Сенат жанындағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңында елдегі саяси өзгерістерге қатысты зиялы қауым өкілдерімен мазмұнды әрі терең талқылау өтті. Басқосуды ашқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Қазақстан ұлттық жаңғыру кезеңіне қадам басуда. Осы тарихи сәтте зиялы қауым мен қоғамдық пікір көшбасшыларының рөлі айрықша. Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды реформалардың мәнін қоғамға дұрыс жеткізу, ұлттық бірлікті нығайту және қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру – бүгінгі жауапты кезеңнің басты міндеті», – деді.
Мәулен Сағатханұлының баса айтқаны, саяси жаңғырудың түпкі мақсаты – мемлекеттілік пен Тәуелсіздікті күшейту, Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған жаңа конституциялық модельді табысты түрде іске асыру. Спикер осы үдеріске зиялы қауым мен сарапшылар қоғамдастығы белсенді үлес қосады деп сенім білдірді.
Зиялылар тарапынан көп мәселе қозғалды. Соның ішінде менің ерекше тоқталып, оқырмандарыммен бөліскім келгені – белгілі филолог, қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлы айтқан ой болды. Ғалым тіліміз бен сөз мағынасына көңіл бөлді. Қазір қоғамдық сана туралы көп айтқанымызбен, оны терең түсіне бермейміз. Сөздерді жаттанды, шаблонмен айта беретін болып барамыз дегендей. Абайдың:
«Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Одан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін…» – деп жырлағанындай, қоғамның қазақтың терең мағыналы сөзін түйсіне білуінің маңыздылығына тоқталды.
Иә, кез келген қоғам мәдениетті көбіне сыртқы белгілермен өлшейді: ғимараттармен, мерекелермен, институттармен. Алайда мәдениеттің ең терең қабаты көзге көрінбейді. Ол – тілде!
Тілде ойлау тәртібі, рухани өлшем, адамға деген құрмет сақталады. Халықтың болмысы да, болашағы да ең алдымен сөз арқылы айқындалады.
ҚазМУ-дың журналистика факультетінде оқып жүргенімізде академик Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнері» сабағын жібермейтін едік. Ұлағатты ұстаздың «Сөз – мәдениеттің өзегі» деген тұжырымы санамызда терең орнықты.
Иә, қазақ үшін сөз – жай ғана құрал емес, аманат. «Сөздің киесі бар», «Өнер алды – қызыл тіл» деген ұғымдардың өзінде терең жауапкершілік жатыр. Айтылған сөз адамның ғана емес, тұтас рудың, тіпті елдің абыройына әсер еткен. Қазақ қоғамында би – соттан жоғары, сөз – заңнан биік тұрған кезеңдер болды. Бидің сөзі батырдың найзасынан да өткір еді. Себебі сөздің салмағы болды, дәлдігі болды. Артық сөз – арсыздық, орынсыз сөз – мінездің әлсіздігі саналатын. Бұл – мәдениеттің деңгейі, тіл арқылы қалыптасқан ішкі тәртіп.
Бүгін біз жаңғыру туралы жиі айтамыз. Бірақ жаңғыру ең алдымен тілден басталатынын кейде естен шығарамыз. Егер тіл үстірттенсе – ой да үстірттенеді. Егер сөз жеңілдесе – жауапкершілік те жеңілдейді. Ал жауапкершілік жоғалған жерде мәдениет емес, тек шу қалады. Сондықтан қазақтың ақылман ақсақалдары көп сөйлемеген, көп тыңдаған. Көпшілік алдында дуалы ауыз иелеріне сөз берілген.
Тілдің тағдыры – мемлекеттік мәселе ғана емес, адамгершілік мәселесі. Тілді құрметтеу заңмен емес, ең бастысы сана арқылы орнығуы тиіс. Өйткені тіл – тек қатынас құралы емес, ол – ұрпақтар арасындағы рухани көпір. Ал сол көпір әлсіресе, тарихи жад та үзіледі.
Қазақ тілі – жай коммуникация тілі емес, ол – дүниені тану тәсілі. Онда кеңістік бар, сабыр бар, астар бар. Бір ғана «жоқ» сөзінің өзі ондаған реңкпен айтылады. Бұл – мәдени байлық. Оны жоғалту – өзімізді қарапайымдату, қарабайырлату, рухани ауқымды кішірейту. Сондықтан тілге немқұрайдылық – ұсақ мәселе емес. Ол – болашаққа немқұрайдылық.
Ал сөзге ұқыптылық – өзіңе, еліңе, уақытыңа деген құрмет. Тілді сақтау – өткенді қорғау ғана емес. Тілді сақтау – келешекті қалыптастыру. Қойшығара Салғараұлының ойымен түйіндесек, Ұлттық жаңғыру – әрқайсымыздың сөзге, ойға және ел тағдырына деген жеке жауапкершілігімізден басталады.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ, ҚР Сенатының депутаты