
Пенжимдегі оқиға – таза ұлтаралық кикілжің әрі ұйғыр ұлтшылдығының көрінісі. Неге ұйғыр ұлтшылдығының көрінісі?
Ұйғыр – ұйғырдың ғана таксиіне міну, кафесіне бару, қазақтың дүкені жанында тұрса да, екі көше ары орналасқан ұйғырдың дүкенінен сауда жасау, өздері көп орналасқан жергілікті қызметтерге тек өз ұлтының өкілдерін тартып, қазақтарды дискриминациялау, тіпті, мешіттеріне дейін бөлектенуі – бір тиын болса да өзімізге түссін, өзімізге ғана болсын деген, үй ішінен үй тігуді көздеген – ұйғыр ұлтшылдығының анық айғағы.
Ал балалар арасындағы төбелес – сол үй ішінде бықсыған ұлтшылдықтың сыртқа шыққан кішігірім жалыны ғана. Таң қаларлығы – Шонжыда да осы жағдай. Тікелей эфирден Пенжимдегі жиналысты көріп отырып, екі жақтағы мәселенің бірдей екенін байқадым.
Бұдан нені байқауға болады? Яғни, ұйғырлар қай жерде отырмасын, ұлт ретінде іштей бір саяси пиғылда. Бұл әрекеттерді жәй ғана сәйкестіктер деуге келмейді. Бұл әрекеттер – олардың жасырын жиналыстары, Мәшрәптары арқылы саналы түрде жүргізіліп жатқан ішкі саясаттары.
Және ұйғыр ұлтшылдығы кеше-бүгін туындаған нәрсе емес, арысы Совет заманынан, одан ары патшылық Ресей кезеңінен (ұйғырлардың табаны қазақ жеріне тигеннен бастап) келе жатқан пиғыл.
Басқа – басқа, сол өлкенің азаматы ретінде біз бұны жақсы білеміз. Көріп, түйіп өстік. Ал бұл ұлтшылдықтың түпкі мақсатында – қандай жағдайда да өздері орналасқан қазақ жерінің бір пұшпағын бөліп алып, иеленіп, ұлттық мемлекет құру. Себебі, Қашқар мен Тұрандағы /Қытай жеріндегі – ред./ өздерінің тарихи отанында тәуелсіздік алу олар үшін күн өткен сайын қиындап барады. Қытай саясаты ондағы ұйғырға тәуелсіздік бұйыртпақ түгілі, ондағы 10 млн. ұйғырды ассимиляциялап, жұтып жіберудің алдында тұр.
Сондықтан мұндағы ұйғырдың басты арманы – өздері 130 жылдан астам уақыттан бері өмір сүріп, тамырын жайып қалған қазақ жерінің бір бөлшегін иемденіп, осы жерде тәуелсіз ел болу. Олар бұл пиғылдарын жасырын мәжілістерінен бөлек, мектептегі тарих сабағында да «Жетісу – ұйғырлардың жері» деп айтып қалып, арты үлкен дау болған. «Бір тиын болса да ұйғырдың қалтасына түссін» дейтін олардың осындай ұсақ-түйек әрекеттерінің астарында, міне, осындай ниет жатыр.
Сондықтан, 90-жылдардың басындағы Югославиядағы орын алған жағдайдай, күндердің күнінде «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартпас» үшін, оқиғаның салдарымен емес, себебі болып отырған – ұйғыр ұлтшылдығының алдын алу қажет. Мәселе – осында. Сонда Пенжимдегідей оқиға басқа жерлерде де қайталанбайды.
Бір таң қалатыным – арысын айтпағанның өзінде, берідегі 30 жыл тәуелсіз Қазақстанның аясында өмір сүріп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ тірлік кеше отырып, әлі күнге «Орыстың заманын» аңсап отыратын ұйғырлардың бар екендігі. Мүмкін, бұл аңсаудың түбінде – олардың орыстың заманында қазақтың төбесінен қарап үйреніп қалғандығы жатқан шығар… Кім білсін?
Елзат ЕСКЕНДІР
«ҰЛТАРАҚ» құбылыстың ЕКІ СЕБЕБІ
Азаттық радиосының тікелей эфирі арқылы біраз жұрт Панфилов ауданы Пенжім ауданындағы жағдайдың шет жағасынан қанықты. Ұлтаралық қақтығыс туса, өзгеге ұлтарақ болатын – баяғы қазақ деп кіжінушілер аз емес.
Мектептегі оқушылардың төбелесі неге ұлтаралық қақтығыс сипатындағы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кете жаздады? Осы ауданның тумасы ретінде бұл оқиғаның екі себебін көремін.
Біріншісі – жергілікті биліктің бишігін білегіне ілгендер бұған дейін іште қоздап жатқан мәселені көзге ілмеген. Бірнеше жыл бұрын осы ауылда және ауданның өзге елдімекендерінде де қазақтар мен ұйғырлардың арасында кикілжің, текетірес болған. Ол мәселенің бәрі «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалды. Проблеманы түп-тамырымен қопарудың орнына, қоламтаның бетін бүркемелей салды. Оны бүгін ауылдағы ағайын да айтты. Егер аудан әкімі мен ішкі саясатқа жауапты тұлғалар «жауырды жаба тоқымай», әр оқиғаға, әрбір осындай сигналға дер кезінде мән беріп, шешім қабылдап отырса, мұндайға дейін бармас еді.
Жергілікті қазақтар «ұйғырлар неге бізден оқшауланады?», «олар неге жынысын қосқысы келмейді?» деп наразы. Әрине кез келген ұлттың өзге елде тұрғанда этникалық жағынан оқшаулануы – табиғи құбылыс. Мысалы Моңғолия қазақтары да солай. Бірақ қазақпен тарихи тамырластығы тереңде жатқан ұйғыр ағайын тіпті мешіттің өзінде бөлініп алса, тұрмыстық деңгейдегі жікшілдік көпе-көрінеу көзге ұрып тұрса, оған қандай реакция болады?
Ел арасындағы «мектептерде ұйғыр ұлтының тарихы мен үстемдігі туралы айтылады екен» дейтін әңгімелерді, тұрмыстық деңгейдегі жікшілдіктің барын, ұйғыр ұлты өкілдерінің басым бөлігі этникалық анклав ретінде оқшауланып алғанына жергілікті тұрғындардың наразы екенін ауданның атқамінерлері білмеді емес – білді. Бірақ күні бүгінге дейін «мәу» демеді.
Ал бүгін аудан әкімі жиналыста «Шаңыраққа қараңдар!» депті. Мұнысын біраз жұрт шұрқырай қолдай жөнелді. Бірақ әкімнің бұл сөзі таза популизм! Тіпті мемлекеттік қызметкердің ауызынан шығатын да сөз емес! Шаңырақ шайқалмасын деген адам дауылдың қай жақтан соғарын аңғарар болса керек. Үй ішінен үй тіккісі келгендердің, арандататын авантюраға баруға құмарлардың желігін бұрынырақ басып, ішкі тұрақтылықты тұрлаусыз қылады-ау дегендердің жолын «мынау – қазақ, мынау – ұйғыр» демей, заңмен қатаң түрде кесу қажет еді.
Оның орнына ақша – патша болған заманда, шенділердің пұл бергеннің алдында әділет іздегеннің жігерін күнде құм қылып жүргендері өтірік емес. Кеңес заманында да қазақ пен ұйғырдың арасында жанжал болмады емес – болды. Бірақ ол кезде бәрі заң алдында бірдей еді. Кінәлілер сазайын алған соң, былайғы жұрт дүрлікпей, «үкімет өзі шешеді» деп сырттай бақылайтын. Тоқыраулы тоқсаныншы жылдары, ел бүгінгіден қиын заманды бастан кешкенде ауданның тізгінін ұстаған Әділшайық Ибраймолдаев секілді Жаркенттің топырағынан шыққан азаматтар ши шығартпай-ақ басқарып отырды емес пе?
Ал кешегі оқиға «еститін» билікке айғайлап жеткізе алмаған, заңның бәріне әділ екеніне сенбейтін жұртты үдере көтеру үшін мектептегі төбелестің де жеткілікті екенін айғақтап берді. Бұл оқиға конституциялық мәртебесі де айқындалмаған Ассамблеяның ештеңеге қауқарсыз екенін, оның мүшелері этномедиация форматын игере алмағанын, ал жергілікті ішкі саясат бөлімінің сырттан келген қонақтарға дастарқан жайып, той-томалақтарда әкімнің атынан шапан жабудан басқамен шаруасы жоғын да көрсетіп берді.
Бұл жерде таяқтың ұшы ҚМДБ-ға /Қазақстан мұсылмандарының діни бірлестігі – ред./ да тиеді. Татулық, ауызбіршілік туралы айтқанда, қоғалы көлдей толқытып, қорғасындай балқытып жіберетін пірәдарлар неге бір мешіт жамағатының екіге жарылуын алдынан алмады? Астанада қалың жиын өткізген жақсы әрине. Бірақ паркеттен шығып, халықпен де жұмыс істеу керек емес пе?
Екіншісі – Ақсақалдар кеңесі секілді жергілікті өзін өзі басқару институтының тек фейк түрін жасаған мемлекеттік идеологиядағы жұмыстарымыздың олқылығы. Ұлт болып ұйысудың орнына, Қазақстанда әр ұлт бір көрпенің астында әр түрлі түс көруде. Тәрбие мен білім беру жағындағы отыз жылғы кемшіліктер ақпарат тарату саласына да әсерін тигізіп отыр. «Екі оқушы төбелесті» деудің орнына кей әріптесім мысалы «Ұйғыр Ялхунжан мен қазақ Сабыржан» төбелесіпті деп жар салуға құмар. Оған кез келген жерден хайп қууға құштар «блогер» дейтінді қосыңыз. Ал оның салдары былайғы жұртқа әсері қандай болары ешкімді толғандырмайды.
Бұл екі мәселеден шығатын қорытынды – бар проблема жаппай жауапсыздыққа келіп тіреледі. Әр басшы жұрттан бұрын өзінен жоғары тұрған басшының алдында ғана жауапкер сезінетін, кез келген мәселені парамен шешуге болатынына бәрінің еті өліп кеткен елде осындай сыздауық шығады. Ал ол сыздауықтың ауызы болмашыдан жарылары анық.
Кез келген елде, тіпті толерантты дейтін Еуропада ұлтаралық қарым-қатынас нәзік әрі күрделі мәселе. Заң сөйлемегенде, әділеттің ауылы алыстап кеткенде ол ушығады. Бұл – аксиома! Қоздаған шаланы өшірмесең, ертең жалынына күйесің. Ал ондай кезде адамдарды шырпы ретінде қолданып, әр жерден от қоюдан тайынбайтындардың шығатыны бесенеден белгілі.

Дәнеш БАЙБОЛАТОВ