Суббота , 19 апреля 2025

Өзгеріске тәнті болған азаматты ӨЛІМШІ ЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ!

Көпшілікке белгілі болғандай, «Ne Deidi» Youtube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхамедкәрім «экстремизмді қаржыландыруға қатысты» және «тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты» деген күдікпен былтыр маусым айында қамауға алынған еді. Қоғамға егжей-тегжейі беймәлім бұл қылмыстық іске себеп болған – бұған дейін сот шешімімен экстремистік ұйым деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер-банкир Мұхтар Әбілязовтан журналистің алған сұхбаты. Биылғы 12 ақпанда Қонаев қаласында өткен алғашқы сот кезінде журналист өзіне полиция тарапынан қысым жасағанын мәлімдеген. Нәтижесінде ол «азаптау» бабы бойынша қозғалған істе жәбірленуші деп танылды. Бүгінде оның соты Қонаев қаласында әлі жалғасып жатыр. Жуықта бір топ қоғам белсенділері ҚР Парламентінің депутаттары Ермұрат Бапи, Жанарбек Әшімжан, Нартай Сәрсенғалиев, Жарқынбек Амантайұлына және ҚР Президентінің баспасөз-хатшысы – ҚР Президентінің кеңесшісі Берік Уәлиге үндеу жолдап, Думан Рамазанға араша түсуді сұраған еді. Осыған орай біз Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың пікірін сұраған едік.

Ермұрат мырза, «Терроризмді немесе экстремистік қызметті қаржыландыруға және терроризмге немесе экстремизмге өзге де қатысы бар» деп Думанға тағылған айып қаншалықты орынды деп ойлайсыз?

– Бұл сұраққа екі аспектіде жауап берейін. Біріншіден, Думанға қатысты тағылған айыптың қаншалықты заңды немесе заңсыз екенін дөп басып айта алмаймын. Себебі қылмыстық іспен танысқан жоқпын және айыптаушы тараптың ұсынған уәжінен хабарсызбын. Қалай болғанда да, елімізде экстремизмге қарсы заң мен заңнамалар негізі бар. Ал бұған дейін сотты болған танымал банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов дәл осы бап бойынша сотталғаны баршаға мәлім. Думан мен Мұхтардың сұхбатында және олардың өзара қарым-қатынасында экстремистік ұйымды қаржыландыруға қатысты деген айып бар. Бұл – айыптаушы тараптың уәжі.

Бұл айыптың қаншалықты ақылға сыятындығы сұрақ тудырады. Иә, бізде экстремизмге қарсы заң бар және сол заң негізінде сотталған бірнеше азамат бар. Соған байланысты Думанның экстремистік ұйымды құрушы немесе соны ұйымдастырушы Мұхтар Әбілязовпен байланысы бар деген желеумен айып тағылып отырғанын білеміз.

Дегенмен, екіншіден, біз бұл айыптың қаншалықты заң тұрғысынан растығын дөп басып айта алмасақ та, мұндай заң бар екенін мойындай отырып, бұның Думанға қаншалықты қатысы бар деген сұрақ қоюға қақымыз бар. Иә, Әбілязовқа қатысты сот шешімінің қаншалықты заңды немесе заңсыз екені – басқа мәселе.

Осы тұрғыдан келгенде, Думанға тергеу мен прокуратура тарапынан таңылып отырған айып осы экстремизмге жәрдем жасап, қаржыландыруға, көмек жасауға деген желеумен таңылып отыр. Сондықтан біз Думанды дәл осы айыптан құтқарып қалу үшін, ең алдымен осы заң талабының күшін жоюға және сот үкімдерінің күшін жоюға әрекет етуіміз керек. Ал ол заңдар қолданыста бар кезде біз Думанды заңға тартуға негіз бар екенін жоққа шығара алмаймыз.

– Дегенмен, Думанның қамауға алынуы мен тергеу абақтысында денсаулығының нашарлап кетуіне байланысты қоғам тарапынан наразылық туып жатқанын қалай түсіндірер едіңіз?

– Иә, бізді де осы сұрақ мазалайды. Түптеп келгенде, жеке-дара жүрген журналистің Youtube пен Telegram арнасы арқылы жүргізген сұхбаты экстремистік ұйымдарды қаржыландыруға ықпал етті деген айыптау – санаға сыймайтын мәселе. Егер де оның өзінің экстремистік ұйымы болып немесе сол ұйымның мүшесі ретінде елдің егемендігіне қауіп төндіретіндей әрекет жасаса, онда оны түсінуге болар еді. Ал өз алдына хабарын түсіріп, оны әлеуметтік желіде таратып жүрген журналистің әрекетін қоғамға аса қауіпті «экстремистік әрекет» деп бағалауға болмайды.

Біз мемлекетке және ұлттық қауіпсіздікке қатерлі әрекеттердің салмағының ара-жігін ажырата білуіміз керек. Егер тиісті органдар осындай заң талабын қолданатын болса, елдегі екінің бірін абақтыға қамауға болар еді. Әлдебір журналист заң аясында өзінің кәсіби қызметін атқару барысында әлеуметтік желіде хабар таратты екен деп, бас-көзсіз айыптап, соттау миға сыймайды. Оның үстіне ол журналист болса, өзінің кәсіби міндетін атқарып жүрген маман болса, сөз бостандығына қатысты мемлекеттік органдардың тарапынан залал келді деп бағалауға тура келеді. Әлеуметтік желілерде жарияланған Думанның соңғы фотосуретіне қарап, мұндай тұжырымның дұрыс екеніне көз жеткізу қиын емес.

– Думан қамауға алынғалы бері бір жыл өтті. Тергеу тым созылып кеткені және бар. Сот енді ғана басталды. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

– Думанға қатысты істің тергеу уақыты, сараптама дайындау мерзімі созылып кеткені рас. Оны соншалықты созбалайтындай – соншалықты күрделі іс емес еді. Неге сонша созғандарының себебін нақты айта алмаймын. Бәлкім, қоғамның наразылық аптығы басылсын деген айла шығар. Айналдырған бір сұхбатқа бола тергеуді бір жыл созып, істі сотқа әрең жеткізу – қалай болғанда да, бір қитұрқылықтың пұшпағынан хабар беретін сияқты. Тергеу мен сараптамалардың созылып кетуі – қоғамдағы сот ісіне байланысты дау-дамайды баса тұрудың амалы деп ойлаймын. Бірақ ақыр соңына келгенде, ол наразылық өршіп кеткенін депутаттардың атына келіп түскен үндеуден көруге болады.

Бұған дейін Думан соттың ашық өтуін талап етіп, абақтыда аштық жариялаған болатын.Не себепті сотты ашық түрде өткізбейді?

– Иә, ең алдымен Думанның денсаулығына сол аштық жариялау әрекеті әсер етті деп ойлаймын. Қырсық мінезді, қайтпас азаматтың аштық жариялауы дұрыс-бұрыс деп айта алмаймын. Бұл оның өзіндік азаматтық шешімі деп білем. Бірақ сол аштықтың салдары Думанның денсаулығына әсер еткен сияқты… Дегенмен журналистке қатысты соттың жабық өтуі, әрине, бұл түсініксіз жайт. Ол бір әскери құпияға қатысы бар немесе мемлекеттік құпияларды білетін кәсіби тұлға болса, бір сәрі. Осы тұрғыдан келгенде, прокуратура мен сотттың жабық процеске жүгінуі тағы да қоғам тарапынан наразылық тудырып отыр.

Сіздің пайымыңызша, соттың шешімі қандай болмақ?

– Нақты жағдайда соттың шешімі қандай болатынын кесіп айта алмаймын. Дегенмен, менің жеке түйсігім бойынша бағамдайтын болсақ, Думан Рамазанға берілетін жаза – осы «СИЗО»-да отырған уақытымен бітті деп қабылдау керек. Егер де тергеу мен прокуратура Думанды шынында да жазықты деп есептейтін болса, абақтыда осы отырған бір жылға жуық уақыты оған тиісті жазаның мерзімі деп қабылдау керек деп ойлаймын. Жазғырушы органдар расында да егер Думан жазықты деп есептейтін болса, абақтыда отырған осы бір жарым жылғы жазаның өзі жеткілікті болса керек.

Сондықтан осы соттың нәтижесінде «СИЗО»-да (тергеу абақтысы) отырған уақытын 1 күнді бір жарым күнмен есептеп, жазасы өтелген азамат ретінде Думанды босату билікке әлдеқайда әбүйір шешім болады. Бірінші кезекте азаматтың денсаулық жағдайы назарға алынуы керек. Әрине, ары қарай енді провациялық бақылау жасау керек болса, бірер жылға бостандығын шектесін, бірақ азамат дертке ұшырайтындай етіп, оның денсаулығын бұзуға болмайды ғой! Прокуратура пробациялық бақылаудың сан түрлі амалын қолданса да, Думанның бостандыққа шығып, денсаулығын түзеуге мүмкіндік беруі керек. Саяси іске араласып кетті деп, азаматты ауыр жазалап, жазғыру үшін, оны өлімші етуге болмайды ғой.

– Ал Думан Мұхамедкәрімге араша түсу мақсатында сіздер – депутаттар қандай әрекет жасағандарыңызды білуге бола ма?

– Депутат ретінде Думанның мәселесі бойынша билікте отырған бірер азаматпен мәміле табу мақсатында әңгіме жүргізіп жүрмін. Осы кездесулердің нәтижесінде менің айтқан уәжім тиісті лауазымгерлердің құлағына жетті деп ойлаймын. Біз әділетті Қазақстан, ізгілікті қоғам құрып жатқан елміз. Ендеше сол әділетті және жаңа Қазақстан үшін өз бетінше, өз білгенінше әрекет қылған, елдегі өзгеріске құштар болған азаматты жазалауға болмайды деп білем! Сондықтан сотты осымен аяқтауымыз керек. Ал денсаулығын реттеп, бостандыққа шыққаннан кейін ары қарай өзіне таңылған айыпқа байланысты ізденісте бола ма – ол Думанның жеке шаруасы. Бір елге қызмет етуге мүдделі және мұршасы бар, күш-қуаты жететін, журналистік қабілеті қоғамда мойындалған азаматты осынша тұқыртып, қор қылатындай біздің елге әлдебір экстремистік қатер төніп тұрған жоқ. Билікте саяси шешім қабылдауға ықпал ететін азаматтардың арасында жағдайды түйсінетін, халық арасында туындап жатқан наразылықты бағамдай алатын мықты азаматтар осыны түсінеді деп ойлаймын. Олар Думанның төңірегінде қалыптасқан жағдайды осы тұрғыда түсінеді деп ойлаймын.

Билікте жүрген азаматтарды біздің әлеуметтік желіде халықтың жауы сияқты қабылдайтын жаман үрдіс бар. Иә, олар биліктің мүддесіне қызмет қылады, бірақ олар мемлекет пен халықтық мүдденің жауы емес қой!

Жасыратыны жоқ, біз транзиттік кезеңді бастан кешіріп жатқан ел болғандықтан, билікте бұрынғы саяси жүйеден қалған қырғилар бар. Қоғамға ізгілікті із салуға, мемлекеттің бет-бейнесін жаңа заманға сәйкес өзгертуге атсалысып жүрген көгершін азаматтар да бар. Қырғи мен көгершіннің екеуара қақтығысында түбінде осы көгершіндер жеңіске жетеді деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Дина ӘДІЛ,

«DAT»-тың

парламенттік тілшісі

Республиканский еженедельник онлайн