Четверг , 10 апреля 2025

Әкежан ҚАЖЫГЕЛДИН: ЖСДП ҚАТАРЫНДА АҚШАҒА ҚҰНЫҚҚАН жандайшаптар бар болып шықты…

Қазақстанның премьер-министрі (1994–1997) Әкежан Қажыгелдин ЖСДП съезіндегі партиялық бүліктен кейін Exclusive.kz порталының сұрақтарына жауап берген еді. Біз сол сұхбаттың қазақшаланған нұсқасын оқырман назарына ықшамдап ұсынып отырмыз.

– Көпшілік халық ЖСДП съезінде орын алған жағдайды жақындап қалған мерзімнен бұрынғы парламенттік сайлаудың белгісіне балады. Сіздің ойыңыз қандай?

– Шамасы, бұл бұрынғының адамдары Қазақстанның саяси болашағын басқаруға ұмтылып жатқанның белгісі. Назарбаевтың әкімшілігі тәуелсіз саяси күштерді сатып алу арқылы бір-біріне айдап салуды өзінің сүйікті ісіне айналдырған. Егер бұл қолынан келмесе, тыйым салады немесе отырғызады. Ал бұдан қиын жағдайда – өлтіреді.

Мерзімінен бұрын өтетін парламенттік немесе президенттік сайлау – бұл алаяқтық. Бір кездері сәті түскен мұндай әрекет 25 жыл бойы Назарбаевтың «сүйікті әдісіне» айналды. Қолына пышақ ұстаған билік әр кездері бұрыштан атып шығып, мерзімінен бұрын сайлау туралы жарлықпен қоғамды шошытып, демократиялық күштердің топтасуына мүмкіндік бермейді. Кетіп бара жатқан билік (Назарбаев деп түсініңіз – Ред.) кенеттен «парламенттік республиканың» жақтасы бола қалғаны күлкіңді келтіреді. Ал бұл уақытта жаңа президент конституциялық мерзімдерді сақтау керектігін табанды талап етуде.

Қазақстанда «биліктің бөліну» жағдайы нақты пайда болды. Бірақ ол атқарушы және заң шығарушы билікке емес, «Ақорда» мен «Кітапханаға» (Назарбаевтың әкімшілігі отырған ғимарат – Ред.) бөлінді. Бұлар бір-бірімен тайталасқан атқарушы билік институттары.

«Кітапхананың» ардагерінен асқан парламентаризмнің жауын елден таппайтынымыз анық. Назарбаев біртіндеп және бірбеткейлікпен 90-жылдарғы толыққанда бір палаталы парламентті және оның өкілеттігін француздың қос палаталы парламентінің аянышты пародиясына айналдырды. Енді ол өзінің қызы екеуі коррупциялық-партиялық тізіммен жинақталған мәжілісті болашақта «Нұр Отанның» көмегімен отбасылық бақылауға алғысы келеді. Бірақ әрбір қазақстандық парламентте тізім жасаушылардың емес, өзі және жерлестері сайлаған өзінің депутаты болғанын қалайды.

Президент Тоқаев пен оның «ұлттық кеңесінің» алдында сайлау заңдылығы механизмін іске қосу, ұсыныстарды жинақтап, постназарбаевтық кезеңнен кейінгі алғашқы еркін және таза сайлау өткізу міндеті тұр. Мұндай мүмкіндік болған жағдайда ЖСДП мүшелері, партияның ардагерлері мен жаңа келгендері маңызды рөл атқарып, саяси алаңнан өз орындарын ала алар еді. Бірақ «Нұр Отан» мен «кітапханашыларды» шошытып жіберді…

Дегенмен, мұндай арнайы операция (сөз партия ішіндегі төңкеріс туралы болып отыр) бастамашыларға ешқандай пайда әкелмейді. Көптеген елдердің тәжірибесі, бұрынғы Одақтың болсын, Шығыс Еуропаның болсын, ақпараттанған қоғам жағдайында партия – бұл «ЦК», саяси кеңес немесе облыстық комитеттен емес, бірінші кезекте – адамдардан, көшбасшылар мен белсенділерден құралатынын көрсетті. Егер осы үш құрамдас бөлік болса, сайлау кезінде халықты топтастыруға негіз болады…

Қорытып айтқанда, ең бастысы – адамдар мен идея. Егер биліктің кесірінен халықтың үміткерлері парламентке іліге алмаса, онда саяси күрес қала алаңдарына қарай ойысады. Ондай жағдайда президент пен премьер-министр митингіге шыққандар алдында есеп беруге мәжбүр болады.

Жаңаөзенде мыңдаған адам алаңға шығып еді, жағдайды түсіндіру мен ақталу үшін барлық бастықтар ағылып келді. Егер заңсыз мәжілісті құруға қарсылық белгісімен Атырау, Астана және Алматыда 50 мыңнан демонстранттар шығатын болса, биліктің транзиті бірнеше күннің ішінде шешілер еді.

– Тоқаев ҰҚСК-індегі сөзінде көппартиялықты дамытуға уәде берді. Содан соң-ақ ЖСДП-ны өлтірді. Бұл екінші президенттің қос стандарттығы ма, жоқ әлде біріншінің төңірегі жасаған жұмыс па?

– Көппартиялық – уәденің емес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси өміршеңдігі жағдайының тақырыбы. Ол жалғыз «Нұр Отанның» ғана емес, барлық қазақстандықтың президенті болғанда ғана орнында қала алады. Назарбаев бір кездері өзінің көптеген кітаптарының бірін «Солшылдар мен оңшылдарсыз» деп атады. Ал анығында солшылдар мен оңшылдарсыз бірде-бір қоғам өмір сүре алмайды. Ондайда қоғам қол-аяқсыз моқал болып қалады. Тоқаев оңшылдардың да, солшылдардың да және ортадағылардың да президенті болуы тиіс.

ЖСДП-ға қарсы жасалған провокация – «Ақорданың» тапсырысы емес, «Кітапхананың» арамзалығы. Мүмкін, бұл провокация «Ақорданың» атымен ғана жасалды. Бұл дегеніңіз жаңа президенттің аппаратында «Кітапхананың» аңду мен бүлдіруге қойылған адамдары көп деген сөз.

Өкінішке қарай, ЖСДП-да ақшаға құныққан немесе саяси қызғаншақтықтан демократия жауларына қызмет қылған жандайшаптар бар болып шықты. Бірақ бұл соншалықты қайғылы жағдай емес. Нақты партия жаңа саяси циклдің нәтижесінде пайда болады. 

– Бұдан бұрын бізге берген сұхбатыңызда (http://www.exclusive.kz/expertiza/politika/116151/) сіз Дариға Назарбаеваны «Тоқаевтың аяғына асылған кір тасы» деп атадыңыз. Сіздің ойыңызша, бұл «тас» қазір жеңілдеді ме, әлде керісінше ме? Мүмкін, бұған жаңалары қосылған шығар?

– Тоқаевтың аяғында екі тас бар – қызы мен әкесі. Олардың қызғаншақтығы мен билікті асыра пайдалануы елді қажытып бітті. Әкесі болмаса, жалғыз Дариға Назарбаеваның өзі соншалықты проблема емес. Коррупцияға қарсы агенттік тергеушісімен болған бір сұхбаттасу оның «еланасы» болуға деген құштарлығын сап тияр еді. Анау әкеден кейін, мынадай анамыз болғанша, жетім қалғанымыз әлдеқайда жақсы.

Ливанның «ССС» компаниясымен бизнес-байланыс Д.Назарбаеваға таңылған жаңа іс болар еді. Бұл компания ондаған мың шетелдік жұмысшыларды, әсіресе арабтарды Батыс Қазақстанда мұнай өндіру жұмысына жалдаумен айналысқан. Бұл байланыс Рахат Әлиевтің (қарындасы күні бүгінге дейін ливандықтың әйелі) кезінен бері сақталып қалған. Рахат бұл компанияны Қазақстанға әкеліп, елден ұрланған орасан зор қаржыны сол арқылы айырып отырған. Ақша жоғалып кеткен жоқ, АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікке, қонақ үйлеріне айналып кетті.

Әлиевтің өлімінен кейін мемлекет оның активтерін тәркілеуден бас тартып, оны бұрынғы әйелі (Д.Назарбаева – Ред.) мен балаларына берген. Банктер, газеттер, телерадио компаниялары, құс фабрикалары және дүние жүзіндегі сансыз жылжымайтын мүлікпен бірге басқа да ондаған бизнес солардың қолына өтті. Осыншама «өткеннің мұрасымен» жаңа президентке не істемек керек? Бүгінде белгілі болғандай, оның бұған ешқандай қатысы жоқ.

– Шағын бизнеске берілген үш жылдық каникул (жеңілдік) – бюджеттің жыртығына айналмақ. Тоқаев тыйым салған еді, енді тағы да Ұлттық қорға қол сала ма?

– «Салық каникулы», «тексеру каникулы», «алым мен параның каникулы» – бұның бәрі тап-таза популизм. Егер шағын бизнеске каникул жариялайтын болса, бір аптадан кейін «Кармет» пен «Қазақмыс» екеуі жеке кәсіпкерлікке айналып шыға келеді. Пара беріп, каникулға шыға салады. Бұл проблемадан құтылудың жолы емес. Бізге бизнесті бөлшектеу мен есепті қитұрқыландыруды мәнсіз ететін салық керек. Оның критерийлерін кәсіпкерлердің өзі ұсынып, шенеуніктердің ырың-жырың түсініктемесіне жол бермейтін болуы керек. Салық көп болмауы тиіс, анығында, үшеу болуы керек: ҚҚС (НДС), табыс салығы және әлеуметтік салық. Салық төленуі тиіс, декларация өткізілуі керек, есеп жүргізу қажет. Бірақ барлығы мейілінше қарапайым болғаны керек.

Мен Тоқаевтың бұл бастамасы бойынша экономистер жасаған есепті көрген жоқпын. Меніңше, ондай есеп атымен жоқ сияқты. Дегенмен жасап көрсін. Тіпті салықтың уақытша болсын жеңілдігі халық үшін жақсы…

– Назарбаевтың бұрынғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Тоқаевтың президенттік тақырыбы 2024 жылға дейін жабылды дейді. Бірақ экономикалық жағдай құлдырап барады. 2021 жылы мұнайдың бағасы түседі деген болжам барысында Тоқаев орнын сақтап қала ала ма?

– Халықтың биылғы жаздағы наразылығы – бұл болжамның жауабы. Президенттің нәйқалып жүретін уақыты жоқ. Шыдамның шегін Нұрсұлтан Назарбаев жеп бітірген.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси болашағы мұнайдың бағасына байланысты емес. Пайдалы қазбасы жоқ елдер бар, бірақ олардағы экономикалық жағдай қазақстандықтардың қызғанышын тудырады.

Президент дағдарыстарға дайын болуы керек, қолында іс-әрекет жоспары және қасында жоғары дәрежелі батыл экономистерден құрылған командасы болуы қажет. Қазақстанды дамытатын капитал бар: жемқорлар мен бюджетті тонаушылардың шетелдік банктердегі шоттарында 200 миллиард долларға жуық қаржы бар. Бұл ақша ешқандай қозғалыссыз жатыр, себебі қожайындары оған қол тигізуге қорқады: кез келген күдікті транзакция жасалған жағдайда банктер ол қаржыны «қатырып» тастайды. Бұл қаржыны қатал тәртіппен және мейірімді рақымшылық жасау арқылы процесске топтастыру керек. Мұндай рақымшылық ақшаның елге қайтып келуіне әсер етеді.

Мен бұдан бірнеше жыл бұрын бұл тақырыпты бірінші болып Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына ұсынған едім, бірақ туыстарының (олардың барлығы – миллиардер) төбе шаштары тік тұрды…

Уақыт бәрін емдейді. Рахат Әлиев өз орнын Вена түрмесінен тапты. Демократияның басқа қаскөйлерінің орыны да жуықта анықталады. Мен нық сенімдімін, менің орным – Отанымда, Қазақстанда. Мен елде халыққа керекпін, ол жердегі үлкен өзгерістер кезінде мен пайдамды тигізе аламын.

Exclusive.kz порталынан

қазақшалаған –

Айсұлу ОСПАН, «DAT»

  • Сұхбаттың түпнұсқадағы бас тақырыбы – «На ногах Токаева две гири»
Республиканский еженедельник онлайн