Көптеген жазушыларымызға ар-ұяттан туған жауапты сөз жетіспейді.
Қай заманда болмасын, қоғам жазушыны ағымдағы оқиғаларға пікір білдіруші ғана емес, дәуірдің имандылық өлшемі, адамгершілік айнасы ретінде қабылдады. Жазушы сөзінің құны дауысының қаттылығымен емес – шындығымен, жағымпаздығымен емес – ащы да болса ақиқатты айта білуімен өлшенетін. Халық әлімсақтан «адам жанының инженері» саналатын қаламгерден дәл осы адалдық пен жауапкершілікті күтеді.
Жаңа Конституция жобасы талқыға түскен бүгінгі таңда бұл жауапкершіліктің жүгі тіптен ауырлай түспек. Мұнда мәселе саяси көзқараста емес, жазушылық мұратқа адалдықта болып тұр. Қоғам өз зиялыларынан есепке негізделген емес, ар-ұяттан туған пайымды, тәуелсіз көзқарас күтуге хақылы.
Ар-ұят – біздің ішкі төрешіміз. Ол іс-әрекетіміздің ел алдында құрметке ме, әлде лағынетке ме лайықты екенін айнытпай танытатын бірден-бір куәгер.
Тарихтың дәлелдеуінше, оқырман сенімі – ең биік, әрі ең нәзік марапат. Оны Президент Жарлығымен алу мүмкін емес, сондай-ақ ішкі тазалығыңды саудаға салып, оны сақтап қала алмайсың. Сондықтан бүгінде мына бір қарапайым шындықты ұмытпаған абзал: жазушы билікке немесе өтпелі кезеңге емес, ерте ме, кеш пе – бәрін өз орнына қоятын Уақыт пен Қоғамға керек.
Өкінішке қарай, қазақстандық көптеген қаламгерлер осы бір ақиқатты жадынан шығарып алғандай. Атақ-даңқ, сыйлық, лауазым, материалдық игілік пен өз шығармаларын өткізу үшін билік алдында «тік» тұруға дайын. Әріптестерім үшін ұяламын!
Анығында, ар-ұят – біздің ішкі қазынамыз, ол істеріміздің абыройлы не абыройсыз екенін қателеспей саралайды. Меніңше, таза ардың үні – жүз жылдық атақ-даңқтың жаңғырығынан әлдеқайда жағымды.
Әдебиет – қоғамның үні екенін қалай ұмытуға болады? Әдебиет – жай ғана сөз өнері емес. Ол – халықтың тарихы, мұңы мен үміті көрініс табатын айна. Бұл біздің кім екенімізді, қайда бара жатқанымызды ұғындыратын құрал. Ұлы Абайдан бастап, барлық ірі тұлғалар қазақтың тағдырын жырлап қана қоймай, ұлттық сана-сезімді қалыптастырды. Ал бүгінде осы дәстүр жалғасын тауып жатыр ма? Бұл үлкен сауал.
Осының бәріне қарамастан, біз, қазақтар, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алғымыз келеді. Бірақ бұл сыйлық тек әдебиеттегі жетістік үшін ғана берілмейді. Ол көркемдік биіктер үшін ғана емес, саяси радикализм немесе күнделікті айқай-шу үшін де берілмейді. Ол – гуманистік құндылықтар үшін берілетін марапат. Ол адамды селт еткізіп, оның рухани әлемін астаң-кестең қылатын, әлемдік деңгейдегі тарихи ауқымды еңбек үшін беріледі.
Әдебиет – біздің өміріміздің көшірмесі емес, оның көркем бейнесі. Ол шындықтың авторлық тәжірибе, мұң, даналық пен үн арқылы өңделуі. Оның міндеті – шулау емес, мән-мағынаны ашу. Әрбір шынайы кітап – тылсым дүниенің құпиясын ашуға, беймәлім нәрсеге жақындауға, кеше ғана тіл жетпестей көрінген дүниені суреттеп беруге ұмтылыс. Бұл ішкі жұмыстың бәрі арандату немесе өтпелі реакция үшін емес, бір ғана мақсат – адам мен әлем даналығын тану үшін жасалады.
Әдебиет санаға терең әрі нәзік әсер етеді. Ол мәңгілік құндылықтармен – адам мінезімен, адамгершілік таңдауымен, жалғыздықпен, ерлікпен, қорқынышпен, махаббатпен және қазамен жұмыс істейді. Ол мемлекетпен емес, адаммен тілдеседі. Дәл осы себепті әдебиет кез келген саяси айтыстан ұзақ жасайды – ол дәуірлерді де, режимдерді де, үкіметтерді де артта қалдырады.
Мемлекеттің жеке тұлға құқығын таптауы, ол қандай игі мақсатпен бүркемеленбесін, елді тығырыққа тірейді. Біздің аға буынға отыз жыл бойы қабылданған, жұмсартып айтқанда, біліксіз шешімдердің зардабын тарту жазылыпты. Елдегі жағдай Оруэллдің антиутопиясын еске түсіретін: «Отан», кейіннен «Нұр Отан» партиясының толық диктаты орнады. Қоғамдағы жеке адамның амандығының басты шарты – оның тұлға ретінде жойылуы болды. Сондықтан бізде елге ешбір еңбегі сіңбеген, Шапырашты руынан шыққан түссіз шенеуніктер символдық тұлғаға айналды.
Назарбаев дәуірінде қоғамдық жалғандық, ұрлық пен жемқорлық гүлденді. Неліктен енді бәріміз бірлесіп, биліктегі осы бір сорақылыққа қарсы тұрмасқа? Достармен дастархан басындағы кейіс пен сайлауға қатыспау сияқты үнсіз наразылықтан әріге аса алмай келеміз.
Мен баррикадаға немесе ереуілге шақырмаймын, мен тек немқұрайлылық пен енжарлықты тастап, қоғамдық өмірге белсене араласуға үндеймін. Қазір біз ел тағдырына жылдар емес, айлар, тіпті күндер әсер ететін саяси арнада келе жатырмыз.
Бәлкім, осы бір рухани құлдыраудың себебі неде екенін ойланатын уақыт жеткен шығар?! Шәкәрімді, Мағжан Жұмабаевты, Ахмет Байтұрсынұлы мен Жүсіпбек Аймауытовты қайта оқиықшы. Мүмкін, кезінде естілмеген олардың пайғамбарлық ойлары бізге дәл қазір көмектесер…
Бигелді ҒАБДУЛЛИН, Қазақстанның құрметті жазушысы