- Соңғы кездері Қазақстан әскері қатарында қайғылы жағдайлар жиілеп, жас сарбаздардың қазасына қатысты кері қоғамдық пікірлер өршіп кетті. Бұл кереғар оқиғалардың себебі мен салдары қандай? Осы қоғамдағы өзге де мәселелерге байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Олжас Кұспеков біздің газеттің тілшісіне сұхбат берген еді.
– Олжас Хайроллаұлы, Қазақстан әскерінде сарбаздардың қазасы жиілеп кетті деп, қоғам тарапынан наразы пікірлер туып отыр. Сіз бұл келеңсіз жағдайлар жөнінде қандай тұжырым айтар едіңіз?
– Иә, расымен, қазіргі Қазақстан әскерінде сарбаздардың қазасы және зардап шегу көбеюде деп жиі айтылады. Бірақ бұның астарында жатқан басқа да статистика бар. Егер сол жастағы қоғамда, университетте немесе басқа оқу орындарында жүрген жастардың статистикасына қарайтын болсақ, ол 2-3 есе көп. Қазір жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі және басқа да қаза табу мәселесі бойынша біздің Қазақстан жалпы дүниежүзілік рейтингте өте жоғары орында тұр. Бұл жалпы қоғамда болып жатқан құбылыс. Сондықтан бұған тек әскерде ғана болып жатқан оқиғалар деп қарауға болмайды. Әрине, әскерде де болып жатыр. Бұл да қабырғаны қайыстыратын бір жәйт. Біз оған бейжай қарап отыра алмаймыз. Сессияның басталуында ең бірінші жиынымызды осы тақырыпқа арнап Комитеттің отырысын өткіздік. Оған Қорғаныс министрлігінің өкілдері, шекара қызметі келіп, есеп берді.
Жалпы тәуелсіздік жылдары біз негізі әскердегі суицид және өлімнің статистикасын едәуір азайтқанымыз бар. Бірақ әр баланың қазасы бізге де ауыр тиеді. Сондықтан біз мұны максималды түрде нөлге жеткізуіміз керек. Дүниежүзілік статистиканы алып қарайтын болсақ, мұндай жайт басқа елдердің, тіпті дамыған елдердің әскерінде де болып жатыр. Әр оқиғаның артында қандай қателік бар екенін зерттеп, тергеу жүргізіп, міндетті түрде сол олқылықтарды түзеуіміз керек.
Осыған орай жақында Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бірінші отырысын өткіздік. Қорғаныс министрлігі тарапынан қандай шаралар қолданылып жатқанын зерделеп, өзіміздің ұсыныстарды бердік. Жақын арада қандай шаруалар жасалып жатқанын, не өзгерістер енгізілгенін жария етеміз.
– Ал Маңғыстаудағы әскери полигонда қаза тапқан жас сарбазға қатысты қандай мәліметіңіз бар?
– Маңғыстаудағы әскери полигонда қаза тапқан сарбазға қатысты айтатын болсақ, сол жердегі тапаншаның атылып кетуі – бұл қауіпсіздік техникасын сақтамаудың салдарынан болған оқиға.
Болашақта әскерге 18–19 жасар жасөспірімдер емес, жетілген ересек азаматтар ғана келісімшарт арқылы баруы керек. Яғни, өз еркімен, өз таңдауымен кәсіби жұмысына қарағандай жауапкершілік алғанда ғана өзгеріс болады. Әскердің осындай түріне көшкен кезде қазіргідей олқылықтар, яғни жасөспірімдер арасындағы өлім мен суицидтер азаяды.
Енді Маңғыстауда қаза тапқан біздің жасөспірімге оралсақ, әрине, бұл өте ауыр жағдай. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жоғарыда атап өткендей, бұл қауіпсіздік техникасын сақтамағаннан болған шаруа. Бұл әскерде болып тұратын жағдай, өйткені ол жерде қару қолдарының астында. Мұндай оқиға тарихта, тіпті Кеңес Одағында да болған және қазірде де бар. Бірақ біз бұған тек қана статистика ретінде қарамай, осылай қаза тапқан әр жауынгердің артынан тергеу жүргізіп, объективті түрде жауапты адамдарды міндетті түрде жауапқа тартуымыз керек. Бұған қоса, Президенттің жолдауында сол жердің командирлері толық жауапты болады деген мәселе айтылған. Жауапкершілікті арттыру мақсатында қажетті өзгерістерді жақын арада дайындап, заңға өзгерістер енгізбекпіз. Өйткені сол жердің командирі қауіпсіздік шараларын толықтай реттемей, жауынгерлерді оқу-жаттығу жұмыстарына жіберетін болса, тікелей өздері жауапты болуына міндеттеу керек. Қазір де жауапкершілік бар, әлбетте, бірақ сол жауапкершілікті күшейту қажет. Сондықтан жақын арада заңға өзгертулер енгізіледі.
Жалпы, әскерде болып жатқан келеңсіз жағдайлар өте көп. Әскери жарғыдан тыс қарым-қатынастар, әлімжеттік мәселесі, техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамау, суицид мәселесі – осының барлығы әскердің имиджін төмендетуде. Міндетті түрде ескеретін нәрсе – біздің әскер бізді қорғайды. Бізге әскер керек. Алысқа бармай-ақ, көрші елдерде болып жатқан соғыс қақтығыстары осыған дәлел болады. Біріншіден, егер біз өзіміздің әскеріміздегі осы олқылықтарды түзетпесек, екіншіден, қоғам арасында дұрыс немесе дұрыс емес ақпарат тарап жатыр ма, әлде жоқ па деген мәселені реттемесек, осының барлығы халықтың әскерге деген сенімсіздігін, ең алдымен ел арасында өзіміздің әскерге деген сенімсіздікті арттырады. Менің ойымша, соның барлығы сырт көздердің тарапынан қаржыландырылып, арнайы осы жағдайларды біреу күшейткен сияқты. Егер халық өз әскеріне сенбейтін болса, ертең бұл елдің қауіпсіздігіне қатер төнді деген сөз. Сондықтан біз міндетті түрде әскердің имиджін көтеруіміз керек, ондағы әлімжеттік мәселесін, суицид мәселесін, барлық олқылықтарды реттеуіміз қажет. Алдағы уақытта осының барлығы қолға алынады. Осы күнге дейін де істелген шаруалар аз емес, бірақ әлі де істейтін шаруалар жеткілікті. Заңдылық талаптарға өзгерістер енгізіп, жауапкершілікті күшейту жұмыстарын қолға алдық десек болады.
– Сонда бұл ақпараттық шабуылды кімдер ұйымдастыруы мүмкін?
– Иә, әскердегі дүрбелеңге қатысты ақпараттық шабуылдар алдын ала жасалып жатқан шара болуы мүмкін. Мүмкін, бұл әскер мен қоғамның арасына жарықшақ салуға бағытталған нақақ және қастық ақпараттық шабуылдар сыртқы күштердің әсерінен болып жатқан шығар. Бәлкім, Қазақстанның дамуы, оның әскерінің мықты болуы, қоғамның ауызбіршілігінің бекем болуы оларға керек емес шығар. Гибридтік соғыс концепциясын қарасақ, бір елдің болашақта құлдырауына негіз болатын осындай ақпараттық шабуылдар жасалады. Сол себепті біз болашақта мұндайды болдырмау мәселелерін қарастыруымыз керек. Ақты ақ, қараны қара деп, болған жайттардан сабақ алуымыз керек. Ал әлеуметтік желілерде осындай жағдайларды дүрбелең етіп, ақпараттық шабуылдар жасап жатқан адамдарды да жазалау керек. Өйткені бұл біздің қоғамда әскерге деген сенімді азайтады және әскердің имиджіне нұқсан келтіреді.
– Жалпы, әскердегі осындай келеңсіз жәйттер елдің қауіпсіздігін қорғау, жастарды әскерге шақыру мәселесіне залалын тигізуде деп айта аласыз ба?
– Естеріңізде болса, алдыңғы жылдары жасөспірімдерді әскерге шақыру науқаны кезінде оларды кафеде, интернет клубта немесе көшеде ұстап алып кетіп жатты. Сәл ерсі көрінетін нәрсе, бірақ, өкінішке қарай, оған дейін болған шараларды ешкім ескермейді. Ең алдымен оларға шақыру қағазы беріледі. Соны алғаннан кейін жасөспірімдер әскери комиссариатқа баруы қажет.
Өйткені конституциялық борышын өтеу мақсатында әскерге бару заңда міндеттелген. Бірақ осы міндетін ескермей, жасөспірімдер заңнан қашып жүреді, бұған ата-аналары да ықпалдасып, оларды қолдай жатады. Ата-аналар баласын әскери борышын өтеуге жібермеудің нешетүрлі амалын жасайтынын білеміз. Әрине, қазіргі жағдайда әлеуметтік желілер тарапынан өте көп жағымсыз ақпараттар алынады. Өзіміз де ата-анамыз ғой.
Осы комитеттегі шақырылымға депутат болып келген соң, өзіміз тәрбиелеп жатқан балаларымыз әскерге барған кезде сапалы деңгейде, қауіпсіз әскер қатарында борыштарын өтеуі үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Сондықтан қазіргі іс-шаралармен айналысудағы негізгі мақсатым – болашақта әр отбасының баласы әскерге баруын қалаймын. Сол себептен бұл мен үшін өте өзекті мәселе. Конституция бойынша әр ер бала өз азаматтық борышын өтеуі үшін әскерге баруы қажет. Сол себепті біз барлық мәселелерді қолға алып, оларды шешу және реттеу мақсатында барынша қызмет етудеміз.
– Қарулы күштердің қоғамдағы беделін арттыру үшін қандай мемлекеттік шаралар қажет деп ойлайсыз?
– Естеріңізде болса, танымал кореялық BTS тобының мүшелері әскери борышын өтеуге дайын екенін айтқан болатын. Бұл әскерге деген сенім және жас тыңдармандарына көрсетіп жатқан үлгі. Бізде, өкінішке қарай, бір блогердің немесе әншінің әскерге бардым дегенін естімейсіз. Былтыр Мәжілістің бір топ депутаттары Алматы облысының таулы аймағындағы лагерьде шекарашылармен бірге дайындықтан өткен болатынбыз. Мұнда біз бірнеше апта бойы шекарашылармен бірге дайындықтан өтіп, олардың жұмыс жағдайларын зерттедік. Оларға ел қорғауда жағдай жасау үшін, қажет жағдайда ұсыныстар енгіздік. Мұндай тәжірибе біздің қорғаушыларымыздың шекара шебінде кездесетін қиындықтарын түсінуге, сол бағытта жұмыс істеуіне көмектесті. Біздің жұмысымыз тек заң шығарумен ғана шектелмейді, сонымен қатар нақты әрекеттер жасау қажет.
Сондай-ақ әскердегі инфрақұрылымды дамытуды ойлауымыз керек. Жастардың әскерден қашатын бірден-бір себебі де сол. Жатын орны мен жай-күйі көңіл көншітерлік емес. Одан бөлек, осы жылдан бастап мерзімді әскери қызметте борышын өтегендерге 13 ай несие төлемеуге рұқсат беріледі. Осы уақыттың ішінде банк, микроқаржы ұйымы болсын, қарызды өндіру бойынша сотқа да, тиісті мекемелерге де жүгіне алмайды. Одан бөлек, тағы бір қуанышты жаңалық – әскерден келген сарбаздар жоғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай-ақ тегін түсе алады. Оларға бұл жеңілдікті университет беріп отыр. Бүгінде 70 жоғары оқу орны әскерге барып келген 3 мыңға жуық адамды қабылдауға дайын. Олардың ішінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Көлік және логистика академиясы, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Торайғыров университеті, Атырау мұнай және газ университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті және тағы басқа да танымал оқу орындары бар.
– Ал енді Қазақстанда АЭС салу мәселесі мемлекеттік дәрежедегі кампанияға айналды ғой: жалпы, ел Президенті өзінің жолдауында референдум мерзімін белгілеген осы АЭС құрылысына халық арасында қарсылықтың өршіп тұрғанын қалай бағалайсыз?
– Индустрияландыру мен технологиялық дамуға ұмтылу барысында адамзат дәстүрлі энергия көздерін – мұнай, көмір және газды пайдаланудың климаттық өзгерістер мен экологиялық жағдайдың нашарлауына әкелгенін елемей келді. Қазақстан осы табиғи ресурстарға бай болғанымен, оларды пайдалануды жалғастыру арқылы қоршаған ортаға үлкен зиян тигізетіні анық. Ал біз, аға буын, баға жетпес байлығымызды болашақ ұрпақ үшін сақтауымыз керек.
Қуат көзінің тапшылығы байқалып жатқан уақытта тұрақты және экологиялық таза энергия көздері аса қажет. Осы орайда атом энергетикасы экономикамыздың қажеттіліктерін қанағаттандыруда маңызды рөл атқара алады. Мемлекет басшысы халыққа 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында атом энергетикасын дамытудың маңыздылығын, әсіресе қажеттілігіміз күн санап артып келе жатқан осы кезеңде сол тапшылықтың орнын толтыруда қуат көзі ретінде атом энергетикасына назар аударуымыз қажет екенін атап өтті.
Алайда, тарихтан білетініміздей, прогресс жолында адамдардың бойында түрлі оқиғаларға негізделген атомофобия сияқты үрей қалыптасты. Бұл ретте бүгінгі технологиялық мүмкіндіктер атом энергетикасының жоғары қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін ескеру керек. Қоғамдағы осы қорқыныштарды жеңіп, болашаққа нық сеніммен қарау маңызды. Болашақ – жасыл энергияда, әсіресе атом энергетикасында.
Қазақстан өзге де дамушы мемлекеттер сияқты Париж келісімінеқосылып, жаһандық температураның өсуін шектеу және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатындағы жұмысты көздейді. Әлемде атом энергетикасы тиімді және қауіпсіз энергия көзі ретінде танылған. Бүгінде АЭС 31 елде жұмыс істейді, тағы 28 ел АЭС салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба еңбек адамдарына жағдай жасап, ғылыми зерттеулерге жол ашады, әрі қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ атом энергетикасын дамыту салық түсімдерін арттыруға және инфрақұрылымды жақсартуға да ықпал етуі мүмкін. Бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсерін тигізері сөзсіз.
– Айтпақшы, сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылуына қатыстыңыз ба? Жалпы, бұл ойындардың маңызы мен ерекшелігін қалай бағалап берер едіңіз?
- – Бір топ депутат болып ашылу салтанатына қатыстық. Ашылу рәсімі өте жоғары деңгейде өтті. Шетелден келген қонақтар да өздерінің таңданысын жасырмады. Ашылу салтанатында қазақ халқының қалыптасу тарихын көрсететін әсерлі шолу жасалды. «Қазақ елі болған жоқ. Құрылғанына 32 жыл ғана болды» деп түрлі пікір айтушыларға көшпелі мәдениеттің ежелден келе жатқанының терең тарихы бар екенін көрсете алдық деп ойлаймын. Cол үшін Ұлттық ойындарымызды келесі буынға дәріптеп, аманат етуіміз керек.
- Оған қоса, өзім Халықаралық асық ату федерациясының президенті болғандықтан, асық атудан жарысты ресми түрде ашып келдік. Осы тұста асық ойнына тоқтала кеткім келіп отыр. Асық – көшпелі мәдениет өмірі тудырған төл өнеріміз. Бұл ойын жастарды ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулитын тәрбиенің көзі. «Асық ойнаған азар» деп бекер айтпаса керек. Себебі соңғы жылдары жасөспірімдер арасында артық салмаққа душар болғандар саны көбейіп келеді. Асық – көп қозғалысты қажет ететін ойын болғандықтан, жоғарыдағы мәселені шешудің бірден-бір жолы деп ойлаймын.
2017 жылы «Асық ату» ойыны ЮНЕСКО-ның қорғалатын материалдық емес мәдени мұра объектілерінің тізіміне енгізілді. Биылдан бастап, ұлттық спортымыз мектеп бағдарламасына енгізілді және аулаларда асық алаңдары салынды.
- Cұхбатыңызға көп рахмет!
- Дина ӘДІЛ,«DAT»-тың парламенттік тілшісі