«Алаш» сөзі – қазақ үшін қашан да қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары «Алаш» идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Кең байтақ жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады.
Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты. Өкінішке қарай, түгелге жуығы «халық жауы» атанып, қуғын-сүргін құрбаны болды. Еңбектері жойылды, ұзақ жылдар бойы олардың атын атауға тыйым салынды. Бірақ ұлтымыз ұлы перзенттерінің есімін санасынан өшірмей, жадында сақтай білді. Тәуелсіздік жылдарында Алаш идеясы мен Алаш мұрасы түбегейлі қайта қаралды. Биыл «Алаш» автономиясының құрылғанына 108 жыл толып отыр.
Осыған орай Талғар ауданы, Бесағаш ауылдық Мәдениет үйінде «Алаш» мұрасы – ұрпаққа аманат» атты ауқымды еске алу шарасы өтті. Жиынға келген жұртшылық алдымен ауданның Тілдерді дамыту, мәдениет және спорт бөлімінің қолдауымен аудандық орталық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған көрмемен танысты. Оның ең басында Алаш арыстарының аты-жөні, туған-қайтқан жылдары көрсетіліп, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстарының суреттері қойылған. Әрі қарай Алаш, Алашорда туралы жазылған кітаптар, одан соң сол арыстардың өздері жазған кітаптар, сосын Желтоқсан көтерілісі мен оның қаһармандары туралы шығармалар, соңына қарай оның қаһармандары – Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанованың портреттері орын алыпты.
– Бұл көрме негізінен қазақ халқының азаттық жолындағы екі тарихи кезеңді – Алаш қозғалысы және Желтоқсан көтерілісін қамтиды. Бұл екеуінің де негізгі идеясы – Тәуелсіздік болды. Сондықтан еліміздің ең ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында жастарға Алаш арыстары мен Желтоқсан қаһармандарының азаттық жолындағы ерлік істерін насихаттау, оларды отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында осы көрмені ұйымдастырдық, – дейді оның мән-мазмұнын жан-жақты түсіндірген аудандық орталық кітапхананың библиографы Сәуле Кәрібозова.
Ары қарай мерекелік шараға жиналған жұртты Мәдениет үйінің үлкен залын лық толтырған ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары орындарынан тұрып, үлкен құрметпен қол соғып қарсы алды. Жиынға келген құрметті қонақтардың арасында Желтоқсан ардагері, қоғам қайраткері Қасен Қожа Ахмет, қоғам қайраткері, саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшім, «Мұхамеджан Тынышбаев қорының» президенті, Алаш арысының жиен немересі Нұршәкен Жүнісқызы, қоғам қайраткері, Желтоқсан ардагері, «Алаш арыстары» ескерткішінің авторы Бейсенғазы Сәдуұлы, Талғар ауданының Желтоқсан ардагерлері, басқа да біраз ғалымдар мен танымал азаматтар болды. Мерекелік шарада сөз сөйлеген олар Алаш арыстарының ұлы еңбегі мен Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шығып, ұлтымыздың намысын қорғаған ұл-қыздарымыздың ерлігі, мұның тәуелсіз ел болуымыздағы тарихи маңызын тебірене әңгімеледі.
– Ардақты ағайын, отаршылдар қанша жерден аттарын өшіргісі келсе де, шамасы жетпеді. Шындық, адал азаматтардың күрескерлігі айтылатын күн де келді. Бірақ біз оған оңайлықпен жеткен жоқпыз. Халық аман болса, халық күрессе, қай жауды да жеңбей қоймайды. Қаншама арыстарымыз қудаланды, оларды атты, асты, абақтыға қамады, кітаптарын өртеді – бәрібір ақиқат жеңді! «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» демекші, шындық бәрібір жарып шықты. Тек күресе білу керек. Бізді таптап жатыр, жойып жібергісі, жерімізді тартып алғысы келеді деп құр жылай бермеу керек. Қарсы күресу керек, пікір айту керек, халықты оята білу керек!
Менің жастарға тілейтінім: біз Алаш арыстары бастаған – елімізді қалай көтереміз, ата-бабамыз қалдырған ұлан-ғайыр жерді қалай бөтендерге таптатпай, тонатпай, халқымыз өзі пайдаланып, қызығын көре алады деген ой-пікірімізді айтып жүрміз. Сіздерге де аманат – біздің осы ісімізді жалғастырасыңдар деп сенемін. Өйткені келешекте тағы бір отаршылдардың қолына түспей, аман-есен сақталып, мықты ел болуымыз – сіздердің қолдарыңызда! Алаш арыстарының идеясы мен арман-мұраттарын насихаттайтын, соны нақты іске асыратын сіздерсіздер! Әйтпесе көшеге атын береміз, ескерткіш орнатамыз, бірақ неге олардың бағдарламасын насихаттамаймыз?! Құр шай ішуге жиналамыз, аттарын атап өтеміз, концерт қоямыз. Олар қазақты қалай көркейтпек болды? Соны неге қазіргі заманға лайықтап пайдаланбасқа! Сол жағына көңіл бөлінуі керек, соны зерттеуіміз керек. Өкінішке қарай, соған әлі қолымыз жетпей отыр. Сіздердің бір мақсатыңыз осы болуы керек! Үкімет әлі Алашордаға не Алматыда, не Астанада бір ескерткіш қойған жоқ, – деді Қасен Қожа Ахмет.
– Алаш арыстары жайында жүздеген кітаптар шығардық, ескерткіштер қойдық. Қазақстан бойынша Алашордаға қойылған жалғыз ескерткіш Тұздыбастау ауылында тұр. Оның өзіне осыдан он жыл бұрын екі-үш ақсақал қарсы шықты. Бір кәсіпкер азамат сол жерге атасының ескерткішін қойғысы келетінін айтты. Біз сол кезде екі мәселеде таласуға болмайтынын айттық. Оның біріншісі – Алашордаға, екіншісі – Желтоқсандықтарға ескерткіш қою. Осылайша осы жалғыз ескерткіштің өзі үлкен қиындықпен қойылды.
Енді мен осы күнге дейін миыма сыймай жүрген бір нәрсені айтайын. Кітап, кино шығардық, ескерткіш қойдық, бәрін жасап жатырмыз. Бірақ мынадай сұрақ бар: неге біз оларды құрметтейміз? Олар не істегісі келді, не айтты? Қазақ үшін нені жүзеге асырғысы келді? Иә, бірінші орында тәуелсіз дербес мемлекет болу! Бірақ ол қандай болуы керек, билік жүйесі қандай болуы керек, қандай басқару тәсілі болуы керек – міне осыны айтпаймыз. Алашорданың алға қойған мақсаттарының біреуі ғана жүзеге асты – біз 34 жыл бойы тәуелсіз мемлекетпіз. Қалған бірде-біреуін жүзеге асырмадық, тіпті оған қарсымыз. Ескерткіш қоямыз да, олар мынадай нәрсені жүзеге асырғысы келді деп айтпаймыз. Айтпақшы, олардың бір ойы – жеке мүфтият болу еді. Бұл, ұмытпасам, 1992 жылы жүзеге асты.
Алашорданың бағдарламасында «бізде земство болады» делінген, ол – жергілікті өзін-өзі басқару деген сөз. Бізде ол әлі күнге дейін жоқ! Сондай-ақ бұл бағдарламада «бастауыш сынып тек ұлттық тілде болсын» деген талап бар. Қазір Астана мен Алматы қаласындағы қазақ балаларының 40 пайыздан астамы орыс тілінде оқиды. Олар шын мәнісінде әділетті қазақ мемлекетін құрғысы келді. Дәл сондай, Желтоқсан көтерілісі кезінде көтерілген мәселелердің 34 жылда бірде-беруі жүзеге асқан жоқ! Бірақ ескерткіш қояды, Халық қаһарманы атағын береді. Бұл – үлкен қитұрқы, жаман саясат! Адамдарды ақтайды, бірақ олардың көтерген мәселесін, қойған талабын айтпайды. Меніңше, бұл – болашаққа қойылатын ең үлкен сұрақ. Тәуелсіздік алғанда, Алашорда арыстарының, Желтоқсан қаһармандарының алға қойған талаптарын жүзеге асырамыз дедік, бірақ жүзеге асыра алмадық, – деді Дос Көшім.
– 12 желтоқсан – қазақ үшін үлкен мейрам болуы керек. Біздің тұңғыш президентіміз – Әлихан Бөкейхан. Бөліп айтатын бір жайт, желтоқсан – біздің ұлтымыз үшін қасиетті де, қасіретті ай. Алаш зиялыларын ұлтшылдар деп айыптады. Олар неге ұлтшыл болды? Мысалы, Әлихан Бөкейхан Ресейдің кадет корпусында оқып жүріп, оның бағдарламасы қазақтың ұлттық автономиясына қарсы екенін түсінді. Сондықтан кадеттен шығып, Алашорда автономиясын құруға атсалысты. Ресей патшалығы талап-ұсыныстарын тыңдамаған соң, қазақ ұлтын сақтап қалу мақсатында оларға ұлтшыл болуға тура келді.
1986 жылы да сол болды. 80-жылдары Қазақстан ұлтсыздандыру лабораториясына айналды. Сөйтіп тағы да қазақты құрту жолына түсті. Өйткені қазақ ешкім болмай қалды, құқығы тапталды, даладан кімді әкеліп басшы қып қойса да көне беретін ұлтқа айналды. Бұған шыдамаған көкірек көзі ояу, бойында рухы бар намысты қазақ жастары Қонаевты қызметінен босатқан күні алаңға шықты. Мен сол кезде М.Тынышбаев атындағы Темір жол институтының 3‑курс студенті едім. Бұрынғы Брежнев атындағы алаң қазақ жастарына лық толды. Деректерге сәйкес, сол кезде 35 мыңнан 40 мыңға дейін жастар жиналған екен. Міне, олар осылай қазақтың бар екенін, өз тағдыры үшін күресе алатынын көрсетті. Бізден кейін әзірбайжан, грузин, Балтық бойы республикалары көтерілді. Сөйтіп қазақ жастары барлығын тәуелсіздікке бастады. Олардың рухы қазақты бүкіл әлемге паш етті. Ардақты ақсақалымыз Советхан Ғаббасов сол 86-жылы Мәскеуде ғылыми конференцияда отырғанда, оның жұмысы тоқтатылып, Алматыда қазақ жастары алаңға шыққаны айтылады. Сонда бүкіл өзге ұлттың өкілдері «Қазақ жасасын!» деп айқайлайды. Міне, көрдіңіздер ме!
Сол Желтоқсан көтерілісін бүгінге дейін Желтоқсан оқиғасы дейміз. Мен бұл көтерілісті көп зерттедім. Бакуде де болдым. Әзірбайжанның тұңғыш президенті 1990 жылы көтеріліске шыққан жастарға «Тәуелсіздік күрескерлері» деген атақ беріп, барлық жағдайды жасаған екен. Бүгінге дейін олар сол мемлекеттің құрметті азаматтары. Осы көтеріліс жөнінде бұл ел қабылдаған заңның жанында біздікі түкке тұрмайды. Біз – өз батырларымызды көтермейтін, қадірлемейтін ел екенбіз. Сол сияқты алаштықтарды да біз әлі күнге дейін қадірлемейміз. Тіпті Президент жанынан құрылған комиссияның өзіне Желтоқсан көтерілісі кірген жоқ, оған дұрыс баға берілген жоқ. 200-дей адам құрбан болды, алаң қанға боялып, әскер 168 жастың денесін шығарған. Таңғы сағат 4‑те ыстық сумен алаңды жуған. Неге оған баға берілмейді?! Сонда не, біз өз батырларымызды іздемейтін, аруақты сыйламайтын ұлтпыз ба?! Неге олардың көмілген жері табылмайды, неге жаназасы шықпайды, біз мұсылман емеспіз бе?! Неге сол жерге біз үлкен белгі қоймаймыз?!.
Тұздыбастау ауылындағы Калининнің ескерткішін құлатып, орнына Алашордашыларға ескерткіш қойылатын кезде мені сотталсын деп, үстімнен 70 адам арыз жазған, солардың көбі өзіміздің қазақтар. Сол кезде Талғар ауданының әкімі, аруағы риза болсын, Жолан Омаров дейтін жігіт болған, сол біртуар азамат: «Бейсенғазы аға, жұмысыңызды жалғастыра беріңіз, бәрі дұрыс болады», – деп шешіп айтты. Оның орнында басқа біреу отырғанда, мен сотталып кете берер ме едім, кім білсін!
Сол ескерткішті біз Алашорда үкіметінің құрылған күні – 12 желтоқсан мейрамға айналсын, біздің жастарымыз сол жерге барып, гүл шоқтарын қойсын, тағзым етсін, арыстарды еске алсын, олардың ел үшін жасаған еңбектері айтылсын, есімдері ешқашан ұмытылмасын деп аштық, – деді Бейсенғазы Сәдуұлы.
Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен шарада сөз алған басқа ғалымдар мен қонақтар да Алашордашылардың қызметі мен Желтоқсан көтерілісінің ел тарихында алатын орны және тарихи маңызы жөнінде өз ойларымен бөлісті. Олардың ортақ пікірі бойынша Алаш мұрасы – өскелең ұрпаққа ұлы аманат!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы