Көрнекті мемлекет қайраткері, халықтың нағыз жақтаушысы, қайсар оппозиционер, ойшыл ғалым, аты аңызға айналған қазақтың біртуар ұлы Серікболсын Әбділдин өмірден озды. Еліміздің түпкір-түпкірінен, алыс шетелдерден марқұмның артынан көңілдерін айтып, мыңдаған қарапайым адамдар, белгілі тұлғалар қайғыға ортақ екендерін білдіріп, сіңірген еңбегін атап жатыр.
Бұл кісінің халқына істеген қызметі, мемлекеттігімізді қалыптастырудағы сіңірген еңбегі, әсіресе Тәуелсіздігіміздің заңнамалық негізін қалаудағы Жоғарғы Кеңестің төрағасы ретінде көрсеткен ерлігі Қазақстанның жаңа тарихында алтын әріптермен жазылатынына еш күмән жоқ. Секеңнің даналығының арқасында халықтан сайланған, бұқараның аманатын жалау еткен от ауыз, орақ тілді депутаттарды текетіреске жібермей, дауылдарға айналған пікірталаста, «тығырыққа тірелген» сәттерде даналық сөзін айтып, жол таба білгеніне өзім де талай куә болдым. Ұлы тұлға, талантты саясаткер Әбділдиннің төрағалығының арқасында қызу таластар мен қайшылықтар еңсеріліп, Тәуелсіздік жарияланып, тұнғыш Конституциямыз қабылданып, мемлекеттік рәміздер бекітілді.
Серікболсын ағамыз еліміздің тарихында өшпес із қалдырды.
Шынайы балама сайлау арқылы Қазақстан Парламентінің төрағасы болып, жаңа тарихымызда сайланған жалғыз тұлға – Серікболсын Әбділдин. Осылай сайланғанының арқасында ол жер-жерден демократиялық жолмен 1990 жылы сайланған 360 депутатты басқара білді. Әрқайсысының пікірімен санасып, принципті қарым-қатынас құрып, көпшіліктің көңілін таба білді де, жетекшілік етті. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегенді еске алып, Тұңғыш Төраға үлкен саяси таланттың иесі екенін мойындауымыз керек.
Секең есіме түсіп, 1994 жылы сайланған Жоғарғы Кеңестің 13-шақырылымының басшыларының дәрменсіздігіне шыдай алмай, көмекшілерінің жазып бергендерін ғана оқып отырған «көсемдерді» орындарынан кетулерін талап еттім. Себебі Әбділдиннің белсенділігі мен үшін үлкен үлгі, демократиялық стандартқа айналды.
Төрағаның арқасында депутаттық қызметіміздің керектігін, ел алдындағы жауапкершілігімізді анық сезінетін болдық. Парламенттің беделі таудай болғаны да жетекшіміздің арқасы деп санаймын. Жалпы отырыстарға, кейде комитет отырыстарына президенттің өзін күрделі мәселелер бойынша шақырып алатынбыз. Назарбаев алдымызға келіп, нақты сұрақтарымызға жауап беретін. Қызып кеткен кейбір әріптестеріміз Назарбаевтың өзін сынап, /лауазымдық қызметке/ ұсынған адамдарын өткізбей қойған кезіміз де болған. Бұны да қатардағы жағдай деп барлығымыз қабылдайтынбыз.
Секеңнің тағы бір қасиеті – адамгершілігі, қарапайымдылығы. Ол кісі ешқашан шалқаймады, шіренбеді. Төраға болып жүріп, өзін қатардағы депутаттармен тең ұстады. Шыдамдылығы таңқаларлық. Кейде «дереу сөз бере қоймадыңыз» деп, қатты сынға алатынбыз. Артық айтып қойған жерлеріміз де болды. Өзім де тіл тигізгенім бар. Ол кісі болса, бірде-бір рет ренішін көрсетіп, кек сақтаған емес. Бұл Ұлы тұлғаға тән қасиет.
Әбділдин тағы бір стандарт көрсетіп кетті. Жоғарыда жүрген «көсемдер» жиі-жиі үлкен саясаттың кір, лас екендігін, өздерінің амалсыздан сол ортада жүргендігін тілге тиек ететіндігі бар. Көптеген басшыларымыздың артынан ерген сыбайлас жемқорлыққа байланысты жанжалдардың куәсіміз. Ал Секеңнің артынан бір жаман сөз ермеді. Өзі бет-жүзіне қарамай, басшыларды қатты сынға алып жүрді. Шетелге қашып барып емес, беттеріне басып тұрып бар шындығын айтатын. Бұл тазалықтан, адалдықтан туған ерлік баршаға үлгі боларлық.
Әлі Секең туралы айтар сөзіміз алда…
Серік АБДРАХМАНОВ,
Астана қаласы,
3 қаңтар 2020 жыл
Парасаттың КІРШІКСІЗ өнегесі еді
Қиянатқа қарсы қасқайып тұрып, қараулықтың қабырғасын қақыратып жүрген, ақиқаттың айбыны, демократияның кемеңгер көшбасшы көсемі – Серікболсын Аға да өтті бұл дүниеден. Халқының қамқоры, адал жолдан таймаған асыл перзенті болып, тура сөйлеп, тік жүріп өту екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақыт қой! Бұндай биік абыройға ар-намысын «бес күндік» пендәуи тірліктің байлық-мансап, атақ-даңқ дейтұғын майда-шүйде кәкүр-шүкіріне айырбастамас асыл текті дарабоздар ғана жеткен! Сер-ағам сондай жаны таза, парасатты тұлғаның кіршіксіз үлгісі еді.
Артына өрісі кең, өнегелі дара жолын, кемеңгер өсиеттерін мәңгілікке мұра еткен Серікболсындай асыл ағамыздың ғұмыры да тар жол, тайғақ кешу заманда өтті. Қазақ халқы ұлт болып қалу-қалмау, бұйыртқан Тәуелсіздіктің тұғырынан таймауы жолында жасаған өлшеусіз ерен еңбегі мен күрескерлігіне тарих куә. Қазақ аман тұрғанда, елі үшін, жері үшін, халқы үшін ұлтымыздың болашағына көзі жұмылғанша қызмет етіп, жаны шырқырап өткені ұрпақтардың есінен ешқашан өшпек емес! Бақилық ғұмырдағы таусылмас сапарыңызда иманыңыз бен жиған алғыс-абыройыңыз серігіңіз болсын, Серікболсын Аға! Халқының сүйенер ұлы, ақиқат пен адалдықтың, әділет пен шындықтың ғана құлы болған ғазиз жүрегіңіз бен бойыңызға туа біткен білім-білік, парасатты ақыл-ойыңызды, еліміздің Тәуелсіздігін аман сақтап, нығайтуға, ата-бабадан қалған мұра мен байлықты жат жұрттық пен іштен шыққан жетесіз-жемқор, тойымсыздар талауына тосқауыл қойып, барша әлемдегі әділетті елдер мен терезесі тең қазақтың ұлттық мемлекетін құру жолында күресімен өттің өмірден! Адамгершілік ар-ожданын серік еткен, биік парасат иесі екендігін көзі тірісінде-ақ танытып, демократияшыл оппозицияның еркін ойлы, бостандық сүйгіш азаматтарға ақылман-аға, кемеңгер-көсем болдыңыз! Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын!
Қош болыңыз, Асыл Аға!
Сайлау ЛЕПЕСОВ, желтоқсаншыл,
02.01.2020 жыл
Көңіл айту
«ДАТ» медиа-жобасының редакциялық ұжымы Қазақ халқының асыл перзенті, біртуар тұлға, қазақстандық биліктің ымырасыз сыншысы, атақты оппозициялық саясаткер, газеттің жанашыры
Сер-ағамыз ӘБДІЛДИННІҢ
қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстары мен Қазақстанның барша халқына қайғырып көңіл айтады.
Қазақстанның Демократиялық партиясын құру жөніндегі бастамашылдар жетекшісі Жанболат Мамай және партия құру ынталы тобының мүшелері аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, елге ерекше танымал саясаткер, экономика ғылымдарының докторы, профессор
Серікболсын Әбділдаұлы ӘБДІЛДИННІҢ
қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстарына және азаматтық қоғамға қайғырып көңіл айтады.
Құрылу үстіндегі «Республика» қоғамдық қозғалысының (Астана) белсенділері елдегі тәуелсіз парламентаризмнің негізін қалаушы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақиқаттың алмас қылышы
Серікболсын Әбділдаұлы ӘБДІЛДИННІҢ
қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстарына және азаматтық қоғамға қайғырып көңіл айтады.