Қазақстан соңғы жылдары саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан түбегейлі өзгерістер дәуіріне қадам басты. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған жаңа стратегиялық бағдар ғана емес, сонымен бірге қоғамның тарихи сұранысына жауап беретін құндылықтық парадигма.
11 бағытты еңсерсек…
Оның басты мақсаты – азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, билік пен халық арасындағы сенімді нығайту, әділдік пен тең мүмкіндіктерге негізделген мемлекет құру.
Бұл реформалар тек саяси құрылымдарды жаңғыртумен шектелмей, экономикалық қарым-қатынастарды, әлеуметтік саясатты, құқықтық жүйені және азаматтық қоғамды қамтитын кешенді сипатқа ие.
Жалпы, бұл «Әділетті Қазақстан» идеясының өзегінде саяси жүйені қайта құру бағыты тұр. Оған нақты мысал келтірсек, соңғы жылдардағы маңызды өзгерістердің ішінде мыналар бар:
1. Президент өкілеттілігін шектеу. Президенттің қайта сайлану мүмкіндігін алып тастау, бір мерзімдік (7 жыл) жүйеге көшу бастамасы көңіл көншітеді. Өйткені бұл ұстаным билікті шоғырландырудың алдын алып, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
2. Парламенттің рөлін күшейту. Мәжілістің өкілеттіктерін арттырып, аралас сайлау жүйесіне көшу арқылы азаматтық қоғамның үнін естірткен дұрыс. Президенттің бір палаталы Парламент идеясы осы орайда іске асуға тиіс.
3. Саяси партиялар туралы заңнаманы жеңілдету. Соның арқасында қазір партия құруға қойылатын талаптар төмендетіліп, көппартиялы жүйенің дамуына жол ашылып келеді.
4. Жергілікті өзін-өзі басқару. Ауыл әкімдерін сайлаудың өзі-ақ бүгінде халықтың билікке тікелей ықпал ету мүмкіндігін арттырып отыр.
Бұл үрдісті саясаттанушы Ғалымжан Қасенов: «Саяси жүйедегі реформа – қоғам мен билік арасындағы алшақтықты қысқартуға бағытталған қадам. Егер азамат өзін мемлекеттің тең иесі ретінде сезінсе, әділеттілік принципі шынайы сипатқа ие болады», — деп бағалады.
Сонымен қатар елдегі экономикалық салада «Әділетті Қазақстан» идеясы «жалпыға ортақ әділдік» принципін негізге алады. Бұл дегеніміз – табыстың әділ бөлінуі, әлеуметтік теңгерім және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.
5. Олигархиялық жүйеге тосқауыл. Қазір елден шекара сыртына заңсыз шығарылған активтерді қайтару үдерісі де белсенді түрде жалғасын тауып келеді. Әрине, өз кезегінде бұл қадамның қоғамда әділеттілікке деген сенімді арттыра түскені сөзсіз.
6. Салық саясатын реформалау. Жоғары билікте прогрессивті табыс салығын енгізу арқылы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету ісі де жоспарланып отыр.
7. Жаңа индустрия және «жасыл экономика». Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның шикізатқа тәуелділігін азайту, инновациялық технологияларға, баламалы энергияға инвестиция тарту – ұзақмерзімді әділетті даму кепілі.
8. Әлеуметтік осал топтарды қорғау. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек пен жастарға арналған жаңа бағдарламалар қоғамдағы теңсіздікті азайтуға бағытталған.
«Әділетті Қазақстан дегеніміз – тек саяси реформа емес, әлеуметтік-экономикалық модельдің түбегейлі өзгеруі. Табыстың тең бөлінуінсіз әділет орнамайды», — дейді экономист Сара Елубаева.
Баса ескерер жайт, құқықтық мемлекет құру – Әділетті Қазақстанның негізгі тірегі. Бұл бағыттағы реформаларды да тізіп шығуға болады. Мысалы:
9. Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту. Қазір судьяларды іріктеу және қызметін бағалау жүйесі жаңартылды.
10. Азаматтардың құқығын қорғау. Конституциялық сот қайта құрылып, оған әр азамат өз құқығын қорғау үшін тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болды.
11. Құқық қорғау органдарының ашықтығы. Полиция жұмысының ашықтығын арттыру, артық күш қолдануды болдырмау үшін мемлекеттік жүйеге қоғамдық бақылау тетіктері енгізіліп отыр. Сондай-ақ БҰҰ-ның «Құқық үстемдігі индексі» де біздің елдегі әділеттілік деңгейін өлшеудің негізгі өлшемдерінің бірі бола алады.
Бұл реформалардың барлығы халықтың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған.
Әр азаматтың белсенділігі – бір-бір күш
Әрине, «Әділетті Қазақстан» идеясы тек осындай мемлекеттік саясат арқылы іске аспайды. Ол үшін азаматтық қоғам белсенділігі, қоғамдық санадағы өзгерістер шешуші рөл атқаруы керек. Ол үшін Ұлттық құрылтайдың құрылуын билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог алаңы дей аламыз. Еріктілер қозғалысы мен жастар ұйымдары да әлеуметтік әділеттілік мәдениетін қалыптастыруда басты күшке айналып келеді. БАҚ және цифрлық еркіндік дегендей ашық пікірталас алаңдары әділетті қоғамның құндылықтарын орнықтырады.
Еске сала кетсек, Әділетті Қазақстан – бір күнде іске аса қоятын ылдым-жылдым жоба емес, ұзақ мерзімге арналған, қоғам мен мемлекеттің бірлескен еңбегін талап ететін ұлттық стратегиялық бағдар. Саяси, экономикалық және құқықтық реформалар кешені тек билік бастамасымен емес, әрбір азаматтың қатысуымен ғана толыққанды іске асады.
Ұлы ұстаным – ұрпаққа аманат
Осындай мемлекетті құру идеясы – болашақ ұрпаққа тұрақты даму мен әділетке негізделген қоғамды аманаттау. Сондықтан қазір Қазақстан қоғамы жаңа тарихи кезеңде әлеуметтік әділеттілікке, құқық үстемдігіне және инклюзивті дамуға негізделген жаңа мемлекеттік модель қалыптастырудың қажеттілігімен бетпе-бет келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» идеясын жариялау арқылы осы бағыттағы стратегиялық бағдарды нақты айқындап берді. Ал бұл тұжырымдама тек саяси модернизация емес, сонымен қатар экономикалық, құқықтық және қоғамдық сана реформаларын қамтитын кешенді жоба ретінде қарастырылған.
«Азаматтық қоғамсыз әділетті мемлекетті қалыптастыру мүмкін емес. Бұл – халық пен билік арасындағы жаңа әлеуметтік келісім», — дейді саясаткер Мәулен Әшімбаев.
Демек, енді бұл реформалардың табысты іске асуы билік пен қоғам арасындағы сенімге, азаматтардың белсенді қатысуына және ұзақмерзімді стратегиялық сабақтастыққа тәуелді.
Ерік ЕЛЕУСІЗ