тұтқын­дап, Шыңғы­стың алды­на алып кел­ген­де, «әттең, сен­дей бес қол­бас­шым бол­са ғой…» дей­тіні бар. Тарих­та биле­уші ата­улы­ның бәрі Шыңғыс хан сияқты сенім­ді нөкер­ге зәру болған. Тоқа­ев та сон­дай – ком­пе­тент­ті көмек­шілері аз билеуші. 

Таны­мал сая­сат­кер­лер­дің бірі Пре­зи­дент­тің қыз­меті тура­лы айта келіп, «Тоқа­ев­ты айна­ла­сын­дағы гене­рал­дар ада­сты­рып жүр» деген еді. Жақын­да өзге бір қай­рат­кер «ДАТ»-қа жазған мақа­ла­сын «Тоқа­е­ву все врут» деп атап­ты. Мен бір­де-бір ком­пе­тент­ті қыз­мет­кері жоқ тұтас сала­лар бар екенін білемін.

Міне, Тоқа­ев­тың төңіре­гі тура­лы жазған­да­ры­ма қоса­рым осы. Ақор­да­ның дәліз­дерін­де кім­дер­дің – кім­дер­мен, қалай, не үшін жаға­ла­сып жүр­гені­нен нақты мағлұ­мат біл­ме­ген адам «пре­зи­дент неге сөйт­пей­ді», «неге бүйт­пей­ді» деген кінәлар­ды таға береді. 

Жал­пы, Пре­зи­дент­тің қыз­метіне құп­тар­лық баға беріп жүр­ген таны­мал қай­рат­кер­лер аз емес. Олар­дың ара­сын­да оппо­зи­ци­я­ның бел­гілі өкіл­дерінің көбі жүр.

Маған қар­сы пікір біл­діру­шілер­ге айта­рым: иә, көзқа­рас­та­ры­ң­ды ортаға салы­ң­дар. Плю­ра­лизм деген құп­тар­лық құбы­лыс. Тек өздеріңді ҚҰДАЙДАН МАНДАТ АЛЫП, ТЕК ДҰРЫСЫН АЙТУ ҮШІН ЖЕРГЕ ЖІБЕРІЛГЕН, ОНЫҢ СЕНІМДІ ӨКІЛІНДЕЙ сезін­бең­дер! «Мен солай ойлай­мын,..», «менің пікірім өзге­ше­леу,..», «менің­ше солай сияқты»… деп сөй­лең­дер. «Осы­ны да біл­мей­тін, нет­кен ақы­мақ­сы­ң­нан» өздеріңді аулағы­рақ ұстаңдар. 

Тек МӘНГЕ ҚАТЫСТЫ, КОНСТРУКТИВТІ ПІКІР АЛЫСАЙЫҚ. Адам­ды емес, мәсе­лені талқылайық.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ

«САТҚЫН» ІЗДЕГЕН БАЛАЛАР

үстел жағалап жүргенде…

  • Margulan Boranbay түр­ме­де жатып, халы­ққа жол­дау арнап­ты (қараңыз – «ДАТ», 23.03.23). Айтқан­да­ры­мен толы­қтай келісемін. 

Көрі­су, анау-мынау деп жүр­сек, депу­тат болып тір­кел­ген­дер­ді қара­лау, сатқы­нға теңеу, т.б. баста­лып кетіп­ті. Ішін­де орындысы да, орын­сызы да бар. Бірақ Ермұрат Бапи­ды сатқы­нға теңеу дегені­міз енді… шек­тен шыққандық! 

Біз әлі Назар­ба­ев­тың тәт­ті сөзіне алда­нып, бірақ кей­бір қылы­қта­рын түсін­бей жүр­ген­де, бұл жігіт оппо­зи­ци­я­лық газет ашып, халық ара­сы­на Назар­ба­ев деген кім, шын ниеті қан­дай деген түсінік жұмыста­рын бастап кет­кен бола­тын. Шыны керек, екі мыңын­шы жыл­да­ры осы газет­ті оқи бастаға­сын-ақ, НӘН-нің кей­бір түсініксіз қимыл­да­ры мен сая­си жүрістерін бір­тін­деп түсіне баста­дық. Сол қар­саң­да шыққан «Рес­пуб­ли­ка», «Сво­бо­да сло­ва» газеті­мен бір­ге әртүр­лі атпен шыққан (біре­се «Сол­дат», біре­се «Дат», біре­се «Тасжарған», т.с.с.) Бапи­дың газет­тері жалғыз оппо­зи­ци­я­лық бағыт­тағы шам­шы­рақ болып, жарқы­рап тұр­ды. Әсіре­се ауыл тұрғын­да­ры­ның нешетүр­лі той-садақа­лар­да осы газет­те­гі мақа­ла­лар­ды дымын қой­май талқы­лап жатқан­ды­ғы­ның талай куәсі бол­дық. Газет сәбет­тік қасаң ойлау жүй­есін тас-талқан етіп жарып, басқа­ша да пікір барын үйре­ту­де, тәр­би­е­ле­уде атқарған рөлі өлше­усіз. Осын­дай аза­мат­ты «үкі­мет тек өздеріне керекті адам­дар­ды ғана сай­ла­у­ға мүм­кін­дік бер­ді, сөй­тіп, олар сатқын­дық жаса­ды» деу­ге қалай ғана дәт­тері бар­ды десеңіз­ші? Сын айту­шы­лар бұл кез­де өздері не бітір­ді екен?

Мүм­кін, билік әкім­шілік ресур­сты пай­да­ла­нып, өздеріне керекті, айтқан­да­ры­нан шық­пай­тын­дар­ды таң­дап алға­ны рас болуы керек, бірақ оның Ермұрат Бапиға қаты­сы жоқ.

Жалпы, әкім­дер­дің сай­ла­у­ға бел­сене ара­ласқа­ны шын­дық. Өз басым бұл сай­ла­уды мой­ын­да­май­мын, қай­та өткі­зу керек деп есеп­тей­мін, ол жөнін­де пети­ци­яға да қол қой­дым, бір­не­ше пост­тар жаз­дым. Сай­лау түгел­дей бұр­ма­ланған, айқын басым­ды­ққа ие болған Рыс­бек Сәр­сен­бай, Арман Шора­ев, Мұх­тар Тай­жан сияқты кей­бір үміт еткен кан­ди­дат­та­ры­мы­здың өтпей қалға­ны – соның сал­да­ры. Абзал Құс­пан­ды Лұқ­пан Ахме­ди­я­ров сотқа бер­гелі жатыр. Көрей­ік, сот­тың не айта­ты­нын. Кім жең­се де, ұты­лы­сы­мыз жоқ, Абзал да, Лұқ­пан да ел үшін жүр­ген аза­мат­тар деп ойлаймын. 

Айтқым кел­гені – бар­лық кан­ди­дат бір­дей емес, сон­ды­қтан сатқын, анау-мынау деген сөз­дер­ді абай­лап қол­данған жөн. Егер Арман Шора­ев Иртыш­ба­ев­ты «сатқын» десе, оның жөні бөлек, ол расы­мен де сатқын. Ал басқа­ларға олай ауы­зға кел­ген­ді сөй­лей беру­ге бол­май­ды, ертең өзің­нен де сұра­ла­ды демекпін.

Қуа­ныш ЕДІЛХАНТЕГІ

БІР ВАГОН

ҚЫЗҒАНЫШ

Ұлы ұста­зды «ұры ұстаз» атан­ды­рып, біре­уді үміт­тен­діріп, біре­уді күдік­тен­діріп, сай­лау да өтті. Алай­да сай­ла­удан кей­ін­гі дүр­бе­лең әлі басыл­май тұр… Жеңіл­ген­нің бәрі – әділет­сіздік құр­ба­ны, жең­ген­нің бәрі «ұры» ата­нып тұрған уақыт…

Сай­лау – көп­тің ісі. Енде­ше көп­шілік жабы­лып атқарған жұмыста кем-кетік бол­май қал­май­ды. Мен бар­лық сай­лау комис­си­я­ла­ры­ның жұмысы­на ара­ша түсіп, баға беру­ден аулақ­пын. Тек басым көп­шілік қуанға­ны­мен, бір­лі-жарым жеңіл­ген­дер «билік­тің жоба­сы» деп, көре алмай жатқан бел­гілі жур­на­лист, сая­сат­кер, қоғам қай­рат­кері Ермұрат Бапиға бай­ла­ны­сты өз ойым­ды ортаға тағы бір сала кет­кім келіп отыр.

Халы­қтың қол­да­уы­мен басым дауыс алған Ермұрат Бапи­ды билік те қол­да­са – жаңа­руға бет алға­ны­мы­здың, жақ­сы­лы­ққа жақын­даға­ны­мы­здың, билік­тің беті халы­ққа бұры­лға­ны­ның бел­гісі деп қабыл­дап, қуа­нуы­мыз керек. Мәжілі­сте қара­пай­ым халы­қтың сөзін сөй­лей­тін, жағ­дай­ын айта­тын адам­ның бола­ты­ны­на қуа­нуы­мыз керек.

Кеуде­ше­сіне күй­е­уі Жан­бо­лат Мамай­дың суретін жап­сы­рып алып, «депу­тат бол­сам, көсе­ге­леріңді көгер­те­мін!» деп апты­ққан әйел­дің сөзіне сенесіз­дер ме, әлде 30 жыл бойы елдің сөзін айтып, от пен суға түс­кен аза­матқа сенесіз­дер ме?

Көре­ал­мау­шы­лы­қты тоқта­ту керек!!!

Бұл тура­лы сөз болған­да, мына бір оқиға есі­ме жиі оралады.1980 жылы одақтың мәр­те­белі сый­лы­ғын алуға І. Есен­бер­лин мен Н. Дум­бад­зе шығар­ма­ла­ры финал­дық тар­ты­сқа түс­кен­де, Башқұрт әде­би­етінің клас­си­гі Мұстай Кәрім: «Ай, қазақ бауыр­лар-ай! Дум­бад­зенің соңы­нан бір вагон шарап пен жүзім кел­ді, Есен­бер­лин­нің соңы­нан бір вагон арыз-шағым кел­ді», – деген екен. 

Нәти­же­сін­де Нодар Дум­бад­зе «Закон веч­но­сти» рома­ны­на сол кез­де­гі ең жоғарғы Ленин­дік сый­лы­қты алып, гру­зин­дер қуа­нып, той­лап жатқан­да, қазақ әде­би­етінің ғажай­ып туындысы, Іли­яс Есен­бер­лин­нің «Көшпен­ділер» три­ло­ги­я­сы өтпей қалып, даңқты қалам­гері­міздің сағын өзі­міздің көре­ал­мау­шы­лық сын­ды­рған болатын. 

Депу­тат бола алма­дым деп бай­ба­лам салған Инга Иман­бай ең бірін­ші өзі үшін ғана емес, қоғам үшін не істе­дім және не істей ала­мын деген сау­ал төңіре­гін­де ойла­нуы керек.

Риза МОЛДАШЕВА

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн