
Жылдар алмасып, ғасырлар ауысқанымен, ұлттың жадынан өшпейтін, мәні ешқашан көмескіленбейтін мәңгілік құндылықтар бар. Ең бастысы – бір мақсат, бір мұрат жолында ұйысқан халқымыздың бірлігі мен баянды болашағы. Осы асыл құндылықтарды арқау ете отырып, бүгінгі отырыста мен Конституциялық реформаны тереңдету аясында Конституция преамбуласын жаңғырту, оның мазмұнын заман талабына сай қайта өзектендіру мәселесіне тоқталмақпын.
Конституция преамбуласын жаңарту – бұл тек редакциялық түзету емес. Бұл – ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам.
Мемлекет басшысы да преамбулада ұлттық құндылықтарды негізге алу қажеттігін нақты атап өтті. Қазақ даласынан бастау алатын өркениет пен мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын айқын көрсету, Қазақстанның Ұлы даладағы тарихи мемлекеттердің мұрагері екенін нақты бейнелеу маңыздылығына ерекше мән берді. Сондықтан Конституциялық реформа аясында келіп түскен барлық ұсыныстарға үстірт емес, байыппен, терең көзқараспен қарау – ортақ міндетіміз.
Өздеріңізге мәлім, бұған дейін құрылған Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы өз миссиясын абыроймен аяқтады. Сол кезеңде жұмыс тобына түскен ұсыныстардың ішінде Конституция преамбуласына қатысты салмақты да салиқалы ой-пікірлер аз болған жоқ. Нақтылай айтқанда, еліміздегі беделді саяси-қоғамдық ұйымдар мен жетекші жоғары оқу орындарының құқықтану саласындағы танымал ғалымдары ұсынған ғылыми тұжырымдар айрықша назар аударуға лайық.
Кейбір ғалымдар бұл мәселеге қатысты көзқарастарын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ашық жариялап, қоғам талқысына салды. Бұл – тақырыптың маңыздылығын, оның қоғамдық сұранысқа ие екенін айқын көрсетеді.
Конституцияның преамбуласы – Негізгі заңның жай ғана кіріспесі емес. Ол – оның идеялық әрі моральдық іргетасы. Преамбула Конституцияны қабылдаудағы түпкі мақсаттарды айқындайды, елдің тарихи-мәдени болмысын, ұлттық келбетін танытады. Сонымен қатар ол мемлекеттің мақсат-міндеттерін бекітетін, Ата заңның рухын терең түсінуге жол ашатын тұғыр болуы тиіс.
Преамбула халқымыздың сан ғасырлық тарихи жолын – көне дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тағдырлы кезеңдерді қамтып, еркіндік, әділдік, теңдік, бірлік, жауапкершілік сынды ұлтқа тән іргелі құндылықтарға сүйенуі қажет. Қоғамда Конституция преамбуласын уақыт өткен сайын мәнін жоймайтын мазмұнда қайта жазу керек деген пікір берік орнықты. Біз, Конституциялық комиссия мүшелері, бұл ұстанымды толық қолдап, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз қажет.
Қазіргі преамбула мәтінін ғылыми тұрғыдан талдау оның мазмұнын қайта пайымдауды талап ететінін көрсетіп отыр. Преамбуланың басты бағыты –тарихи сабақтастықты нақты көрсетуі тиіс. Осы орайда Қазақстанның Ұлы дала тарихының жалғасы екені Конституцияда анық көрініс табуы керек деп есептеймін.
Айрықша назар аударатын тағы бір мәселе – Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесі. Бұл – халқымыздың тарихи таңдауы, қоғамдық тұрақтылықтың басты тірегі. Осы құндылықтар преамбуланың мазмұнын байытып, оның тұтастығын арттыра түседі.
Қадірлі әріптестер!
Ендігі біз ұсынатын преамбула мәтінінде бірнеше іргелі бағыт айқын көрініс табуы тиіс. Ең әуелі Қазақстан өзін біртұтас ұлт ретінде танытуы қажет. Бұл – ұлттық бірегейлікті күшейтетін, барша қазақстандықты ортақ мақсат пен ортақ жауапкершілікке ұйыстыратын басты ұстаным.
Преамбулада мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастықты сақтау мәселесіне ерекше мән берілуі тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл қағидаттар ел егемендігін нығайтатын шешуші факторлар болып табылады.
Сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» идеясы мен оның өзегі саналатын «Заң мен Тәртіп» қағидатын преамбула деңгейінде бекіту – мемлекет пен қоғам дамуының жаңа философиясын айқындайды.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім қағидаттарының көрініс табуы – қоғамның тұрақтылығы мен орнықты дамуының басты кепілі.
Бүгін біз Конституция туралы айтқанда, тек билік пен құқықтық нормаларды ғана емес, ұлттың болашақ алдындағы жауапкершілігін де ойлауымыз керек.
XXI ғасырда табиғатқа деген көзқарас – мемлекеттің өмір сүруінің өзекті шарты. Сондықтан «Табиғатты аялау, экологиямызды сақтау» идеясы Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс табуы тиіс. Бұл – жерге, суға, ауаға және келер ұрпақтың тағдырына деген жауапкершілікті құқықтық деңгейде бекітуіміз керек. Осы арқылы біз Әділетті Қазақстанның экологиялық әрі моральдық іргетасын қалыптастырамыз.
Инновациялар – болашақ экономикасы Конституциялық бағдар ретінде Қазақстанның Конституциясы өткенімізді ғана емес, болашағымызды да айқындауы тиіс. Ал бұл болашақ ғылымға, технологияға және инновацияға сүйенетін экономикамен тікелей байланысты.
Егер біз жаһандық бәсекеге қабілетті, егемен әрі қуатты мемлекет болғымыз келсе, білімге, цифрлық дамуға және инновациялық серпінге бағдар Конституциялық деңгейде бекітілуі қажет. Бұл прогреске ұмтылу, технологиялық тәуелсіздік пен адами капиталды дамыту мемлекет пен азамат арасындағы қоғамдық келісімнің ажырамас бөлігі екенін білдіреді.
Мәдениет – Әділетті Қазақстанның Конституциялық негізі мемлекеттілік тек заңдар мен институттар арқылы ғана емес, ұлттық рух пен мәдениет арқылы орнығады. Сондықтан мәдениеттің және рухани құндылықтардың рөлі Конституцияда айқын көрініс табуы тиіс. Дәл осы мәдени негіз халықты біртұтас ұлтқа айналдырып, қоғамдық бірлікті нығайтады. Мәдениетті Конституциялық деңгейде бекіту арқылы біз Әділетті Қазақстанның тек құқықтық емес, өркениеттік мемлекет екенін нақтылаймыз.
Сонымен бірге мәдениет пен өнерге, ғылым мен білімге, инновацияға, табиғатты аялауға, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікке мән берілуі Конституцияны тек құқықтық емес, өркениеттік құжат деңгейіне көтереді.
Бұл – мемлекет пен халық арасындағы жария қоғамдық келісімнің айқын көрінісі. Осылайша жаңартылған преамбула Мемлекет басшысы айқындаған жаңа қоғамдық келісімнің, жаңа құндылықтар жүйесінің айнасы болмақ. Ол қоғамды біріктіруге, даму бағытын нақтылауға және Конституциялық реформаның рухын толық ашып көрсетуге мүмкіндік береді.
Осы ұсыныстарды қолдап, преамбуланы жаңартуды Конституциялық реформаның маңызды әрі ажырамас бөлігі ретінде қарастыруды ұсынамын.
Үнзила Шапақ