Четверг , 10 апреля 2025

ҰЛТТЫҢ ТІЛІ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ

Қазақстан Республикасының президенті

Қ.-Ж. Тоқаев мырзаға

  • Елге етене таныс қаламгер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржеке-ұлының төменде жарияланып отырған Ашық хаты мемлекеттік басылымдардың біріне ұсынылған екен. «Сайлау алдында газетке шығара алмаймыз» деген желеумен сол газеттің редакторы тоқтатып қойған бұл дүнием дәп осы сайлаудың алдында жариялануы тиіс еді» деп, Бексұлтан аға «DАТ»-қа өтініш қылған, Азаматтың жан дауысы шырқырап тұрған осы хатты қаз-қалпында жариялап отырмыз. (Ескерту: аутор қозғап отырған тақырыпқа сәйкес жазу грамматикасы сақталды).

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Алдағы сайлауда халық таңдауына ійе болыуыңызға шын жүректен тілектеспін! Менің Сізден бір ғана өтінішім бар: осы мен айтқан мәселені сайлау алды бағдарламаңызға енгізіп, соны орындауға қазақ халқының пірезійденті, азаматы болып атсалыссаңыз!

Менің айтпағым – қәзіргі қазақ тілінің тағдыры. Бұл, Абайша айтқанда, «сырты бүтін, іші түтін» мәселе. Мұны мен сізге бұрын да жазғам, бірақ ол хатымның тағдыры белгісіз, қолыңызға тійген-тіймегенін де білмеймін. Быйыл Ғылым және жоғары білім міністірі Саясат Нұрбекке «Қазақ әдебійеті» гәзеті арқылы «Тілді қыйнау халықты қыйнауға жатпай ма?» деген атпен Ашық хат та жаздым. Оған да не жауап, не әрекет болмай отыр.

Менің жаныма бататыны – қазақ тіл білімінің жалған ғылым санатында «дамып келе» және «дамып бара жатқаны». Осыншама ауыр, жауапкершілігі зор сөзді мен неге халық алдында, Сіздің алдыңызда ашық айтып отырмын?

Себебі айтатын да, баратын да жерім таусылды. Сізден де қайыр болмаса, қазақ тілі және оның ғылымы бірте-бірте өзінің ұлттық табыйғатынан айрылады. Оның түбі не болатынын болжай алмаймын. Бір ғана анық білетінім: оған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚР Тіл білімі іністійтұтының басшылары мен ғалымдары кінәлі. Олар жай ғана кінәлі емес, өз халқы, тілі алдында кешірімсіз қылмыс жасап отыр.

Бұған, бәлкім, олар дау айтып: «Бұл емленің негізі кеңес заманында қаланған, біздің оған еш қатысымыз жоқ», – дер. Ійә, қазақ тілінің табыйғатын бұзатын, тіл табыйғатына қарсы емленің сол заманда бекігені ырас. Алайда мемлекетіміздің тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асты, ал тіліміздің негізгі қағыйдаларын тұжырымдап кеткен Ахмет Байтұрсынұлының, Халел Досмұхамедұлының, Құдайберген Жұбановтың, тағы басқаларының «халық жауы» деген жаладан ақталғанына одан да көп уақыт өтпеді ме? «Ұлтымыздың ұлы ұстазы» деп Ахаңды сөзбен дәріптейміз де, ал оның бірде-бір ілімін жүзеге асырмай отырғанымызға кім кінәлі?

Тіпті латын әліпбійіне көшу кезеңі сол зыйанды емледен құтылыуға сәттілік жасап тұрған жоқ па? Соған қарамастан Ахаңның тілге қатысты ілімін басшылыққа қасақана алмай отырмыз. Тілдің қамын шындап ойласақ, әуелі Ахаң мен Халекеңнің, т.б. «халық жауы» болып кеткен ғалымдарымыздың тіл табыйғатын ескере отырып айтқандары бойынша жаңа емле жасап, оны бірер жыл қолданып, содан кейін ғана латын әліпбійіне көшіуге тійіс едік.

Ахмет Байтұрсынұлының тілімізге қатысты ең басты қағыйдасы мынау: тілге қатысты қағыйданың бәрі тілдің табыйғатынан шығыуы керек, алдымен қағыйда жасап алып, тілді соған бағындырыуға болмайды.

Бұл, шынын айтқанда, аса қасійетті қағыйда. Өйткені ешбір ғалым ұлттың тілін қолдан жасамайды, тек бар тілді зерттейді. Зерттей отырып, тілдің дамыуына жол ашады, қағыйдасын жасайды.

Ал біздің ғалымдар керісінше жасап отыр: тілдің табыйғатына жат қағыйда жасап, тілімізді сол өз табыйғатына жат емлеге бағындырып отыр. Және кеңес заманында 1940 жылдан бері әбден дағдыланып қалған ілімнен бас тарта алмай, қайта соны одан ары жалғастыра беруді мақсат етіп отыр. Қысқасы, тіліміз бұзылса, бұзыла берсін, біздің қағыйдамыз бұзылмасын деп отыр. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы қалыптастырған сөйлеу дағдысын бұзатын қағыйданы қорғаштап келе жатқан ғалымдарға мен өз басым қандай баға берерімді білмеймін.

Тілімізді 1940 жылдан бері іштен мүжіп, сөйлеу дәстүріміз бен жазыу дәстүрімізді бір-бірінен тым алшақтатып жіберген жалған ілім одан ары жалғаса берсе, түбі қазақ тілі ешбір ғылымый қағыйдаға бағынбайтын жабайы тілге айналады.

Жаңа әліпбійді жасау ісі жартылай жасырын, жартылай ашық деңгейде өтіп келе жатқанының өзі шошытады. Емле жасаушылардың басшылар тілімізді ғылымый деңгейде білмейді, сондықтан жаңа емлені соларға құптата саламыз деген құулыққа бой ұрып отырғаны байқалады. Бұл – өте қорқынышты жағдай.

Қай басшы да ұлт пен тілдің тағдырына тең деңгейде көңіл бөліуге тійіс. Біз тәуелсіздік алғалы бері тек қазақша сөйлеу мәселесін ғана қозғап келеміз. Ал емле – тілдің табыйғый негізін қалайтын ілім. Оның заңын бекітетін – тек ел пірезійденті. Сондықтан бұл іс науқаншылықты, асығыстық пен алдап-сұулауды көтермейді. Және оның жауапкершілігін, көріп отырсыз, Ғылым және жоғары білім міністірі де, Тіл білімі іністітұтының деректері де өз мойнына ала алмайды.

Қазақ тілін өз табыйғатымен дамытыу ағылшын тіліне де, орыс тіліне де, қытай тіліне де қарсылық емес. Бұл істе ондай мән жоқ. Коммунійзмге жетіу үшін, бір тілді ел болыуымыз керек деген қағыйда тәуелсіз мемлекеттердің қағыйдасы емес. Мұнда халықаралық сайасатқа да, ұлтаралық сайасатқа да қатысты ешқандай кілтійпән жоқ, тек ұлттық тілдің қамы ғана бар. Өз тілімізге өзіміздің жаулық жасауымыз – қылмыс!

Қазақ тілі – жалғамалы тіл (агглюнативті). Оның негізгі табыйғый заңы – үндестік заңы. Оны «халық жауы»Халел Досмұхамедұлы «қасійетті заң» деп бағалаған.

Жаңа емледе тіліміздің осы екі табыйғый ерекшелігі де ескерілмеген. Айтылмаған да. Бұл сонда қандай емле? Әрійне, жалған емле. Ол жалғандықтың негізі «и» және «у» әріптерінің жазылыуында.

«И» әрібі – 1940 жылға дейін қазақ әліпбійінде болмаған әріп. Қазақтың төл тілінде «и» әрібін қәжет ететін бірде-бір сөз жоқ. Оны біздің ғалымдар қазақтың «і» мен «й» және «ы» мен «й» әріптерінің орнына зорлап енгізген, содан әлі бас тарта алмай жүр.

«И» әрібі орыс тілінде тек жіңішке дауысты дыбысты белгілейді, ол қазақтың «і» және «й» дыбысына сай естіледі: система, такси, красиво, т.с.с. Ол тілде «ы» мен «й» дыбысын «и» әрібі белгілемейді: милый, светлый, белый, т.с.с.

Өз тілін зорлай білетін, қорлай білетін біздің ғалымдар «ы» мен «й»-дің орнына да «и» әрібін жазыуды міндеттеді. Сөйтіп бір «и» әрібі қазақ тілінде «ы» мен «й», «і» мен «й» секілді төрт дыбыстың орнына жазылатын бір әріп болып шықты. Әлгі Ахаң айтқан тілді қағыйдаға бағындырыу деген – осы. Бұл зорлық пен қорлықты қолдап отырған – А. Байтұрсынұлы атындағы ҚР Тіл білімі іністітұты.

Ал бұл емле қазақ тіліне пайдалы ма, зыйанды ма? Тіліміздің табыйғатын сақтай ма, әлде оны бұза ма?

Ғалымдарымыз ұсынған емле бойынша, «сыйыр» деп айтамыз да, «сиыр» деп жазамыз. Естіліп тұрған әрбір дыбыс жеке әріппен белгіленіуі тійіс дейді Ахаң. Мен «с»-дан кейін «ы» дыбысын естіймін, ал ғалымдардың неге естімейтінін білмеймін. Тілімізде мұндай сөздер толып жатыр: қыйын («қиын» деп жазамыз), жыйын (жиын), быйыл(биыл), кійім (киім), жыйыл (жиыл), сыйыныу (сиыну), мәденійет (мәдениет), әдебійет (әдебиет), т.с.с.

«Халық жауы» болып атылып кеткен тағы бір ғалымымыз Құдайберген Жұбанов сөздің бұуыны бұзылса, оның бүкіл құрылымы бұзылатынын айтады. Қазақ сөйлемінде «сыйыр» сөзін «сы+йыр» деп бұуынға бөліп сөйлейді, сол сыйақты, қы+йын, жы+йын, кі+йім, ә+де+бі+йет, т.с.с. Ал емле жасаушы ғалымдар бұуынды да бұздырып, си+ыр, қи+ын, ки+ім, ә+де+би+ет деп бұуынға қәте бөліуді мәжбүрлейді.

Бірінен бірі өткен қыйанат. Пайдасы, олардың айтыуынша, жазыу ықшамдалады. Тілді өзі жасап алған ережеге бағындырыу деп осыны айтады. Ахаңды ұлтымыздың ұлы ұстазы деп жүргеніміздің түрі осы болса, бұған қандай баға беріуге болады, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы? Осыны Сізге айтпай-ақ қойсам, жазбай-ақ қойсам, мен содан жақсы адам болам ба?

Қазақ тілінде дауыс екпіні не ең соңғы бұуынға, не соңғының алдындағы бұуынға түседі дейді Ахаң. Ол кісінің айтыуынша, ыл+ғы +ый, шыл+ғы+ый, мә+де+ні+ій, ә+де+бі+ій болып айтылыуы керек, ал жазылмай тұрған, өзі жоқ «ы», «і» дыбыстарына дауыс екпінін оқыушы қалайша, қәйтіп түсіреді?

Бұл жалған ғылым емегенде, қандай ғылым?

Бәрін айт та, бірін айт, бірінші сыныптың баласына бұуынға бөліп оқыуды мынадай емле бойынша қәйтіп үйретеміз? «Сиыр» деп-ақ жазайық, «си+ыр» деп бұуынға да бөлейік. Бірақ бірінші сыныптың баласына «си» дегенді қалай оқы дейміз? «Сій» деп пе, «сый» деп пе? Әлде қазақта «сыйыр» деген мал жоқ деп жасырамыз ба? «Жи+ын», «мисыз», «бие» секілді сөздерді де жоқ деп жасырамыз ба?

«Бие» демекші, қазақтың сөздерінде ешқашан екі дауысты дыбыс қатар тұрып жазылмайтынын Ахаң айтады. Ал жоғарыдағы «бие» сөзінде «и» де, «е»де – екі дауысты дыбыс қатарынан келіп тұр ғой. Бұл тіл заңдылығын бұзыуға жатпай ма? «Әдебиет», «мәдениет» сөздерінде де екі («и» мен «е») дауысты дыбысты қатар жазып келеміз ғой. Не істейміз? Тіліміздің табыйғаты бұзылса, бұзыла берсін, осылай жазыуға дағдыланып қалдық қой, соны бұзбай-ақ қойайық дейміз бе? 1731 жылдан бері бодан болыуға да дағдыланып қалғанбыз, оны да бұзбай-ақ қойамыз ба? Бұл, меніңше, тек елдің пірезійденті шешетін және бекем шешетін өте, аса маңызды мәселе, Қасым-Жомарт Кемелұлы!

«У» әрібінің жазылыуы да «и» әрібінің емлесіне ұқсас, тіпті одан да сорақы. Бұл әріп қазақ тілінде тек дауыссыз дыбысты белгілеуі керек еді, біздің бұрынғы және қәзіргі ғалымдарымыздың емлесі бойынша, біресе дауысты дыбысты, біресе дауыссыз дыбысты да белгілей беретін әмбебап әріпке айналды. Сонда, өзіңіз ойлаңызшы, дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбыстың бір-бірінен ешқандай айырмашылығы болмағаны ма? Мұны тіл ғылымы қандай себеппен түсіндіре алады? Ғалым емес, қарапайым қазақтың бәрі де «ыу» мен «іу»-дің екі басқа дыбыс екенін ажыратады, ал оны ғалымдар неге ажыратпайды?

Бір ғана «у» әрібі «у», «ыу», «іу», «ұу», «үу» дыбыстарын белгілеп отырғаны да ғылым ба? Мысалы: сөйле+у, бар+ыу, кел+іу, кү+уә, сұ+уыр, т.с.с.

Қазақ тілі сыйақты жалғамалы тілде түбір сөз, қосымшалар жалғанған кезде де өзінің ешбір дыбысын жоғалтпайтынын Ахаң жазған. Алайда Ахаңның ол қағыйдасын да біздің ғалымдар құлағына қыстырған жоқ, сол арқылы тағы да жалған ғылымға жол ашты. Қараңыз: оқы, тоқы, жекі, сілкі сыйақты бұйрық райлы түбір етістіктерге тұйық райының «у» жұрнағы жалғанғанда, оны былай өзгертіп жазып жүрміз: оқу, тоқу, жеку, сілку, т.с.с. Ал бұл сөздерде «ы» мен «і» дыбыстары неге жазылмаған? Олардың түбірі «оқ», «тоқ», «жек», «сілк» емес қой? Бұл жалғандықты жаңа жалғандықпен жабыуға тұура келеді, йағный түбір емес сөздерді түбір деп таныймыз, ол «оқу», «тоқу», «жеку», «сілку» болады. Өстіп бір өтірік екінші өтірікпен бүркемеленеді. Көріп отырсыз, тұйық райлы етістіктің «у»-дан басқа да «ыу», «іу» деген жұрнақтары бар екені де өтірікпен бүркемеленіп тұр.

Өзіңіз ойлаңызшы, осыншама өтірік қағыйдалар қаптап тұрғанда, шынайы тіл ғылымы қалай жасалады? Ол ғылым емес, жылым ғой!

1940-жылдан бері емлемізге орыс тілінен тықпаланған қосарлы дыбыстарды белгілейтін «ю», «я», «щ» секілді әріптер мен «ъ», «ь» белгілерін жаңа әліпбійден алып тастайтын болдық. Өйткені ондай бірнеше дыбысты бір әріппен белгілеу жалғамалы қазақ тілінің дыбыс және бұуын жүйесіне үйлеспейді, оны бұзады: «аш+шы» деп бұуынға бөліудің орнына «ащы» деп, ешбір бұуынға бөліуге болмайтын сөзді жазамыз: «а+щы» деген де, «ащ+ы» деген де бұуын болмайды. Бұл түсінікті. Ал «аю» сөзін бір ғалым теледыйдардан «аиу» деп жазалық деп түсіндірді. Бұл – тіл табыйғатын білместік және Ахаңның іліміне қайшы.

Орыс тілінен әліпбійімізге енген «ю» әрібі, біздің ғалымдарымыз жазып жүргендей, «й» мен «у» дыбыстарын ғана белгілеп келген жоқ, қазақ тіліндегі «й» және «ыу», «іу» дыбыстарын да белгіледі, өйткені қазақ «айыу», «кейіу» деп сөйлейді.

Егер «аиу» деп жазсақ, біздің ғалымдардың жалған ілімі бойынша, «а», «и», «у» – үшеуі де дауысты дыбыс. Бұл, шынын айтқанда, ғылым емес, былық. Ахаң мен Жұбанов іліміне жүз пайыз қайшы, себебі ол сөздер дұрыс бұуынға бөлінбейді және қазақ тілінде қатар айтылмайтын екі-үш дауысты дыбыс қатар жазылып тұр.

Бұл былықты тереңдете түсетін тағы бір былық бар, ол «ъ», «ь» белгілеріне қатысты. Бұрын «большевик», «батальон», «разъезд», «съезд», «артель», «Мольер», «Сальери» деп жазып келсек, енді оларды қалай жазамыз? Белгілерді алып тастағанмен, іс біте ме? Сонда «болшевик», «баталон», «разезд», «сезд», «артел», «Молер», «Салери» бола сала ма? Міне, көрдіңіз бе, бұл арада бізге ғалымдардың айтқысы келмейтін жалғамалы тілдің негізгі заңы – үндестік заңы ғана көмектесе алады. Жалғамалы тілдің әр сөзі негізінен бастан-айақ не жұуан, не жіңішке бұуынды сөз болыуға тійіс, сол ереже бойынша, бұл сөздер «бәлшевійк», «баталыйон», «рәзійез», «сійез», «әртел», «Молыйер», «Салыйерій» болып жазылыуы тійіс. Біз осылайша, қазақ тілін ешбір негізгі ережесі жоқ тілден негізгі ережесі үндестік заңы болып табылатын ғылымый тілге айналдырыуымыз қәжет!

Кез келген ұлт өз тілінің шұбарланбауын, таза қалпын сақтап дамыуын қалайды. Ал біздің қәзіргі емлеміздегі «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы негізінен орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» деген баптың әлі күнге дейін өзгертілмей келе жатқанын тілге жасалған ғылымый қамқорлық деп түсініуге бола ма? Сонда біздің тіл орыс емлесі бойынша жазылатын тілге айналмай ма?

Емлемізде негізінен орыс тілінің табыйғатына тән «Қысқарған сөздер» деген тарау бар. АҚШ, БҰҰ секілді бір-екі сәтті қысқарған сөз тілімізге енгенмен, ол сөздің табыйғатын ашатын дұрыс қағыйда тілімізде жасалған жоқ. Кезінде КПСС дегенді өз тіліміздің табыйғатына сай СОКП деп жазайық дегені үшін Рахманқұл Бердібаев ағамызға өз замандастарының қалай қарсы болғаны әлі көз алдымызда.

Тіл ғылымына деген көзқарастың ғалымдар тарапынан қалай жүзеге асып келе жатқанын мына бір мысал анық дәлелдеп көрсетеді деп ойлаймын.

Қәзіргі жаңа емле жасаушы топтың жетекшісі Нұргелді Уәлиевтің докторлық жұмысы «Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері» деп аталады. Көріп отырсыз, бұл сөйлемнің өзін қазақшаға аударып барып қана түсініуге болады. Сол жұмыстың 29-бетінде бір сөйлем «құрайды ма?» деген сөзбен айақталады. Әрі шұбалаңқы, әрі орысшасы түсініуге өте ауыр сөйлем.

Бірақ мәселе онда емес, мәселе «құрайды ма?» деген сөздің қазақ тілінің әдебій қалпына сай емес, қәте қолданылыуында, дұрысы «құрай ма?» болыуға тійіс еді. Егер Н. Уәлиевтің бұл жұмысын ғылымый жетекшісі академик Рабиға Сыздықова, оппоненттері, пікір жазыушылар оқыған болса, сол қәтелікті қалайша байқамаған?

Менің ойымша, олардың бірде-бірі оқымаған. Оқымай-ақ, бәлкім, жан-жақты талқыламай-ақ, ғылымый кеңестен өткізе салған болыу керек. Ғылымдағы сыбайластық деп, меніңше, осыны айтады. Қысқасы, ғылымый атақ алыудың, беріудің басты жолы осылай болып жатыр деп шамалауға болады. Қәте жазып отырған да, қәтелікті байқамай отырғандар да – бәрі қәзіргі ғылымды басқарып отырғандар. Өкінесіз бе бұған, жоқ па? Әлде шошыйсыз ба?

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, менің пірезійдентке ақыл айтыуға қақым жоқ шығар, бірақ өтініш айтыуға, жалыныуға қақым бар шығар.

Мамандығымыз, өмір жолымыз әр басқа болған соң, әр қалай ойлауымыз әбден мүмкін ғой.

Білімсіздіктен, мәденійетсіздіктен біраз адам тұңғыш пірезійдентті әр саққа жүгіртіп, аузына келгенін айтып, бала-шағаға дейін боқтап та жатыр, балағаттап та жатыр. Және соның бәрін өз отанымызды өте сүйгендіктен өстіп жатырмыз деп жұртты сендірмек болады. Ақты – ақ, қараны – қара деп бағалауға тырысыу – әрбір парасатты адамның ары алдындағы борышы. Мен өз басым Н. Назарбаевтың мемлекеттік шегарамызды ұзақ жыл бойы табандылықпен белгілеп шығыуын, Қытаймен, Ресеймен, Қырғызбен, Өзбекпен, Түрікменмен келісе отырып, шегараға қатысты ешбір дау-дамай болмайтындай етіп белгілеп алыуын Отанымыздың іргесін мықтап бекіткен ұлы іскерлік деп бағалаймын. Совет–Қытай кезінен жалғасып келе жатқан шегара дауы, Каспий теңізінің ондаған жылдарға созылған дауы, Бағыс ауылының, тағы басқа елді мекендердің тағдырын шешіу және ешбір арандатыуға жол бермей шешіуі – айтыуға ғана оңай нәрсе.

Дәл сондай етіп тіліміздің шегарасын белгілеп беріу Сіздің де тәлейіңізге тұура келіп тұр. Бұл екі мәселе бір-бірінен еш кем емес. Өкінішке қарай, тұңғыш пірезійдент тіл білімін де, өзге білімдерді де тым құлдыратып жіберді. Сол ауыр жүкті – бетімен кетіп берекесі қашқан ғылымды парасатты бійікке көтеріңізші! Сайлау алдында өстіп Сізден тіземді бүгіп тұрып өтінем!

Әр тілдің өз табыйғатына сай заңы болмаса, ол заңды мемлекеті қорғамаса, ұлт қалай ұлт болып ұйысады?

  • Сәлеммен, ел үшін йгілікті істерді атқара беріуіңізге тілектес жазыушы ағаң Бексұлтан Нұржеке-ұлы.

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн