ҰЛТТЫҚ РУХ – ҰЛТТЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

«Қазақ – кім?» – деген сұраққа мен «Абай және қазақ елінің болашағы» (2017) деген кітабымда: «Қазақ – 3-4 мың жылдық тарихы бар, түркі тегінен тарайтын рухы күшті, жері бай, дана халық» деп жазып едім. Сол қазақ қайда қазір?

Түркілік тегі мықты қазақ халқы егемендік алғалы 34 жыл өтсе де, рухымызды жаңғырта алмай келеміз. Мұны мойындау керек. Сондықтан «мына алпауыт заманда жұтылып кетпейміз бе?» деген сұрақ та жоқ емес!

Тарихқа қысқаша жүгінсек, біздің күшті рухымызды басқыншылар талай рет сындыруға, тіпті жоқ қылып жіберуге тырысты. Ар жағын айтпағанда, Абылай хан заманынан бастап, Жоңғар шабуылы, Ресей патшалығындағы бодандық, Алаш күресі, Кеңес Одағындағы ашаршылық, Сталиндік репрессия, ІІ Дүниежүзілік соғыс қаншама халқымызды қырып, оның қаймақтарын әкетті. Бір ашаршылықтың өзі 3 млн қазақты алып кетті (2 млн өлді, қалғаны шетел асты, жолда қырылды). Осының бәрі рухты сындыру, жоқ қылу еді, бірақ қолдарынан келмеді. Тәуелсіз ел, әлем мойындаған жеке мемлекет болдық, нығайып келеміз!

Қазір әлемнің астан-кестең болып жатқаны мынау. Ертең не болатыны белгісіз. Украинаны көріп отырмыз. Айтқан жерден аулақ, ертең басымызға нәубет түссе, қалай төтеп береміз? Онсыз да мына дағдарыстың өзі жегідей жеп барады. Не істеу керек?

Бұл орайда мен халықтың әл-ауқатын көтерумен қатар қазір бізге ең өзектісі – халықтың РУХЫН көтеру керек деп айтар едім. Бұрынғы президент – алдымен экономика деді. Ал қазір алға идеологияны шығару керек болып тұр. Мысалы, Қытай өзінің идеологиясының арқасында жақын арада АҚШ-ты басып озып, әлемде 1-орынға шықпақшы. Қытайдың феномені – идеологиясында.

Сондықтан мен бірінші кезекте халқымыздың РУХЫН көтеруге шақырамын. Оны қалай жасаймыз деген сұраққа жауаптың басын Атыраудағы құрылтайда Абай ілімі арқылы балабақшадан бастап, біртұтас тәрбие беру, оны ұлттық тәрбиеге ұластыру арқылы жетуге болады деген едім. Енді жоба ретінде соның тетігін айтайын. Өткенде Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» мектептерде басталды деп мемлекеттік кеңесші Е.Кариннің басшылығымен өткен жиында айтылды. Енді осыны ары қарай колледждерде, жоғары оқу орындарында ұлттық тәрбие ретінде жалғастыру керек. Оның негізі ретінде Ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін алу керек. Оған қоса ЖОО-ның барлығында оқылатын пәннің атын «Ұлттық руханият және жаңа өркениет» деп атауға болады. Оқытушылар: философ, тарихшы, экономист, педагог, филолог, психолог, нумеролог, астролог, жасанды интеллект, т.б. мамандар болуы керек. Жастарды Абай ілімі арқылы ХХІ ғасырдың жаңа өркениетіне дайындау керек. Сонда тегімізді де ұмытпаймыз, жаңа өркениетті де меңгереміз.

Қытай өз идеологиясының басы етіп Конфуцийді алды. Қазақтың рухын көтеретін ғаламат идея етіп біз Ұлы Абай иеясын, оның «Толық адам» ілімін алайық. Себебі тереңіне бойламаса да, халық Абайды біледі, ғұламалардың ішінде халыққа жақыны да Ұлы Абай, бірсыпыра болса да, Абайды мектепте оқыды.

Құрылтайда айтқан сөзімді жалғастыра келе, менің айтатын ұсынысым мынау: Қазақстанды ізгілендіру мақсатында Бурабайда «Абай халықаралық резиденциясын» ашу қажет. Бұл резиденцияда Абайтану музейі, Абай театры, Абай электрондық кітапханасы, Абайдың «Толық адам ілімін» меңгертуге арналған дәріс залдары, балалардан бастап, әр деңгейдегі адамдар үшін оқу ғимараты, қонақ үй, конференция залдары, концерт залдары, стадион, ұлттық ойындар кешендері болуы керек. Отандық және шетелдік ғалымдарға Абайтану ғылымын зерттеу мен насихаттауға гранттар бөлініп, мемлекеттік тапсырыстар берілсе, дұрыс болар еді.

Еліміздің түпкір-түпкірінен келетін мектеп оқушылары, студенттер бұл резиденцияда Абайдың «Толық адам ілімінен» жыл он екі ай бойы кезегімен дәріс алса, Абай оқулары барлық деңгейдегі қызметкерлерді қамтыса, көп деңгейлі Абай оқулары үзбей өтіп тұрғаны жөн. Екінші жағынан, халықтың, жастардың қолы жете бермейтін Бурабай да керемет демалыс орнына айналар еді. Сонда Ахмет Байтұрсынұлының «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек» деген арманын да орындар едік. Сондықтан да Ұлы Абай халықаралық резиденциясының 2025–2029 жж. арналған бағдарламасын, іс-шара ережелерін қазірден бастап дайындау керек.

Уақыт өте Ұлы Абайдың халықаралық «Рухани кластеріне» әлі шетелдер қызығатын болады, делегациялар келер, халықаралық конференциялар, форумдар өтер. Келешекте мұндай Абай орталығын алыс-жақын шетелдік азаматтар да Ұлы Жібек жолындағы Шығыстың рухани білім орталығы ретінде бағалап, қатысатын болар.

Егер саяси шешімін тапса, бұл жобаға ғимараттар, саяжайлар табылар еді. Әр облыс асар жасап, Абай резиденциясына көмек берер еді. Бұл жерде сол облыстардың балалары оқып, әрі халық демалатын болады. Осылайша ертеден келе жатқан рухани, мәдени, тарихи құндылықтарымызды жаңғырту арқылы ұлттық дамудың негізі – ұлттық рухымызды асқақтатар едік.

Оразалы СӘБДЕН,академик

Республиканский еженедельник онлайн