Әлеуметтік бөлінушілік –ұлт бірлігіне төнген үлкен қатер

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Талғар ауданында болған қайғылы жағдайға байланысты сол ауданның тұрғыны ретінде өзім білетін біраз жайттан хабардар етіп, бұл істі өзіңіздің қадағалауыңызға алуыңызды сұраймын.

Әлеуметтік бөлінушіліктің салдарынан орын алған бұл қайғылы оқиға қоғамымызда үлкен алаңдаушылық туындатып отыр. Бұл іске тікелей қатысы бар «Хуторлық» ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) бар екенін растаймын. Кінәлілер әлі бостандықта жүр. Соңғы кездегі зардап шеккен жанұяға жасалып жатқан қысым – сол бостандықта жүрген адамдардың әрекеті. Атышулы Хасанның туған ағасы Аслан Қасымбаев – ірі көлемдегі активтердің иесі. Бұлардың әкесінің туған бөлесі Жанболат Жөргембаев – Сенат депутаты. Жанболаттың туған ағасы Мұхтар Жөргембаев (И.Тасмағанбетовтың туған құдасы) 2009–2010 жылдары ҚР Бас прокурорының орынбасары қызметінде істеген адам. Осындай абыройлы адамдардың туысы болуы себепті аталған қылмыс әділетті ашылмай қалуы мүмкін. Депутат Жанболат Жөргембаев та өткен өмірінде күмәнді істерімен есте қалған адам.

Ал Аслан Қасымбаев – қылмыскер. Ол Белбұлақ ауылдық округінің әкімі болып істеп жүргенде, Хамза Алиев деген (Белбұлақ ауылының белсендісі) азаматтың көзін жоюға тапсырыс берген адам. Өйткені Маловодное, Малыбай ауылдарында 2007–2008 жылдары орын алған қазақ-ұйғыр, қазақ-шешен арасындағы ұлттық кикілжіңдерді (шығу себептері, оқиғаның қоғамдағы зиянды салдары, т.б.) зерттеген менің еңбектерім бар. Олар мені артында қылмыстық тобы бар баскесермен шатастырып алған болуы керек.

Одан бөлек, 2019 жылы А.Қасымбаевтың әкім болып отырған кезінде сол ауылдың тағы бір белсендісі Мақсат Кенжебаевтың үйі қастандықпен өртелініп, қылмыс ашылмай қалады. Өйткені бұл екеуі де – ауыл аймағындағы жер телімдерінің заңсыз сатылуына қарсы болған адамдар.

А.Қасымбаев – соңғы уақыттары әлеуметтік желілерді шулатып жатқан Талғар ауданындағы заңсыз жұмыс істеп жатқан карьерлерге, Белбұлақ ауылындағы және аудандағы алаяқтық жолмен сатылған жерлерге тікелей қатысы бар адам.

Талғар ауданы аумағында осыған ұқсас қылмыстық іс-әрекеттер (қасақана жасалған) көптеп кездеседі. Колледждерде, тіпті орта мектептерде оқушылардан ай сайын «қараңғыдағы тақсырлар» тарапынан ақша жиналатыны туралы мәліметтер молшылық. Ол әрекеттер өз ауқымдарын кеңге жайып, Еңбекшіқазақ ауданына да таралған. Осы Еңбекшіқазақ ауданының Аймен ауылында «тақсырларынан» тапсырма алғандар Айболат Мұратхан атты 10-сынып оқушысын қарсылық көрсеткені үшін өлтірген. Өлтірген бала өлген баланың туысы болып шығып отыр.

Сол сияқты қарсылық көрсеткен балалар арасында өлімші боп таяқ жеген, пышақталған нақты фактілер бар. Хасан Қасымбаевтың қамаққа алынуына себеп болған қылмыстық іс – дәл осы істердің дәлелі. Қосымша көз жеткізу үшін һttps://youtu.be/Dlxp_Y7ygR8?si=gLGgGfip9tNXZOLr сілтемесін көру керек. Яғни, еліміздің ең ірі аймағында «Общяк» құрылымдары қайта тірілген. Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда барады. Қоғамымыз қайда кетіп бара жатыр?!

Бұл дегеніміз Талғар ауданында ҰҚТ біраздан бері құрылып, дамып кеткенін дәлелдейді. Жергілікті күштік құрылымдар менің аузымды жауып, тыныш отыруымды талап етіп отыр. Шара қолдануларыңызды сұраймын.

Өткен қараша айында Талғардағы қайғылы жанұяға қысым жасалына бастағанда, Қонаев қаласындағы ПД-не барып, тергеу ісі жөніндегі орынбасары М.Қабдуалиевтің жеке өзіне айтып түсіндіріп, А.Қасымбаевтың ісіне арыз тастағанмын. Ол кісі бірден қолға алатынын айтып, уәде берген. Міне, сол арыз қабылданған қарашаның 7-сінен бүгінге дейін іс қаралмай жатыр.

Шерзат оқиғасына байланысты айтылатын әлеуметтік желі жаңалықтарының комментарийлерінде аталған Хутор ауылының аумағында түнгі уақыттарда автоматтардың атылған дауысын естігендері туралы көп жазады. Ол қайдан келген қарулар, ол қарулар өзінің іске кірісер сәтін күтіп жатқан жоқ па?

Талғардағы Шерзат оқиғасы мұқият тексеріліп, қылмыскерлер әділ жазасын алмаса, қоғамымыз ішінен іріп, құлдырауға (көзге көрінбейтін) ұшыраймыз. Еліміздің имиджіне орасан нұқсан келді.

Ал енді сенатор Жанболат Жөргембаевтың күмәнді істеріне келер болсақ:

Мен 2015 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданының әкімі қызметінде жүрген Қыдыргелді Медеуовтың қабылдауында болып, ол кісіге 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына байланысты іс-шараға дайындалуымыз керек екеніне кеңес бердім. Ол кісі атаулы іс-шара туралы ақылдасу мақсатында сол жылы тамыз айында Албан руының басты-басты деген 50 шақты адамын бір дастархан басына жинап, сол жерде Нұрлан Оразалиннің ұсынуымен Ж.Жөргембаевты атаулы оқиғаға байланысты құрылатын Қордың басшысы болып сайлап жібереді (Бас прокуратурада бұл кісінің туған ағасының істеуі басты назарға алынса керек). Естуімізше, Қорға өте мол қаржы түскен. Облыстық бюджеттің өзінен 108,9 млн қаржы бөлінген.

Жөргембаевтар әулеті – сол өңірдегі ірі жер иеленушілер. Ол жерлерде КСРО кезінде пионер лагерьлері болған, асфальт жол төселінген. Менің айтқан деректі фильм шығару, жарыққа шықпаған архивтік фактілер негізінде жаңа кітап шығару туралы ұсыныстарымды Ж.Жөргембаев қабыл алмады. Оның орнына атаулы тарихи оқиғаға арнап Кеген ауылынан мемориал тұрғызылды. Сол мемориалға 48 млн теңге жұмсалыпты деп естідік. Ары-бері шауып жүріп, сол ескерткіштің құрылысын, бетон жұмыстарын басқарған азаматпен танысқан едім. Ол жігіт бұл құрылысқа асып кетсе 15–16 млн теңге қаржы кететінін айтып, күлді де қойды. Мен ол жігіттен сұраған себебім – өзім де бұл тарихи оқиғаға сол жылы Ереуілтөбеде ескерткіш қойдырған едім. Кейін ол жігіт сол жылы күзде кісі қолынан қайтыс болыпты деп естідім. Бұл да өте күмәнді. Талғар ауданының Қызыл Қайрат ауылында тұрған, есімін ұмыттым. Бұл азаматтың өліміне осы ҰҚТ-ның қатысы болуы бек мүмкін!

Сондықтан дүйім жұртты дүр сілкіндірген Шерзаттың және оның ағасының өліміне байланысты Талғар ауданындағы, басқа да осындай қылмыстық істерді бүге-шігесіне дейін жете зерттеп, қылмыскерлер еліміздің заң талаптарына сәйкес тиісті қатаң жазасын алмаса, бұл – қоғамда әлеуметтік бөлінушілік тудырып, салдары ел бірлігі мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатты қатер төндіруі мүмкін!

Дана бабаларымыз «жау іштен алады» деген. Ұлан-ғайыр жеріміз бен қойнауы толы кенімізге сырттан көз салып отырғандар қаншама! Қылмыстық топтар елімізді іштен шірітпесін! Сондықтан бұл мәселені тікелей өзіңіз бақылауға алуыңызды өтініп сұраймын!

Бақытжан МЕРГЕНБАЕВ,

«Аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, тарихшы

Республиканский еженедельник онлайн