Әсем ЖАПИШЕВА: НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖҮЙЕСІН түбірімен жоюымыз керек!

  • Абақты ішінде жұмбақ жағдайда қаза болған қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің өлімі бүгінгі саяси жүйенің халықтық мұраттан кеткен бір көрінісі болды. Азаматтық белсендінің өліміне қатысты құзырлы органдардың жасаған ресми мәлімдемелері жұрттың ашу-ызасын тудырып, оның соңы наразылық шараларына ұласты. Оған азаматтық қоғамдағы әр-түрлі ұйымдар мен олардың белсенді мүшелері мұрындық болды. Солардың бірі – тамырын тереңге жайған бүгінгі саяси режимге қарсылық білдіріп жүрген жас саясаткер, «Oyan, Qazaqstan!» қозғалысының белсенді мүшесі Әсем Жапишева (төлқұжаты бойынша) бикені «ДАТ» айдары аясында әңгімеге тарттық.

– Әсем, сізді алда келе жатқан әйелдер мерекесімен құттықтай отырып, сұхбатымызды көктемнің бірінші күні алаңға шығуға не жағдай итермеледі деген сұрақтан бастасақ?

– Мені алаңға шығуыма итермелеген ең басты себеп – Дулат Ағаділдің уақытша тергеу изоляторындағы қазасы. Мен полицияға сенбеймін, бұл қылмыстық істің шындығы ашылуы тиіс. Екіншіден, түрмедегі саяси тұтқындарды босату және жалпы еліміздегі саяси ахуалға наразылық – Назарбаев салған жүйеге қарсылығымды көрсету үшін шықтым. Мен саяси реформаларды талап етуші «Oyan, Qazaqstan!» қозғалысының белсенді мүшесі ретінде осы жүйеге қарсымын.

Назарбаев билікте қалу үшін, саяси қарсыластарын қуғындап, тіпті оларды өлтіріп отырған жағдай бірінші рет емес. Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаевтың қазасынан басталған режим құрбандарының ұзақ тізімін жақында өлтірілген белсенді Дулат Ағаділдің қазасы толықтырды.

– Президент Тоқаев «Ағаділ жүрек талмасынан өлді» деген шешім шығарып қойғанын қайтеміз?

– Жоқ, бұл қылмыстың түп-тамыры – Назарбаевтың билік тармақтарын тұтастай өз бақылауына алуында. Елдегі саяси режимге айтылып жатқан сыннан қашу үшін, қағаз жүзінде Тоқаевты президент етіп тағайындап, өзі Қауіпсіздік кеңесі арқылы бүкіл билікті уысынан шығармай отыр. Билікті толықтай иемденіп алған ол өзі мен отбасы мүшелерін заңнан биік етіп алды.

Назарбаевтың 30 жылғы жүйесінің нәтижесі – жемқорлыққа белшесінен батқан билік пен әрдайым қуғын-сүргінге ұшырайтын оппозиция. Биліктен кеткісі келмейтін Назарбаев елді үлкен саяси дағдарыс пен теңселіске әкеле жатыр. Бұның түпкі салдары ішкі жанжалға соқтыруы әбден мүмкін.

Дулат Ағаділдің қазасына қатысты президент Тоқаевтың дәл солай жауап беретінін білгем. Тоқаевта саяси жігер жоқ және бұл жүйеде оның не нақты реформа жасауға, не саяси құрбандар туралы шындықты аша алатынына менің ешқандай үмітім жоқ. Бұл қаза – Назарбаев орнатқан саяси режимнің салдары және Тоқаев ол режимді жалғастыруда. Билікті қолында ұстап қалу үшін Назарбаев пен оның жақтастары кісендеулі полиция мен ҰҚК-ны өз азаматтарына қарсы айдап салып отыр. Өздерінің кім екенін таныстырмастан, күнделікті киім киген бір топ ер адам Дулатты ұстап алып кеткен. Ал не себепті қамауға алды – оның жай-жапсары әлі анықталмады. Қамаудағы адамның денсаулығын неге қарамаған?

Осыған дейін де бірнеше оппозиция өкілі, белсенділер мен оның туыстары қаза тапқан. Саяси қуғын орнатып, заң мен тәртіпті елемейтін полиция билік қолындағы зорлық құралына айналды. Бұған нүкте қою үшін, біз Назарбаевтың озбыр режимін құлатып, полиция мен ҰҚК-ні бақылауды қоғам мен жаңа парламентке жүктеуіміз керек. Ал Тоқаев мырза – легитимді президент те емес, ол Назарбаевтың айтқанын орындаушы ғана.

– Ал егер алда-жалда ондай ішкі мемлекеттік жанжал туа қалса, қоғамның жауапкершілігі қандай болмақ?

– Ондай жағдайда қоғамнан емес, Назарбаевтан жауапкершілік талап ету керек болады. Дегенмен, бүгін біз барша Қазақстанның әрбір азаматына, бизнесмендерге, шенеуніктерге, полиция мен ҰҚК қызметкерлеріне ел болашағы алдында барлығымыз жауапты екенімізді еске салғымыз келеді. Халықтың Назарбаевқа сенімі жоғалды, себебі ол өз мүддесін қоғамнан жоғары қойды. Ол өз отандастарына қарсы озбырлық жасап, еліміздің тоқыраудан оңалуына кедергі келтірді. Сондықтан Назарбаев пен оның отбасы мүшелері елдің саяси сахнасынан кетуі керек. Бұл озбыр биліктің қолынан қазақ халқының бұдан артық жапа шегуіне жол бермеуіміз керек. Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің саясаттан кетуі – елдегі саяси дағдарысты еңсерудің және саяси жүйені түпкілікті реформалаудың бастамасы болуы керек.

Әрі қарай «Сайлау туралы заңды» өзгертіп, мажоритарлы сайлау жүйесіне өтіп, жаңа парламент сайлауымыз керек. Ол парламент қажет заңдарға өзгертулер енгізіп, жекеленген билік тармақтары бар парламенттік республиканың негізін құрайды. Елдің конституциялық құрылымы халық мүддесін қолдайтын мықты парламентке негізделуі тиіс, ал тәуелсіз сот жүйесі заң үстемдігінің кепілі болуы тиіс. Біз Назарбаев құрған авторитарлық жүйені түбімен жоюымыз керек.

– Бұл Жанболат пен Бэлла шақырған рұқсат берілмеген митингі еді ғой: жауапқа тартылам деген қорқыныш болмады ма?

– Ол митингіге мені Жанболат пен Бэлла шақырған жоқ, барлық белсенділер ақылдасып, осы 1 наурыз күнін бірлесіп таңдады. Әрине, қорқыныш болды, бірақ елде осындай сұмдық жағдай қалыптасқан кезде үйде қорқып отыру – ұят, тіптен орынсыз.

Ал елде билікке протесттік жағдай күшейіп тұрса да, қоғам митингілерге (оның ішінде Әбілязовтың «ДВК» ұйымы шақырған митингілер де бар) шығуға неге енжарлық көрсетуде деп ойлайсыз?

– Кешегі полиция қызметкерлерінің көптеген заңдарды, адам құқықтарын бұзып, оларды күштеп ұстауы, журналистерге қысым көрсеткені енжарлықтың белгісі деп санаймын. Керісінше, бұл – саяси жүйе тарапынан қорқыныштың белгісі. Билік азаматтық қоғамның одан ары күшеюіне, дамуына қарсы бар әкімшілдік күшін салуда.

Қарсылық митингілерге жастарға қарағанда, үлкендер мен егде адамдардың көбірек келетінін қалай түсіндірер едіңіз?

– Бұрынғыға қарағанда, 1 наурыз күні жастар көбірек келді. Мен алаңда жастарды көп көрдім, ол мүмкін тек сіздің көзқарасыңыз шығар.

– Жоқ, бұл менің емес, қоғамда қалыптасқан пікірдің көзқарасы. Дегенмен, азаматтық қоғамды бүгінгі митингілерге неғұрлым белсенді қатыстыру үшін не жетпей тұр деп ойлайсыз?

– Елдегі кәмелетке толған азаматтардың 60 пайыздан астамы функционалды сауатсыз және саяси, экономикалық білімі нашар. Оған бола барша халықты кінәлауға болмайды, күнін әрең көріп жүрген адамдар саясат пен адам құқықтары туралы ойлануға, оқуға, көздерін ашуға уақыттары да жоқ. Биліктен қорқатын үрей тағы бар. Сондықтан адамдарды ояту – менің және «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының басты мақсаты.

Дулаттың қазасы елдегі протесттік күштердің бірігуіне себепші болуы керек еді деген пікір бар, бірақ олай болмады. Неге?

– Бірінші наурыз күнгі митинг бәрімізді біріктірді. Әлі де жұмыс көп, әлі де түсінбеушілік көп. Мен саяси реформаларды қолдаушылардың барлығымен бірігуге дайынмын. Менің ойымша, біз ұсынған саяси реформалар барлығына тиесілі, барлығына маңызды.

– Жалпы, қоғамды билікке қарсы жұмылдыра алатын қандай идея болуы мүмкін?

– Назарбаев құрған жүйені өзгерту мен саяси реформалар! Қазіргі қоғамда бұдан асқан идея болуы мүмкін емес!

Былтырғы президенттік сайлаудан кейін буырқанып шыққан азаматтық протесттің екпіні біршама басылып қалды деп ойлайсыз ба?

– Жоқ, олай ойламаймын. Протест күшеюде. Сіздер тек «Фейсбукты» оқитын шығарсыздар, бірақ жастар пайдаланатын әлеуметтік желілерде күннен-күнге протесттің күшеюі маған жақсы байқалады.

– Жастар қолданатын желілерде билікке деген азаматтық қарсылықтың өсуі қоғам үшін, әрине, жақсы құбылыс. Ендеше сіз бастамашыларының бірі болған «Оян, Қазақстан!» жастар қозғалысының ұйымдық перспективасы қандай болмақ? Әлдебір тіркелген күш құрасыздар ма, әлде осындай виртуалды қоғам болып қаласыздар ма?

– Виртуалды қоғам дегеніңіз маған түсініксіз…

– Әлеуметтік желілер арқылы виртуалды жұмыс жүргізетін ұйым деп түсініңіз…

– Кешегі ұсталғандар, митингіге шыққандар интернетте ғана виртуалды ұсталған жоқ қой. Ертең «Оянның» төрт белсендісінің соты болады. Олар біздің елдің нағыз азаматтары. Виртуалды емес. Біз сын мен менсінбеушілікке қарамастан, саяси реформаларға атсалысу үшін жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз.

Олай болса, алдағы жоспарларыңыз жөнінде айтып өтсеңіз…

– Менің жоспарым – күш-жігерім жеткенше күресті, журналист ретінде жұмысымды жалғастыру. PhD-докторын алу да ойымда бар.

1986 жылғы жастар Кеңес диктатурсына қарсылықтарын білдіріп, мыңдап алаңға шығып, тәуелсіздік пен бостандыққа деген құлшынысын көрсетті. Назарбаевтың орнатқан диктатурасына қарсы бүгінгі күннің, яғни 2020 жылдың жастарын қалай оятуға болады?

– «Жастар» және «басқалар» деп бөлуге мен қарсымын. Оппозицияда бұрыннан жүрген адамдар жастарға жоғарыдан төмен қарауды тоқтатуы керек. «Ұйықтап жатқандар» жасы үлкендердің арасында да көп. Жастардың жағдайы қазір оңай емес. Барлық елді ояту үшін жалпы халықтың көзін ашу керек. Шындықты тарату – біздің қолымызда, ол біздің барлығымыздың борышымыз.

– Сіздің пікіріңізше, Қазақстанды мемлекет ретінде жарға жығуы мүмкін қандай қатерлерді айта алар едіңіз?

– Өтірік пен жемқорлық ұлттық саясат деңгейінде көрініс тауып, сонау үкіметтен бастап, полиция мен медицина қызметкерлерінің дертіне айналып, мемлекеттің сүйегіне сіңіп кетті. Тіпті жақында болған Ағаділдің қазасына қатысты қайғылы оқиғадан әділдік табу былай тұрсын, шын мәнінде не болғанын біле алмай, оңашада қалдық. Елімізде тәуелсіз БАҚ, қуатты парламент, әділ сайлау мен сот атымен жоқ. Біз мәселенің түп-тамырын емес, одан шыққан салдарды ғана шешіп келеміз. Жүйелі мәселелердің шешімін таппасақ, оның салдарымен мәңгі күресіп жүре береміз.

Егер тиісті заңдар өзгермейтін болса, келе жатқан парламент сайлауы – театр қойылымы, ал оған түскісі келгендер – әртіс екенін еске салғымыз келеді. Реформа жүргізу үшін саяси тірек орнатып алып, сайлауға дейін ойын шартын өзгертуіміз керек. Енжарлығымыз бен жүйе құрған ойын шарттарына бағынуымыз Қазақстанның құздан құлауына алып келмек. Жарға жығылу деген, меніңше, осы!

– Шынайы әрі өткір әңгімеңізге рахмет! Қолға алған азаматтық істеріңіз бүкіл қоғамдағы үлкен өзгерістерге бастама болсын! Газет редакциясының атынан сіз арқылы бүкіл қазақстандық қыз-келіншектер қауымын көктем мерекесімен құттықтаймыз!

Азамат ШОРМАНХАНҰЛЫ,

«D»

Добавить комментарий

Республиканский еженедельник онлайн